• Тіл
  • 17 Наурыз, 2022

ҚАЗАҚ ТІЛІ МЕН МӘДЕНИЕТІНІҢ БІРІНШІ ФОРУМЫ

Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының астаналық филиалы ұйымдастыруымен Қазақ тілі мен мәдениеті I Форумы өтті.  Форумда мемлекеттік тілдің халықаралық қатынас саласындағы орны мен рөлі, тіл мәдениетінің қалыптасуы, қазақ тілінің ғылым тілі ретінде дамуы, мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуге қатысты өзге де ұсыныс-пікір айтылды. Іс-шара Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің, «Алтын қыран» компаниялар тобының, ҚР Президентінің халықаралық «Болашақ» стипендиясы стипендиаттары қауымдастығының қолдауымен өтті. Жиынға ҚР Парламенті депутаттары, мемлекет және қоғам қайраткерлері, ғалымдар, тіл жанашырлары қатысты. 

Форумда сөз алған халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Берік Әбдіғалиұлы халықаралық қатынастағы қазақ тілінің өрісін кеңейту мәселесін айрықша көтерді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «дипломаттарымыз шет тілдерін ғана емес, алдымен мемлекеттік тілді білуі керек» деген сөзін алға тартқан қоғам басшысы мемлекетік тілдің қолданысы бойынша енгізілген өзгерістерге тоқталды.

Жиында «Қазақ тілі» қоғамының 5 жобасы таныстырылды. Республикада қазақ тілін үйренушілерге арналған «Sözwar» сөйлесу клубы» жобасы туралы қоғамның вице-президенті Максим ­Рожин әңгімеледі. Астаналық филиалдың «Körneki» жобасы еліміздегі көрнекі жазулардың мемлекеттік тілде қатесіз жазылуына бағытталып отыр. «QAZAQ GRAMMAR» қазақ мектебі жобасы туралы техникалық ғылымдар магистрі, «Болашақ» бағдарламасының түлегі, Оңтүстік Калифорния Университеті (АҚШ) түлегі Айгүл Сағымбай айтып берді. Жобаның ерекшелігі – мектеп қызметінен түскен табыс мемлекеттік тілді дамыту жобаларына жұмсалатын болады. «QAZAQ GRAMMAR» мектебі орта білім беру жүйесіндегі бірегей жоба болмақ,  – дейді жобаны таныстырған Айгүл Сағымбай. – «Сөйле, тілім!» жобасы еліміздің өзге ұлтты азаматтарының мемлекеттік тілді меңгеруіне көмектеседі». «Алтын ұрпақ/Golden Generation» қазақ және ағылшын тіліндегі  халықаралық топтық кіріктірілген пән олимпиадасы жобасы туралы астаналық гимназиясы директор орынбасары Ажар Қабденқызы айтып берді. Басқосуда сонымен қатар, «Салауатты ұрпақ» мектепке дейінгі тәрбие мен білім беруге арналған дамытушы ойындар жобасы да егжей-тегжейлі таныстырылды. 

Қоғам мүшелері форумда сондай-ақ, қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейтуді сөз етті. Мәселен, «Болашақ» бағдарламасының түлегі, М.Нәрікбаев атындағы заң Академиясы басқарма төрағасының орынбасары Айнұр Бағдатқызы онлайн кітап саудасында қазақ тіліндегі кітаптардың аздығы мәселесін көтерді.  Білім беру саласының маманы Аятжан Ахметжан орта білім саласындағы қазақ тілін оқыту түйткілдері туралы сөз қозғады. Ақш-тағы Солтүстік Юта университетінің магистранты Назира ­Байырбек шет мемлекетте қазақ тілі курстарын ұйымдастыру төңірегінде ой қозғады. Қоғам беслендісі, кәсіпкер Мақсұтбек Айтмағамбет қазақ тілінің халықаралық аренадағы мәртебесі жайында айтты. Белгілі психолог Лимана Қойшиева тіл мәдениетінің ұрпақ тәрбиесіндегі алатын орны туралы әңгімеледі.   

 Іс-шарада халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Берік Әбдіғалиұлы астаналық филиалдың жуырда сайланған жаңа төрағасын таныстырды. Қоғамның елордадағы филиалын бұдан былай қоғам белсендісі, журналист-педагог Қанат Әуесбай басқарады.

Н.БЕЙСЕМБАЕВА

1472 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы