• Білім және ғылым
  • 07 Сәуір, 2022

ШӘКІРТТЕРДІҢ ЖЕҢІСІ – ҰСТАЗДАР ЕҢБЕГІНІҢ КӨРІНІСІ

Мемлекетіміз жастарға білім беруде әлемнің кез келген елінде қажетке жарайтын сапалы мамандар даярлауды мақсат етеді. Бәсекеге қабілетті жастарды оқытуда Алматы облысы Райымбек ауданындағы Сарыжаз орта мектебінің ұстаздары да үлес қосып келеді.

 

Осы орайда, білім алушыларға сапалы білім беру мақсатында нәтижелі жұмыс істеп келе жатқан, болашағынан үміт күттірер жас ұстаздар мен тәжірибелі, білікті әріптестеріміз де баршылық. Мектептегі ұстаздардың басым бөлігі жоғары санатты мұғалімдер болса, арамызда Жазира Бостанова секілді химия ғылымының кандидаты, жаңа инновациялық технологияларды меңгерген әріптесіміз бар. Біздің мектепте ерекше үрдіс бұрыннан сақталған. Мәселен, мектепте қырық жылдан артық ұстаздық еткен Досан Алыбайұлы ауылда жүріп-ақ, биология ғылымы бойынша кандидаттық диссертация қорғап, «ауыл академигі» деген атақ алған. Себебі ол кісі шалғайдағы ауылда жас натуралистер бекетін ашып, ондаған буын жас талапкерлерді қиын да, қызықты биология ғылымымен айналысуға бағыт, бағдар берген. Олардың алды бүгінде докторлық дәрежесін қорғап, еліміздің әр түкпірінде мемлекетіміздің дамуына үлес қосып жүр. Мемлекет қайраткері Алтынбек Сәрсенбаев та осы мектептен түлеп ұшқан. Бүгінде мектебімізде Алтынбек ағамыздың атында арнайы бұрыш бар. Ол жерде қоғам қайраткерінің кітаптары, саяси еңбектері қойылып, суреттерінен стенд жасалған. Осы еңбектермен танысқан бүгінгі шәкірттердің әрқайсысы сол ағаларымыздай мемлекетшіл тұлға болуға ұмтылатыны анық.

 Мектебіміздегі осы ізгі дәстүр бүгін де жалғасып келеді. Ұстаздар еңбегінің нақты нәтижесі шәкірттерінің білімінен көрінеді десек, 2020–2021 оқу жылында барлығы 20 оқушы бітірді. Оның 16-сы мем­лекеттік грантпен орта және жоғары оқу орындарына оқуға түсті. Білім алуға құштар қалған 4 оқушы да қазіргі таңда ақылы топтарда оқуда.

Білім шыңына талпынған талапты ұрпақ өздерінің білімін қанаттандырып қана қоймай, Сарыжаз орта мектебінің мерейін асқақтатып келеді. Осы оқу жылында аудандық қазақ тілі пәнінен өткен олимпиадада Алуа Ерболатқызы мен Назерке Есімбек бірінші орынды иеленіп, облыстық олимпиадаға жолдама алды. Ал республикалық «Дарабоз» дарынды балалар байқауында ­11-сынып оқушы «Көркемсөз» жанры бойынша Елара Нүсіпәлиқызы бас жүлдені жеңіп алды. Ол бұдан кейін Париж қаласында өткен халықаралық көркемсөз оқуда бірінші орынды иеленді. ­Сонымен қатар спорт саласында да биіктерді бағындырып жүрген шәкірттеріміз баршылық. Солардың қатарында республикалық жарыстардан жүлделі орын алып жүрген Досымжан Бекболатұлы мен Мәжен Шәріпхан Петропавл қаласында өткен додада шаңғыдан спорт шеберлігіне үміткер атағын қорғады. Сол сияқты Қыдырбек ­Рымбек қазақ күресінен облыстық бірінші орынды иеленді. Абайдың «Ғылымды талас-тартыс үшін емес, дүниені тану, білмегенді білу үшін өмір, қоғам, ел мақсаты үшін үйрену керек» деген маржандай тізілген асыл сөздерін көңілге түйген білім алушылар алтын уақытын оқу-білімге арнап, әлі де талай асуды бағындыратынына сеніміміз мол.

 Айман МҮТӘЛІПҚЫЗЫ,

Сарыжаз орта мектебінің

қазақ тілі мен әдебиет пәні мұғалімі

Алматы облысы

1226 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы