• Тарих
  • 10 Наурыз, 2022

ТАҒДЫРЫ ТҮРЛІ ТҰЛҒАЛАР

Біз өмірден өткен ұлы тұлғалардың тағдыры  жайлы түгел толыққанды білеміз деп айта алмаймыз. Әрине, олар туралы атүсті білетініміз ақиқат. Біз үшін ол танымал болып көрінуі де бек  мүмкін. Алайда біз олардың да пендеуи әрекетке толы өмірінің көлеңкелі тұстары барына назар аудара бермейміз.

Расында да, солай. Мысалы, біз ­Томас Джефферсонды АҚШ-тың үшінші президенті ретінде ғана танимыз. Сонымен қатар оның Американың тәуелсіздік декларациясын жазғанын білеміз. Расында, ол осы тарихи құжатты жазуымен есте қалды, қазірге дейін АҚШ осы тарихи декларациямен өмір сүріп келеді. Алайда төрткүл құрлыққа атын қалдырған Томас Джефферсонның мамандығы кім? Оның өлшеусіз еңбегі тек декларация қабылдауымен ғана есте қалды ма? Әрине, жоқ! Томас Джефферсонның мамандығы – архитектор. Ал Америкаға сәулет өнерін алып келген қоғам қайраткері. Вашингтон қаласы мен елдің басқа да шаһарларының шырайын кіргізген ол осы ісімен де тарихта қалды. Қарт құрлықтың сәулет өнерін терең білу арқылы ­Джефферсон Америка қалаларының ажарын айшықты етті. Мамандар оның архитектурасының келбетінде француз рационализмі мен ежелгі Рим стилі бар екенін айтады. Америка осындай танымал тұлғаларымен ұмытылмайды. Томас Джефферсонның аты аталған кезде ол АҚШ қалаларына айрықша архитектуралық сән-салтанат әкелген адам ретінде және тәуелсіздік декларациясын жазған мемлекет қайраткері ретінде есте қалды. Қанша уақыт өтсе де, тұлғалар ұмытылмайды, ғимараттар жаңарады, тозығы жетіп бара жатса, бұзылады, орнына басқасы салынады. Ал бір қызығы, Томас Джефферсон тәуелсіздік декларациясын жазған сол ескі ғимарат бүгінде көпшілік көп келетін шай, кофе ішетін қарапайым орынға айналғанын екінің бірі біле бермейді. Өркениет доңғалағы осы, адамдар ұмыт қалуы да, қалмауы да мүмкін, бірақ ғимарат жаңара береді.

Жалпы тарихта мәшһүр ісімен есте қалған тұлғалар көп. Мысалы, ­Бенджамин Франклин есімі АҚШ-тың саяси қайраткері, өнертапқыш, ғалым, жазушы, философ ретінде жұртқа мәшһүр болды. Оның негізінен әлем үшін құнды болып саналатын үш тарихи құжатқа да қатысы бар: АҚШ-тың тәуелсіздік декларациясы, АҚШ Конституциясы және 1783 жылғы ­Версаль бейбітшілік келісімі. Сондай-ақ 1914 жылдан бергі АҚШ федеральдық резервтік жүйесінің 100 долларлық купюрінде оның салынған суреті бар. АҚШ тарихында баспа ісін жолға қойған тұңғыш қайраткер азамат ретінде оның есімі құрметпен аталынады. Бенджамин Франклин сурет өнері және императорлық ғылым академиясының мүшесі болған тұңғыш америкалық болып саналады. Бұл ғана емес, Франклиннің қанатты сөздерін де тарих ұмыта қойған жоқ. Мысалы, қазір «уақыт – ақша» (время –  деньги) деген ұлы сөзді нарық заманында екінің бірі қолданады. Ал бұл қанатты тіркес, ең алғаш рет Франклиннің аузынан шыққанын бүгінде екінің бірі біле бермейді.

Бірақ тарихта ұлы адам ретінде аты қалғанымен, ол да адамның баласы. Пенде. Бай адам болғандықтан деп тұжырым жасауға болмас. Ол отбасының болғанына қарамастан, Париж бен Лондонға арнайы барып, айлап жатып жеңіл жүрісті арулармен демалып жатуды әдетке айналдырған. Ол жастарға жиі ақыл-кеңесін беріп отырған. Тіпті 1745 жылы ол «Сұлу ханшайымды таңдауда жас адамға берер ақыл-кеңес» деген атпен арнайы мақала да жазған.

АҚШ-тың қай президентін алып қарасаңыз да, олардың есте қаларлық ісі жетерлік. Сонысымен тарихта қалған. ­Мысалы, АҚШ-тың 26-президенті ­Теодор Рузвельт табиғатты шексіз сүйген. Ол мемлекет басына келгеннен бастап, ұлттық саябақ салуға кіріскен. Қазірдің өзінде Рузвельт негізін салған, ағаштары жайқалған осындай демалатын орындар Америкада өте көп. Ол балаларды ерте жастан еңбекке тартуға қарсы болған. Рузвельт елде шағын және орта бизнесті дамытуға көп көңіл бөлген. Жұмысшыларға қосымша жәрдемақы төлеуді жүзеге асырған. Халықтың денсаулығын жақсарту үшін азық-түлік, көкөніс және дәрі өнімдерін жиі тексеріп отыру туралы арнайы жарлық шығарған. Осы жұмыстары үшін ол кезінде тіпті Нобель сыйлығына да ұсынылғанын айта кетейік.

Алайда АҚШ тарихында өшпес ізін қалдырған азаматтың ақылға сыймайтын әрекеттері де болғанын тарих жазбалары қуаттайды. Тіпті ақылға қонымсыз кейбір ісіне америкалық жазушы Марк Твен басын шайқап, оны «ауытқуы бар адам» деп те атаған. Расында да, саябақта атпен серуендеп жүріп, кейде Теодор Рузвельт ағаштардағы кейбір қураған бұтақтарды көріп, оны мылтықпен атып, сындыратын болған. Саябақта адамдар толып жүргеніне қарамастан, ол осылай ақылға қонымсыз әрекеттерге жиі баратын көрінеді. Әрине, мұның қаншалықты рас-өтірігін қайдам, бірақ танымал адамдар да пенділік әрекеттен ада болған деп айта алмаймыз. Тіпті ­Рузвельт жас кезінде, көшеде шәуілдеп үрген ит, күшіктерді де ашуланып, атып кететін болған деген дерек бар.

Ал орыс тарихында атақты қолбасшы Александр Суворовтың орнын ешкім жоққа шығара алмайды. Өмірі әскери тәртіпке бағынғандықтан болар, ол өте қатал болған деседі. Қарамағындағы жауынгерлерге де солай қараған. Сапарға шыққан кезде немесе жиын сәтінде қолбасшының сауалына кез келген әскери адам тез жауап беруі керек. Суворовтың талабы солай. Ол былжырақ, әлжуаз сарбазды жек көрген. Бірақ қаталдығына қарамастан, сарбаздар оны жақсы көрген, мойындаған, қолбасшылығын бағалаған. Мүмкін таза, әділдігінен болар. Оның ең жек көретіні «білмеймін» деген сөз болса керек. Сондықтан да даңқты қолбасшы сауал бергенде, кез келген сарбаз немесе сардар тез арада жауап беруі қажет. Егер жауап бере алмайтын жағдай орын алса, ­Суворов қатты ашуланып, жауынгерге қаһарын төккен. Бұл туралы В.А.Лунин өзінің кіта­бында ерекше орын алған оқиға туралы жазба қалдырған. Бірде түн уақытында сапта тұрған сарбаздарды тексеріп келе жатып, Суворов бір жауынгерден «Аспанда қанша жұлдыз бар?» деп сұрайды. Тосылып қалса қиын, сарбаз мүдірместен «Қазір санаймын» деп аспанға қарап, жұлдыздарды санауға кіріседі. Сонда атақты қолбасшы «Ол мені алдап соқты» деп күліп, ары қарай кете берген деседі. Қазақ мұны «Сөз тапқанға қолқа жоқ» дейді. Суворов та сарбаздың тапқырлығына риза болса керек.

Иә, атақтылар әр ісімен елдің есінде қалады. Тіпті олардың хоббиінің өзі тұтас бір шығармаға арқау болатыны жасырын емес. Мысалы, Кеңес Одағын ұзақ жыл басқарған Леонид Ильич Брежневтің әуестігі көлік болған. Оның гаражында машинаның сан түрлі маркалары тұратын. Көлікке әуестігі Днепродзержинск қалалық атқару комитетінің хатшысы болған кезінде бастау алғанға ұқсайды. Рульге отырғанда ол бірден жылдамдықты асыратын болған. Брежневте көлікті сабырлылықпен, жай айдау деген болмаған. Тіпті жылдамдықты шектен тыс асыра айдап, аударылып қала жаздаған сәттері де болыпты. Алайда көлікке деген әуестігі оны тоқтата алмаған. АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Генри Киссенджер Мәскеуге келген бір сапарын былайша еске алады: «Бір күні Брежнев Никсон сыйға тартқан қара түсті «Кадиллактың» қасына мені ертіп келді де, екеуміз көлікке отырдық. Көшеге шыға сала, ол бірден жылдамдықты арттырды. Мен шынын айтайын, қатты қорықтым. Құдайға сыйынып отырдым. Бірақ көшенің қиылысына келгенде полиция қызметкері бізді тоқтатуға мәжбүр болды. КСРО-ның Бас хатшысының машинасын тоқтатуға күші жеткен МАИ қызметкеріне мен іштей рақметімді айттым» .

Ақиқаты керек, сырт мемлекеттердің басшылары бәрі де Брежневтің көлікке шектен тыс құмарлығын білді. Сондықтан оған көп жағдайда сирек кездесетін көлік сыйлауға тырысатын. Бірде ФРГ-ның басшысы оған спорттық мақсаттағы сүліктей қара «мерседесті» сыйға тартқан. Бірақ Брежневке ол ұнай қойған жоқ. Ал Бас хатшыға пролетарлық түстегі қызыл машина керек еді. Неміс басшылығы көп ұзамай оған қайтадан қызыл түсті «мерседесті» сыйға тартуға мәжбүр болған.

Әрине, тарихта аты қалған тұлғалардың бәрінің тағдыры керемет болды деп айта алмаймыз. Ағылшынның атақты жазушысы және драматургы Агата Кристидің отбасылық тұрмысы керемет болмапты. Бірнеше рет тұрмысқа шыққан. Оның шығармалары әлемнің 103 тіліне аударылып, жалпы айтақанда 4 миллиард данамен жарық көрген. Алпыстан астам детектив жанрында роман жазып, алты психологиялық романды оқырманға тарту еткен оның Лондонның өзінде жиырмаға жуық пьесасы сахналанған. Шытырман оқиғалы роман мен әңгімелерді өмірге әкелген жазушыға даңқ қайдан келді? Ол, ең алдымен, мамандығына байланысты болғанын ешкім жоққа шығара алмайды. Агата Кристи жас кезінде біраз уақыт ауруханада медбике болып жұмыс істеген. Дәрігерлермен бірге адамдарға операция жасауға қатысқан. Кейіннен дәріханаға жұмыс ауыстырған. Нақты айтқанда, медицина саласын өте жақсы білген. Бұл жайттар оның детективтік шығармаларды терең психологиялық иіріммен жазуға мүмкіндік берген. Оның романдарында 80 пайыздан  аса кейіпкерлерді өлтірген, адамды улаған қылмыскерлер бар.

Алайда дүниеге аты мәлім болған жазушы 1926 жылы өмірінде ең ауыр оқиғаны бастан өткерген. Алдымен анасы қайтыс болады, көп ұзамай күйеуі көзіне шөп салады. Бұған шыдай алмаған Агата Кристи 11 күн із-түссіз жоғалып кетеді. Негізінде ауыр күйзеліске шыдамай жүйкесі сыр берсе керек. 11 күннен кейін оны полиция қызметкерлері Иокшир қаласындағы бір қонақүйден табады. Ол неге кетті, бірақ ешкімге түсініктеме бермейді. Нақтысы, ауыр күйзелістен туған әрекет болуы мүмкін. Бірақ адам болған соң, өмірде неше түрлі жайттар орын алады ғой. Атақты адамдар да осындай әрекеттерден кенде емес. Бірақ мұндай кішігірім оқиғалар емес, тарихта адамзатты мойындатқан ұлы шығармалар, танымал тұлғалардың ұлағатты істері есте қалады.

Берік БЕЙСЕНҰЛЫ

«Ana tili»

2055 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы