• Мәдениет
  • 17 Наурыз, 2022

«ӨТКЕЛ» КӨРМЕСІ ӨТТІ

Әбілхан Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейінде ­Алмас Нұрғожаевтың «Өткел» атты ­сурет көрмесі өтіп жатыр. ­Экспозицияда мазмұны жағынан мағыналас жаңа жеті триптих бар. Көрме Игілік Құлбаевты еске алуға арналған. Аталмыш көрме бір айға созылады деп жоспарланған. Көрме жетекшісі – ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, өнертану кандидаты Екатерина ­Резникова.

Алмас Нұрғожаев жеке көрмесін «Өткел» деп атауды жөн санаған. Алғашқы қадамы 2019 жылы өткен ­«Дебютпен» басталып еді. «Дебют» көрмесі суретшінің дарыны мен табандылығын, өзіндік ерекше қолтаңбасын көрсетті. Алмас Нұрғожаев қазақстандық талантты суретші, педагог Жұмақын Қайрамбаевтан дәріс алған. Шәкіртінің бойына сенім мен күш ұялатқан ұстазының көп жылдық еңбегі ақталды, Алмас өзіне ғана тән стиль қалыптастырды. Бүгінгі күні Алмастың шығармашылық болмысынан үлкен картиналардың монументалды үлгісі, еркін суреткерліктің толғанысы, әдейі деформацияланған масштабтары бар фигуралардың күтпеген динамикалық бұрыштары, үнем, түстердің қайталанбас бояуын көруге болады. Осы сапаның барлығы оның алғашқы жеке көрмесінде-ақ байқалды. Суретшінің кейінгі екі жылдағы даму қарқыны көрменің мазмұнын-мәнін арттыра түскен. Оның қолтаңбасы белгілі, бірақ осы көрмеде сол қолтаңбаның түрленгенін көреміз. Кескіндемелердің үлкен форматы композицияны дамытып, күрделендіруге, ойдың қозғалысын көрсетуге мүмкіндік беретін триптихтермен алмасқан.

Экспозиция сюжеттері абстракция пен бейненің шегінде тұрған жеті көлемді триптихтен құралған. Олардың бесеуінде түпсана ойынына ұқсайтын сұйық және өткір формалар комбинациясы, әсіресе қорқынышты түстер мен қиялды еске түсіретін тұрақсыз бейнелер басым. Адамның бейнесі бұл жерде тек көрінер-көрінбес бейнеленген. Ілгектері бар саусақтар және қозғалатын тізе-шынтағы бар антропоморф көріністер, сұр-сары түсті пішінді мазасыз құбыжық бейнелері мен пішіндері үрей туғызады. Суреттер өткір, сергек әрі мәнерлі болып көрінеді. Көрмеге бірыңғай көркемсурет жобасы ретінде қарайтын болсақ, барлық жұмыстың байланысы мен мазмұны үйлесім тапқанын көреміз. Қиял әлеміне енетін бес триптихтің қос қапталында ерекше туындылар орналасқан. Іші бос текше тәрізді лабиринттер панелді тұрғын үйлерді немесе Малевичтің қиялдарын еске түсіреді. Сол жақтағы бірінші триптих – бұл бір күннің аяқталып, қара-ақ-сұр түсті бұлыңғыр басқа әлемге енуді көрсетеді. Одан кейін екі жыл бойы пандемия жағдайында өмір сүрген автордың өзінің және ортасының басынан кешкен үрей мен драмаға толы сезімдері күшейіп, кейде әлсірегені бейнеленген. Ал оң жақтағы триптихтерде әлем қайтадан өз қалпына келіп, «ғажайып әрі қаһарлы әлем» қызыл-сары-ақ түске енеді.

Суретші қиындыққа қарамастан, түпсанадағы көріністерді бейнелеу, «қас-қағым сәттерді тоқтату» сияқты шеберлікті өзіне міндет етіп қойған сияқты. Ол метафизикалық және философиялық проблемаларға мән берген. Бұл жерде болып жатқан оқиғадан гөрі адамның қайғысы, өмірдің жұмбағы, айналадағы құбыластардың беймәлім болуы туралы рухани мәнге ие мазмұн байқалады. Адамның ішкі күйінің тұрақсыздығы мен құбылмалылығы туындының «Өткел» деген атауға сұранып тұрғанын көрсетеді. Бұл – кеңістіктегі топографиялық қозғалыс қана емес, сонымен қатар үміттенуге құқық беретін белгісіздік шекарасы. Суретші шеберлігіндегі алып-ұшқан құштарлыққа, сезімнің күшіне, бейнелеу қарқынына, еркіндікке қарап, өз ісіне берілген мұндай мықты тұлға біздің өнер кеңістігінде көптен бері болмаған десек, артық емес.

Н.ЖАҚЫПҚЫЗЫ

2372 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы