• Cұхбаттар
  • 31 Наурыз, 2022

Азамат Азия чемпионы болуды армандайды

Жүзуден халықаралық деңгейдегі спорт шебері, теннисші Азамат О­РАЗБЕК бүгінде тек Қазақстанға ғана емес, әлем жұртшылығына шеберлігімен танылып жүр. Параолимпиадада жүзуден жүлделі орынды иеленген спортшы алдағы уақытта үстел теннисінен Азия чемпионы болуды армандайды. Қазақстандықтарды спортпен ғана емес, әнімен де тербеп жүрген Азаматпен алдағы жоспарлары жайлы әңгімелескен едік. 

– Жүзуден халықаралық деңгейде спорт шеберісіз. Токиода өткен параолимпиадада жүзуден жүлдегер бол­дыңыз. Спортқа деген қызығушылық қалай басталды?

– Спортқа қызығушылығым бала кезден оянған. Осындай жағдайға ұшырамай тұрып, мен негізі боксшы болуды армандағанмын. Кейін Алматы қаласына келдім. Арнайы түзету мектеп-интернатының түлегімін. Сол жақта оқып жүргенде бассейн үйірмесі болатын. Кішкентай кезде өзенге шомылып үйренген балалармыз. Бассейнге шомылып жүргенмін. Сондағы тренер көріп, «Жүзуге ынтаң бар екен. Сенен чемпион шығады» дегеннен кейін жарысқа қатысып, осы дәрежеге жеттік. Үлкен жарыстарға қатысып, жүлделі орын иелендік.

– Сіздің жақсы теннисші екеніңізді де білеміз. Теннистен өзіңізге үлгі тұтатын спорт шебері бар ма?

– Үстел теннисімен айна­лысамын. Қазіргі таңда жүзуді аздап тоқтатқан жайым бар. Өйткені мен қазір үстел тен­нисінен республикалық негізгі құрам­дамын. Көптеген жарыстарға теннистен шығып жүрмін. Теннистен үлгі тұтатын спортшыларым бар. Ең алғаш тенниске келіп жатқан кезде Тимо Болль деген Германияның керемет спортшысы болатын. Сол спортшының өнеріне қатты қызықтым. Сол секілді ойнағым келетін. Қазіргі таңда Қазақстаннан да керемет теннисшілер шығып жатыр. Мысалы, Кирилл Герасименко сынды жоғары орындардан көрінсек деген арман бар.

– Сізді жеңіске құлшындыратын не нәрсе?

– Мені жеңіске құлшындыратын – өзімнің отбасым. Артымнан өсіп келе жатқан ұл-қыздарым ертең «менің әкем осындай чемпион болған» деп мақтан тұтса, сол мен үшін үлкен мәртебе. Сосын анамның ақ батасы, жарымның қолдауы, жалпы отбасым спортқа, өмірге деген құлшынысымды ашады. 

– Спорттан басқа хоббиіңіз бар ма?

– Спорттан басқа да хоббиім бар, әрине. Әнші болуды да армандайтынмын. Қазіргі таңда сол саланы да қолға алып жүрмін. Бүгінде репертуарымда 14-ке жуық ән бар екен. Сол әндермен Ақтөбе, Тараз т.б. көптеген қалаларға концерт қойғанбыз. Туып-өскен жерім Қызылорданың Жаңақорған ауданында концерт бердім.

– Алдағы жоспарыңыз туралы айтып өтсеңіз.

– Алдағы жоспарым – үстел тен­нисінен Азия чемпионы болу. Одан кейінгі мақсатым – әлемдік деңгейде чемпион болып Олимпиадаға жолдама алу. Спортшының спорттағы жеңісінің шегі – Олимпиадаға қатысу, Олимпиадада жеңімпаз болу. Менің де арманым сол. Осы үшін талмай еңбек етеміз. 

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан

Н.ЖАҚЫПҚЫЗЫ

4204 рет

көрсетілді

246

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы