• Білім және ғылым
  • 07 Сәуір, 2022

Ұлттық үрдістер фокусындағы жаһандық коммуникация приориеттері

Қазақстанның БҰҰ-ға енуінің 30 жылдығына арналған  «Тексерілген шынайы ақпаратты пайдалану негізінде виртуалды білім беру деңгейін арттыру» атты V Халықаралық журналистика форумы фокусын  медиа білім беру мәселесіне арнады.

Біріккен Ұлттар Ұйымының «Академиялық қауыммен өзара іс-әрекет» (ЮНАИ) бастамасына сәйкес жоғары оқу орындары адам құқын қолдау мен қорғауды, әділ сот төрелігіне қол жеткізуді, қақтығыстарды шешу мен тұрақтылық бойынша Біріккен Ұлттар Ұйымының мақсаттары мен мандаттарына қол жеткізуге өз үлесін қосады.

2010 жылдан бастап ЮНАИ студенттер, оқытушылар, ғалымдар, зерттеушілер, талдау орталықтары, жоғары оқу орындары, үздіксіз білім беру мекемелері мен білім беру қауымдастықтарынан дамып, алуан түрлі желі құрды. Ол әлемнің 147-ден астам елінен  1400-ден астам ұйымды мүшелікке тартып,  әртүрлі   білім беру бағдарламалары және ғылыми қауымдастықты қамтитын 25 миллионнан астам адамды біріктірді. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ он жылдан астам уақыттан бері ЮНАЙ-дың Жаһандық хабы.  Осы уақыт аралығында ЮНАИ бағдарламасының шетелдік жаһандық хабтарымен ынтымақтастық байланыс орнап, бағдарламаның Қазақстанда, сондай-ақ шетелде  де ықпалын арттыруға мүмкіндік берді.

Биыл  бесінші рет өткен ғылыми жиынға Нидерланды, Словакия, Түркия, Ресей, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан ғалымдары виртуалды оқыту мен цифрлы білім берудің шекаралары мен форматтарын талқылады.

 Шараның ашылуында БҰҰ Жаһандық коммуникациялар департаментінің өкілі Властимил Самек Біріккен Ұлттар Ұйымының «Ғаламшар игілігі үшін жұмылыңыз, теңсіздікпен және жалған ақпаратпен күресіңіз» атты коммуникация бойынша приоритетін қолдаған ғылыми қауым өкілдеріне  алғысын айтып, журналистика саласында ақпараттық ортаға сенім мен сенімсіздік, фактчекинг және тексеру әдістерін басымдықта болу үрдісіне ерекше назар аударды. 

ҚР Сыртқы істер министрлігінің Алматы қаласындағы Өкілдігінің Саяси ынтымақтастық Басқармасының басшысы Алмаша Аренова елдегі мемлекеттік қызмет саласында әлеуметтік желілердің басымдықтарын атап өтті.   Әлемдегі, елдегі ақпараттық ахуалдың көңілге алаң тудырған кезеңінде әр азаматқа дұрыс ақпаратты жеткізетін БАҚ арналары мен өкілдері екенін ерекше атап өткен  Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты төрағасының бұқаралық ақпарат құралдарымен байланыс жөніндегі кеңесшісі  Бибігүл Жексенбай  медиа кеңістіктегі ақпараттық қауіпсіздік саласындағы міндеттерді атап айтты.

Еуропалық журналистер даярлайтын ассоциацияның кеңесшісі (EJTA), Журналистика саласындағы білім беру бойынша Дүниежүзілік Кеңес төрағасының орынбасары, Виндесхайм қолданбалы ғылымдар университетінің профессоры Нико Дрок баяндамасында дезинофрмация кезеңінде журналистік білім беруді  бағдарлау  мәселелеріне тоқталды.

«Біздің оқытушы ретіндегі парызымыз – студенттерді оқыту ғана емес, фактілерді тексерудің техникалық құралдары, сонымен қатар тарихи, саяси, мәдени және әлеуметтік-фактілерді мағыналы және теңгерімді контекстке қою үшін экономикалық білім беру», – деп қорытынды тұжырым ұсынды.  2020 жылдан бері ҚазҰУ-дың Журналистика факультеті  EJTA  мүшесі ретінде кеңестер, конвенцияларға қатысу мүмкіндігін алды.

Спикерлер қатарында Словакия Ғылым академиясының болжау институты профессоры Владимир Бачишин, ТРТ «Түркия үні» радиосы, қазақ редакциясының редактор-жүргізушісі Уфук Тузман, Мирзо Ұлықбек атындағы Өзбекстан Ұлттық университетінің профессоры Якутхон Маматова, Санкт-Петербург мемлекеттік университетінің профессорлары Дмитрий Гавра, Илья Быков, РУДН университеті, журналистика теориясы мен тарихы кафедрасының доценті Валентин Матвиенко, Медиа дамыту корпоративтік қоры Медиа жобалар бөлімінің жетекшісі Бибігүл Құламан, «Elorda-Aqparat» медиахолдингі директорының орынбасары Канат Әуесбай Ж.Баласағын атындағы Қырғыз Ұлттық университеті Журналистика факультетінің деканы Ширин Костюк және т.б. ғалымдар, практиктер ғылыми баяндама жасады.

Профессор Дмитрий Гавраның медиакоммуникация саласындағы трендтерді талдаған баяндамасы ғылыми жаңалығы, тезистік тұжырымдары дәлелді келді. 2020-2022 жылдары коммуникация саласының үрдістері мен драйверлері,  коммуникация мамандарына кәсіби білім беру жүйесіндегі қатерлер баяндамасы қатысушылардың сұранысы бойынша қазақ, ағылшын тілдеріне аударылып, тезистік түрінде жариялану қарары қабылданды.

Ғылыми шараның бас серіктесі  COMENIUS ANALYTICA аналитикалық орталығы қолдауымен журналистика форумының материалдар жинағы Словакияның IRIS Publishing and printing баспа үйінде жарияланады.

Б.Мұратқызы

1773 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы