• Мәдениет
  • 17 Наурыз, 2022

ҰСТАЗДАР МҰҚАҒАЛИ ЖЫРЫН ЖАТҚА АЙТТЫ

Алматы қаласы Әуезов ауданындағы №104 мек­тепте мұғалімдер арасында Мұқағали Мақа­таевтың туған күніне орай Білім беру бөлімінің әдіскері ­Гүлзира Бейсенғалиқызы Бай­ше­мированың басшылығымен  үлкен іс-шара өтті.

«Жырлайды  жүрек» атты сайысты өткізу мақсаты – Мұқағали ақынның 15 өлеңін  мәнерлеп жатқа айту, әндерін жанды дауыста нақышына келтіріп орындау, ақынның арнау өлеңін мәнерлеп оқып беру. Сайысқа  шаһардағы аудан мектептерінен әртүрлі жастағы қазақ тілі мен әдебиет пәнінен басқа, өзін-өзі тану,  дене шынықтыру, бастауыш сыныптың  мұғалімдері қатысты.

Он сегіз үміткердің сайысқа үлкен ізденіспен келгенін байқадық. Жұртшылықтың махаббатына бөленген ақиық ақынның  күйзелістен, қуаныштан, сағыныштан туған  жырларымен келушілер  терең сусындады. Әрине, ақынның адамның ой-санасын сәулелендіріп, жан ­сарайын жаңғыртатын мол мұрасын бір күнде оқып шығу мүмкін емес. Сондықтан мұндай жарыстар мұғалімдер арасында жиі өтетін болады. Айта кетсек, сайыстың ұстаздарға да, қарапайым халық пен оқушыларға да берері мол.

Қатысушылар келер жылы да мұндай сайыстың боларына, жалғасарына зор  сеніммен тарқасты. Өйткені Мұқағали секілді ақын жырлары қашанда өміршең. Ендеше, жас ұрпақ үшін Мұқағали өлеңдері рухани мұра болып, өмір сүре  береді.

Сонымен, ұстаздар сайысында бас жүлдені кім алды? Әділқазылар алқасы үш кезеңнен тұратын сайыстың шешімін шығарды.  Әуезов ауданындағы №123 мектептің мұғалімі Мадина Хұсайынова мен №130 мектептің ұстазы  Нұрболат Аян  бас жүлдеге лайық  деп танылып,  қалалық байқау кезеңіне өтті. Ал басқа жүлдегерлер бірінші, екінші, үшінші дәрежелі дипломмен марапатталды.

Әрине, ақынның жүрек түбінен қайнап шыққан асыл мұра – біз үшін үлкен қазына. Сондықтан шәкірттерге білім беріп қана қоймай, тілге, өнерге құрмет көрсету – ұстаздық  парызымыз деп білеміз.

М.КАМЗИНА

 

2237 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы