• Әдебиет
  • 10 Наурыз, 2022

ЕСКІ ШЕЛЕК (Әңгіме)

Бекен  ЫБЫРАЙЫМ

«Балалардың құлағы шалмаса игі еді. «Келеміз» деп, жандары қалмайды-ау. Кәйтіп келеді, пойыздың белеті күн сайын құтырып тұр, удай қымбат. Кім алады?.. Қарыз алып, тойтиып қалмасын де. Қап, құдай-ай, қайдан ғана өстіп... ій-и, ақыры ұрынып тынды. «Қырсыққан ит қыңыр жүгіредінің» кері дә»...

«Кемпір» демей, «кемпеш» дейтін үйреншікті дауыс жоғалып еді, түскі шайын да алаңсыз қанып іше алмаған Қалдығыз кемпір елегізіп, үйге сыймады. Қақпаны сықырлатып сығалағанымен, ешкімді көре алмай, кәлөшін тырпылдатып, аулада ары-бері көңілсіз жүргеннен басқа қолынан не келеді.

Отағасы Шалғыбайды аяқ астынан ауруханаға алып кететінін кім білген?! Бұған дейін ауырып, дөгдірге жатып, ­емделген емес-ті. Қарашы енді. Өмірі үйде сопиып, жалғыз қалып көрмеген кемпірі дағдармағанда, кім дағдарады? Қырсық десе де, шалының тыпырлап, үйде жүргені жақсы екен. Бір-біріне ес боп жүретін.

Әй, расында қырсық екені қырсық. Айтқанға көнбейтін, ешкімді тыңдамайтын қыңырдың қыңыры. Балаларының «Жер түбіндегі ауылда қимайтын не қалды? Құжынаған қара шыбын мен самсаған сары масаның талауында қала бересіздер ме? Қалаға көшсеңіздерші» дегеніне пысқырмай, беттерін қайтарып тастаған да – сол мінезі. Ашуы – аяқ астынан ұйтқып шыға келетін құйын. Төбесінен түлен түрткендей, түтігіп кетеді. Оңашада шүйіркелескенде, «Өзіңді-өзің ұстасаңшы. Не болды шала бүлініп? Баяғыдай жаланған жас емессің. Жоқтан өзгеге ашуланып, не көрінді?!» деп, сырласқансып, жұмсақтап «ұрсып» алушы еді. Сол «ұрсудың» астарында шүйкедей қара кемпірдің өзіне ақыл айтып, сақтық қамын жасайтынын алаңғасарлау, ұрма-перме шалы аңғара қоймайтын. Әлде іші сезсе де, сыр бермей ме? І-ій, ит біле ме.

Шаруаға қырсыз жұбайының шатақ десе, шабынып, үдеп беретін ұстамасына кемпірі үйренгелі қаш-шан. Немерелерім жесін деп еккен көкөністі жұптасының мәпелеп жүргенін көрген шалдың қалап алған шаруасы – бақшасына арықпен су айдап әкелу ғана. Жолшыбай кім суды бұрып алса, соның үйінің қасында – шақ-шәлекей төбелес. Ескерту жасап, алдынан өту дегенді қаперіне ілмейтін шақарың бара сала, періп кеп жібереді. Өзі сабаса да, өзгеден таяқ жесе де, сол әдетін қоймай... Ақыры, мінеки...

Бірақ бір есептен шалда кінә жоқ-ау осы. Оны шатаққа икемдеген – құдай біледі, ескі шелек. Жаңа кезінде сүп-сүйкімді, күмістей жылтыр шелек «кәртейгенде», бұрынғыдай сүт тасу құрметінен айрылған. Енді осы үйдің қарабайыр күйбеңімен күн сайын даңғырлап жүруге мәжбүр.

Е-ее, бұл шелек теңкиіп текке жатқан емес. Шалдың қу бұтақтай тарбиған саусақтарына ілініп, аула мен бақшада бармаған жер қалды ма: күніне екі рет бақшаның басында арқандаулы бұзауға су апарады. Бедірейген бетон ақырға күнжара салады, жайқалып келе жатқан көкөніске күшеніп, қара қорда тасиды, бұтарлаған отынды, шашылған жаңқаларды жалықпай жинап, монтиған ақ самаурынның қасына шашпай төгеді. «Жазған құлда шаршау жоқ» деген, аулада әлдеқайдан қаңғылестеп келіп, сүріне құлаған қоқыр-соқырды қойнына сықап алып, елеусіз көзтасаға жасырып баққан далбасаға да күн сайын куәгер.

Осылайша, кәделі құралдың бірі есебінде аман-есен өз күнін өзі көріп жүр еді, ойламаған жерден бірталайдан бері суық қаруға айналып шыға келгені. Әйтсе де, гәпті бастаған – шелек емес, қызыл сиырдың қызыл бұзауы. Ол шіркін, арқандаулы тұрса да, ары-бері ұмтылып ойнақтап алады немесе басын төмен салып, кегжиіп шегіншектейді. Қанша күшенгенімен, құрдан құраған ескі ноқтаны үзіп кете алмай, мысы құриды. Бірақ...

Қашан еді, құдай-ай, жаңыла беретіні несі? Әйтеуір осыдан біраз бұрын арықтағы су тоқтап қалғанға «Не болды?» деп, әп сәтте оянып, қалшылдап кеткен қояншығын қойдыра алмай, соның үритсоғымен жұлқынып шыққан шалдың түтігіп, «бәлелі» жерден кінәрат іздеп кеткені. Сосын... Е, иә, кемпірі нан әкеле қояйын деп, дүкенге бет алмап па еді. Олардың ұзағанын күтіп тұрғандай-ақ, тозыңқы, ақжем ноқтасы ойда жоқта үзілген бұзау бақшада әбден ойнақ салсын. Ал кеп-кеп шапқыласын. Ал кеп-кеп масайрап, сартабайды салсын.

Дүкенге барған абысын-ажынмен әжік-күжік әңгімесін қайырмадан қиып тастай алмай, үйіне әзер бет бұрған кемпір келгенше, көшенің сонау басындағы су жымқырған пысықай ұятсызбен қуып жүріп төбелескен иткөз, арық шалдың сілесі қатып, әбден шаршаған. Қалған сойқанды біраздан кейін «сыйлауға» уәде етіп, үйден тыңайып, күш жинап оралғанша, әлі жөнді «ақыл» кірмеген, әбден іші пысқан, есірік бұзау бақшаны әбден майқандаған.

Үйге алдымен жеткен шалдың астаң-кестеңді көргенде, кәрі жыны қайта қозғаны сонша, кішкене демалуға да шыдамы жетпей, көзі қарауытып, тұра ұмтылады. Жолда кіржиген ескі шелекке бәтіңкесінің тұмсығы тиіп кетіп, омақаса құлағанда, ашудан жарылып кетпегеніне шүкір. «Әһ, әкеңнің сені ме?!» деп, аяқтан шалғысы келгендей жол тосқан шелекті қаңғырлатып, олай бір, бұлай бір тепсін кеп. Үсті-үстіне төпелеген соққыдан байғұс шелек қаңғырлап, «ойбай» салмай қайтсін. Қораның қасында ары да домалайды, бері де домалайды. Қарсыласар қауқары жоқ қаңылтыр ауланы басына көтеріп, «ойбайлаудан» тынбаса да, арашаға аяқ астынан кім келе қойсын.

Дүкеннен келген Қалдығыз кемпірдің зәресі ұшады «Шалым жынданып кетті ме?» деп. «Апырмай, әнеугүні тағы біреумен төбелесіп, одан кейін шақырып алған тергеушіні тілдеп, әрең құтылып еді, мыйына бір зақым келмеді ме?» деп.

– Көте-ек, не болды-әй, не болды?! – Білегіне жармасса да, мықыр, тарамыс кәрі күйеуі әл берсе, кәнеки.

– Өй, кетші былай! Адам өзі ашуланып, аулаға сыймай жүрсе! – сөзін шыбын шаққан ғұрлы көрмеген кемпірін былай бір итеріп тастағанға тәлтіректеп, құлай жаздаған шалдың ашуы дуылдай түседі. Қызыл айранданған көзі шақшиып, кінәліні іздейді. – Әнә бұзауды кім арқандап еді? Сен ғой?!

– О, құдай, демде ұмытып қалдың ба? Бағана мен сиырларды өріске айдап кеткенде, өзің апармап па едің!..

– Ә, мен екем ғой. Ә-әһ... Жо-оһ... Өй, әкеңнің... бәрібір кінәлі – мен емес, сол бұзаудың өзі. Қызыл болған соң, қызылкөздің нағыз өзі – сол. – Шал ырсылдап, шелекті ала сала, бақшаға қарай тапырақтап жүгіреді. Кемпір «Нанды апарып, шай қоя берейін, бұзауды байлап, келе берер» деп, үйге бұрылады. Сырттағы шаң-шұңға мән бермейді.

Шай қайнаса да, бақшада бұрқыраған айғай тоқтаса, кәні?! Бұрқ-сарқ қайнаған жыны басылмай, дастарқанға кім келуші еді?!. Шыдамаған кемпірі шайға шақырғалы барса, шалы бұзауды әлі қуып, шелекпен төпелеп жүр.

– Ойбұу, обал емес пе?! Өлтіресің ғой...

– Өй, әттәсін, мұндай сұмырайды ұрып өлтіру керек! Ұрып!.. Қарасаңшы, әне! Еңбекті еш қылды! – бурыл мұрттың шалғысы бір көтеріліп, бір басылып, жыбыр-жыбыр. Қауіптенген ақылды кемпір бетінен алып, салғыласпайды. Ал, енді адамды былай қойып, бұзаумен «төбелескен» шал осыдан кейін оғаш әдетін қойса, бола ма. Қайдан! Ақыры, мінеки, тойтиып ...

Осы жуықта ғана көкөністі суғарып жүргенде, арықта алаңсыз бұраңдап, сылдырап жатқан судың жылан жұтқандай жоғалғаны. Демек, тағы бір найсап бұрып алғаны. Шалдың қояншығы қозып, тағы да қораның бұрышында жол «тосып» жатқан шелекті қолына ала кеткені. «Әй, оны неғыласың?» деуге, кемпірдің жүрегі қалай дауаласын. «Қойшы, құрсын, ілінісіп жүрем бе?» деп, ләм-мим демеген. Сол кеткеннен шал мол кетті. Бірталай уақыттан кейін көшенің жоғарғы жағында тұратын сабан шаш, жұқалаң сары Нұқан деген жігіт «Шалыңызды жедел жәрдем алып кетті, апа. Кешіріңіз» деп, келіп тұр.

Мәссаған! Үйден аман-есен кеткен адамды аяқ астынан ауруханаға алып кеткені несі?! Нұқанның түсіндіруінше, мән-жай былай.

Ауылға жаңадан көшіп келген біреу кімнің кім екенін қайдан білсін. Айғайға құлықсыз ауылдың сырмінез кісілері шатақ шалдан ығысып, кешірім сұрап қоя салушы еді. Ал мына жаңадан көшіп келген атанқара нойыс неме екен. Аяқ астынан шыға келген шынашақтай шалдың бас-көзге қарамай, төпелеп кеткеніне шамданғаны сонша, қолынан шелегін жұлып алып, ашумен аз дегенде, алпыс метрге лақтырып кеп жібереді. Теректей ұзын жігіттің жағынан тарты-еп-тарты-еп жіберуге қолы жетпеген қарт үйреншікті қаруынан айрылғанға көне қойсын ба, шелегіне қарай тұра жүгірген.

Бірақ... ашу деген ит қой, сол иттің соңынан ұмтылған Шалғыбай қарт жете алмай, қан қысымы көтеріліп, мұрттай ұшыпты. Оның аузы-мұрнынан кеткен қанды көргенде, су ұры кәззаптың зәресі ұшып, дереу көршілеріне айтады. Содан дәрігер, полиция...

Ойға шомған кемпір осы күнге о ғып, бұ ғып, селбесіп жеткен зайыбын кінәлауға қимай, аз-кем аңырып тұрды. Сөйтіп тұрып-тұрып, әр-әр жерден зақым келіп, іші-сырты майысқан, бояулары ойдым-ойдым түсіп, ішінара жалбыраған шелекті іші жақтырмай қалғанын білсе де, абыржымады. Арғы жағынан әлдебір ашуы есінеген тәрізді. Қораның бұрышына жамбастап құлаған ескі шелекті жек көріп, іштей жазғырды. Енді қайтеді?! Ашуланса бітті, шалының қолы жыбырлап, шелекті іздейді. Біреумен тәжікелессе болды, үйге жетіп кеп, шелекті іле кетеді. Оған ауылдастар да үйреніп үлгірген. Шал шелекпен келсе, төбелеспей кетпейтінін бәрі біліп алған. Тым құрыса, даңғыр еткізіп, не иықтан, не құйрықтан бір салып қалады. Бір жақсысы бастан ұрмайды, басы былғанып қалатынын біледі. «Тентекпен тентек боламыз ба?» деген байырғы, момын ауыл шелектен таяқ жегенді намыс көріп, әңгімені ушықтырмауға тырысады.

Әйтсе де, естіген елден ұят, бірдеңе ғып осы шелектің көзін құртқаны дұрыс-ау. Ел-жұртқа күлкі қылмай...

Қораның бір қараңғы қуысына немесе ауланың түкпіріне жасырса, күндердің күні бәрібір тауып алады. Біреуге берейін десе, миқиған жаман шелек кімге керек. Бұған не істесе, рәуа?.. Ә?.. Қайда тықса екен? Бір жаққа апарып тастайын десе, ол да қауіпті. Үйірілген шалы кенеттен кеп қалса, көріп қояды. Атақты «қаруынан» айрылған қартының қабағынан қар жауып, тілдеп жүрмесіне кім кепіл?..

«Түу-у, осы сен жай шелек емессің, «түрт, шайтан, түрт» деп шатаққа шақыратын шайтан шелексің-ау» деп, дағдарып тұрды да, қолын бір сілтеді.

Үшкіл күректі сырылдатып сүйрете барып, бақшаның бас жағынан бос жер іздеді. Күректі басып көріп еді, топырақ жұмсақ екен. Дегенмен, тізеден аса шұқыр қазғанға, әжептеуір шаршаңқырап қалды. Күректің сабына сүйеніп, «Кәйтсем екен, ә? Шелек шалға, шал шелекке ілесіп, екеуі екі жылдай төбелеске қатысты. Осы соңғысымен қоя ма, жоқ па? Бір күні «Қата тимей, бата тисе»... ойба-ай, атама. Ол жоқта бір лажын табу керек».

Қораның жанына қайта барды. Өзімен өзі, қаннен-қаперсіз мыжырайып тұрған миқы шелекті алып, шұңқырдың қасына келді. «Өстіп жүріп, тағы бірдеңе бүлдірерсің. Біздің отағасыны құтыртатын не бәлең бар, а? Әлде әзәзілмісің? Не болса да, саған жердің бетінде орын жоқ. Ешкімді қот-қоттамай, жердің астында көрінбей жатуың керек» деп, тыжырынды шелекті шұқырға көмуге кіріскенде.

«Көміп тастағаны дұрыс болды-ау».

Іштей тоғайып, үйге беттеді. «Енді кәйтіп төбелесер екен? Екеуіне де сауап болды!»

Езу тартып келе жатыр еді, кенет әлдекім «Шелек қайда?» деді. Кемпір қалт тоқтады. Шалының даусы!

«Мәс-саға-ан! Алжиын дегесің бе? Төбелесем десем, қолға ілігетін нәрсе көп емес пе?! Енді көди-сөди, қоқыр-соқырды ұн салатын ақ шелекпен тасимыз ба? Е-ее, кемпеш, алжиын депсің-ау...».

«Расында да, шал ауруханадан келгесін, өстіп мазақ қып жүрер... Бекер-ақ көмген екем». Іштей күбірлеп, кері бұрыла бергенде....

– Амансыз ба, апа!

Құлақтаныс дауысқа елең етіп бұрыл­ғанда, Нұқанның ыржиып келіп тұрғанына еріксіз таңданыңқырады. «Бірдеңе боп қал­ды ма?» деп, іштей секем алғанын білдірмей:

– Шүкір...  – деп, мүдірді.

– Сізге бір өтінішпен кеп тұрмын. – Нұқан қипақтап, оң қолындағы шелекті сол қолына, одан керісінше ауыстырды.

– Керегің – помидор, қияр ма, сұрамай-ақ ала берсеңші....

– Жо-о, апа, о жағы өзімізде де бар. Мына жаңа шелекті сізге әкелдім. Су жаңа. Ішінде шай-қанты, өрік-мейізі бар...

Кемпір сәп салып, таңдана қарады:

– Жай ма?

– Осыны сізге берсем, ескі шелегіңізге айырбастасам деп келдім.

– Ойбұй, шырағым, әкегеніңе рақмет. Онсыз да бере салам ғой. Сосын шал жүрсін жынынан айрылған бақсы ғұсап. Кәйтіп төбелесер екен...

Нұқан қарқылдап күліп жіберді:

– Атамыз төбелесті кәсіп қымағанда, шелекті кім білер еді. Ішкім де. Ондай атам замаңғы шелек ауыл түгіл, ауданда жоқ боп, атағы аспандап тұр.

– Кәйтіп?!

– Шелекті лақтыратын әлгі ұзынтұра – менің көршім. Бағана сол кепті. «Мектепте ауылдық мүзей ашылады екен. Соған үйлеріңде қажеті шамалы, ескі бірдеңе болса, әкеңдер. Өткен кезең мен тәуелсіздігіміздің 30 жылдығын салыстырамыз» депті тарихтан беретін мұғалім. Әйелім, қызым үшеуміз ары қарап, бері қарап, ескі ештеңке таппадық. Сосын осы үйдің шелегі есіме түсе кетті. Ұмытпасам, тамтығы қалмаған ескі сияқты еді. Барып сұрауға ұялып тұрмын. О кісінің ауруханаға түсіп қалғанына мен кінәлімін ғой. Қалай сұраймын, – деді.

«Е, тәйірі, сол ма? Шал бүгін-ертең кеп қалар. Кегесін, сөйлесіп көрейін» деп, көңі­лін демдеп жібердім. Ө гезде әйелім анадайда жүрсе де, сөзімізді естіп қойыпты. Анау кеткен соң, қалбалақтап, жетіп келді: «Саған не болды-ій? Жақсылық жасағыш болсаң, алдымен өз үйіңе жасамайсың ба?! Ұлың кешелі-бері «ескі бірдеңе тауып бермейсіңдер» деп, торсылдағанда, жарыла жаздап жүр. Өткен айда ғана алсақ та, тозып қалған сенің өкшесі тесік қара нәскейіңді көрсетіп ем, шала бүлінді: «Оны кәйтіп апарам?» деп. Сөнең гейін он жыл бұрын алғанымыз есіңде ме, әбден желінген өкшесі сыртына ғарай мыжырайған бәтіңкеңді көрсетіп ем, «мынау жыртық-жыртық қой! Шуаштың исі мүңкіп тұр. Мұны қалай апарам?» деп, жыларман болды. «Айналайын-ау, ескі керек деген өзің ғой. Бұ бомаса, менің ескі жыртық халатым, әкеңнің құйрығы жамау екі шалбары, қолтығы сөгіліп, сарғайып кетсе де, киюге жарап тұрған жаңбырсауға, ақсұр пылашы бар. Ол аз десең, түгі қырқылып, жылтырап қалған, қотыр-қотыр, ойма таз, ескі ондатр тымағы бар. Ол жәрәмәй жәтсә, жағасы мен жеңі ептеп жыртылған бірнеше жейдесі тап-таза, әне, шиқылдақ шійпәнерде ілулі. Таңдағаныңды алшы, айналайын, сенен аяғанымызды ит жесін» десем, «мұның бәрі ескі емес» деп, қиғылық салғаны.

Бер ғарашы, бері. Қалай ескі емес?! Көріп тұрсың ғой, осы үйде жаңа іштеңке жоқ. Бәрі ескі. Таңдағаныңды ашы, тегі» десем, тулай түседі.

– Бұдан да ескісі керек. Мен тумай тұрғанда, сіздер өздеріңіз тумай тұрғандағы ескісі керек.

– Қарағым-ау, ондай ескінің бәрі түте-түтесі шығып, өртеліп кеткен. Әжелерімізден қалған мыс самаурын, мыс шәугім, ожау, жез құмандарды өткен ғасырда әлгі өтілші орыстың кәмпитіне айырбастап жібергенбіз білмей... Баяғыда-а.

– Неге айырбастадыңдар? – деп, шала бүлінді.

– Сенің сұрайтыныңды қайдан білдік. О гезде өзіміз де баламыз. Жарайды, балам, қиналма. Әкең бірдеңе табар» деп, қу әйелім салмақты маған қарай аудара салды. Сонымен, жаңағы естігенім бар, әйелімнің айтуы бар, сіздердің ескі шелек ойымнан кетпей қойды.

Қалдығыз не дерін білмей, мүдірді. «Мә, ала ғой» деп, тап кәзір бірден бере алмайды. Шелекті көміп тастағанын біліп қойса, күлкіге қалады.

– Қарағым, ертең келе ғойшы. Қайда жатыр екен, тауып қояйын.

– Мына жаңа шелекті қалдырып кетейінші.

– Ол қайда қашады, ертең кесеңші.

– Жарайды, апа.

Нұқан қуанып, үйіне кеткеннен кейін «мәссағ-ған, ескі шелекке мінікій, екеудің көзі түсті. Әне-міне дегенше, тағы біреу кеп қала ма? Оған не айтамын?» деп, кемпір дегбірсізденіп, бақшаға асықты. Жан-жағына қарағыштап, сасқалақтаса да, асығып-үсігіп, шелекті қайта қазып алды. Қораның қасына апарып, сулы шүберекпен жұққан топырақты сүртіп, әбден тазалап бақты. «Е, байғұс-ай, сенің де ұсқының қамапты ғой. Баяғыда шалы «Соңғы екеуін алып үлгірдім» деп, әлдеқандай ғып әкеп еді.

 Шақар шал – ол кезде құйындай ұйтқып тұрған жас жігіт. Алғаш көргенде, ұната қойған жоқ. Сықпыты біртүрлі тосын, бөтен көрінді. Мұрнының ұшы ілмектелгендей, салбыраңқы. Қастарының түйіскен тұсы жай тұрғанда, инеленіп пісіп алардай. Ал сөйлегенде, тікірейіңкіреп, секіріп-секіріп ұмтылуға бейім. Тап кәзір ілмек мұрын имиіп, төмен түсіп кетсе, соны аңдығандай қастары да ыршып, соңынан қуып беретіндей. Іштей бір мырс етіп күлген де қойған.

 Бірақ кілтипаны – кішірек, қоңырқай, дөңгелек түйме көздері. Аңдып қарайды, шамына тисең, шап етуге дайын.­Бостан босқа қаппайтын, бірақ қапса, оңдырмайтын шақар иттің көздерінен бір аусашы. Қайда қашса да, қанша бұлтарса да, құтқармайтындай көрінген сол көздер шүйіліп, қыр соңынан қалмап еді. «Көнбей-көнбей көнетін, қыз кезімнен әдетім» демекші, көніп құтылудан басқа амалы қалмаған. Оның үстіне ол кезде таңдайтын ер азамат та жоққа тән, соғыстан кейін еді ғой. Содан ба, әйтеуір күндердің күнінде еріксіз жібіген. Бүкіл ұсқыны атылып, тап берердей шүйіліп тұратын бәкене жігіттің жымиып қарағанда, сығырайыңқырай қалатын көз жанарынан көңілге жайлы бір жылылықты аңғарып, іші уылжыған.

Тойдан кейінгі қызылды-жасылды күндердің бірінде «Сен үшін... көп іздедім» дегені қайдан ұмытылсын. Еске түсе беретін сонау күндердің жалғыз куәсі – осы ­шелек қана. Әттегене-ай, бұл да «қартайды», соно-оу алыста бұлдырап қалған күндерді көрмегендер үшін бұл шелек – қоқысқа лақтырып тастайтын ұсқынсыз бірдеңе ғана. Шал да қартайды, әйтпесе шелекті іліп алып, ілік іздеп кете ме? Алматыдан әкелгелі бері елу бес жыл өтіпті. Біреуі ақыры тесіліп жоғалды. Әлпештеп, сиыр сауғанға ғана жаратып, күтіп ұстамаса, мұның да көзі баяғыда-ақ құритын еді.

– Апа-а, амансыз ба!

Селк ете қалды. Саңқ еткен ашық дауыс – бейтаныс. Қалай келгенін байқамапты, қарсы алдында төбесі көк тіреген ұзын жігіт серейіп тұр.

– Құдайға шүкір...

– Апа, сіздерден кешірім сұрайын деп келдім. Мен – Қалаубаймын ғой. Әнәугүні ойда-жоқта нетіп...Атаны бірден ауруханаға алып кетіп... нете алмай қалдым. Шыққасын келермін деп жүргем. Мұрша болмай... Нұқаннан естідім, ертең шығады екен. О гісі жоқта алдымен сіздің алдыңыздан өтейін, сізден кешірім сұрайын деп келдім.

«Кешірім сұрасаң, осы уаққа дейін қайда жүрдің?» деген сұрауын көмейінде тұншықтырған кемпір мән-жайды бірден түсінді:

– Е, болар іс болды. Оның өзінен ғой бәрі. Бұрын да «қой» деп ем, тыңдады ма! Ақыры, әнікій... «Мың асқанға бір тосқан» деген сол.

– Дегенмен апа, менікі дұрыс болмады. Атамыздың бүкіл ауылды сабайтын әдетін білмеуші ем. Оның үстіне ешуақытта ешкімнен қашып көрмеп едім. Құдай атып, өзімді өзім ұстай алмай, алдарыңызда ұятқа қалдым. Сондықтан, біріншіден, басымды иіп, кешірім сұраймын.

– Е, бопты, өзінен сұрарсың, – барлай қараған кемпір «біріншіден» дегесін, «екіншісіне» не айтпақшы?» деп, ойлап үлгірді.

– Апа, бері ғараңызшы, – Қалаубай қолына салмақтап ұстай келген екі қытайы ақ қаптың аузын буған капрон жіпті асықпай шешті. – Екіншіден, мынау Германияның «Цептер» деген кәстрөлдері. Өте қымбат, табылмайды. Мұндай ыдыс, құдай біледі, осы ауылда ешкімде жоқ. Мынау – міне, екі жаңа шелек. Оған қоса, мынау – бір қойдың ақшасы...

– Әкем-ау, «мынауың» көбейіп кетті. Мұның бәрі не үшін? Кімге әкеп тұрсың?

– Сіздерге, апа, сіздерге. Кешірім сұрап...

– Қой, шырағым, мұны шал естісе, одан ары елірмей ме! «Ұрғаныма осындай мол тарту беретін болса, мә, саған!» деп, бүкіл ауылды қырып салар. Бізге беріп қойып, өзіңнің бала-шағаңа не ғалады? Қой, айналайын, бұларды жарқыратып нәғіләмін? Кәстрүл өзімізде де бар ғой, әйтеуір.

– Қам жемеңіз, апа. Менің бизнесім бар қалада. Мәселе – былай. «Ауылдың мүзейіне көне заттар тапсаңдар, әкеліңдер. Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына байланысты бұрынғымен салыстырамыз» депті мұғалім.

– Сонда шелекпен кәйтіп салыстырады?

Қалаубай сасып қалды:

– Сонысын білмедім. Шелекпен адамды салыстыра ма, қаланы салыстыра ма, соны өздері де нетпейтін шығар. Тәуелсіздік қандай екенін көргісі келсе, менің үш қабатты үйіме келмейтіні нес? Астанадағы бес бөлмелі пәтерімді, Алматыдағы төрт қабат кәттедіжімді суретке нетіп алып, мүзейге іліп қойса, пажалыста демеймін бе?! Ол аз болса, су жаңа төрт машинамды көрмей ме?

– Төрт машинаң бар ма?! Астапыралла, сәбет өкіметі болса, соттап жіберер еді.

– Міні, міні, апа, ө-өт-те дұрыс айтасыз. Тәуелсіздіктің арқасында өміріміз өстіп, осындай керемет емес пе?! Не істесеңіз де, өзіңіз білесіз.

Кемпір не дерін білмей, бас изеген болды.

– Қызымның өтінішімен қаланы аралап, көне заттар сататын антиквар дүкеніне барайын деп едім, «осы ауылдікі керек» деген соң, тоқтап қалдым. Санап көрсем, ауылда екі жүз үй бар екен. Сұрастырып байқадым, мүзейге қоюға лайықты нәрсе ішқайсысында жоқ. Сол себепті былай... нетіп, сізге келдім.

Кемпір сасқалақтап, алақандарын жайды:

– Ой-бұу, ондайды мен қайдан табамын? Қап, бұрын келмеген бала едің, ұялып қалатын болдық-ау...

– Саспаңыз, апа, сіздердің ескі шелек – менің іздегенімнің нақ өзі. Өткенде лақтырғанда, байқап қалғам.

– Көте-ек, енді гәйттім? Оны жаңа ғана Нұқанға берем деп қойып ем, «ертең гел» деп. Біздің үйге бірінші рет кеп тұрған баласың. О жәмән шелекті кәйтесің, жүре ғой, шәй іш, айналайын.

– Апа, шай ішіп отыратын уақыт жоқ. Күтіп тұрған кісілер бар. Асығыспын. Кәзір сөздің заманы емес, істің заманы. Нұқан бірден алып кетпеді ме, өз обалы өзіне. Мен сізге бір шелек емес, міне, талай шелектің құнын бергелі тұрмын. Кеше қаладағы антиквар деген көне заттар сататын дүкенге бармағанда, ескінің қадірін білмейтін едім. Көп жыл бұрынғы ескілердің бағасы удай екен. Міне, мыналар сізге! Егер тап осы кәзір біреу келіп, менен асып түсем десе, мен кассаға барып, тағы да ақша әкелем де, бәрібір асып түсем. Так ышто, ойланыңыз.

Кемпір сасқалақтап, қақпа жаққа қарағыштады. Не шалы, не Нұқан, әлде басқа біреу кеп қалса, мына қыспақтан құтқаратындай көрінді:

– Айналайын-ау, апаң не дерін білмей тұр. Алдымен келген Нұқаннан ұят болады ғой.

Қысылшаң сәтті дереу пайдаланғысы келсе де, сақтық ойлаған Қалаубай әдептен аспауға тырысты:

– Апа, саспаңыз. Әркім, ең алдымен, өз жағдайын ойлауы керек. Сіздер бай емессіздер. Нұқан да адамның баласы, ескі шелектің өткеніне ол да қуануға тиіс. Әрине, егерде сіздерге жаны ашыса... – деп, сөзінің аяғын салмақтап қойды. – Мыналарды қалдырып кетейін. Ертеңге дейін ойланыңыз, абыржымаңыз.

– Қоя тұрайықшы, шырағым. Ертең шалым кеп... Маған ұрсып жүре ме, кім біледі...

Қалаубай күлімсіреді:

– Шелекке бола ма?! Қайта қуанады, апа. Арқаңыздан қағады. Көресіз ғой... 

***

«Жаны ашыса, – деп, іштей қайталады кемпір Қалаубай кеткеннен кейін. – ­Расында да, Нұқан – жақсы-ақ жігіт, ренжи қоймас. Бірақ бұл әңгімені әлгі жынды шалы естіп қойса, «Әй, неге екі сөй­лейсің? А?! Кімді кеңкелес қыласың, а? Қартайғанда, тиын сауған саудагер болайын деп пе ең?» деп, үсті-үстіне ақырып жүрмесе. Әлде «Ү-үй, кемпешім, бұған қалай ақылың жетіп жүр-ей?» деп, таңғалып, сүйсінер ме екен? Е, құдай, шалың болса – бір пәле, жоқ болса – мың пәле.

Бәрінен де жақсысы – қыздарына бір-бір кәстрөлден берсе, ә! Үлкен қызына – үлкенін, кішілеріне – кішіректерін берсе. Ұлдарына бір-бір жаңа шелектен. Ақшаға қой сатып алып, жіліктеп, бөліп берсе... Пай-пай, бір жырғап қалар еді».

Осы ойына елігіп жүріп әзірлеген кешкі ботқасының дәмділігіне сүйсініп ішті. Жастыққа басы тигенде, тағы да балаларын ойлады. «Құлдықтарым-ай, қалада пәтер жалдап, итшілеп жүрсіңдер-ау. Біреудің қас-қабағына жаутаңдап.. кіріптар боп... Тым құрыса немерелерге ауылдағыдай ойнайтын кең жер де жоқ. Ойыны қанбаған бала аласұрып, ауырмағанда кәйтеді...».

Көзінің алды ысып, жас іркілді. «Ауылға қайтсаңдаршы» дегісі келді. Жаны ашығандай Қалаубайдың даусы қайта естілді:

«Ауылда екі жүз үй бар...».

Мәс-саған, ертең бірінен бірі естіп, топырлап кеп жүрмесін. Іркес-тіркес, тағы да...

Ойбо-оу, Нұқан мен Қалаубайға ілесіп, жүз тоқсан сегіз адам топырлап келсе, Қалдығыз кемпір жападан жалғыз не істей алады? Бір шелек қайсысына жетеді? Ұят та. Бірін артық, бірін кем көргендей. Апырай, ә. Қайда тығылса екен? Қораға ма, бақшадағы жүгерінің арасына ма? Қай тесікке кірсе де, көп адам таппай қоя ма? Әлбетте, табады. Сонда оларға не айтады? Әлде таң атар-атпастан бір жаққа қашып кеткені жөн бе? Кеткенмен, қайда барады? Өз үйіне бәрібір оралады. «Бәрімізді тастап, қайда қашып кеттің?» деп жүрер. Қараптан-қарап, басы қатқаны несі? Енді не істесе екен?».

Қалаубайдың дауысы тағы да естілді: «Біреу менен асып түсем десе, мен қайта келіп, бәрібір одан асып түсем...».

Бәтір-ау, асып түскенде, не істемек? Екі жүз үй бәсекеге түссе, «Қай жеңгенің – менікі» деп, шырт түкіріп, алақандарын ысқылап отыра бере ме? Ойпырай, ақша деген аяқ астынан өстіп шыға келеді деп кім ойлаған? Алда-жалда екі жүз үй бірінен-бірі асып түсем десе, қайда шырқауы мүмкін? Әй, бірақ балаларға үй сатып әперуге бәрібір жетпейді-ау. Бомаса, жаңа көрпе-жастық, шиқылдап құлап жатпайтын төсек-орын, бір дұрыстау киім-кешек әперуге жетер ме екен?

 О, шікін-ай, ондай атты күн қайда? Дегенмен кім біледі, ғайыптан тайып, о да боп қалар. Солай болса екен. Шалы келгенде, «Пай-пай! Ай, осы менің кемпешімнің ақылы көп-ей!» деп, күлімсіреп, иткөз емес, қырғи көзінің қиығымен жылыұшырап қарайтын шығар. І-ій, жәмән шәлім-әй, жәрәйсің! Сен болмасаң, бұ шелекті ешкім білмес те еді, сұрап кемес те еді... Мүзей іздемесе, бүйтіп кәдірлемес еді. Рас-ау, балалар ескіні көрмесе, жаңаның қадірін қайдан білсін. І-іій, жынды шалым-ай, осының барлығы сенің арқаңда ғой. Аман болшы айналайын, жақсылап тұрып, үнді шай демдеймін. Сары майды әйбәттап тұздап қойдым. Ертең табаға нан жабам. «Паһ-паһ!» деп риза боласың. Етігіңді тазалап, майлап қойдым.

Бірақ соны қойшы, одан да... сонша ақшадан бірдеңе қалар-ау. Септр деген кәстүрлді сатса, біреу ала қоя ма?Қанша тұрады екен өзі? Екі су жаңа шелек, бір қойдың ақшасы... Ойы-боой, оның бәріне не алғаны жөн? Әй, шалым-ай, осындайда ұйықтап қалмай, ақылдасуымыз керек еді.Айтпақшы, саған бір жаңа бәтіңке алайық.Сен болмасаң, қайдағы ақша?! Аман-есен, тезірек келші...

 Е-е, осының бәрі тәуелсіздіктің арқасы емес пе? Әйтпесе ескі шелекті сонша ақшаға кім алар еді?! Алдымен Құдайға, сосын сол шелекті сонау жылы сатып әкелген саған рақмет!

Шалын ойлаған кемпір елжіреп, тұскиізді бір сипап қойды. Сөйтіп,  ­жымиып жатып, ұйықтап кеткенін білмеді.

1548 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы