• Cұхбаттар
  • 10 Наурыз, 2022

Кеңес НҰРЛАНОВ, актер: ӨНЕР АДАМЫНЫҢ ҒҰМЫРЫ ӨЛШЕУЛІ

Қазақстан Жастар одағы сыйлығының лауреаты, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, ­театр және кино актері Кеңес Нұрланов асқаралы алпыс жасқа толды. Өнер ордасынан түлеп ұшқалы бері киелі қазақ өнеріне еңбек сіңіріп келе жатқан актердің ойнаған түрлі рөлдері көрерменнің есінде. 
М.Әуезовтің «Қарагөзіндегі» – Нарша, «Еңлік-Кебегіндегі» – Кебек, «Абайындағы» – Әбдірахман, Керім, Ғ.Мүсіреповтің «Ақан сері – Ақтоқтысындағы» – Балта, Г.Гауптманның «Ымырттағы махаббатындағы» – Генефельд, С.Мұқановтың «Мөлдір махаббатындағы» – Бүркіт, Роза Мұқанованың «Мәңгілік бала бейнесіндегі» – Құмар, С.Торай­ғыров­тың «Қамар сұлуындағы» – Ахмет, О.Бөкейдің «Құлыным меніңіндегі» – Қаражан, Ш.Айтматовтың «Ақкемесіндегі» – Момын шал, И.Штраустың «Жұбайлар жұмбағын­дағы» – Амадей, А.Чеховтың «Шиесіндегі» – Фрис шал және тағы да басқа рөлдері театр көрерменінің көзайымына айналған. 
Ал кино көрермені оны Сламбек Тәуекелдің «Батыр Баян» фильміндегі – Ноян рөлі, «Жансебілдегі» – Мұқатай, «Айдай сұлу Айсұлудағы» – Жақсыгелді, «Мотоциклді адамдағы» – Сапар, «Жетімдердегі» – Әке, «Біржан салдағы» – Бұйдабек және басқа рөлдері арқылы жақсы таниды.
Қасиетті Қарағандының Ақтоғайынан шыққан, бекзат болмысты  актермен тілдесіп, білген-түйгенін, арман-тілегін сұрадық. 

Мерейлі 60 жасқа келіп отырсыз. Өткен күндеріңізге көз жүгірткенде не көресіз? Ыстық естеліктеріңіз, қимас шақтарыңыз есіңізге түсе ме, әлде «әттеген-ай» дейтін өкініштер ойға орала ма? Абайша айтқанда, өзіңізге есеп беріп көрдіңіз бе?

– Мұқағалидай ұлы ақынымыздың:

 «Алпысқа келдіңіздер,

Бәрін де көрдіңіздер.

Бәріне сендіңіздер,

Бәрін де бердіңіздер.

Алпысқа келсек екен енді біздер» деп арман еткен жасына келіп қалыппыз. Аллаға шүкір дейміз. Жас қырыққа келгенше білінбейді екен, қырық пен елудің арасы көзді ашып-жұмғанша өте шықса, елу мен алпыстың арасы оқ болып зулайды екен. Өткен күндерге көз салсам, өкінетін сәттерім көп. Өнер адамының өнердегі ғұмыры өлшеулі. Оның ішіндегі театр артистерінің өнердегі жолы тым қысқа. Ештеңе тындыра алмағандай болып тұрасың. Мысалы, еңбектеніп шығарған рөлің сахнада әрі кетсе, он жыл жүрер. Кейін буын ауысады, қойылым репертуардан шығады, солайша еңбегің көзден ғайып болады. Кейінгі кезде қойылымдарды телевидениеге жазып алып жатады, бірақ ол да сахнадан көргендей әсер ете алмайды. Ол алтын қор үшін, болмаса актерлердің өнерін тарихта қалдыру үшін де керек шығар. Осы  тұрғыдан алғанда, жасаған көп дүниең көнекөздердің ғана көңілінде қалып жатады. Өнер жолының қысқалығы деген сол. Сондай бір сәттерге қатты өкінетінім бар. Өйткені мен Әуезов ­театрында көп жыл қызмет еттім. Біраз еңбегім сол театрда қалып қойды. Кино саласына қатысты «шіркін-айларым» бар. Өміріме қатысты өкінішім де жоқ емес. Әрине, халықтың жүрегінен орын алған образдарым да баршылық. Жалпы, өмірдің өзі бір өкініш, бір қуаныштан тұрады ғой. Бақыт та сондай сәттерден тұрса керек.

Әкеңіз Әуезов театрындағы «Ана – Жер-Ана» қойылымын көргеннен кейін ғана, сіздің өнер жолына келіп, актер болуыңызға батасын берген екен...

– Оқушы кезімде спортқа бейім болдым. Әке-шешем де мені «не мұғалім болады, не спортқа кетеді» деп пайымдаса керек. Өнер жолын таңдағанымда құп көрмеді. Мен де бірбеткейлігімнің арқасында арманымнан бас тартпадым, бірақ көпшілік алдына шығудан қатты қысылатынмын. Соны жеңу үшін сыныптасыммен сахнада билеп шыққаным бар. 10-сыныпқа көшкенде әкем: «Өнер адамы болам десең, үйрен. Өнер домбырадан басталады» деп домбыра әкеліп берді. Кейін мектепті бітіріп, әкеммен Алматыға келгенде Әуезов ­театрына барып, Әзірбайжан Мәмбетовтың сахналауындағы Шыңғыс Айтматовтың әйгілі «Ана – Жер-Ана» туындысын көрдік. Сәбира Майқанова, Ыдырыс Ноғайбаев, Құман Тастанбеков, Торғын Тасыбекованың ойынын көріп, алай-дүлей сезімде болдым. Бүкіл зал тебіреніп кетті. Әкем қаталдау, ер мінезді, көзіне жас ала бермейтін адам болатын, бірақ қойылым қатты әсер етсе керек, жанары жасаурап отырды. Қойылымнан шыққан соң, әкем екеуіміз саябаққа барып, біраз үнсіз жүрдік. Сонда әкем: «Балам, үлкен өнер деген осы екен ғой. Жолың болсын!» деп батасын берді.

Әйгілі Шолпан Жандарбекованың шәкірті болдыңыз...

– Иә, Кеңес Одағының халық артисі Шолпан Жандарбекова апамыздың шеберханасына қабылдандық. Ол кісімен бірге Татьяна Қасымқызы деген апамыз да педагогымыз болды. Кейін актерлік шеберліктен Есім Сегізбаев, Асанәлі Әшімов, Тілектес Мейрамовтардан да дәріс алдық. Сахна тілінен Дариға Тұранқұлова, Майра Омарбаева апаларымыз берді.

Шолпан апай бір сұхбатында «Кейде шәкірттеріме өзім үйретемін, кейде өзім үйренемін» деген екен. Сіз ұстаздарыңыздан не үйрене алдыңыз? Өмірлік ұстанымыңызға айналған ақыл-кеңестері қандай еді?

– Педагогтеріміз жақсы актер болудан бұрын, жақсы адам болып қалыптасуымызды қалады. Бәрі де: «Балалар, адам болыңдар. Жақсы актер болу үшін, бірінші жақсы адам болу керек. Ертең елдің алдына, киелі сахнаға қаймықпай шығу үшін бет болуы керек. Жаман адамнан жақсы өнерпаз шықпайды» деп отыратын. Адал болуды үйретті. Өнер жолының ауыртпалығы көп болатынын, екінің бірі театрда жұмыс істей алмайтынын ескертті. Студент кезімізде бәріміз өзімізді халық артисі сезінетінбіз. Мінезіміз де әртүрлі еді: біреуіміз еркелеу, екіншіміз жалқаулау, үшіншіміз қырсықтау болдық дегендей. Ол кісілер осының бәріне көңіл бөлді, үлкен сахнаға дайындады. «Актер – дәуірдің шежіресі. Оның қуанышы мен қайғысы, бақыты мен қасіреті қатар жүреді. Соған шыдасаң ғана, шынайы актер боласың. Болмаса, жолыңды тап. Өнер жолы еркелікті көтермейді» деген қағидаға сай тәрбиеледі. Осы рас сөз. Қойын дәптеріме жазып қойған ұстанымым. Кезінде Серке Қожамқұлов жалғыз баласы өмірден өткен кезде де театрға келіп, рөлін ойнаған. Себебі жауапкершілігін сезінген. Қазіргі заманда біз соған бара аламыз ба, бара алмаймыз ба? Білмеймін...

Шолпан апамыз әр шәкіртіне баласындай қарайтын. Өкінішке қарай, ол кісі өмірден өткенде шетелде гастрольдік сапарда болып, топырақ сала алмай қалдық. Кейін бір ағамыз айтты: Шолпан апамыз қатты ауырып жатқан кезде көңілін сұрап барған екен. Сонда апамыз оған: «Кеңеске қарайлап жүріңдерші. Ол өзімен-өзі, саяқ жүреді ғой. Бауырларыңа тартыңдар. Сырт қалып қоймасын» деген екен. Жалғыз мен емес, кез келген шәкіртіне солай жанашырлықпен қарайтын.

Биыл ұстазыңыздың туғанына 100 жыл. Шәкірті ретінде қандай шара қолға алынуы керек деп ойлайсыз?

– Бір қуанатыным, Шолпан апамыздың көп шәкірті өнер жолында жүр. Солардың бірі, өнердегі әріптесім Бекжан Тұрыс өткенде Шолпан апамыздың туғанына 100 жыл толуына орай туған жері – Қарағандыдағы музыкалық театрға есімін беру туралы бастама көтерді. Өте дұрыс. Қолдаймын.

Өнер жолындағы алғашқы режиссеріңіз әйгілі актер, театр режиссері Райымбек ­Сейтметов екен. Оқу орнын бітіргеннен кейін сол кісінің шақыртуымен Ғабит Мүсірепов театрында біраз уақыт жұмыс істедіңіз. Не алып үлгердіңіз?

– 1983 жылы оқу бітіріп, бақытымызға орай, қазақтың біртуар ұлы, режиссер ­Райымбек Сейтметов ағаның қолына тап келдік. Үлкен сахнадағы тұсауымызды кескен алғашқы режиссеріміз сол кісі еді. Әрине, қиындықтар да болды, бірақ бала кезімізде есімін тек радиодан естіген актерлер мен актрисалар: Мәкіл Құланбаев, Мұхтар Бақтыгереев, Алтынбек Кенжеков, Атагелді Ысмайылов, Сейітхан Есенқұлов, Айтжан Айдарбеков, Әмина Өмірзақова, Жамал Бектасова, Аққағаз Мәмбетовалардың ортасына түстік, ағалық-апалық қамқорлығын көрдік. Бізді бала деп шеттеткен жоқ. Театрға бірден сіңісіп кеттік. Райымбек ағаның кезінде театрдың аты дүркіреп шықты. Ол кісі поэтикалық қойылымдарға жақын болатын. Өзі сөйлеген кезде, өлең оқығанда сахнаны баурап алатын. Көсемсөз шебері еді. Райымбек ағамызбен қатар қазіргі Жастар театрының режиссері Нұрғанат Жақыпбай ағамыздың мол әсері болды. Нұрғанат ағамыз ол кезде режиссерлік жолын енді бастап жатқан. Мен ол кісінің де көп қойылымында ойнадым.

Кейін Мұхтар Әуезов атындағы театрда бірталай жыл жұмыс істедіңіз. 2007 жылдан бері Елордаға қоныс аударып, Қаллеки ­театрында қызмет етіп келесіз. Жалпы ­«талант деген – рөлді ойнамау» деп жатады. Сол сияқты сіздің ойнамаған, жан дүниеңізбен біте қайнасып кеткен рөліңіз қайсы?

– Үлкен-үлкен сахналарда үлкен-үлкен рөлдерді ойнау еншіме бұйырды. Оларды бір-бірінен бөліп-жарғым келмейді. Жаныңды беріп жасаған соң, бәрі ыстық. Түрлі образды сомдасақ та, әрқайсының жүрегімде алар орны бар.

Айтып отырғаныңыздай, түрлі образды сомдайсыздар. Кейде көбі бір-біріне қарама-қайшы болып жатады. Соның бәрін болмысыңызға сіңіріп, жүректен өткізіп ойнайсыз. Жүрекке ауыр емес пе? Әр образдан соң өз «мен»-іңізге оралу қиын болмай ма? Жалпы өнер мен өмірдің шынайылығы қай жерде тоғысады?

– Әрине, әр рөліңді өзің сезінбесең, жүрекпен қабылдамасаң, көрерменге жеткізе алмайсың. «Мөлдір махаббаттағы» Бүркітті алайық. Махаббаты үшін алысады, арпалысады, аяғында қолына қару алуға дейін барады. Оны мұндай жағдайға не жеткізгенін көрермен түсінуі керек. Көрермен сенуі үшін өзің сенуің керек. Сондықтан жаныңды, жүрегіңді, жүйкеңді салып ойнайсың. Онсыз болмайды. Актердің қызметі сол. Оның ішінде өз «мен»-іңді жоғалтып алмау ­керек. Дегенмен Қадыр ағамыз: «Театрды өмір деп қарауға болмайды. Ал өмір – барып тұрған театр» дейді. Өмірдің барлық шындығын театрға сыйғызу мүмкін емес. Ал өмірде адамдардың тірлігінің бәрі тұнып тұрған театр: біреуді алдау, аяғынан шалу, жағымпаздану, зұлымдық жасау...

Ал қазіргі театр өнері туралы айтып беріңізші. Режиссерлер мен труппаның жұмысы көңіліңізден шыға ма?

– Жалпы кез келген театрдың тоқырауға ұшырайтын, қайта жанданатын кездері болады. Барлық дүние шедевр болуы мүмкін емес. Ол көбінесе режиссердің біліміне, мықтылығына байланысты. Әшірбек ағамызша айтсақ, мықты ­режиссер жазушының қойын дәптерінен де пьеса жасап шығара алады. Біз Мұхтар Әуезов театрын қашан да көз қылып айтып отырамыз ғой. Әсіресе Әзірбайжан Мәмбетов басқарған кезде отыз жыл бойы Әуезов театрының атағы жер жарды. Сәбира Майқанова, Хадиша Бөкеева, ­Бикен ­Римова, Фарида Шәріпова, Шолпан ­Жандарбекова, Асанәлі Әшімов, Сәбит Оразбаев, Әнуар Молдабеков, Құман ­Тастанбеков, Әнуар ­Боранбаев, Саят Мерекенов сынды қаншама мықты тұлғалар шықты. Осы актерлердің арқасында Әзекеңнің аты тарихта қалды. Яғни режиссер мен актерлер – театрдың қос қанаты. Қазіргі режиссерлер ізденіс үстінде. Жас режиссерлер келіп жатыр. Мәселен, Қырғызстаннан Ұланмырза Қарыпбаев деген жас режиссер келіп, ­театрымызда «Күзгі іңір» деген қойылым қойды. Өзінің көзқарасы бар, жақсы дүние шығарды. Сол сияқты Әлібек Өмірбекұлы деген жас режиссердің «Дон ­Кихот» қойылымының премьерасы өтті. Біздің дәстүрлі қойылымдардан мүлдем бөлек. Театрға осындай тың дүниелер керек. Әрине, бұрынғы көзқарастағылар үшін қабылдау қиын болуы мүмкін. Кезінде Жанат Хаджиев қойған «Еңлік Кебекті», Болат Атабаевтың «Қарагөзін» де көнекөздер басында қабылдай алмаған. Себебі бұрынғы «Қарагөзді» көріп қалған көз жаңа «Қарагөзді» қабылдай алмай қалады. Мұнда да солай: жаңа ой, жаңа көзқарас, жаңа актерлік трактовкалар. Маған ұнады. Қашанғы таптаурын қалыпта жүре береміз? Мұның алдында ресейлік Сергей Потапов деген режиссер Чеховтың «Шие бағын» қойды. Көрермендер, тіпті өнердің ішінде жүрген адамдардың кейбірі қабылдай алмай жатты. Қазір көрермендердің көбі театрдан жеңіл комедия, ойын-күлкі іздеп келеді. Ой жүгірткісі келмейді. Барлығына топырақ шашудан аулақпын.  Сауатты көрермендер де бар.

Көрермен талғамының өзгеруіне интернеттің қолжетімділігі мен күнделікті өмірімізге әлеуметтік желінің енуі де әсер еткендей ме?

– Қазір көрерменді театрға әкелу де оңай емес. Бәрінің қолында бір-бір телефон. Балаларды театр өнеріне, дәстүрлі әндерді тыңдауға кішкентай кезінен үйретпесек, өсе келе көңілін алу қиын болады. Мәселе, тілде. Тек қазақ тілінде тәрбиеленіп, қазақ болып қалыптасқан балада ғана қазақ өнеріне деген құрмет болады. Қоғам қазақша сөйлемейінше, қазақ өнерін, әдебиетін ­дамытамыз деу – бос сөз. Үштілділік деп бір ұрандаттық, кейін «қытай тілін қосайық» деп тағы шықты. Тіл білген дұрыс, бірақ өз тіліңді құрметтеу маңызды. Алаштың ақыны Серік Ақсұңқарұлының тіл жайында: «Адамды – албасты, ұлтты – құбыжық, халықты тобырға айналдыру үшін оған сойқан соғыс жариялап, қанын суша ағызудың қажеті шамалы. Ана тілінен айырсаң, жетіп жатыр екен» дегені бар. Тілден айырылған жерде ұлтың да, өнерің де, мәдениетің де құриды.

Қандай арманыңыз бар? Бір сұхба­тыңызда «Кинодағы образымды әлі таба алмай жүрмін» депсіз...

– Кинода саусақпен санарлықтай ғана образ жасаппын. Мені кино көрермені «Батыр Баяндағы» Ноян арқылы біледі. ­Паспортыма айналған рөлім. Десе де, әлі де кинода үлкен образдар жасағым келеді. Жақсы бір ұсыныс түсіп қала ма деп күтіп жүрміз. Қазір кино мен сериалдың бәрі Алматыда түсіріледі. Олар елордадағы актерлерді шығыны көп деп, алдырғысы келмейтін сияқты. Оның үстіне кастингтің басы-қасында жүретіндер өз актерлерін тықпалай беретіндей көрінеді. Сондықтан біз кішкене алыстап қалдық. Кейде Алматымда, Әуезов театрында болғанымда, киноның ортасында жүрер ме едім деп ойлаймын. Мүмкін, алдымда үлкен бір дүние күтіп тұрған шығар. Осы бір үзіліс дауыл алдындағы тыныштық сияқты көрінеді. «Арман деген көп белес, біріне шықсаң бірі бар.Белес түбі – бір асқар» деп, асқарға шығар сәтіңді аңсайсың, армандайсың.

Ішіңізден пісіріп, дайындап, армандап жүрген рөліңіз бар ма?

– Шіркін-ай, Алаш ардақтыларын жарыққа неге шығармайды дейсің. Алаш арыстарының әрқайсысы туралы бір-бір туынды шығаруға болады.

Бала кезімізде Әлжаппар Әбішевтің Мәди Бәпиұлы туралы «Найзағай» деген кітабын оқығанбыз. Мәди әрі композитор әрі ақын әрі батыр болған адам. Соның үлкен экранда бейнесі жоқ. Тіпті сол «Найзағай» кітабынан сценарийін жазып, кино қылып шығаруға болады.

Сонымен қатар қазақтан Екінші дүниежүзілік соғыстың батырлары көп шықты, бірақ олар туралы да кино аз. Нұркен Әбдіров, Сұлтан Баймағамбетов, Қазыбек Нұржанов, Ағәділ  Сухамбаев, ­Хиуаз Доспанованың ерлігі киноға сұранып тұр. Орыстар Екінші дүниежүзілік соғыс туралы қандай керемет кинолар түсіреді, өздерін ұлы халық ретінде қалай дәріптейді! Құдды, фашизмді тек орыстар жеңгендей көрсетеді. Ал бізде саусақпен санауға жетпейтін туынды бар. Соған ашуым келеді.

Қазір тарихи тұлғалардың өмірін экранға шығару жандана бастағандай. ­«Томирис», «Қазақ хандығы» фильмдері, Ахмет Байтұрсынұлы туралы «Ахмет. Ұлт ұстазы», Жәңгір хан туралы «Сарай сыры», Абай туралы сериалдар және тағы басқа. Сол тарихи тұлғалар туралы туындылардың сапасы көңіліңізден шыға ма?

– Ол бір жағынан жақсы, бірақ киноның сапасына көңіл бөлу керек. Мұрат Есжанның Абай туралы сериалы жақсы шықты деп мақтап жатады. «Ахмет. Ұлт ұстазын» да ­шолып шықтым. Десе де, сериалдың көрер­мені емеспін, толық қарауға ықыласым жоқ. Әлде, бұған дейін көңілім қалып қойды ма...

Жалпы кейінгі кезде үлкен тұлғаларға жармасатындар көп. Олар туралы туынды түсіруді қолға алдың ба, тек Қазақстан емес, бүкіл әлем жұртшылығы көретіндей қылып жаса. Кино – халықтыкі. Оған халықтың көзімен қарау керек. Халыққа не бере аласың? Әлде тек ұлы тұлғаның атағын ­жамылып өз атыңды шығарғың келе ме?

Жыл сайын жүздеген түлек өнер ордасын бітіріп шығып жатыр. Соларға айтар ақыл-кеңесіңіз қандай?

– Өнерді жақсы көру керек. Өнерге кездейсоқ келуге болмайды. Кездейсоқ келген адам бәрібір театрда жүре алмайды, қалыптаса алмайды. Сосын еңбектену қажет. Өте талантты қыз-жігіттер келеді, талантына сеніп жүріп, түк шығара алмай қалады. Еңбегің болмаса талантың көмескілене береді. Ал өнер адалдықты, еңбекқорлықты жақсы көреді.

Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан

Әсел МҰРАТБЕКҚЫЗЫ

5381 рет

көрсетілді

251

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы