- Мәдениет
- 17 Наурыз, 2022
ЖАҢА ЖЫЛ – БҮГІНГІ КҮН, ЖАЗДЫҢ АЛДЫ
Наурыз мейрамы – ұлттық дәстүрді ұлықтайтын күн. Наурыз мейрамы – түрлі қазақы салт-жоралғылардың жаңғыратын мерекесі. Наурыз мерекесі – жақсы сөз бен ақ тілектің ақтарылар күні. «Жақсы сөз – жарым ырыс» деген сөзді қадір тұтып, ел мен елдің арасын жақсы тілекпен жалғау үшін наурыз мейрамында оқырмандарымыздың Наурыз-тілегін газет бетіне жариялағанды жөн санадық.
Тұрсынхан ШАЛҒЫНБАЕВА, 11 баланың анасы:
Наурыз тәлімі – мейірімнің, көбейіп-көктеудің тәлімі
Мемлекет басшысы Жетісу облысы деп әдемі ат қойып отыр ғой, міне, сол Жетісудың жазиралы Жаркент өңірінде, басына тау жастанып, аяғын Іленің кең шалқар суы шайған Айдарлы деген елді мекенде еңбектеніп күн көріп келеміз. Жасым сексеннен асты. 65 жыл отасқан жарым Мүслім Шалғынбаев екеуміз осы ауылдың еңбегіне жегіліп, бейнеттің зейнетін көріп отырмыз. Отағасы 85 жастан асты. Құдай берген 11 бала, 37 немере, 24 шөбере сүйіп отырмыз. Наурыз тәлімі – мейірімнің, көбейіп-көктеудің тәлімі деп есептеймін. Сол үшін бұл мерекеде бүкіл ауыл жұрты, әулет, отбасымыз болып жақсылықтың, тыныштықтың тілегін айтамыз.
Бала күніміз бен жастық шағымызда еңбектің наны тәтті екенін біліп өстік. Ол уақытта қыстың беті қайта бастағаннан-ақ шешелеріміз соғымның сүрін сайлап, наурыз көженің қамына кірісе бастайтын.
«Көк мол шықсын, ақ мол болсын!» деп емен-жарқын тілегін айта жүріп, мәре-сәре қалпымызда көже істейтін едік. Қазіргідей сыйлықтың түр-түрі жоқ, айна, тарақ, осы күнгінің жастары крем деп жүр ғой, біз бет май дейтінбіз, соны сыйлап, сыйға алып, көңіліміз көтеріліп қалатын. Үлкен қазанға әркім өзінде бар етін, дәнін салып, көже істеп, той жасаған күні болар-болмас күн жауса, «Аспаннан нұр жауды, жерге көк шықты» деп, алты қанат үйдің оң жақ босағасын шөмішпен қағып, үлкендер ырым қылып жататын. «Көкке аяғымыз ілінді» деп ауыл үлкендері шүкірін айтатын. Көктемнің мерекесінде ырым қылып, қаз-қаз тұрған баланың тұсауын кесіп, келін алса, «ендігі жылы ұл тапсын» деп үлкендер батасын беріп жататұғын еді. Қолда бар дәмнен дастарқан жайып, бір кесе болса да наурыз көжені бөліп ішіп, ағайын арасы жақындай түсетін, ауыл халқының бірлігі бекитін. Ер адамдар көкпар тартысып, әйелдер қауымы біріне-бірі қолғабыс етіп, әңгіме-сырын айтысып, кішкентайлардың қызығын бөлісіп, шат-шадыман болатынбыз.
Осы күні заман өзгерді, халықтың пейілі өзгерді деген сөзді аракідік естіп қаламын. Меніңше, пейіл өзгермеуі керек. Құдай пейілімізді өзгертпесін! Халық болып тойлайтын Наурыз мерекесінде ел мен жердің тұтастығы, тыныштығы туралы тілектер көп айтылса деймін. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болып, отбасымыз, мал басымыз аман болсын! Ел еңсесі көтеріңкі заман болсын. Ақ мол болсын, жерде көк көп өнсін! Жер-жаһанның хабарын айтып тұратын үйдегі көк сандықтан соғыста қырылып, таза суы болмай, астығы дұрыс өнбей қалып қойған жұрттардың хабарын естіп, алаңдап қаламыз. Наурыз-тілектің жолы сол – әлемде соғыс болмасын, ешкім аш қалмасын деп көп тілек айту керек деп ойлаймын.
Отағасы екеуміз небір заманды көрдік. Қиындықтың да, қуаныштың да дәмін таттық. Қандай жағдайда да адам көркі – ақ тілек екеніне көз жетті. Біздің болашақ – ұрпағымыз. Сол ұрпақ наурыздан наурызға аман жетсін, дәстүрін, тілін, ділін, елін, жерін өзінен кейінгі буынға бүтін қалпында табыстасын. Үлкендердің наурыздағы тілегі осындай болуы керек-ау деп есептеймін.
Болат ӘБДІЛМАНОВ, актер:
Өкпе-ренішті ұмытатын мейрам
Наурыз мерекесі 1989 жылы тойлана бастады. Сол кезде мен жас актер едім. Тойды өткізуге байқау жариялап, актерлар, актрисалар байқаудан өтіп, Горький атындағы паркте бірінші рет Алматыда Наурыз мерекесі тойланған. Сол ең алғашқы Қазақстанда тойланған наурызда жүргізуші боп өткізгенбіз. Ата-бабаларымыздан келе жатқан ерекше мейірімнің, сұлулықтың, татулықтың, ерекше тазалықтың мейрамы болған Наурызға халықтың сағынышы, ықыласы ерекше еді. Сол кезде саябаққа халық лық толды. Наурыз көжесі пісіп, неше түрлі ұлттық ойындар ойнатылды. Ол кезде еліміз сценарий болсын, басқасы болсын өте жақсы дайындалды. Батыста да бір ай тойланатын жақсы дәстүр қалыптасты. Наурыз қазір Қазақстанға кеңінен таралған. Өкпе-ренішті, өткен-кеткенді ұмытып, жаңаратын мейрам ғой. Күн мен түн теңеліп, жұрттың жүзі бал-бұл жайнайтын, ұлттық құндылықтарымыз ұлықталатын мейрам. Тәуелсіздіктің арқасында осындай бір мейраммен қауышып жатырмыз, мұның өзі – рухани жаңғыру. «Мынау адамзат баласы, сонау ата-бабадан тараған бір-біріне қиянат жасамай, түріне, түсіне, діліне қарамай өз бауырым деп құрметтейтін болса мына жұмыр жердің жұмаққа айналары сөзсіз» дейді Абай атамыз. Бұл мейрам сондай бір ерекше сабырлықтың мейрамы. Отбасына татулық, береке-бірлік, достық осының бәрі біздің адамгершіліктің, адамның көңіл күйінің жадырап, табиғат та қайта бір түлеп, жаңғыратын шағы.
Наурыз мерекесі құтты болсын, жаңа Қазақстанды бірге құрайық, болашақта тәуелсіздігіміз әрқашан тұғырлы болсын, Ұлы дала елі мәңгілік болсын, барлық ұлтқа қазақ елі, қазақ жері пана болсын. Ұлыстың ұлы күні Наурыз құтты болсын!
Сауық ЖАҚАНОВА, ардагер журналист:
Дәстүрдің жаңғырар күні
1991–1992 жылдары Өзбекәлі Жәнібеков «Наурыз тойлайық» деп бастама көтерді. Ол кезде мен радиода істеп жүргенмін. Дүйсенбек Қанатбаев радиода әдеби редакцияда істеді. Ол қазақтың салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы, төрт-түлік малды қалай бағу керек, қалай шақыру керек, халыққа пайдасы қандай деген мәліметтерді жинақтады. Екеуміз редакцияда отырып, сараптап, халықтың үнжариясы арқылы елге тараттық. Мұның өзі табанды еңбекті талап ететін. Кейін араға ұзақ жылдар салып, қазақ Наурызбен қайта қауышты. Тек ұлттық құндылықтарымызды, ұлттық киімімізді наурызда ғана емес, әрдайым киіп жүрсе ғой деймін. Ұлттық киімді сәнге айналдырған жөн. Сонда ғана біз Наурызды шынайы тойлау деңгейіне жетеміз.
Наурызда жақсы тілектер айтылады. Қыдыр ата аңызының өзі өскелең ұрпаққа үлкен өнеге болмақ. Ал келіп жеткен әз-Наурыз құтты болсын! Ақ мол болсын! Наурыз ұрпақтан-ұрпаққа жете берсін!
Айгүл БАЛҒАРАШҚЫЗЫ, мұғалім:
Адал өмір сүрейік!
Наурыз мейрамын алғаш тойлаған сәттердің естелігі ыстық, әрине. Ол кезде Балқаш қаласында тұрып, университетте жұмыс істейтінмін. Бір-екі апта бұрын дайындалып, әр кафедра мерекелік нөмір шығарып, алаңда үлкен той жасайтынбыз. Бәріміз үйдегі бар затты әкеліп, ыдыс, келі, домбыра, құрақ көрпелер, үйдегі ағаштан жасалған ыдыстарды жинап киіз үйде отырып, дастарқан жасап, қой сойып, өзіміз қазақи киімдер киіп барынша жасанамыз. Күні бойы бәріміз көңіл көтеріп, қыз-жігіттер термелерін, әндерін айтып, қызық болатын. Сол кезде бәрі тәуелсіздікті айтатын, «ақ мол болсын!» деген тілектер айтатын. «Ауызбіршілік болсын!» дейтін.
Ал соңғы кездері наурызды дұрыстап тойламайтын сияқты. Киіз үй тігілмеген соң, бәріміз жиналып ет асып, әшекейлемеген соң 22 наурызда айтулы мереке болып жатқаны сезілмейді. Маған ұнайтыны Ақтауда наурызды 14 наурыздан бастап «көрісу күні» деп тойлайды. Сөйтіп, бір айға жалғасады. Алматыда 22 наурыз көбінесе үйде жатып демалатын күн сияқты болып көрінеді. Бірақ сонда да соңғы жылдары көршілеріміз дастарқан жаятын болды. Бір-бірімізге барып наурыз көже ішеміз. Наурыз көже әлі бар. Наурыз көженің пісіру жолдарын біліп алдық. Ал соңғы жылдары тілектерді айтатын болсақ, бәрі бейбітшілік болсын дейтін болды. Бірнеше жылдар бұрын ақ мол болсын, несібеміз көп болсын, мемлекетіміз күшейе, гүлдене берсін деп айтатын еді. Қазір өміріміз адал, балаларымызға жұмыс табылсын, әркім өз нанын жеп, адал өмір сүрейік деген тілектер айтылады. Бұл да бір бүгінгі қоғамның қажеттілігінен туған тілектер шығар.
2925 рет
көрсетілді0
пікір