• Cұхбаттар
  • 31 Наурыз, 2022

Мақсұт ОРДАБАЕВ, инженер-электрик: ОРГАНИКАЛЫҚ ШИКIЗАТТАР ШЕКСIЗ ЕМЕС

Жыл басында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атом электр станциясының құрылысына қатысты өз ойын айтып, энергетикалық қауіпсіздік мәселелерін шұғыл шешу керегін ескерткені белгілі. Оның айтуынша, атом энергиясы болмаса, біз инвестицияларды былай қойғанда бүкіл экономикамызды жоғалтуымыз мүмкін. «Энергия болмаса, Қазақстан аймақтық көшбасшылықтан да айырылады» деген Президент  «Бізге электр энергиясы, соның ішінде таза атом энергиясы ауадай қажет. Экономикалық мәселелерді білмейтін популистердің жетегінде кетпеу керек. Кәсіби тұрғыда атом энергетикасының пайдасын түсіндірген жөн» деген болатын. Біз осы орайда инженер-электрик, ТМД мен ҚР еңбек сіңірген энергетигі Мақсұт Ордабаевқа бірнеше сауал қойдық.

– Еліміздің экономикасы мен даму қарқыны қай деңгейде?Шикізатқа бай елдің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы дәл бүгінгідей болуға лайық па, әңгімемізді осы тұрғыдан бастасақ?

 – Ең алдымен, атом стансасы салынатынын халық референдум арқылы қолдауы тиіс. Әр елдің экономикасының дамуы және келешегі оның энергетикалық жағдайы мен табиғи байлығының мүмкіндігіне ­байланысты. Оның ішінде мұнай, газ, уран т.б. Шикізаттардың көлемі жеткілікті болса, ол ел басқаларға қарағанда ұтымды жағдайда болады. Сол мүмкіндікті тиімді пайдаланса, халықтың әлеуметтік-тұрмыстық деңгейіне әсер етері сөзсіз. Еліміз Кеңес Одағы кезінде алпауыт империяның шикізат берешегі болғанын жақсы білеміз, өкінішке қарай, сол келешексіз және құрдымға әкелетін бағыттан әлі күнге дейін арыла алмай келеміз. Біз органикалық шикізаттың бүгін болмаса ертең таусылатынын естен шығармауымыз керек.

Әзірге еліміз экономикасы даму үстіндегі,  бағдары белгіленген, өзін-өзі қамтамасыз ете алатын, табиғи шикізаттар жағынан бай елдің бірі десек қателеспейміз. Біз жердің асты-үстіндегі барлық шикізатты өндіруді үйрендік. Сол өнімнің негізгі көлемі экспортқа шығарылады және ең төменгі бағамен. Ал шикізаттың бәрінен дайын өнім шықса бағасы жоғары болады. Өкінішке қарай, тәуелсіздік алғалы экономиканың  бір-екі бағытында болмаса, біз ауыз толтырып айтатын үлкен өндірісті  іске қоса алмадық. Жақсы мазмұнды стратегиялық, қысқа мерзімді, ұзақ мерзімді үкіметтің бағдарламалары, өкінішке қарай, өз деңгейінде толық орындалмады. Оған біраз қаржы да кетті. Дегенмен уақыты келген кезде тиісті экономиканың дамуы­на жауапты кісілер жаңа технологияның келмегеніне, ин­новацияның дамымағанына жауап беруі тиіс.

– Ал енді ары қарай не істеуіміз керек? Әлем елдерінің экономикасына жету үшін АЭС салу міндетті ме?

– Мен ерекше атап көрсететін сала – электроэнергетика. Ол жалпы энер­гетиканың негізгі тармағы, оны  дамыту іс-шаралары, ертеңгі экономиканың драйвері, әртараптандырудың жаңа технологиялық дамудың баламасыз бағыты дер едім. Қазақстанның үдемелі  дамуына, оның технологиялық әртараптандыруына күрделі және маңызды негізгі бірінші қадам – атом энергетикасының дамуы. Өйткені  өзімізде уран барын, оның қоры бойынша әлемде 2-орында екенімізді, өндіруден әлемде ешкімді алға жібермей келе жатқанымызды, экономикамыздың деңгейін жаңа инновациялық тиімді пайдалы жолға қоямыз деген мақсатты ескерсек, бұл бағытта  ең маңыздысы  атом станциясын салу болады. Атом өнеркәсібінің дамуымен медицина саласында ғылыми-зерттеу, ауыл шаруашылығы, экономиканың барлық бағыттарында мүмкіндіктердің зор екенін көрсетіп,  еліміздің  дамуына айтарлықтай үлес қосады. Қазіргі заманауи технологиялардың деңгейі атом станциясын салуға, оның тиісті барлық халықаралық талаптарға сай қауіпсіздік ережелерін сақтап, керекті міндеттелген стандарттарын қолданып, істен шыққан қалытқыларды залалсыздандырып, тиісті шараларын орындап отырса, ешқандай одан қорқыныш болмауы керек. Ол бізге үлкен мүмкіндіктер  береді.

– Жалпы АЭС салуда қай елдің, қандай тәжірибесіне сүйенгеніміз абзал? Еліміздегі «жасыл энергетиканың» жай-жапсары қандай?

– Көршілес Өзбекстан бұл мәселеде бізден алға шығып, жобалау жұмысын ­бастап кетті. Сондай-ақ Белоруссия Островец атом станцияларының бірінші блогын іске қосып қойды. Бүгінгі күні Алматы облысының Балқаш ауданында Үлкен аулында таңдалған жер дайын. Екінші талаптарға сай келетін жер Шығыс Қазақстандағы Курчатов қаласының маңы. Келешекте  Атом өнеркәсібі министрлігін құруды қолға алу керек.  АЭС-ты  қай елдің (Америка, Жапония, Франция,  Ресей, Корея, Канада, Қытай) технологиясымен салуды ашық баламалы бәсекенің арқасында шешуге болады. Бізде «жасыл экономиканың» концепциясы қабылданды, нақтылап айтқанда ол «жасыл энергетика». Оның ішіндегі алғашқы екінші қадам – үлкен қарқынмен жүргізетін баламалы энергетиканың дамуы. Бүгінгі күні бірнеше жобалар Түркістан, Алматы, Жамбыл, Шығыс Қазақстан облыстарында іске асырылды. Атап айтқанда, Түркістан облысы Қазығұрт ауданында Өгем өзенінің орта ағымында су электростанция каскадының (бірнеше) алдын ала жобалау (ТЭО) жұмыстары бас­талды. Алты ГЭС-тен 150 Мвт электр қуаты өндіріліп, өңірдегі 5 ауданға ауыз су мәселесі шешіледі. Сол сияқты, осы облыста Ақсу, Арыс, Сайрамсу, Қаскасу өзендердің бойында бірнеше жобалар, Отырарда қуаты 50 Мвт  КЭС (күн электр станция) салынып жатыр. Ал 2019 жылдың тамыз айында Сайрамсу өзенінің жағасында ШГЭС «Кенес-1» 2,5 Мвт (жобасы 3,75) іске қосылды, қасында ШГЭС «Кенес-2» жобалау жұмыстары бас­талды. Бүгiнде баламалы энергетикаға байланысты барлық заң, заңнамалық актілер бар. Аталған бағдарламалар қысқа, орта, ұзақ мерзімге жасалған. Қазақстан бойынша осы бағытта жасайтын мүмкiндіктер жеткiлiктi  екенi белгiлi. Атап кетсек, бiздiң елде электр қуатының 70%-ы көмiр пайдаланатын станция­ларда өндiрiледi, ал бұл жағдай экологияға қалай әсер ететiнiн бәріміз жақсы бiлемiз. Қазақстанда  жоба бойынша 23000 Мвт астам электр қуатының 17000 Мвт тұтынылады. Әрине, әзірге жеткiлiктi. Егер ертеңiмiздi  ойлайтын  болсақ, мiндеттi түрде органикалық шикiзаттардың шексiз емес екенiн түсiнуiмiз керек.

– Сол үшін қазіргі энергетикалық жүйені баламалы қуат өндіруге бет бұрғанымыз абзал дейсіз ғой?

– Әрине, дәл солай. Мысалы, желмен өндiретiн қуаттың Қазақстан  бойынша   әлеуеті 92 млрд.квтс/ж., ал өзендерден өндiретiн электр куатының әлеуеті 62 млрд.квтс/ж., сондай-ақ  күн сәулесiмен өндiрiлетiн  қуаттың көлемi де сол шамада. Әсiресе оңтүстiк өңiрде, ал жел қуаты батыс-солтүстiк аймақтарда жеткiлiктi. 2009 жылы «Жаңартылатын энергия көздерiн пайдалану туралы»  Қазақстан Республикасының Заңы жарық көрдi, кейiн заңды iске асыруға байланысты бiрнеше заңнамалык актiлер қабылданды. Атап айтқанда Қазақстанның «жасыл энергетикаға» көшуі нақты индикаторлармен  белгiленiп, 2030 жылға – 10%, ал 2050 жылға жалпы электр өнiмiнiн  50%  ЖЭК (жаңартылған энергия көздерi) жеткізуіміз  керек. Қазіргі уақытта ЖЭК көлемi жалпы өндiрiлетiн электр қуатынын 3,6% құрайды. Осы орайда, Энергетика министрлiгi заңға байланысты бiрқатар шараларды icке асырып жатқанын атап өткен жөн. Атап айтқанда, өндірілген электр қуатын белгіленген тарифпен және аукционнан сатып алу, ҚЕАО (қаржы есеп айрысу орталығы) арқылы электр өнімін тарату жүйесі, инвестициялық жеңілдіктер, қосымша жинақ қорын құру, қаржылай міндеттемелерді қамтамасыз ету үшін ЖЭО құрылымдарын орналастыру жөніндегі жоспар, инвестициялық шығындардың кепілдігін аукциондық тәсілменен азайту т.б. Негізі сараптама бойын­ша оңтүстік ­облыстарда біраз жобалар іске асырылып жатқанын атап айту керек. Ал басқа өңірлерде қарқын баяу екенін байқаймыз.

– Ал энергия үнемдеу мен оның тиімділігін арттыру ең күрделі мәселелердің бірі ғой. Бұл жағдайда нендей жайттарды ескеруіміз керек?

– Бүгінде Қазақстан ЖІӨ-нің энергия сыйымдылығының көрсеткіші орташа әлемдік көрсеткіштермен салыстырғанда 2 есеге, ЭЫДҰ елдерімен салыстырғанда 4 есе жоғары, ал ТМД елдері арасында 5 орында келеміз. Бұл мәселенің маңыздылығын, экономиканың негізгі көрсеткіштерінің бірі екенін мойындай отырып келешекте дамыған әлем деңгейіндегі  елдердің қатарына қосыламыз десек, шұғыл әрекетке кірісуіміз қажет. Бүгінде «Энергияны үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру туралы» түбегейлі жаңа Заң қабылданған, оны іске асыру үшін қажетті нормативтік-құқықтық актілер бекітілді. Мемлекеттік энергетикалық тізілім құрылды, электр энергетикасы және энергия үнемдеуді дамыту институты құрылды. Энергия тиімділгінің картасы түзіліп, энергетикалық аудит, энергия сервистік шарттар жүйесі еңгізілді.  Жоғарыда атап өткен бағыттар біздің экономика­мыз­дың барлық салаларын қамтиды.Бюджеттік мекемелер, тұрғын-үй коммуналдық шаруа­шылығы, ауылшаруашылығы, өнеркәсіп өндірістері, құрылыс, транспорттың барлық түрлерінде тиісті шикізатпен өнімді тиімді пайдалануды көздейді. Ол – нарықтың заңы. Әрине, мемлекет деңгейіндегі эконо­миканы әртараптандыру, осы бағыттағы  технологиялық, инновациялық үдемелі қадамдардың керегі, өңірлік саясат жүргізу, кадр дайындау шаралары бүгінгі күні кезек күттірмейтін күрделі мәселелер. Ал жалпы энергетика саласы келешекте Қазақстан экономикасы, заманауи  жоғарғы технологиялық әлем алпауыттарымен терезесі тең  болуы  үшін, өте маңызды шешуші орын алады. Ол мақсатқа жету үшін біз еліміздің барлық өңірінде жаңартылатын энергия көздерін көбейту, атом энергетикасының дамуын, сол бағытта  атом станциясын салу, энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру шараларын қамтамасыз етуіміз қажет деп санаймын.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан

Ақбота МҰСАБЕКҚЫЗЫ

4277 рет

көрсетілді

250

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы