• Әдебиет
  • 31 Наурыз, 2022

Көші-қондағы оқиға (әңгіме)

Нағашыбек ҚАПАЛБЕКҰЛЫ

Таң алакеуімде әкем:
– Балам, енді Қарабастауға дейін суат жоқ. Қойларға сондағы құдықтан су ішкізейік. Әйтпесе ыстықта мына төлдерді қырып алармыз. Жылдамырақ айдайық салқында. 
Айнала түгел жусанды дала. Қойлар да тыңайып қалыпты, тұяқтарынан шаң бұрқырап тыпыңдап жүріп берді. 
Күн шақырайып атты. Алдымыздан бүкіл шығыс жақ қып-қызыл боп тұрды да, күн сол қызыл атластың астынан атып шықты. Шекені шағып, омыртқамның ішіндегі ­майын да ерітіп жіберердей лапылдаған аптабын үсті-үстіне үрлеп, бүкіл кеңістікті күйдіріп, жандырып әкетті. 
Пыр-пырлай ұшып жүрген бірлі-жарым торғайлардың да үні өшіп, шоқ-шоқ жусанның түбіне барып тығылады. 
– Қап, әттеген-ай! Әй, әй, қап! Қап! – деп әкем алақтады. 
– Көке, не болды? – деп шошып кеттім. 
– Ойбай-ау, Матросқа су бермеппіз ғой, әбден қаталады ғой. Обал-ай, обал!
Матрос – бұл үлкендігі танадай алабай итіміз. Салақұлаш тілі салақтап кетіпті, анда-мұнда бізге қарап қояды. Қызыл өгіздің көлең­кесіне тығылып, мұңайған көзбен: «Ау, адамзат пенделері мені шөлдетіп, су бермегендерің не?» дейтіндей. Керемет аяп кеттім. 
– Көже берсем қайтеді?
– Жоқ, оны ішпейді. Қап! Қап! 
Әкем қызыл өгізден түсіп итін арқанмен байлап алды. 
– Қап-ай, обал болды ғой, әбден шөлдеді-ау, байғұс. Су іздеп қаңғып кетеді ғой байлап алмасақ. 
Матрос болмаған соң, қойлар тіпті жүрмей әлекке салды. Әкем консервінің қаңылтырын сымтемірге өткізіп, қаңғырлақ жасап алған, соны даңғыр-даңғыр еткізіп қоймайды. 
– Айт, шу қаш-ай, ой! – деп айқайлап жүріп, даусым қарлығып, қырылдап қалдым. 

Қызыл өгіздің үстіндегі әкем қолындағысын қаңғыр-күңгір еткізіп, қой соңында, ілбіген қалпы. Тек Матростың қызыл тілі ұзарып кеткендей, кейде тілінің ұшынан күміс тамшылар тамып-тамып кетеді.

Қара жолдың екі беті қарыстай көтеріліп қалған көкпеңбек егін.

– Балам, байқа, қой егінге түсіп кетпесін, – деп қояды әкем. Жол тар, қой-қозысымен мыңға жететін отар толқыған толқындай кейде оңға, кейде солға толқып ауып кетеді.

«Сұркөжек» атымды қамшылап, аласұра ұмтыламын. Борша-­борша тер үсті-басымды көзімді көміп, аштырмайды-ау.

Ыстық табаға салғандай жаным қуырдақ болып шыжғырылғандай. Мына қайнаған ыстықтан қашып тығыларға жер таба алмай қиналған қалың қойдың жүрісі де мандымайды. Бүйірлері салпылдаған саулықтар маңырамайды да. Бүкіл даланың үні өшкен, өкпесі тарылған, аузы қаң­сы­ған, аспан айналып жерге түскен өлі шақ.

Қырқа-қырқалардан ұлтарақтай жер қалдырмай тұп-тұтас егін айдап тастаған екен. Мынандай қақырығы жерге түспей буға айналып күйіп кетер жерде егіннің қалай шыққанына таңым бар.

Қақ шекеге келіп тірелген күн ары-бері аумай, есті алды. Кілең бір бүкіс белдер, арналары тыртық-тыртық айдау. Кезінде мұнда жусан бүр жарып, көкорай болып тұрыпты, кейін колхоз тың жерді көтереміз деп асты-үстіне түсіріп, қопарып тастаған.

Мұнда мына егін анау айдаһардай от-жалыннан қалай аман қалар?

Өкпем өшіп, тынысым тарылып, тілім аузыма сыймай бара жатқан шақта Қарабастауға да жеттік-ау. Қырқадан сәл ассақ, сай табанында үш-төрт үй көрінеді, анау дүкен, қызыл жалау ілініп тұрғаны – кеңсе.

Құдық басында төрт-бес ірі қара, екі қара есек ұйығып тұр. Кенет арс етіп Матрос жұлқына тартынып қалып еді, әкем қолына ұстаған жібінен айырылып қалды.

– Матрос қашып кетті! Матрос! Матрос!..

Арыстандай көк төбет құлашы ­жазыла көсіліп, ұшып барады. Соңында ирелеңдеген арқаны оны қуып бара жатқан әбжыландай мың аунап иіріліп, шиырланады.

Матросты көріп құдық ­басында маужырап тұрған сиырлар тапырақтап қаша жөнелді, есектер салдыр-гүлдір етіп үйлер жаққа тайқыды. Екі-үш қара ала, сары ала иттер атып шығып шәуілдей ­бастап еді, жел жыққандай Матростың тұлғасын көріп, айбынынан ығып, кері шегіне шабаланды.

Әкем қызыл өгізді тебініп, үзеңгіге екі аяғын шірене түрегеліп кетіпті.

– Шөлдеді ғой. Матрос шөлдеген ғой әбден! Қайтсін енді?

Матрос сол аққан жұлдыздай барып құдықтағы шүмектей тамшылаған суға барып бір-ақ тоқтады.

Тоқтағанымен жан-жағына барлай бір қарап алды да әлгі шүмектеп аққан суға басын салды. Иттер шәуілдеп жақындай алмай дөңайбат көрсетеді.

Осы кезде дүкен есігі шалқасынан ашылды да, кеудесінен жоғары жағы жалаңаш үлкен қара дамбалы тізеден түскен дүкенші шығып, талтайып тұрды да әлденені безеп, көздеп тарс еткізді.

Матрос ышқына көкке секірді, арсылдай әлгіге қарай тұра жүгіріп еді, анау екі аттап, үйіне зып кіріп есікті жаба қойды. Иттер құйрықтарын бұттарына тыға безіп ала жөнелді.

Матрос қыңсылай, арсылдай мойнында ұзын қара арқан шұбатыла қайта бұрылғанда тағы да мылтықтың тарс еткені естілді.

– Иттің ғана баласы! – Әкем дірілдеп, қалшылдап кетті. – Түс аттан! Матросты атып жатыр!

Екі көзіне қып-қызыл қан толып кетіпті. Кезерген ерні шүршиіп, шаң қапқан түрі әлемтапырақ. Қызыл өгізден қашан түскені белгісіз, мені ат үстінен жұлып түсірді де, секіріп мінді. Атқа бозбаладай бір-ақ секіргеніне қарап таңғалдым.

Сұркөжекті борбайлап сабап, далақтай шауып барады.

Матрос көкке тағы да тік шапшыды да жерден адам бойындай көтеріліп, арсылдағанда жаным түршікті. Екі-үш аттап барып, домалап түсті де, тұра бере тағы омақасты. Қыңсылай ұмтылып артқы екі аяғын көтере алмай жербауырлап ары-бері аунады-ай! Кенет өршелене арсылдай бөксесі қара жерде салбыраған күйі жер сызып алдыңғы екі аяғымен бізге қарай ұмтылды. Далақтап шауып келе жатқан әкеме жете бере сай-сүйегімді сырқырата ұлыды ма, уілдеді ме, әйтеуір ышқынған, қоштасқан қиналысы ма, жылағандай жан дауысы шығып, сылқ ете түсті.

Көкем аттан секіріп түсіп, итті өбектеп құшақтай алды.

– Азғын, фашист! – деп дүкен жаққа жаяу шойнаңдай жүгірді. Сонда ғана байқадым әкемнің қолында келтек қосауыз мылтық.

Суды көріп, қой-қозылар маңы­рай жүгірісті. Жақындай бере, мылтығын безеп әкем тарс еткізіп атып салып еді, дүкеннің терезесінің әйнегі саңғыр-сұңғыр ете түсті.

– Әй, фашист! Жігіт болсаң бері шық! Мына басымды тігемін саған.

Екінші рет мылтық атылды, дүкен­нің екінші терезесі үңірейіп қалды. Көк түтін бұрқырап барып айықты. Зәрдей ащы дәрі иісі мұрынды жарады.

Ар жақтан дүкенші де тарс еткізді. Әкем бүкшеңдеп барып құ­дықтың аузын жапқан бетонға барып қалқаланып, мылтығын қайта оқтап жатыр. Оның мергендігін-ай, дүкеннің төрт терезесін төрт оқпен күлпаршасын шығарды.

Мен қыр басында сілейіп қатып қалыппын.

– Әй, кәртешті, оқтарды бер! Кәртеш! Оқтарды жеткіз бері!

Әкем қолын бұлғап солай деді де, бері қарай бүкшеңдей жөнелді.

Бүкіл оқтарды салған дорбаны ала жүгірдім.

– Жат, тығыл, балам, қане! Анау жынды атып түсірер! Мен оны Матрос­пен бірге жер қаптырам!

Әкем бауыздалған қойдай қырыл­дап, зәрлі үнмен маған қарай тас-тасты жасырына елпең қағып келеді.

– Көке! Көке! Не болды?

– Әкел бері оқтарды! – деді көзі от шашып,

– Көке, көке, өлтіреді ғой, құримыз ғой.

– Бұл фашистің дәл қазір қанын ішейін. Әкел бері!

Ол құтырған бурадай тыңдар емес.

Дорбаға қарай қолын соза бергенде қашып құстай ұшып барып оқ толы дорбаны құдықтың ішіне тастап кеп жібердім.

Артымнан қырылдай, ырсылдай жеткен әкем мені жұлып ап дөңгелек бетонның артына жасырды.

–Жасық, күшік! Түк қалдырмадың ба? Қап, әттең-ай!.. – қолы дір-дір етіп, бүкіл денесі селкілдеп кетті. Мені бас сап тепкілер, не болмаса мылтықтың дүмімен бір періп ұрып жығар деп ойлағам. Басымнан қалтырап сипады да:

– Бала-шаға, мал-жан, Нағымжан өзіңе аманат, сен берік бол! – деді де қалқадан түрегелді.

– Әй, бері шық бері! Намыссыз жігіт – өлген итпен тең!

Әкем оң қолында оқсыз мылтығы, төсі ашылып кеткен, бас киімі де түсіп қапты, тақырбасы жалаңбас, етігі сықыр-сықыр етіп дүкенге қарай кетіп барады.

– Көке, көкешім, атып өлтіреді ғой!

– Шық бері, шық қане қанішер! Садағаға байладым қалған өмірімді. Қатын болмасаң бері шық!

Әкемнің дауысы да айбарлы, жүрісі де паң, ақсақтығы жоғалып кеткендей. Қолында қосауыз мылтық.

Үш-төрт қадам қалғанда үйдің есігі шалқасынан ашылып, дүкеншінің қызыл бет, семіз келіншегі жүгіріп шықты. Шашы дудырап, жайылып кеткен.

– Аға, ағатай! Ағажан, жалынам, – деп шыңғырып, әкемнің етігін бас сап құшақтай жығылып, өкіре жылады.

Мен де құлындай ұшып кеп әкемнің мылтығына жармастым.

– Көке, көкешім!..

– Аға, ағатай! Ол артқы терезені сындырып, мотоциклімен қашып кетті. Үйде үш балам қалды, жалынам, кеше гөр! Құдай алдында кеше көріңіз! Үш шыбыным қалды үйде, солардың жанын кеше гөр!

Әкем келіншектен жиіркенгендей сілкіп тастап, үйге кіріп бөлмелерді қарап шықты. Арғы беттегі терезе шалқасынан ашық жатыр. Төсектің астында тығылып жатқан жастары қарайлас үш баланы тауып алып:

– Қорықпаңдар, қарақтарым, – деп бастарынан сипап, таңдайларын көтерді де, әлі де бой-бой жылап жүрген қызыл бет, іркілдеген семіз келіншекке:

– Ана ұры күйеуіңе айт! Ажалы менен. Қап! Фашистерді қырған снайпер Егізбаевпен ойнапты, әлі кездесерміз! – деді сұрланып, тістенген күйі.

Төрт терезесінің күлпаршасы шыққан келіншек жалынып жүр:

– Аға, ағатай, кешіре көріңізші, кешіріңізші!..

Әкем қолын бір сілтеді де далаға беттеді.

– Қарағым, ана қолыңдағы мылты­ғыңды тығып қойшы. Ана папаңның мінезі қиын ғой, – деді дүкенші келіншегі маған қарап.

– Тәте, мұның оғы жоқ, оқтың бәрін мен бағана құдыққа тастап жібергем.

– Не дейсің?

– Матросты бекер атты.

– Ол кім тағы?

– Ол адамнан да ақылды итіміз еді!..

 Қой-қозылар топырлап келіп құдықтан сыздықтап бетон науаға ағып жатқан суға бас қойған. Шөлдері басылғандары қарындарын қампайтып арғы сай табанында үйездеуге кіріскен.

Әкем қансырап өлген итінің басында тұр екен, қасына келген мені көріп:

– Күрек алып келші! – деді. Әбден күнге қақталып, қап-қара болып ­кеткен. – Көміп тастайық...

Белдің арғы бетінен шұқылап жүріп бір жерді тапты да, екеуміз жерді қазып, Матросты көмгенше күн де ауды. Әкем ештеңе деп тіс жармады. «Жолбарысты» деген жерге жетісімізбен кеш қараймай-ақ отарды жайылымға жіберді.

Бұл арада қырлар жыртылмаған, жусан мен ебелек сіресіп тұр. Ара-тұра киікоты да ұшырысады. Өзі отын жинап, шай қойды, мосы құрып шөңге қазанға тамақ пісіруге кірісті. Мен қас әбден қарайғанша малды жайып әкелдім.

Қойды иіріп тастап, қыр басында әкелі-балалы екеуіміз шәй ішіп отырмыз. Әкем сиырдың тезегін қалап жағып қойыпты, шөңге шұрқ-шұрқ қайнайды.

Оны керемет аяп отырмын. Өзіне көмекші болып жүрген итін атып өлтіріп, қиналып-ақ қалды-ау, адал көмекшісі еді.

Ол шайды сораптай ішіп, күрсіне береді:

– Бір сасық тер қысып, сыртқа шықпай тұрғаны.

– Көке, Мыңбаевтан бір овчарка күшік алып асыраймын, – дедім әкемнің көңілін ауламақ болып.

– Әй, балам-ай, бұл ит бізге құт болып еді, енді ырысым шайқалмаса десеңші. «Ит – опа, қатын – жапа» деген бұрынғылар. Жеті қазынаның бірі ғой олар. Қайтейін-ай, адам да өліп қалады әуелі. Тек бұл Матрос біздің шаңыраққа келгелі құт-береке кіріп еді.

Өмірі намаз оқымаған, «біс­міллә» айтып көрмеген әкемнің ырымшылдығына қайранмын.

– Көке, жаңағы дүкеншіні шын атып тастағың келді ме?

– Ой, ол тоқты қошқардай болған фашисті бүк түсірейін деп едім! Бірақ ана үш баласы бар, обал болады ғой. Жетімдікті бір кісідей көрдік қой. Ол оңбаған атақты баукеспе ұры екен. Күзде отарымды төмен айдап бара жатқанымда үйіне алдап шақырып, мас қып тастап, дайындап қойған машинасына он жеті қойымды тиеп жіберіпті. Қанқұсып қалдық қой, балам! Зәресін ұшырайын деп едім, әбден қорлығы өткен соң.

Шыж-пыж етіп шоққа қайнаған сорпа төгілді, әкем барып шөңгенің қақпағын көтеріп, сорпасын сапырды.

– Міне, тер енді шығайын деді. Сен де ыстық ішіп ал, құр қара су мен суық көже буыныңа түсіп кетеді, балам!..

Әкем мойнын сүрткіштеп қойып, шоққа қойған қара шәйді ұзақ ішті.

Ақырын барып, әкеме жақындап, басымды тізесіне қойдым. Көке-ау, шоққа неге сонша тесірейесің, неменеге сонша таусыласың. Итім өлді екен деп, бәрін қырып-жойып жібере сақтағаның қалай? Сен ертең сотталып кетсең, біз не боламыз? Маған сенен жақын кім бар бұл әлемде, бұл жарық дүниеде? Қайтып қана оның зіл батпан қайғы ауыртпалығын сергітемін.

– Айналайын, сен аман болшы! Келер жылы мектеп бітіресің, жігіт болдың, – деп әкем менің арқамнан сипады, шаң тұтып темір сымдай тікірейіп, түбіне құм толып кеткен шашымды тарақтады. Қолқа-бауырым елжіреп, көзіме жас толып, жылағым келіп кетті. – Нағымжан, сен жалғызбын деме. Шешең екеуміз енді ұл бала бола ма деп едік, есесіне төрт қарындасың бар. Кейін олар да саған сүйеу болады. Базарбек бауырымның танысы бар екен, сол сені институтқа түсіремін деп уәдесін берді. Сен жалғыз ұлмын деп налыма! Мен де жалғыз едім, жалғыз өсіп едім. Қу жалғыздық қандай ауыр!

Ол үндемей қалды да, кенет еңкейіп кірқожалақ, қотыр-қотыр быт-шыт жарылып кеткен бетімнен сүйіп-сүйіп алды. – Сен жалғыз емессің, сен енді жігіт болдың!

Әкем соғысты бастан-аяқ кешкен, қан көрген. Денесі түгел жарақат, басы түгел шор-шор тыртық, кәнтөжный адам. Қатты ашуланса, қалш-қалш етіп не істеп, не қойғанын білмейді. Кейде талып құлап қалады. Басын ұстап, зар илеп, дөңгелеп аунайды дерсің. Ондайда бір ғана емі – шешем, жасырып тығып қойған бір шөлмек арақты қырлы стаканға құйып береді. Оны тартып алған соң, жіпсіп, ағыл-тегіл терлейді. Содан кейін барып есін жияды.

Мосы астында от әлсіз ғана жанғанымен шоқтары алқызыл қызу, көпке дейін сөнбей, қып-қызыл күйі түрін бермейді. Аспан асты толған жұлдыз пырдай болып жарқырайды, пырылдаған қой еңісте жатыр. Түн жып-жылы. Аңырақай тұстан самал еседі. Жолбарысты деген жонда сол түні әкелі-балалы екеуден екеу отырып тамақ іштік. Көкем менің, жан әкем даусы қарлығыңқырай айтқан әңгімесі әлі күнге дейін санамда сол күйі сақтаулы. Құндақтаулы жан сырын айтты әкем, құнды құпиясын ұлына тұңғыш рет жайып салды.

– Менің әке-шешем бай болып, Сібірге жер аударылды. Қашамын дегенде әкемді күзетшілер атып өлтіріпті. Азан-қазан болып жүргенде ашаршылық келіп, шешем, төрт ­бауырым, екі қарындасым бәрі аштан қырылды. Көшеде қаңғып, қоқыс теріп жүрген мені комсомолдар ұстап алып детдомға тапсырды. Детдомнан кейін Қырғыздағы дұнған колхозына жұмысқа тұрдым. Сол жерде жүргенде әкемнің қарындасы іздеп келіп, тауып алып кетті.

Әпкем Зүбира өжет, айтқанынан қайтпайтын қасқырдай әйел еді. Жасырып намаз оқитын молдашалыс шалы екеуінде бала жоқ болғандықтан мені іздепті. Өздері мына ­Алматыда Диқан көшесінде тұрады. Шайтанбазарға апарып қой сойып, ет сатады. Ауқатты, тіршілігі бар кісі. Жәшік жасайтын зауытқа орналастырды, қалған уақытта әпкем мен жездеме көмектесемін.

Әпкемнің арман-тілегі мені үйлендіру болды. Ақыры өзі құда түсіп жүріп, көрші үйде пәтерде тұратын Шелектің бір қызын алып берді. Кәдімгідей қой сойып, құдаларды шақырды. Келінін өте жақсы көрді, ол да ажарлы, ашық еді. «Алты әйел алсаң да, алғашқысына тартады» демекші, Күлимаш секілді ашық-жарқын келіншегімнің айы-күні жетіп отырғанда, мен әскерге шақырылып, Мәскеуден бір-ақ шықтым. Әпкем сүйінші сұрап хат жазыпты, келіншегің ұл тауыпты, атын – әкем әскерден келсін деп – Әскербай қойыпты. Қалжасына қой сойыпты.

Келіншегімнің хатынан білдім, әпке-жездемді саудагер деп ұстап әкетіпті. Әскербай екеуі ғана еңіреп үйде қала беріпті. Бір жұмадан кейін посылка келді, бір бөтелке талқан, бір бәңкінің ішінде қоспа. Келіншегім салыпты. Дәптердің бір бетіне Әскербайдың бес саусағын батыра салып, астына «Қапаш! Әскербай сені әкем әскерден аман келсін деп сәлем жолдайды» депті. Сол посылка мен хатты алған күні осындай ыстық жаз еді, сол түні соғыс басталды.

Үйге сан мәрте хат жаздым, бір жауап жоқ. Ақыры Жеңіске бір ай қалғанда Польшада бомбаның астында қалып, ес-түссіз жарақаттанып, госпитальда Уфада бір жыл жаттым. Мына бір аяқ тартылып қалды, басым көтертпейді, ішіне қорғасын толтырып қойғандай. Әйтеуір жындыханаға өткізіп жібермегеніне шүкір, басым қалтаңдап, қос балдақпен бір аяқты сүйретіп, Алматыға жеттім. Диқан көшесіндегі үйімізге келсем, оған құл-пұл еткен дұнғандар кіріп алыпты. Көрші-қолаңдардан сұрастырсам – әпкем мен жездем түрмеде дүние салған. Келіншегім баланы көтеріп төркініне кеткен, кейін күйеуге шықса керек. Жас емес пе?!

Ыза боп, қалш-қалш етіп, арақ іштім. Ішкенім құрысын тағы госпитальға түстім. Емделіп, аяқ басуға жарап, ел қатарына қосылдық. Шешеңді жолықтырдым, екі жылдан кейін сен тудың. Сенен кейін төрт қарындасың бар. Құдайға тәубе. Соғыс болмаса сен Әскербайдан кейін дүниеге келуің керек еді. Соғыс қанша сәбиді кеш тудырды, қанша нәресте дүниеге келмей көз жұмды, қаншама боздақ қыршын қиылды.

– Әскербай қазір қайда? – деймін.

– Аға де, Әскербай аға. Сол сенің ағаң... Кім білсін?.. Жер басып жүрген шығар. Еркек тоқты жат жұрттық болмайды деуші еді. Шешесінен естісе бір тауып келер-ау деген үміттемін. Есептеші қане, ол 1941 жылы туды, биыл 1968 жыл, қанша болды. Жиырма жетіде ме, әне зіңгіттей азамат болыпты ғой. Қандай ғана болды екен?! Баяғы Егізбай байдың немересі екені рас болса, бекер жатпас, құрығанда ферма бастығы шығар. Ол сенің бауырың, балам. Шешең естімесін де, білмесін, жүрегі нашар, көтере алмай, бәлеге қалармыз.

Менің жүрегім кеудеме сыймай дүк-дүк соғады-ай келіп. Осыған дейін менің бірге туған ағам барын білмегенмін. Бұған іштей қуансам да, ішімді әйтеуір қызғаныш тырмалайды. Әкем басқа әйел алған, басқа баласы болған. Тіпті ақылға сыймайды, шым-шытырық дүние, астаң-кестең.

Әкем қой күзету үшін оқсыз мылтығын ұстаған қалпы отарды айналып кетті.

Ары-бері дөңбекшіп ұйықтай алсамшы, мына жаңалық менің жан дүниеме кірмейді, сіңбейді. Рас па, өтірік пе? Неге ғана мұны айттың, әке. Мен де енді сені жек көріп кетуім мүмкін ғой. Шешемді кімге айырбастадың! Мені ғана емес, анау тұңғыш ұлыңды да ойлап жүрсің бе? Бір күні жиырма жеті жастағы жігіт келіп, әкемді құшақтап: «Папа, мен сенің Әскербай деген ұлыңмын» деп жатса шешем қайтеді? Мен ше?

Көзім ілініп кеткен екен, түс көрдім. Әскербай келіпті, неге екенін қайдам, үстінде әскери киім, офицер. «Мынау әлгі Нағымбек деген інім бе?», – деп құшақтап жатыр, өзі әкемнен аумайды, иісі де тура көкемдікі, маңдайымнан сүйеді-ай келіп, иіскейді, жылағым келеді, булығып, өксіп жылай алмаймын.

Оянып кетсем әкем келіп мені құшақтап, шашымды иіскеп отыр.

– Айналайын, балам, тұр, тұра ғой. Күн қызбай шойын жолдан өтіп алайық, айдасатын Матрос та жоқ енді!

Түн әлі түндігін ашпаған, қараң­ғылық ұйып тұр.

 

***

Сағымы бүлк-бүлк, кілк-кілк етіп жөңкіліп жататын көкпеңбек белдің үстіне шыға келіп едік, басқа ғажап әлемді көріп, еңсем көтеріліп, сергіп қалдым. Көк белден ары сағым-мұнар жоқ, нағыз тіршілік бар. Әне анау теміржолда түтінін будақтатып пойыз кетіп барады, сонау көз ұшында айналайын Алатау көрінді.

Даланың төсі шымқай қып-қызыл-ау, қып-қызыл. Алғашында не екенін аңғара алмай Сұркөжекті тепеңдей тебініп, ойпаңға түссем ат тұяғына оралып жібермейтін ұйысқан үлпілдек қызғалдақ. Бүкіл алқап әдейілеп себілгендей мың сан құлпырған қып-қызыл гүлге толы.

Мына лапылдаған өрттей гүл теңізінде арсалаңдап ары-бері жүгіргім келеді. Құшақ-құшақ қылып тергім келеді. Шіркін-ай осындай ғажайып суреттің дәл ортасында шалқып айқай сап, ән айтып, кешіп жүре берсем ғой. Есіңді алар, әдемі жұпар иіс бұрқырайды, дәл төбеңде аққанат шымшық қос қанатын қағып қозғалмай тұрып қалған. Гүлден гүлге қонған ара мен көбелек, шырылдаған көкқасқа шегірткелер бәрі-бәрі мені өлі дүниеден сүйреп әкеп, әсемдетіп, жұмақ есігінен рахатнамаға кіргізіп жібергендей жаным жадырап, сезімімді қытықтайды.

Таңғы самалға үлпілдеген тұтасқан қызғалдақтардың ырғалып, тербелгенін көрсең, қауыздарының кейде ұшып түскенін қарасаң, қиялың шарықтап, ойың алып ұшады. Қызыл дүние, қызық дүние...

– Көке, көке, қарашы қызғалдақтар! – деп әкеме бір будасын әкеп бердім.

– О, мынау ма, бұл қанқызғалдақ қой. Биыл жақсы өсіпті, береке, жақсы болады екен! – деді де, әлгіні тастай салды.

– Қанқызғалдақ дей ме?

– Иә, қанқызғалдақ бұл. Баяғыда жойқын соғыстарда шәйіт болғандардың қандары қай жерде көп төгілсе сол жерге шығады дейді ғой бұны. Сол аруақтар бізді еске алыңдар деп, жылда көктемде осылай бой көтереді екен. Ешуақ бұл гүлді жұлма. Қой, балам, қойды айдайық тез.

Көк серкеш мүйізін шайқап-шайқап бастап еді, қой біткен шұбырып, соңынан ере жөнелді.

1692 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы