• Cұхбаттар
  • 10 Наурыз, 2022

Сәрсенбек Иманбаев, «Шұғыла» қорының президенті: КІТАП ОҚЫСАҢЫЗ – ПӘТЕР СЫЙЛАЙМЫЗ

«Шұғыла» қорының президенті Сәрсенбек Имамбаев «кітап оқу – тәрбиенің мықты құралы» деп есептейді. Осы орайда ол кітап оқыту үшін бірқатар жобалар, байқаулар ұйымдастырып жүр. Мәселен, қазір осы азаматтың бастамасымен ұйымдастырылған «Тұлға болам» сайысының үшінші кезеңі басталды. Сайысқа қатысу тегін, жүлдеге миллион тігілген. Одан бөлек, 130-дан аса ақшалай сыйлық бар, Ыстамбұлға жолдама, iPad, Apple Watch, ноутбук, велосипед т.б. ұтыстар да бәйге қатысушыларына беріледі. Осы орайда Сәрсенбек Иманбаевпен сөйлесіп, кітап оқу, кітапты түсініп оқу туралы бірқатар сауал қойған едік.

– Кітап оқып өскен және кітаптың бетін өте сирек ашатын буынның айырмашылығын бір кісідей зерттеп білген боларсыз?

– Өткенге көз жүгіртсек, АҚШ болсын, кедей мемлекеттердің бірі болған Оңтүстік Корея, Жапония болсын, әрқайсының жеке даму тарихтары бар. Соны сараптасаңыздар, олардың алғы шептегі мемлекеттерге айналу себептері байқалады. Мысалы, АҚШ-та адам басына шаққанда 9-11 кітап оқылады. Кітап оқитын азаматтардың көп болуы жалпы мемлекетінің бай ­болуына, экономикасына әсер етеді. Осыны түсіндіретін Батыс ғалымдарының  зерттеуі бойынша, қазіргі заманның өркениетті елдерінің  балаларының 70%-ы 25 жасқа дейін гаджетті үнемі пайдаланған соң ми жүйесін, ойлау процестерін дұрыс пайдаланбаған соң, EQ төмен, сабырсыз, болашақты жоспарлай алмайды. Бұл індетпен күресудің амалы, ми жүйесін, нейрондарды дамытатын, ең жақсы амал – балаларды кітап оқуға жастайынан баулу, оның ішінде халқын жақсы тану үшін қазақ классиктер шоғырынан бастап, әлем классиктерін оқуға баулу.

– Кітап оқу жарысын ұйымдастыру, бәйгеге үй тігу жоспары қайдан келді? Осы жоба бастал­ғалы қанша оқырманға неше кітап оқыт­тыңыздар?

– Балалардың кітап оқу дағдысының қалыптасуы, көбіне үйінде ата-анасының кітап оқуына байланысты. Сайыстарымыздан түсінгеніміз, кітап оқитын ата-аналарына қарап өскен балалар көп, сондай отбасының санын арттыру үшін,  жасы үлкен адамдарды сайысқа қа­тыстыруды жөн көрдік. Байқауымыздың екінші маусымында, яғни былтыр бәйге жеңімпазына астанадан үй бердік.

Осылайша, Қазақ­с­тан­дықтарды әр маусымда 700 сый­лығы бар байқауға қатыстыру арқылы кітап оқуға баулып, ойлана алатын, саналы қазақстандықтар санын арттырғымыз келеді.

Райымбек ауданында офлайн түрде мыңдаған баладан бастау алған жоба, Қазақстанның барлық өңірінде, Моңғолиядағы, Кытайдағы қандастармыз қоштаған, 100 000 бала қатысып жатқан ауқымды онлайн жобаға ұласып жатыр. Мақсатымыз қазақта кітап оқитын оқырман қатарын 1 000 000-ға жеткізу. Бұл оқушылар санының 20%-ы.

– Қайырымдылық істермен көп айналысып жүрсіз. Біздің қоғам мейірімді, ізгі бола түсу үшін не керек?

– Жұмыла көтерген жүкті жақсы көретін елміз. Ағайын-туысымызды өзімізбен қатар алып жүру міндетін ұмытпаймыз. Сондықтан көмекке мұқтаж жандарға бейжай қарай алмаймыз.

Екіншіден, Лев ­Толстой айтпақшы, «Тех­ни­калық прогресс бас­тал­ғанымен,  адам­гер­шілік прогресс үзілмейді» дейді, яғни ар-ұжданға байланысты талаптар немесе 100 жыл бұрынғы ақ-қара, жақсы-жаман бүгінде өзгеріссіз қалған.

Классикалық әдебиеттерді оқу бізге ­табысты ғана емес, бақытты болуды да үйретеді.

Әдебиетті оқу – Абай атамыз айтқан жүрек, ақыл немесе эмоционалды интеллектіні ЕQ дамытудың бірден-бір жолы. Оған қоса, bbc news-те келтірілген зерттеулер көрсеткендей, көркем әдебиетті оқу адамдардың өзін жақсы ұстауына, мейірімді және әдепті болуға, қайырымдылыққа, азаматтық белсенділікке, ғасырлар бойы бүкіл әлемде зорлық-зомбылық деңгейінің біртіндеп төмендеуіне ықпалы бар.

Мысалы, Калифорния университетінің Ирвайн отбасылық медицина факультетінде көркем әдебиетті оқу мейірімді, жақсы дәрігер болуға көмектеседі деп, зерттеулерге сүйеніп, медициналық факультеттің студенттеріне арналған арнайы гуманитарлық бағдарлама жасаған екен.

Ұшқыштар әуе кемесімен әуеге шықпастан бұрын ұшуды үйренетіні сияқты, көркем әдебиетті үнемі оқитын адамдар да романды ашу арқылы әлеуметтік дағдыларын жетілдіре алады.

Біз оқып жатқан мезетте, кейіпкер үшін алаңдап қана қоймай, ол адамның орнына өзімізді қойып, кітап кейіпкерінің ­реакциясын бақылап, оның орнында қалай әрекет ететінімізді салыстырамыз. Өзіміз бұл жағдайда не істер едік деп алдын ала жоспар құрады екенбіз.

Бұл жаттығу (басқа адамның көзқарасы бойынша перспективаны көру) басқа адамдарды түсінудегі жаттығуларға ұқсас. Сондықтан канадалық психолог Кит Оутли көркем әдебиетті «біздің санамыздың аэробатикалық тренажері» деп атайды.

Басқалардың тағдыры туралы оқу арқылы жанашырлық танытуды үйренетіндіктен, көркем әдебиетті оқитын оқырманның  деректі әдебиетті оқитын оқырманнан немесе мүлдем кітап оқымайтын адамнан әлеуметтік дағдылары жоғары болады екен.

Принстон әлеуметтік неврология зертханасының психологы Диана Тамир көркем әдебиетті жиі оқитын адамдардың әлеуметтік-танымдық қабілеттері жақсы екенін көрсете алды.

Басқаша айтқанда, олар басқалардың не сезінетінін немесе не ойлайтынын жақсы түсінеді. Роман оқыған адам басқалардың эмоциясын жақсы түсінеді. ­Осылайша, көркем әдебиетті үнемі оқитындардың  әлеуметтік дағдылары EQ жоғары болады дейді зерттеушілер.

Ал қазір кей деректерге сүйенсек, АҚШ ірі кәсіпкерлерінің 90%-ы IQ емес, EQ жоғары екенін ескерген. Демек, біз де тұлға қалыптастыру үшін EQ дамытудың маңыздылығын түсінеміз.

– Кітап оқу мен түсініп оқудың айырмасы қандай? Қандай жанрдағы кітап көп оқылуы керек деп есептейсіз?

– Романдар бізге шынайы өмірде жасай алмайтын нәрсені жасауға мүмкіндік береді – ол жылдар бойы кейіпкердің өмірін сыртынан бақылауға деген мүмкіндік, яғни тәжірибе алуға жол ашады. Мұхтар Мағауин айтады: «Әдебиеттегі әңгіменің көбі адам тағдырын әдеби суреттеп жеткізу амалы», яғни ондай кітапты оқу арқылы біз бір адамның 60-100 жылдық дұрыс немесе бұрыс тәжірибесін білуге  мүмкіндік аламыз. Әлем әдебиетімен, яғни түрлі адамдардың тағдырымен, тәжрибесімен таныса отырып, неміс философы және ағарту дәуірінің басты ойшылдарының бірі, Батыс философиясының ең ықпалды тұлғасы Иммануил Кант Австрия­дан аттап баспастан әлем оқитын еңбектер жазды. М.Әуезов Абайды Абай еткен, қазақ тұлғасын қалыптастырудың үш діңгегін, бұлағын айрықша атайды, олар: ұлттық рухани әлемі, Шығыстың  рухани қазынасы, Батыстың әлемі.

Осылайша, әдебиет еш қауіп төндірместен, ғажап сезімдерді сезінуге және нақты өмірде оларға дайын болуға мүмкіндік береді.

– Әңгімеңізге рақмет!

Әңгімелескен

Қарагөз СІМӘДІЛ

5257 рет

көрсетілді

255

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы