• Әдебиет
  • 17 Наурыз, 2022

«ТІРІ СӨЗДІК»

Жалпы аударма саласына жегілген жандар жақсы біледі, Шерхан Мұртаза ағамыздың «арқалағаны алтын, жегені жантақ» деген қанатты сөзі журналистерге арналғанымен, аудармашының да көрген күні осы. Қазір, бәлкім, жағдай бұрынғыдай емес, түзелген болар. Ал өткен ғасырдың 90-шы жылдарының аяғы мен 2000 жылдардың басында уақыт талабына сәйкес әр мекемеде кемі бір-екі, әйтпесе үлкен мекеме болса, үш-төрт «терминатор» аудармашылар болушы еді. Оларды тапсырманың түсуіне орай күндіз өз алдына, тіптен түн ішінде машина жібертіп алдыртып, шұғыл аударма жасату әдетке айналған. Мекеменің барлық шығыс құжаты солардың қолынан, тек солардың сүзгісінен өткеннен кейін ғана жіберілетін. Ал алда-жалда әріп қатесі не одан сорақысы – мағыналық қате кете қалса, орындаушы емес, ең алдымен «біліксіздік» көрсеткен аудармашы жауап берер еді. 

Сол «миллениум» деп улап-шулаған өлара кезеңде Индустрия және сауда министрлігінде аударма бөлімінде жұмыс істедім. Бұл өзі терминдер әлі бір ізге түсе қоймаған әрі-сәрі кез-тұғын. Мекемеміз астананың Жеңіс даңғылындағы «Доллар үй» атанып кеткен ҚР туы түрінде салынған Қаржы министрлігінің ғимаратында. Бұл үйде бізбен бірге Бюджеттік жоспарлау министрлігі (БЖМ), Мемлекеттік кіріс министрлігі және т.б. алпауыт мекемелер болды. Осы БЖМ-де аударма бөлімінің бастығы лауазымы көптен бері бос еді, сол орынға жасамыс­тау бір кісі келіпті деп естідік. Бұл бөлім бізден жоғарыда еді, жүгіре көтеріліп, таныспаққа ұмтылдық. Бұрыннан араласып у-шу болып жүретін қыз-жігіттер ауыз­дарына су құйғандай үнсіз. Төрде түр-әлпеті сұстылау көрінген, бойшаң, қара торы, палуан денелі кісі мығым отыр. «Ассалаумағалейкум» дедік, «Әликссаллам, аты-жөнім Бағлан Сабаз» деді.

Байқаймыз, сөздері мірдің оғындай, әңгімесін суреттеп, синонимдермен нақтылап өрбітеді екен. Сөздерін астарлы әзілдермен тұздықтап, баурап алған кезде бастапқы көрген сұстылықтың жұрнағы да қалған жоқ. Жас жағынан бізден бір мүшелдей үлкен болғанымен, құрдастар сияқты қалжыңымыз жарасып, етене араласып кеттік. Сұраса келе өмірбаянынан біраз хабардар болдық. Сөйтсек, жүре бара аудармашы болған біз сияқты емес, көзін тырнап ашқаннан осы іспен етене араласқан кәнігі аудармашы екен.

Бұл туралы өзі былай дер еді:

«Алтыншы кластан бастап «Қазақстан пионері» және аудандық «Ертіс оттары» газеттеріне мақалалар жазып тұрдым. Әлі есімде, мектеп бітіретін жылы наурызда жұмысшы-село тілшілерінің аудандық конференциясына қатысқан делегаттардың ең жасы мен болдым. Үзіліс кезінде қасыма ірі денелі, аққұбаша, селдір шашты, қолына таяқ ұстаған егде жастағы бір адам келіп, жөн сұрасты. Ол біздің аудандық «Огни Прииртышья» – «Ертіс оттары» газетін басқаратын Алексей Васильевич Панюков деген кісі екен. Кейін білдім, Ертіс өңірінің атақты қарт журналисі ол соғыс жылдары Семей облыстық «Иртыш» газетінің редакторы болған. А.В.Панюков менімен жақынырақ танысып, мектеп бітірген соң қандай оқуға баратынымды сұрады. Мен журналист болғым келетінін айттым. Ол маған қолдау білдіріп, Алматыға аттанарда өзіне міндетті түрде соға кетуін өтінді. «Райкомнан оқуға жолдама алып берем» деді.

Мектепті үздік бітірген, жұмысшы-село тілшілерінің аудандық конференциясына, облыстық съезіне делегат болған әрі райкомнан жолдама алған менің оқуға журфакқа түсіп кетуім әбден мүмкін еді. Бірақ әкемнің талабынан аса алмай, сол жылы Семей пединститутының қазақ тілі және әдебиеті факультетіне алдыңғылардың бірі болып оқуға түстім.Студенттік жылдары мақалаларым, өлеңдерім, шымшыма шумақтарым аудандық «Ертіс оттары», облыстық «Семей таңы» газеттерінде, «Лениншіл жас» газеті мен «Ара» журналында басылды. Институтты бітірген 1973 жылы август айында жоғарыда айтылған өмірлік ұстазым деп айтуға лайық А.В.Панюковтың шақыруымен аудандық газетке аудармашы болып қызметке алындым».

1978 жылғы қыркүйекте Бәкең Қазақ КСР Министрлер Советі жанындағы Қазақ Телеграф Агенттігінің (ҚазТАГ) Одақтық және шетелдік ақпарат бас редакциясының аудармашысы болып қызметке қабылданады. ҚазТАГ-тың адуынды аудармашыларының жұмысынан азды-көпті хабардармыз. Мәселен, оларға ақпарат СОКП Орталық Комитетінен түседі екен. Тікелей Мәскеуден келетін материалдарды, партия басшыларының сөйлеген сөздерін, Орталық Комитеттің қаулы-қарарларын ҚазТАГ аудармашылары мәтінге қарап отырып бірден «диктовкамен» тәржімалайтын. Партия съездері, пленумдары кезінде жұмыстың көптігінен үйлеріне таң ата келіп, ертеңінде сағат тоғыздан қалмай жұмыс орнынан табылу олар үшін әдетке айналған.

Бәкеңнің сол жылдардан есінде қалған бір естелігі 1982 жылы қараша айында бас хатшы Л.И.Брежневтің қайтыс болуына байланысты келген бір ресми хабарға байланысты. Осы қаралы оқиғаға қатысты Үкімет комиссиясының медициналық қорытындысы Мәскеуден тым кеш келіп түседі. Бекеңнің жұмыс бөлмесіне кезекші редактор марқұм жазушы Жақсылық Түменбай аптыға кіріп, қолына тілдей қағазды ұстатып: «Бағлан, жылдамдат! Сонсоң қарап шығып, Жұмекеңе (ҚазТАГ ­директоры Жұмағали Ысмағұлов) көрсетіп алуым керек!», – дейді. Қорытындыда марқұмның асқазанына жара бітіп, ол жазылмай, қотырланып, семіп қалғаны жайын­да бір сөйлем болады. Бәкең ондағы «қотырланып, семіп қалған» деген сөздердің қазақша басқа бір дәл баламасы бар екенін білгенімен, ­ойына түсіре алмайды. Оның үстіне басшылар «бол-болдың» астына алып асықтыруда. Аударманы тапсырып тұрып, әлгі күдігін жасырмай айтады.

«Таңертең жұмысқа келгенде сол хабар басылған парақты тауып алып қарасам, әлгі сөздерді қара ­сиялы қаламымен сызып тастап, оларды «беріштеніп» деп түзеткен Жұмекеңнің қолтаңбасын көргенімде, арқамнан бір ауыр жүк түскендей болды. Міне, сөзді орынды қолдана білу, шеберлік деген осы болса керек», – дейді Бекең.

Сонда ол өзін жұмысқа аларда ҚазТАГ-тың сол кездегі директоры Кәкімжан Қазыбаевтың: «Бағлан, ең бастысы – аударманы нан табудың көзі емес, өнер деп біл! Соның жолына түсіп, ізден, әріптес ағаларыңнан үйренуден жалықпа» деп айтқан ағалық ақылының айнымас ақиқат екеніне тағы да көз жеткізгендей болады.

Сөйтіп, біздің Бәкең ҚазТАГ-та 13 жылға жуық аударманың қара қазанында қайнап, жемісті еңбек етті. 1985 жылы Қазақстан Журналистер одағына қабылданды. Осында ТАСС-тың Құрмет грамотасымен, Қазақстан Журналистер одағының Құрмет грамотасымен марапатталып, тіптен кезектен тыс жеңіл автокөлік («Жигули») сатып алу құрметіне де бөленген екен.

ҚазТАГ-тан алған тәжірибесінің арқасында Бәкең кейіннен Қазақ КСР Мемлекеттік баға комитетінің, Қазақ КСР Прокуратурасының, ҚР Қаржыминінің аудармашысы, Алматы қалалық Тіл басқармасы бастығының орынбасары, ҚР Парламенті Мәжілісі Аппаратының Редакциялау және аудару бөлімінің консультанты, ҚР Бюджеттік жоспарлау министрлігі аударма бөлімінің бастығы, ҚР Ауылшармині Орман және аңшылық шаруашылығы комитетінің мемлекеттік тіл сарапшысы болып қызмет атқарды.

Жалпы Бәкең туралы әріптестері арасында жылы лебізді пікірлер аз емес. Осыған орай 2005 жылы «Атамұра» баспасынан жарық көрген «Аудармашыға көмек» кітабынан ол туралы мына бір естелікті келтіре кетуді жөн көрдік.

«...Жұмысты қаршадай кезінен ҚазТАГ-та бас­тап, әбден ұшталған Бекең кез келген терминнің қазақшасын сұрай қалсаң «сарт» еткізетін көрінеді.

Қазақстан Республикасы Парла­ментінің Мәжілісінде бірге істейтін жігіттер «Мына бір терминді қалай алуға болады» деп жөн сұрай қалса, Бағлан бәлсінбейді, «Оны мынадай қолданыста – былай, анадай қолданыста – солай аласыз» деп, демде сарт-сарт еткізеді ғой.

Ізінше және бірі келіп, тағы «жөн сұрайды». Осындайда жігіттердің бірі Бағлан туралы:

«Бағлан – тірі словарь,

Білмесіңді сұрап ал...» деп өлең­дете жөнелген екен, арғы жағын Бағланның өзі:

«Сұрап ал да, сөйлемді,

Жұп-жұмыр ғып құрап ал!» деп жалғастырып жіберіпті...».

Бәкеңнің «Тірі словарь» екеніне талай куә болдық. Ілгеріде аудармашының көлденең табысы жиі болып тұратын. Олар аяқ астынан сырттан келе қалатын аудармалар. Күрделігіне қарай ақысы да әрқилы болушы еді. Көркем аударма, әлбетте, қымбаттау, ресми іс қағаздар, қаулы-қарар арзандау, тарих, археология, биология сияқты сала бойынша аудармалар күрделілігіне қарай келісімді баға бойынша.

Бірде маған ауыл шаруашылығы саласы бойынша аударма келе қалғаны. Бір қарағанда, жеңіл-желпі мәтін сияқты көрінген, бағасы қымбат емес, сенбі-жексенбіде қағып тастаймын ғой әдеттегідей, деп ойлағам. Бастап кеп жіберсем, небір шөп-шалаңның атаулары, жан-жануар дейсіз бе, терминдерден көз сүрінеді. Бүткіл ғаламторды шарлап, баламаларын тапсамшы. Есіме түсті, Бәкең «Орман шаруашылығы сөздігін» шығарып еді ғой, дереу телефон шалдым. «Осылай да осылай, беріңізші сол сөздіктің біреуін» деймін. Өкінішке қарай, салалық мекемелерге таратылып кеткен екен. Ендеше, мынадай шөптің атауы қандай, – деймін аптығып, ол ойланбас­тан «сарт» еткізеді, ал мынау ше, ол пәленше деген шөп қой, қазақтар бұрыннан солай атаған, кейін оны біреу дұрыс аудармай кітаптарда түгенше деп бұрыс күйінде аталып кетіпті. Оған амалсыз 5-6 рет қоңырау шалуға тура келді. Ақыр соңында: «Бәке, мына салалық аударма менің қолым емес екен, ақысы арзандау демесеңіз, осыны жасап беріңізші, әйтпесе заказчик алдында ұятқа қалатын түрім бар» деп Бәкеңе өтініш айтқаным бар.

Сонымен, мемлекеттік қызметтегі әріптестері үшін «Біздің Бәкең» атанған, сақа аудармашы Бағлан Сабаз жақында 70 жасқа толайын деп отыр. Оның аудармашылық қызметі өз алдына, бүгінгі күнге дейін автор, аудармашы, редактор ретінде оннан астам кітаптың жарық көруіне атсалысты. Әсіресе 2011 жылы еліміз тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай астанадағы «Фолиант» бас­пасынан үш тілде шығып, Бәкең қазақшалаған «Қазақстан» фото-альбомының шоқтығы биік.

Бәкеңнің қамқорлығымен аударма өнерінің қыр-сырына қаныға түсіп, оның қолынан түлеп ұшқан, қазір ҚР Парламенті Мәжілісінің аппаратында ойдағыдай қызмет атқарып жүрген Салтанат Станбаева мен Қарлыға Жұматаеваның оны кәсіби ұстазымыз, ақылшы ағамыз деп құрмет тұтатынын ол өзінің адал еңбегі үшін алған марапаттарының бәрінен жоғары қояды.

Бүгінде зайыбы Рым Халелқызымен ұлдарын ұяға, қызын қияға қондырған ардақты әке, бақытты ата Бәкеңнің немерелерінің алды мемлекеттік қызметте, студент. Әріптес ағамызды мүшелтойымен құттықтап, оған ұзақ ғұмыр, шалқар шабыт тілейміз!

Жәнібек ЖҰМБЕРГЕНТЕГІ,

ҚР Сыртқы істер министрлігі

 Мемлекеттік тіл саясаты

басқармасының басшысы

1672 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы