• Мәдениет
  • 31 Наурыз, 2022

«ЖЕТІМ» САХНАҒА ЖОЛ ТАРТТЫ

Жетім бала әкесін сүйе алмады,
Жесір әйел әлдене қиялдады...
Е.Кеңесбекұлы

Жуырда Семейдегі «Дариға-ай» жастар театры сахнасында Мұхтар Әуезовтің «Жетім» әңгімесі желісі негізінде жасалған қойылымның премьерасы өтті. Шығарманың сахналық нұсқасын жасап, қойылымға режиссерлік еткен Жұлдызбек Жұманбай. Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 2022 жыл «Балалар жылы»  деп жариялауына байланысты және биыл кемеңгер жазушы Мұхтар Омарханұлы Әуезовтің туғанына 125 жыл толуына орай сахналанған бұл туынды жүрегі бар көрерменді селт еткізбей қоймады. Сахнадағы көрініспен бірге өмір кешіп, сол шығарманың бір бөлшегі іспетті алапат күй кешірген туындыны Мұхтар Әуезов сонау 1925 жылы жазған еді.

Әлқисса, шығарма жайлы біраз ой толғайық. Автор әңгімеге ерекше стиль таңдап, дәл бүгінгі сәт пен өткенге лирикалық шегініс жасауды шебер пайдалана отырып бір баланың, бір отбасының, бір ұлттың тағдырын жеткізеді. Әңгімеде картина көп. Сол сөзбен сомдалған суретті тірілткен режиссер автор өмірге әкелген кейіпкердің аузына салып берген саналы сөздерін сахнада ұтымды пайдалана біліп, ұтқыр іс-қимылға көшірген. Қараңғы түнде жападан-жалғыз тау ішін кезіп келе жатқан баланың қорқынышы, оның тағдырға налып, жетімдіктің қасіретіне қарық болған өмірін жазушы қалай әсерлі жазса, режиссер мен актерлар соны көрерменге сезіндіріп, сендіре алды. Қатал Қадиша мен Исаның опасыз кейпіне сенген көрермен актер Ербұлан Қалым мен актриса Назира Аптееваға қойылым біткеннен кейін де жеккөрінішпен қарағандай... Бұл әсте  шеберлік пен еңбектің көрінісі.

Басты кейіпкер Қасымның рөлін сомдаған бозбаланы (­Заң­ғар Қайыржан) жұрт расында жетімдік пен қасірет шеккен панасыз бишарадай көріп жылылық сыйлауға асық болғандай еді.

Немересінің тілеуін тілеп, сол үшін Алладан өзіне өмір тілеген әженің кәрі жүрегінің қарс айырылардай күй кешкенін актриса, ұстаз Мейрамгүл Алепарова да жетер жеріне жеткізе сомдады. Біреудің тағдырын ойыншық көріп, тілін безеп, өсек айтқыш безбүйрек әйелдер, сынап мінегіш еркектердің қасиетсіз қылықтары да нанымды шықты. М.Әуезовтің әңгімесінің ішінде бәріміздің де бар екеніміз, біріміз жетім, біріміз жесір, біріміз дәрменсіз, біріміздің қайырымсыз екеніміз айдан анық. Саналы ғұмырын жазумен өткізген қазақтың біртуар әрі бірегей жазушысы Мұхтар Омарханұлының кез келген шығармасы жүгі ауыр, сөзі өткір, мәні терең. Автордың шығармасын таңдау үшін, оны тірілтіп сахналау үшін де жылы жүрек пен нұрлы ақыл да керек-ақ.

Театр адам өмірінің көрінісі. Өмірдің өзі театр. Ал адам кейіпкер болып күн кешеді. Жетімнің тағдырын ешкім тілеп алмайды. Тағдыр өзі басқа салады. Адамдар қолынан келсе барлығы бақытты болуға асық. Ешқашан қайғырмаса, жамандық көрмесе деп арман етеді. Сірә жазушының өзі әлемде жетімдер болмасын, балалар жыламасын деген ниетпен дәл осы шығарманы өмірге әкелген болар.

Біздің дәл осы күнгі өмірімізде жетімдер өте көп. Жетім бала, жетім шал, жетім кемпір, жетім тағдыр... Мейірім артта қалып, мейірімсіздік алға шықты. Қоғамдағы жайбарақат ғұмыр кешкен, немқұрайлы тірлік жалғаған жандарды оятатын, ойлантатын «Жетім» драмасының жай-жапсары осы.

Айгерім ҚИЫҚБАЙ,

жазушы

2573 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы