• Қоғам
  • 10 Наурыз, 2022

ТЕРІСКЕЙГЕ ҚАРАҒАН КӨШ ҚАШАН ТҮЗЕЛЕДІ?

Ақбота МҰСАБЕКҚЫЗЫ
«Ana tili»

Елімізде нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017–2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының «жұмыс күшінің ұтқырлығын арттыру, жұмыс күші көп өңірлерден жұмыс күші жетіспейтін өңірлерге қоныс аудару» бағыты бойынша біршама жұмыстар атқарылды. Көзделген мақсат – жұмыс күші тапшы аймақтарға халқы тығыз орналасқан өңірлерден еңбекке қабілетті азаматтарды тарту. Эльмира Мәмбетқызының «Еңбек» бағдарламасы: оңтүстіктен солтүстікке көшкендер кері қайтып жатыр» атты мақаласында көрсетілгендей, 4 жылда Қызылжар өңіріне 2 мыңнан аса отбасы қоныс аударыпты. Соның ­140-ы өз өлкесіне қайта оралған. Бұл аймақта, әсіресе мұғалім, дәрігер, ветеринар, агроном және техникалық мамандар тапшы. Әр қоныс аударушыға 70 АЕК көлемінде субсидия төленеді. Баспана жалдау үшін бір жыл бойы ай сайын 87 мың теңгеге дейін берілетін ақы тағы бар. Дегенмен «белгіленген жоспарды орындаймыз» деп, сан көбейтіп, сапаны ескермей жатқан жоқпыз ба?

КӨШ БАСТАУ ОҢАЙ ЕМЕС

Әлеуметтанушы Нұрболат ­Айекешев көш те халқымыздың мінезіне тікелей байланысты екенін айтады. Оның пікірінше, солтүстікке көшкендердің арасында 5-10 жылда қайтатындар қайтып кетеді, қалатындар қалады.

«Бір жерден екінші жерге көшу үшін көптеген факторлар талап етіледі. Қазақ болған соң оған туысқандық керек, таныс керек, біздің халқымыздың мінезі сондай. Туысқандық байланыс та керек. Сол себептен, әрине, көшкендер алдымен ортаға бейімделеді, сосын туысқандарын тартады. «Еңбек» бағдарламасының төрт жыл жұмыс істеуі аз да, көп те уақыт емес. Осындай бағдарлама тағы да жалғаса берсе, ол нәтижелі болады. Әрине, ол тек біздің елімізде ғана емес, басқа елдерде де осындай саясат жүріп отырады. Мысалы, Америкада. Аляскаға көшіру үшін тұрғындарға қомақты жәрдемақы береді, салықты да жеңілдетеді. Соның өзінде халық Аляскаға көп бара бермейді. Өйткені климаты өте нашар, салқын. Сондай бағдарламалар бізде де болуы керек. «Еңбек» бағдарламасы да көшірме жоба, оған көп қаржы бөлінген, бірақ көшкен адамдар саны одан аз. Әрине, мұндай бағдарлама керек және оны қадағалайтын тетіктер керек», – дейді әлеуметтанушы Нұрболат Айекешев.

Ал Оңтүстіктен Солтүстікке көш бастаған алғашқылардың бірі – Серік Өтебай. Ол Арыс қаласында теміржол саласында жауапты қызмет атқарған. 2015 жылдан бастап Солтүстікке көшу жайлы ойланып жүреді. Ал нақты шешім қабылдап, көшуге 2019 жылы Арыс қаласында болған жарылыс себеп болған.

«Арыста да ештеңеміз жоқ болды деп айта алмаймын, бір емес, екі үйіміз болды, жұмысымыз болды, аш емес едік. Сол кезде аймағы­мызға СҚО Аққайың ауданының Жұмыспен қамту орталығының ­директоры Ержігіт Дәнекеев деген жігіт келіп, онымен барлық мән-жайды саралап, ақылдастым. Ол жерде  2019–2021 жылдары жалпы пилоттық жобада үйлер салына бастаған. Үйлер салынып, бағаланған кезде 7 млн теңге еді. Қазір нарықтық экономикаға байланысты кей жерлерде 7 млн 300 мың–8 млн теңгемен беріліп жатыр. Бес жылға дейін арендалық төлемін төлеп отырса, 7 млн теңге бағасынан шегеріліп отырады. Бес жылдан кейін қалғанын төлеп сатып алуға да немесе тағы да 15 жылға келісімшартқа отырып, төлеуге болады. Әуелі үйлердің бәрін көрдік. Өте сапалы деп айта алмаймын. Бірақ комиссияның шешімі бойынша, адам тұруға болады делінген. Әрине, болады, келдік, кем-кетігін құрылыс компаниясы жасап берді. Қалғанын өзіміз жасап жатырмыз», – дейді Серік Өтебай.

Оның айтуынша, мемлекеттің құрылысшыларға «үй қандай болуы керек, ішінде не болуы керек, шаршы метрі қандай, су, санузелі, барлығы болуы керек» деген сияқты талаптары бар. Бірақ көшіп келушілерге оның бәрін толық көрсете бермейтін көрінеді.

«Дегенмен мемлекеттің баспана  салып беру бағдарламасы бойынша, «Еңбек» бағдарламасы, тек қана үйді салып береді. Ол жерге отын қора, көмір қора, мал ұстаймын дегенге мал қора керек. Оның бәрі қосымша қаражат. Қазір өздеріңіз құрылыс материалдарының бағасының қаншалықты аспанға шарықтап кеткенін көріп отырсыздар. Біз 2019 жылы келіп, 2020 жылдың көктемінде 12\6 сарайдың өзін 700 мың теңгеге өз қаражатымызға салғанбыз. Қазіргі бағамен оның өзі 1,5-1,8 млн теңгеге шығып кетеді екен», – дейді С.Өтебай.

Осы орайда «Неге жаңа үй алады, екінші нарықтағы ескі үйлерді неге жөндемеске, оның қора-қопсығы да, моншасы да болады?» деген сұрақ туындайды. Иә, «Еңбек» бағдарламасында барлық бағыт қамтылған, жаңа үй салу, қолданыстағы үйлерді күрделі жөндеуден өткізіп беру және адаптациялықтан өтетін жатақхана салу. Дегенмен бюджеттің қарастырғаны сол болуы керек, тек жаңа үйлер салумен шектеліп қалып жатыр. Көш бастау­шы азаматтың баспанасы Қызылжарға 20 шақырым жер болғандықтан, өз бағасына лайық. Ал Шал ақын, Тимирязев, Мағжан Жұмабаев, Ғабит Мүсірепов сияқты шалғай аудандардағы жағдай ше? Арзан үйлер табуға болады, дегенмен жаңа немесе күрделі жөндеуден өткен үйлерді алған күннің өзінде қора-қопсығы үшін қосымша шығындалуға тура келеді.

– Келіп жатқан отбасылардың көбі көп балалы отбасылар. Кемінде 4-5 баласы бар, барлығы мектеп жасындағы балалар. Ең бірінші қиындық туатыны, Атаулы әлеуметтік көмекті алу мәселесі, бұл жерде жергілікті биліктің келген адамды жұмыспен қамту, жұмыс беру деген сияқты өз ұстанымы бар, – дейді Серік Өтебай.

 

АӘК-ТІ КІМ ҚЫЗҒАНЫП ЖҮР?

Жалпы атаулы әлеуметтік көмек тағайындалғаннан кейін жұмыс беруші жұмыс тауып беретін болса, ол жұмысты істеуге міндетті. Бұл туралы Жұмыспен қамту орталығының қаулысында жазылған. Егер жұмысты істемеймін деп қарсылық білдіретін болса, АӘК-ті сол отбасынан алып тастауға құқылы. Дегенмен Серік Өтебай көшіп келген жұрттың жағдайын басқаша түсініп көруге тырысты. Оның айтуынша, жұмыспен қамту орталығы ­тауып берген жұмыстың жалақысы, алатын АӘК-тен әлдеқайда төмен.

«Теріскей айлық табысы жөнінен Қазақстан бойынша ең төмен облыстардың қатарына кіреді. Бұл жақта айлық өте төмен. Оларға ең көп дегенде 40-60 мыңдық жұмыс тауып беруге тырысады. Одан басқа жұмыс жоқ. Ал кемінде 70-80 мың АӘК алатын отбасылар бар. 150-200 мыңдық жұмыс болатын болса, әрине, кез келген отбасы, кез келген ана АӘК-тен бас тартып, жұмысқа кірісіп кетеді. Ал бірақ АӘК арқылы кемінде 70-80 мың теңге алып отырған отбасы Жұмыспен қамту орталығы ұсынған 40 мың теңгенің жұмысын істеуге құлықты емес. Оны істеуге ниеті де жоқ. Оны кез келген адам қолдайды», – дейді ол.

Оның айтуынша, Жұмыспен қамту орталығы өзіне бекітілген шарттарымен, Білім беру басқармасындағы балаларды қорғау бөлімі өз заңдарымен жұмыс істейді. Мәселен, көшіп келушіні Жұмыспен қамту орталығы жұмыс бойынша шақырады, ол жерге барып келем дегенше, үйінде балаларды қорғау бөлімінің мамандары отырады. «Кәмелет жасқа толмаған балаларыңызды жалғыз тастап кетіпсіз, акт толтырамыз, басқа толтырамыз» дейді. Жұмыспен қамту орталығы жұмыс тауып беруге тырысып, ал балаларды қорғау бөлімі бала-шағаның қауіпсіздігін ойлап жүр. Екі түрлі қызмет өкілдері, екеуінің заңдары бір-біріне қарама-қайшы келеді. Екі ортада аналар шырылдап, не істерін білмейді. Ал көшіп келгендердің жағдайы бұрыннан жақсы емес.

«Өткенде облыс әкімдігі статистикаға сүйеніп, көшіп келгендердің 97% -ның оңтүстікте үйлері бол­маған» депті. Оны шын­дыққа жанасады деп есептей берейік. Себебі Оңтүстікте жағ­дайы жақсы адамның ешқайсысы бұл жерге көшіп келмейді. Бұл жерге көбінің расында үйі жоқ, жұмысы жоқ, дипломы бар, мойнында пәлен қарызы барлар көшіп келеді. Олардың басты мақсатының бірі – үй берілсе болды. Баспана берсе, ары қарай күнімізді көріп кетеміз деген оймен келеді. Адам санына қарай берілген квотасы бар. Былтыр 204 мың теңге ­тиынымен болды. Ал биыл қандай жарлық шығатынын білмедім, себебі әлі ешқандай жарғы бекітілген жоқ. 2021 жылға дейін қолданылған «Еңбек» бағдарламасы өзінің тиімсіздігін көрсетті. Себебі бұл бағдарламаны о бастан нақтылап қандай болатынын, қандай болуы керек екенін жүзеге асыратын маман болмаған. Меніңше, мұны «Серпін» бағдарламасының жалғасы ретінде қалыптастырып жіберген сияқты. Нақты шешім, нақты қаулы болып, өз алдына шыққан жоқ. Теріскей мәселесін біз талай рет көтердік, орталық ашу ­керек дедік, өз алдына мемлекеттік немесе мемлекеттік емес ұйым болсын деген сияқты талаптардың барлығын министрлікке, басқа құзырлы орындарға,  бәріне жаздық. Бізге келген жауап: бұл бағдарлама мәңгі емес. Бұл уақытша бағдарлама болған соң, біз бұған бөлек штат немесе бөлек құрылым, ұйым ретінде  мемлекет тарапынан аша алмаймыз деген жауап келді», – дейді Серік Өтебай.

Жалпы статистиканың көрсетуі ­бойынша, келген адамның тек 10%-ы ғана қайтып, 90%-ы осы жерге сіңісіп жатыр. Көшіп келгендердің ең басты мәселесі – жұмыс. Мұндай бағ­дарлама жүзеге ас­са немесе жақсылап жүзеге асса Теріс­кейдегі халық санының кө­беюіне ықпал ету үшін  халыққа жұмыс беретін өндірістік орындар ашу ­керек.

«Теріскейдегі өзекті мәсе­лелердің бірі – әр ауылда, елді мекенде кемінде 2-3 шаруа қожалықтары бар. Жан-жақтағы егістік, жайылым жерлердің барлығы сол 2-3 шаруа қожалықтарының ­уысында отыр. Сол ауылдың биі де, төресі де, қожайыны да сол адамдар. Олар не дейді, қалай айтады, сол болады. ­Ауылды жерлерде ауыл әкімдерінің сөзі өткенін, айтқанын істете алатынын көрген жоқпын. Аудан әкімдерін білмеймін, ауыл әкімдерінің ондай беделі бар деп есептемеймін. ­2019–2021 жылдың бағдарламасы аяқталды, ­2022–2025 жылдың бағдарламасы үйлерді 50\50 бағдарламасымен салады. Үйді шаруа қожалығы салса, шығыныңыздың тең жартысын мемлекет қайтарып береді. Бірақ ол үй көшіп келген адамның атында емес, шаруа қожалығының атында тұрады. Шаруа қожалығы өзіне керекті мамандарды ғана алып келеді. Шаруа қожалығына кім керек: малшы, қойшы, сауыншы керек. Ауылды жерлерде мұғалімдер мен дәрігерлерге ­ваканция болуы мүмкін. Ол енді 50\50 үй болғаннан кейін, үй шаруа қожалығын өз атында болғаннан кейін, қандай маманды әкеледі – өзі шешеді. Менің ойымша, бұл баяғы феодалдық дәуірге қайта апаратын сияқты», – дейді С.Өтебай.

Ол көштің санын арттыру үшін көп балалы аналардың Атаулы әлеуметтік көмегіне тиіспей, қосымша жұмыс беруді ұсынады. Айтуынша, осылай жасаса, Солтүстікке көшті насихаттаудың қажеті жоқ, аналардың өздері-ақ, бар жағдайды түсіндіріп, жақындарын тарта бастайды. Мұ­ның өзі үлкен бір саясат болатын еді. Алайда әзірге Теріскейдегі атқамінерлер жұмыс берсе АӘК бермей, АӘК берсе, ­жұ­мыс бермей, әуреге салып жатқаны тағы бар.

АӘК те алып жүрмін, қосымша жұмыс істеп жүрмін, келіңдер деп аналар бір-бірін тартса, Теріскей баяғыда-ақ көбейіп кетер еді деп биліктегілерге айтып-ақ жүрмін. Ең басты мәселе – мектеп. Ауылда мектеп жабылса, оның болашағы құриды деген сөз. Мен көшіп келген жылы бұл жерде мектепте 40 қана оқушы болды. Оның өзі орыс мектебі еді. Сол кезде бұл мектептің жабылуы туралы сұрақ туындап жатқан. Біз келген соң, бас-аяғы екі жылдың ішінде оқушы саны 100-ден асты. Қазақ сыныптары ашылды. Енді осы мектепке оқушы сыймай жатыр. Күні кеше облыс депутаттарымен сөйлескен кезімде облыс бойынша он ауылдың жабылуы туралы сұрақ туындап жатыр, соны Мәжілісте көтереміз деді. Сол ауылдарды жабудың орнына оңтүстіктен отбасыларды әкеліп, оларға мүмкіндік жасап берсе. Басты мүмкіндіктің бірі – АӘК-ке тиіспеу. Оны беріп, қосымша жұмыс та істету. Ол кезде Теріскейге халық ағылады деп есептеймін», – дейді С.Өтебай.

 

«БАТЫЛЫҢЫЗ БОЛМАСА, КӨШПЕҢІЗ!»

Солтүстікке көшу туралы айтып қана қоймай, оны өзінен бастаған азаматтардың бірі талдықорғандық –Бурахан Дақанов. Ол 2019 жылдан бері көшу мәселесін ойлап, өзі ғана көшпей, көш бастауды мақсат еткен. Статистика елімізде биылғы 2021–2022 оқу жылында 3,4 миллион оқушы бар екенін көрсетті. Оның 500 мыңнан астамы Түркістан облысында, ал СҚО-да 75 мың оқушы бар. Осындай деректерді саралаған Бурахан нақты шешім қабылдап, Теріскейге көш түзейді.

«Мақсатым, өзім ғана көшіп келу болған жоқ. Ел бастайын, көш бастайын деген ниетпен келсем, кем дегенде жүз шақты отбасыны көшіремін деген мақсатым болды. Бірақ қазір ол мақсатты 500 отбасына көтердік. Бұйырса, осы жылы жер қарайған шақта Теріскей мен көш қабылдаушы аймақ Қостанай облысы, СҚО және Павлодар облыстарына кем дегенде 500 отбасыны көшіргім келеді. Жәй көшіріп қана қоймай, осы жерлерді жерсініп кетулеріне сеп болғым келеді», – деген ол «Еңбек» бағдарламасы арқылы қоныс аударған.

«Біздің негізгі міндетіміз – үкіметтің  бағ­дар­ламасын насихаттау. Оны насихаттау жағы өте кереғар кетіп жатыр. Оған тілшілердің де қосып жатқан «үлесі» бар. Солтүстікке көште негатив жағы әлдеқайда басым болып жатыр. «Еңбек» бағдарламасы биыл жабылды, бұл бағдарламаның істеп тұрғанына шамамен бес жыл болған. Осы бес жыл ішінде бірде бір рет естімеген адамдар бар. Ара-тұра маған бір адамдар хабарласып қалады, сондай бағдарлама болса, мен баяғыда көшіп баратын едім деп жатады. Бағдарламаның негізі келушінің дипломы болса деген шарты бар. Яғни келген кезде жұмысқа орналасып, өзін асырап кету мүмкіндігі болуы үшін. Мұғалім, дәрігерлер ақырындап келіп жатқанымен, дипломы жоқ адамдар да көп. Бұл жерде үкіметке сенім артпай, өз-өзіне сенім артатын, өзіне сенетін, «аяққа тұрамын, егін егемін, басқа кәсіп көзін ашамын» деген шешіммен келген адам болмаса, жәй көшкісі келіп, батылы бармай жүрген адамдар бұл жаққа керегі жоқ», – дейді Бурахан Дақанов.

Сонымен қатар ол Теріскейдегі көшті түзеу үшін ақпараттық орталық қажет екенін алға тартты. Айтуынша, келетін адам сол орталық арқылы, орталықтың сайты арқылы келетін жеріне қатысты барлық ақпаратты біліп, зерттеп келеді.

«Келген адам өз малының бес ай қорада тұратынына ­дайын болып келу керек. Жайылмайтын малдың шөп-жемі сайланып тұру керек. Жұрт мұны біле бермейді. Міне осындай ақпараттың бәрі ақпараттық сайтта, орталықта тұрса деймін. Дәл қазіргі уақытта маған күніне 15 шақты адам хабарласады. Біреу жәй білгісі, біреу шынымен көшкісі, біреу тек мал өсіргісі келеді. Бірақ уәде етілген көмекті ала алмай жатқанын айтып хабарласады. Мен шынымен жауап беріп үлгермей жатырмын. Сондықтан жоғарыда айтқан ақпараттық сайт керек болып тұр», – дейді Б.Дақанов.

Ол болашақта «Тәуекел» атты ұлттық деңгейдегі тек ішкі көші-қонмен айналысатын қоғамдық қозғалыс құратынын айтты.

«Оған сол қозғалыстың адамдары, еріктілер, көшіп келген, келем деген адамдар тіркелетін болады. Осы үлкен күшті құрап алатын болсақ, мемлекет ұсынған бағдарламаны жүргізуге, нәтижесін арттыруға біз көмектесеміз деп ойлаймын. Бұл ұлы көштің ғасырлық маңызға ие бағыт екені рас. Шынымен халық көшіп келетін болса, қаншама ауыл бос қалудан сақталады», – дейді Бурахан Дақанов.

P.S.

Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың ­2017–2021 жылдарға арналған «Еңбек» бағдарламасының үшінші бағыты осы еңбек ресурстарының ұтқырлығын арттыруды қарастырады. Бағдарламаға қатысушылар жұмыс күші көп облыстардан жұмыс күші тапшы облыстарға ерікті түрде қоныстандырылады. Алматы, Жамбыл, Маңғыстау, Түркістан, Қызылорда облыстары, сондай-ақ Алматы қаласы, Нұр-Сұлтан және Шымкент қалаларынан қоныс аударушылар өтініші қабылданса, Ақмола, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарына жұмыс күші қажет-ақ.

10014 рет

көрсетілді

251

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы