• Тіл
  • 17 Наурыз, 2022

БІР ТІЛДЕ СӨЙЛЕГЕН ХАЛЫҚТЫҢ СЫРТҚЫ ҚАТЕРГЕ ҚАРСЫ ИММУНИТЕТІ МЫҚТЫ БОЛАДЫ

Жолдауда мемлекет сөзі – 67, заң – 44, халық – 43, сайлау – 40, Президент – 19, ұлттық – 19, билік – 19, Конституция – 18, қаңтар – 18, сенім – 15, Парламент  – 15, Жаңа Қазақстан – 14, жауапкершілік – 9, мүдде – 8, әділ – 7, болашақ сөзі 6 рет қолданылған. Бұлар жиілігі жоғары толық мағыналы сөздер. Әдетте мұндай сөздер бүкіл мәтіннің, мәтін иесі ойының базалық концептілері – өзегі болып табылады. Осы қатарда халық сөзінің жиілігі жоғары болуы мені ерекше қуантты.

 

Сарапшылар қазір Қазақстанның жазба коммуникация кеңістігі әсіресе аса маңызды экономика секторында алуантүрлілікке шалдыққаны туралы дабыл қағып отыр. Қазақ тіліндегі бір ғана сөз не мәтін кирилл – «қонақүй», ресми бектіліген акутты латын – «qonaqúı», апострофты латын – «qonaqu'ı», ағылшын тіліне қазақ мәтінін транслитерациялайтын латын – «khonakhui», умлаутты (түрікшеге жақын) латын – «qonaqüy», ғалымдар ұсынып, 2021 жылдың қаңтарында Үкіметте мақұлданғанған жетілдірілген латын бойынша – «qonaqüi», яғни алуан түрлі нұсқада жазылып, көзшалымдық қабылдауды бағдарсыздандырып жатыр. Мамандар мұндай жағдай өте қауіпті екенін ескертеді: мемлекеттік тілдегі жазба коммуникация қоғамның барлық саласында тек бір ғана әліпби негізінде жүзеге аспаса, ұлттық-мемлекеттік бірегейлікке нұқсан келеді.

 

Анар ФАЗЫЛЖАН,

Ахмет Байтұрсынұлы атындағы

Тіл білімі институтының директоры

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жолдауын күттік. Жолдау жұрттың көкейіндегі көп мәселенің шешу жолдарын айқын көрсетті.

Азаматтық көзқарас. Жолдаудың мазмұны туралы саясаттанушы сарапшылардан артық айта алмаймыз. Дегенмен саяси реформалар туралы жаңалықтардан өз деңгейімізде түсінгеніміз, қолдайтынымыз мыналар:

Суперпрезиденттік басқару формасынан қазіргі кезде қалыптасқан Президенттің шексіз өкілеттігін шектейтін «Мықты Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» үштігі негізінде Парламенті күшті Президенттік республикаға өту. Ол үшін бүгінгі күнге дейін заңды болған Президенттің біраз өкілдіктеріне шектеу жасалмақ. Атап айтқанда, Президенттің жақын туыстарының саяси мемлекеттік қызмет пен квазимемлекеттік сектор басшысы болуына тыйым салынбақ; саяси партияға мүшелігі тоқтатылмақ, облыс, республикалық маңызы бар қала және астана әкімдері актілерінің күшін жою немесе тоқтату жөніндегі құзыреті алынып тасталмақ; аудан, қала, ауылдық округ әкімдерін қызметінен алу құқы жойылмақ; Президенттің Сенаттағы квотасы 15-тен 10-ға қысқармақ; Конституциялық сот пен Жоғарғы сот кеңесі төрағасын тағайындауы үшін Сенаттың келісімі міндеттелмек;  облыс, республикалық маңызы бар қала әкімдерін тағайындауға мәслихаттардың келісімін алуы үшін баламалы негізде кемінде екі үміткер ұсынылатын болмақ;

Парламентті күшейту. Қазақстан халқы Ассамблеясының квотасы Мәжілістен Сенатқа берілмек; Сенат Мәжіліс қабылдаған заң жобаларымен тек келісетін-келіспейтінін көрсетпек;  Конституциялық сот төрағасын, Жоғарғы сот кеңесі төрағасын тағайындау үшін Сенаттың келісімін алу енгізілмек; Мәжіліс 70% партиялық тізім, ал 30% бір мандатты округтер бойынша аралас жүйемен қалыптастырылмақ; Мәжілістегі Қазақстан халқы ассамблеясының квотасы жойылып, ол Сенатқа екі есе аз санмен өтпек; Есеп комитеті Жоғары аудиторлық палата болып өзгеріп, Палата төрағасы жылына екі рет Мәжілісте есеп беруі міндеттелмек.

Сонымен бірге саяси партияларды тіркеуді жеңілдету, сайлау үдерісін жетілдіру, Маслихаттардың рөлін күшейту, сот  және құқық қорғау жүйесін реформалау, азаматтық қоғам институттары мен БАҚ рөлін күшейтудің де нақты шаралары қолға алынады.

Осы  реформаларды жүзеге асыру үшін Конституцияның 30-дан астам бабына, 7 Конститутциялық заңға, 15-тен астам заңға өзгеріс енгізілетін болады. Қуантарлық жағдай. Осы тұста тіл туралы заңнамалық базаға да, қазіргі тілдік жағдаяттағы орасан өзгерістерді және латынграфикалы ұлттық әліпбиге көшу арқылы жүзеге асатын болашақ тілдік реформаны ескере отырып, сын көзбен қарауды, сарапшылық талдаулар жасауды, соның негізінде, өзгеріс енгізуді ұсынамыз. Осыған байланысты қазақтілді графикалық кеңістікте қалыптасып жатқан қауіпті жағдайды ескертуді маман ретіндегі парызымыз санаймыз. Сарапшылар қазір Қазақстанның жазба коммуникация кеңістігі әсіресе аса маңызды экономика секторында алуантүрлілікке шалдыққаны туралы дабыл қағып отыр. Қазақ тіліндегі бір ғана сөз не мәтін кирилл – «қонақүй», ресми бектіліген акутты латын – «qonaqúı», апострофты латын – «qonaqu'ı», ағылшын тіліне қазақ мәтінін транслитерациялайтын латын – «khonakhui», умлаутты (түрікшеге жақын) латын – «qonaqüy», ғалымдар ұсынып, 2021 жылдың қаңтарында Үкіметте мақұлданғанған жетілдірілген латын бойынша – «qonaqüi», яғни алуан түрлі нұсқада жазылып, көзшалымдық қабылдауды бағдарсыздандырып жатыр. Мамандар мұндай жағдай өте қауіпті екенін ескертеді: мемлекеттік тілдегі жазба коммуникация қоғамның барлық саласында тек бір ғана әліпби негізінде жүзеге аспаса, ұлттық-мемлекеттік бірегейлікке нұқсан келеді. Латындану бүкіл әлемде жүріп жатыр, ал Қазақстанда ол, бір өкініштісі, стихиялы түрге көшті. Әлемдік тенденция, жаһанданудың ажырамас үдерісі болған соң, оны тоқтату қиынға соғары анық, сондықтан бұл жағдайды реттеудің жолы ретінде мамандар латынграфикалы әліпбиді ресми бекіту қажеттігін алға тартып отыр.

Сонымен бірге Президенттің бюрократиясыздандыру туралы Жарлығы да көптен күткен оң өзгерістерге қол жеткізетініне сенімдіміз. Ғылым саласын ұйымдастырудағы біраз кедергі осы Жарлық негізінде еңсерілері сөзсіз.

Қорыта айтсақ, Жолдауда көрсетілген реформалар қоғамның өз ішінде көптен бері көтеріліп жүрген мәселелерді шешеді. Саяси биліктің түгелдей тек бір адам – ең жоғары лауазым иесінің қолында шоғырлануының салдары қандай ауыр болатынын «Қаңтар қасіреті» күндері терең сезіндік, сондықтан билікті локалды емес, диффузиялық жолмен жүзеге асыратын реформалардың пайдасы мол болатынына күмән жоқ.

Тілтанушылық көзқарас. Жолдаудың негізгі риторикасы, әрине, атынан-ақ түсінікті. Дегенмен сол риториканың жанама мағынасы, тіпті кейде астыртын түрдегі негізгі мағынасы, сөйлеушінің ішкі интенциясы (жанайқайы) мәтінді құрайтын сөздердің жиілігінде жасырынып қалады. Осы себепті мына сөздердің жиілігіне назар аудару керек, Жолдауда мемлекет сөзі – 67, заң – 44, халық – 43, сайлау – 40, Президент – 19, ұлттық – 19, билік – 19, Конституция – 18, қаңтар – 18, сенім – 15, Парламент  –- 15, Жаңа Қазақстан – 14, жауапкершілік – 9, мүдде – 8, әділ – 7, болашақ сөзі 6 рет қолданылған. Бұлар жиілігі жоғары толық мағыналы сөздер. Әдетте мұндай сөздер бүкіл мәтіннің, мәтін иесі ойының базалық концептілері – өзегі болып табылады. Осы қатарда халық сөзінің жиілігі жоғары болуы мені ерекше қуантты. Жасыратыны жоқ, соңғы кезге дейінгі саяси элитаның электоратына арнаған мәтіндерінде бұл сөз белсенді қордан салғырт қорға өтіп кеткенін байқап, мұның астарында билік пен халық арасындағы байланыстың әлсіреуі жатқаны айтылып жүр еді. Ал бұл жолғы оның жиілігінің жоғары көрсеткіші Президенттің көкейінде халық тұрғанын, оның билік өкілі ретінде өз электоратымен коммуникациясын жақсартуды көздейтінін анық көрсетіп тұр. Осы сөздердің жілігіне қарап, «заңға басымдық беретін, «Қасіретті қаңтардан» сабақ алған, ұлттық мүддеге берік, халқына құлақ асатын мемлекетшіл билігі бар, сайлауы әділ өтетін, Президентінің жауапкершілігі жоғары, Парламенті күшті, Конституциясы мығым, болашағы зор Жаңа Қазақстан» туралы ой бүкіл Жолдаудың өзегі деп қорытуға болады.

Ұлттық бірегейлік туралы. Маман ретінде елең еткізген Жолдаудағы сөздің бірі «ұлттық бірегейлік» <лат. identikus>. Бұл ұғым гуманитарлық ғылымның өте маңызды категориясының атауы. О баста психологияда анықталып, жеке тұлғаның қандай да бір әлеуеметтік, мәдени, гендерлік, т.б. топқа өзін телу үдерісімен байланысты қаралды. Лингвистикада ұлттық бірегейлік тілдік бірегейлік аспектісінде кеңінен зерттеліп келеді. Жалпы, ұлттық бірегейлікті құрайтын гендерлік, мәдени және тілдік фактордың соңғысы олардың ішіндегі ең мықтысы әрі әмбебабы екенін гуманитарлық саладағы зерттеулер дәлелдеп отыр. Отандық саясаттанушы ғалым, профессор Рүстем Қадыржановтың ұлттық-мемлекеттік бірегейліктің негізінде қазақтың ұлттық этносимволизмі жатқаны туралы зерттеуінде мемлекеттік тілдің ұлтты бірегейлендіруші фактор ретіндегі рөліне ерекше мән беріледі. Ұлттық бірегейлігі мықты ел ғана өміршең болатыны айтылады. Ол үшін мемлекеттегі барлық азаматтардың санасында бірдей бірегейлендірушілер, яғни ортақ түсініктер, аялық білім, концептілер болуы керек. Ал ортақ бірегейлендірушілерді қалыптастырудың мықты құралы – тіл, сол себепті де әлемдік тәжірибеде мемлекеттіліктің нышаны – мемлекеттік тіл. Қанша тіл білсе де, мемлекеттік коммуникациялар алаңында бір тілде сөйлеген халық санасында сол тіл арқылы ортақ дүниеліктер қалыптасады, ондай қоғамда қарым-қатынас тез әрі сәтті жүзеге асады, ондай қоғам игі іске тез бірігеді, рухани саламаттылығы, сыртқы қатерге қарсы тұру иммунитеті жоғары болады. Мәселен, бүгінгі күні сондай бірегейлендірушілердің қатарына «Шаңырақ», «Атамекен», «Аманат», «Отан», «Қазақ», «Астана», «Дастархан», «Дала», «Береке», «Дәулет» концептілерін (танымның ең кіші бірлігі) жатқызуға болады, бұлар қазақ сөздері арқылы тілде көрініс тауып тұрғанымен, бұл сөздер білдіретін құндылықтар мен түсініктер жүйесі, ұлтына қарамастан, барша қазақстандық үшін ортақ және мағынасы айқын, әрі барша қазақстандық санасында отаны  - Қазақстанмен ассоциацияланады. Демек осындай бірегейлендірушілер саны көп болған сайын ел іргесі нығайып, ел берекесі арта бермек, олай болса, мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту мен сапасын жақсарту қазақ ұлтының ғана емес, барша Қазақстан азаматтарының болашағы үшін маңызды стратегиялық шара болып табылады.

Ономастикалық саясат – мемлекеттің тіл саясатының аса маңызды бөлігі. Жолдауда оның ұлттық бағдарын айқындайтын шешімдер айтылды: ол – Абай, Ұлытау, Жетісу облыстарының құрылуы, Дінмұхамет Қонаев атауының Қапшағай қаласына берілуі. Мұның маңызы өте зор. Атына қарап ел танылады, ономастикалық бірліктердің ұлттық сипаты елдігіміздің, территориялық тұтастығымыздың кепілі және де ұлттық сананың, жоғарыда айтып кеткен ұлттық бірегейліктің беріктігінің көрінісі. Олай болса, осы бағыттағы үдерістерді тоқтатпаудың қажеттігін ғылыми негіздеген профессор Қыздархан апай Рысберген бастаған отандық ономаст ғалымдарымыздың талай жылдан бергі зерттеулерінің нәтижелері көрсеткендей, ономастикалық кеңістігімізді космополиттік үрдістен ұлттық үрдіске қарай түбегейлі реформалау аса қажет. Қазақстанның кез келген елді мекені мен нысанының атауынан «қай елдікі, қай ұлттікі, кімге тиесілі» екені туралы ақпарат «аңқып» тұруы керек, себебі мемлекет территориясы тек шегарамен емес, осындай елді мекен атауларының ұлттық сипатымен де шегенделеді. Сол себепті жұртшылықтың Петропавл және Павлодар сияқты атауларды өзгерту қажеттігі туралы ұсынысы да ескерілуі керек деп ойлаймыз.

Дала демократиясы туралы. Жолдау мәтінінде қолданылып, санамыздағы ұлттық танымға қатысты білімдерді тітіркендірген, сол арқылы тілтанушылық қызығушылығымызды тудырған тағы бір ұғым «дала демократиясы» болды. «Дала демократиясы» - суперконцепт: макроконцептілерден (өрісі тар, әдетте тілдегі бір сөз білдіретін ұғыммен шектелген танымның ең кіші бірлігі) тұратын бірнеше субконцептіден құралған көпқырлы да күрделі өрісі кең менталды категория. Оның микроконцептілері көп, біз солардың ішінде «тағанақ», «тұрымтай» мен «сұрқылтай» туралы айтуды қажет санадық. Себебі осы концептілердің мазмұны Президент Жолдауындағы Ұлттық құрылтайдың тарихи негізі болады деп санаймыз. Бұл концептілердің ғылыми мазмұны тарихи зерттеулерде кеңінен ашылып келеді, біз үшін этнографиялық зерттеудегі энциклопедиялық мағынасы құнды, сондықтан профессор Нұрсан ағай Әлімбайдың жетекшілігімен жарық көрген «Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атауларының дәстүрлі жүйесі» еңбегіне жүгіндік. Мұнда тағанақ ханның үлкен кеңесінің атауы деп көрсетілген: “Тағанақ кеңесінің құрамы үш жүздің қазақы ортада игі жақсылар деп атанған сұлтандарынан, әйгілі билерінен, рубасыларынан, даңқты батырларынан, ақылгөй ақсақалдарынан тұрды. Жылына бір, елдегі саяси ахуалға байланысты кейде екі-үш рет шақырылып тұрған мұндай кеңесте, «Көшпенділер» атты тарихи трилогияның авторы Ілияс Есенберлиннің айтуынша, «хан сайлау, соғыс ашу» тәрізді күрделі істер ғана қарастырылды. ....Сонымен бірге тағанақ кеңесте ел-жұрттың тұтастығына үлкен қауіп туғызған әбден кәдік ушыққан руаралық шиеленістерді реттеуге бағытталған ұжымдық шараларды белгілеу және жүзеге асырудың келелі мәселелері де талқыға түскен сыңайлы. Осындай құрылымдық және функционалдық ауқымдылығына байланысты оны құрылтай немесе құрылтай кеңес деп те атай берген». Сонымен, тағанақ ханның үлкен кеңесі болса, кіші кеңесі тұрымтай деп аталған. Тұрымтай «елдегі кезек күттірмейтін өзекті мәселелердің оңтайлы шешімін жедел шығару мақсатында айына төрт рет, тіпті саяси ахуалдың күрделілігіне байланысты бұдан да жиірек шақырылып отырылды». Ал сұрқылтай деп әр хан маңында жүретін кеңесшіні атаған. Профессор Нұргелді ағай Уәли сұрқылтайды «хан, сұлтандардың жанындағы қарадан шыққан қарашысы (кеңесшісі, ақылшысы), халықтың сөзін ханға, ханның сөзін қараға өлең-жырмен жеткізуші ордадағы жырау, ақын, беделді тұлғалардың бірі» деп анықтайды. Тілімізде «әр ханның тұсында бір сұрқылтай» деген көнеден келе жатқан сөз орамы бар.  Академик Рабиға апай Сыздық мұндағы сұрқылтай сөзінің этимологиясын былай анықтаған: «Бұл сөздің түбірі моңғолдың 1) «оқыту», 2) «бір нәрсеге үйрету», 3) «тәрбиелеу» мағыналарындағы сурга (х) сөзі болуы керек. Сургаал сөзі «ілім» мағынасын, сургууль сөзі. 1) «мектеп, училище», 2) «оқу, үйрету, оқыту» дегенді білдіреді, ал – тай моңғол тілінде сын есім тудыратын жұрнақ. Сонда сургаалтай (сургултай) қазақша сұрқылтай «үйретуші (ақыл-кеңес беруші)» деген сөз болып шығады».

Шыңғысханнан келе жатқан дала демократиясы бойынша әр ханның сұрқылтайы болған. Профессор Нұргелді Уәли «Алтын Орда ханы Тоқтамыс сұмаяқ Сыпыра жырауды өз жанында ұстаған. Бұл дәстүр Қазақ хандығында да жалғасқан. Әз Жәнібектің тұсында Асан қайғы, Жиренше шешен ханның ақылшысы, сәуегей сұрқылтайы болса, Абылай ханның ордасында Бұқарекең (Бұқар жырау, 1693-1787), Орынбай ақын, хан Кененің жанында Нысанбай жырау болған. ...Ханға ұнар-ұнамасына қарамай, ел мүддесі үшін әлеуметшіл сұрқылтай-жырау әділ сөйлеп, турасын айтқан» деп көрсетеді.

Міне, «дала демократиясы» деген Жолдаудағы бір сөз ұлттың тарихи санасындағы жоғарыда айтылған үшеуінен басқа да хан мен қараның арасын байланыстыратын, хан мен қараны табыстыратын көптеген құнды ұғымдармен ассоциацияланады. Бұлардың реалийлері тарих қойнуына кеткенімен, құндылығы ұлт санасынан өшкен емес, себебі оларды сақтап тұрған тілдік бірліктер – сөздер, сөз орамдары, мақал-мәтел, нақыл сөздер аңыз-әпсаналарда, фольклорлық, авторлық туындыларда, жазба ескерткіштер мен қазіргі мәтіндерде кездесіп, бірі белсенді, енді бірі салғырт болса да тілдік айналымда жүр. Сондықтан ұлттың саяси мәдениеті мен санасының тірек ұғымдары ретінде сақталатыны анық.

Президент ұсынған Ұлттық құрылтайдың принциптері осы іспетті тірек ұғымдарды, ұлттық прецеденттерді жаңғырту, соларды заманға лайық модернизациялау арқылы айқындалса, өміршең болмақ дегіміз келеді.

2721 рет

көрсетілді

8

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы