• Қоғам
  • 31 Наурыз, 2022

ТӨЛІ – ЛАҚ, ТАБЫСЫ – БҰЛАҚ

АЛАТАУ БАУРАЙЫНДАҒЫ «LAQLIKE» ЕШКІ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ТУРАЛЫ

Қаскелеңнен әрі, Ұзынағаштан бері өзіміз ­аттас Қайнар деген ауылға лайсаң күні жеттік. Наурыздың кеше жауған қары қайта еріп жатыр. Интернеттің жол көрсетушісі тура апарудың орнына адастырып жіберген соң, көшедегі үлкен кісіден жөн сұрауға тура келді. 
– Ассалаумағалейкүм, ақсақал. Наурыз игіліктер әкелсін!
–Әумин! Бұл ауылға мейман боларсыңдар?
– Иә, тек қонаққа барар үйден адасып қалғанымыз...
–Ол кім еді?
–Осы ауылда ешкі бағатын азамат бар деп еді.

Баяғыда Семей облысында асыл тұқымды ешкі шаруашылығының даңқы бүкіл Кеңес Одағына дү­рілдеп тұратын. Отыз-қырық мың ешкіні емін-еркін бағатын. Енді ондай мүмкіндік қайда? 30-40 осын­дай малы бар адамның өзі бақуатты саналады. Қы­рық жыл бұрын отыз-қырық ешкі ауылдағы әркім­нің қорасындағы қойдың арасында елеусіз жүре беретін.

–Түсінікті, – деді байтаныс қарт. – Ерте бұрылып кетіпсіңдер. Қазір төмен құлдилап көлденең үлкен ­асфальт көшеге түсіңдер. Алдағы екінші көшеден қайта өрлесеңдер, тура апарады.

Кешікпей маңырған лақтың ортасында тұрдық. Мұнда жай мал фермасы емес, көп салалы шаруа­шылықтың қабырғасы көтеріліп жатыр. Кәсіпкер Болат Орынбекұлы Өтепбаевтың Жамбыл және басқа облыстарда ауыл шаруа­шылығын дамытуға көп үлес қос­қанынан хабардар едік, мынау соның кезекті қадамы екен.

Қайнар а­уылында ­құ­рылысы қызған «LaqLike» кешені бірнеше бағытты бірден қамтуда. Алдымен – жұмыс орны. Қазірдің өзінде мал бағамын, оның сүтін сауамын, құрылыс саламын деп құлшынған ондаған адам осында жұмысқа тұрған. Болашақта тағы кемінде 20-30 адамға жұмыс табылып қалады.

Өйткені үлкен ешкі фермасы салынып жатыр. Бірнеше жыл бұрын Швецияда сиыр фермасын, онда сиыр сауатын робот-кабинаны көріп таңғалған едік. Енді соған тұспа-тұс технология мұнда да қолданылмақ. Емшегі сыздаған ешкілер кезегімен өздері сауынға келеді. Рас, Швециядағыдай робот емес, сауын аппараты ешкінің емшігіне қолмен кигізіледі. Сол үшін сауыншы операторлар қажет. Сауылатын ешкілердің подиум сияқты биігірек тұруы жұмысты жеңілдетеді. Сауын алдында емшекті жуатын және сауыннан соң оны майлатын құралдар тегіс ойластырылған.

Ешкі сүтінің құнары ерекше. Ауылда талай сәбиді ешкінің сүтімен асырағанын білеміз. Әрі, ол ешқандай аллергия, яғни ағзаның қабылдау қарсылығын тудырмайды.

Мұнда ешкі сүтінен бірнеше өнім жасалады. Қазірдің өзінде фирмалық құтыға құйылған айраны шағын дүкенде сатылып жатыр. Айранда еш қоспа жоқ. Әлемдегі, Қазақстан аумағындағы сүт өнімдерін шығаратын компанияның бәрі оған әртүрлі қоспа қосады. Ұзаққа сақтауды, дәмді етуді ойлағандықтан. Ал «LaqLike» өнімі – таза ешкі сүтінің айраны. Ішкен де арманда, ішпеген де арманда. Болашақта мұндай өнімді өздерінің шағын дүкені емес, Алматының супермаркеттеріне шығару керек. Оны да ойластырып жатыр екен: кешеннің құрылысы толық біткенде айранды ұйытып, құятын үлкен желі орнатылмақ.

Ешкілері сүтті. Әлгі біз көрген шведтің сиырларымен бәсекелесе алмаса да, қазақтың ет бағытындағы ақбас сиырынан сауылатын сүттен кем емес. Өйткені бұлар асыл тұқымды. Сақалды текелері шекара асып келген. Талай шаруаны тындырып тастап, танаулары делдиіп жатыр, міне. Армансыз.

– Бірер жылда лақ көбейеді екен. Содан ешкі ферманың асырау мөлшерінен асып кеткен кезде қайтесіздер? – деп сұрадық Болат Орынбекұлынан.

– Ауыл халқына береміз ғой.

– Қаншадан сатпақсыздар?

– Жоқ, тегін таратамыз, – деді«LaqLike» идеясын жүзеге асырып жатқан кәсіпкер.

Сөйтсек, ауыл тұрғындарына ешкі тегін беріледі, есесіне олар мұнда белгілі бір мөлшерде сүтін өткізуі керек. Мөлшерден артығын сата ма, айран жасай ма, оны өздері біледі. Қазірдің өзінде фермадан асыл тұқымды ешкі алуға тілек білдіргендер жеткілікті.

Қазақта «есің шықса, ешкі жи» сөз бар еді. Қайнар ауылының тұрғындары бірер жылда, бір кәсіпкер мен асыл тұқымды көп ешкінің арқасында дәулеттеніп шығар деп сендік.

Жаңа фермада ешкіге су мен жем-шөп беру тегіс авто­мат­тандырылмақ. Бірқатар желі қазірдің өзінде әкелінген. Қалғанына шетелмен келісім жасалған. Салынып жатқан ұзын қораның төбесінде жемшөп тұрмақ. Бұл жерді үнемдеп қана қоймайды, малға азық беруді оңайлатады.

Ал жемшөпті ­дайындау ше? Бір бөлігін «LaqLike» өзі ­дайындаса, бір бөлігін сатып алмақ. ­Демек, олар жоңышқа, арпа және басқасы мал азығын өсіретін кәсіпкерлерге серпін бермек. Оны тасымалдауға құлшынғандар үшін тағы бірнеше жұмыс орны ашылатыны даусыз.

– Көптеген жайылымдық және шабындық, тіпті егістік жерлер пайдаға аспай жатқанын білеміз, – дейді кәсіпкер Болат Өтепбаев. – Әр жылдары әр аудан мен ауылдың әкімдері туыстары мен таныстарына заңдастырып беріп қойған. Бірақ оны игермеген. Осы мәселені үкімет реттесе, нақты мал өсіріп отырған біз шабындық пен егістік алар едік.

Осы тұста әңгіме банкке кепілге қойылып, оның қарамағына өткен, содан құлазып бос жатқан ­суармалы және шабындық алқаптар жайына оралды. Үкімет соны қайтарудың тетігін таппақшы екен. Тездетуі керек. Кәсіпкердің бұл пікірі жоғарының құлағына жетер. Талайдан айтылып жатқан мәселе ғой, бірақ әлі шешімін таппады. «Жаңа Қазақстан» құру осындай асқынған мәселелерді шешу арқылы жүзеге асатын шығар.

Қой, саясатты қайтеміз, өз қотанымызға оралайық. Қора ішінде күншуақ. Ойнақтаған лақ көп. Кейбірі келіп өзіңді түрткілейді.

– Мына лақтың жартысы ұрғашы болса, жартысы еркек шығар. Төлдейтін, сүт беретін тушаларды тұрғын­дарға таратасыздар. Ал текешіктерін кейін не істейсіздер?

–Кешенде мал соятын цех та болады. Міне, мына жағында, – деп Болат Орынбекұлы бір есікке бастаған.

Бәсе, мал соятын цех та жасалып жатыр екен. Таза. Санитарлық талаптарға сай. Мұздатқыштар қазірден қойылған. Сойылатын еркек лақ пен серкелер семіртіледі. Қойдың еті асқазанда ұзақ қорытылып, ауырлық етсе, ешкінің еті тез әрі жеңіл қорытылады. Холестерині аз, жоққа тән. Содан болар Алматыда ешкінің етіне сұраным көп, бірталай мейрамханалар қазірдің өзінде келісімшартқа әзір.

«LaqLike» мал өнімдерімен қатар туризммен айналыспақ. Әзірге екі отбасыны сауықтыруға арналған демалыс үйі дайын. Ол шағын төбенің ішін кеулеп салыныпты. Яғни төбе қопарылмаған. Үстіндегі шөбі мен бұтасы сол қалпы. Тек алдыңғы бөлігінен кертіп кірер есік жасалған.

Қоршаған ортаны бүлдірмей, онымен кірігіп кететін ғимараттарды австриялық сәулетші Хундертвассер жобалап, салатын. Бірнешеуін Вена қаласында көргенбіз. Әсіре, Хундертвассердің Жаңа Зеландияның бірегей табиғатын бүлдірмей салған ғимараттарына таңдай қағатынбыз. Тура соған ұқсас жайтты Қайнар ауылынан көргенде Болат Орынбекұлына ризашылық білдірдік.

Кәсіпкер тағы осындай бірнеше отбасылық демалыс үйлерін салып шықпақ. Серіктес боламын дегендерге осында табиғатпен үйлесімді, ішінде бүкіл тұрмыстық талапқа жауап беретін жағдайы бар үй салып, содан пайда табуды ұсынады.

– Біздің елде туризмнің зор пайдасын түсіндіре беру керек, – дейді өзі. – Әлі мүмкіндікті толық пайдалана алмай жүрміз. Сөз көп те, іс аз.

Рас, демалыс аймағын жасау оның қалтасына жеңіл соқпаған. Өйткені кезінде бұл жерлерді жергілікті әкімдер шытырлатып сатқан. Кәсіпкер кейінгі иелерінен әрбір жер телімін жеке-жеке сатып алып келеді. Олардың кезінде алған бағасы мен Болатқа қазір сататын бағасының арасы мына төбе мен ана Алатаудың шыңы сияқты. Бұл көнеді. Басқа амал жоқ.

Хош. Алдымен мұнда туристер осы заманғы ешкі фермасын тамашалайды. Өзіміз Швецияға сиыр фермасын тамашалауға барған едік қой. Ешкінің сүтін ішіп, етін жеп азғасын жақсартады. Айран мен қатықтан сарысу қалатыны белгілі. Кешенде сарысудың ваннасына жатуға болады. Бұл – қол-аяғы қақсап, буыны сырқырайтындар мен тері ауруларына шалдыққандар үшін таптырмас ем. Қонақтар күндіз Алатаудың бөктерін аралайды. Және арғы жақта басқа кәсіпкерлердің көкке самғататын орындары тиіп тұр.

Жас кезімізде мектеп бітірген соң шаруашылықта шопан болып, екі жыл қой бақтық. Сонда жазға салым мектеп оқушылары көмекке келетін. Ұсақ-түйек шаруаға көмектеседі. Ең бастысы, улап-шулап ойнап, дем алып кететін. Соған арналған өлеңіміздің соңғы шумағы есімізде қалыпты:

Бүгін таңсық, ал ертең таныс болар,

Істеп жатты біздегі әр істі олар.

Дем ал деп ек,

ұлдары асау мініп,

Ал қыздары:

лақпен жарысты олар.

Иә, балалардың мына секеңдеген көп лақпен ойна­ғанының өзі керемет емес пе! Отбасылық ­демалыс орнының басқалардан бір артықшылығы осы болар.

Қайнар ОЛЖАЙ

Алматы облысы

Қарасай ауданы

894 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *

ANA TILI №10

10 Наурыз, 2022

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Қали Сәрсенбай

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы