• Білім және ғылым
  • 07 Сәуір, 2022

ОТАНЫҢДЫ СҮЮ ҮШІН ОНЫ ЖАҚСЫ БІЛУІҢ КЕРЕК

Жалпы білім беретін оқу орындарында орта мектеп, гимназия, колледж, жоғары оқу орындарында оқытылатын «География» оқу пәні – жастарға ұлтжандылық патриоттық және интернационалдық тәрбие беруді жүзеге асыруда үлкен мүмкіндіктері бар маңызды оқу пәндерінің бірі.
Соңғы жылдары «жаңартылған» деген атпен белгілі болып ұсынылған бағдарламада география ғылымында қалыптасқан география пәнін оқытудың ғылыми жүйесі біржола бұзылғаны туралы эксперттік комиссия мүшелері – тәжірибелі ұстаздар мен ғалымдар жіберілген қателіктерді көрсетіп, өз ұсыныстарын білдіргені белгілі. Жаңа мазмұнды бағдарламада жіберілген үлкен кемшіліктер және ол саяси қателік екені де айтылды. Жалпы «жаңарту» деген бұрыннан қалыптасқан дәстүрлі білім беру жүйесінің тамырына балта шабу емес, қайта жақсы жағын алып, оны ары қарай дамыту деп түсінілуі керек.

Дүниежүзіндегі барлық дербес елдер өздерінің тәуелсіз мемлекет екенін білдіру үшін өз елдерінің географиясын жеке пән ретінде оқытады. Бұрынғы КСРО-ның құрамында болған республикалар Ресей, Беларусь, Украина, Әзербайжан, Өзбекстан, Қырғызстан өз елдерінің ­географиясын жеке пән ретінде екі оқу жылында оқытып жүр. Алыстағы шет елдерден мысал келтірсек, Қазақстанның бір ғана әкімшілік ауданының жер аумағындай ғана болатын Израиль өз елінің география­сын екі бөліп, бір жыл бойы «Израильдің физикалық географиясы» (табиғатын), сонан соң екінші жылы «Израильдің экономикалық және әлеуметтік география­сын» оқытады.

Екінші жағынан, біздің егемен еліміздегі әлеуметтік-экономикалық дамудың орасан зор қарқынмен жүруіне толық мүмкіндік бар. Ал географиялық білім еліміздің түрақты дамуына өзіндік үлесін қоса алады. Сондықтан оқулықтар қаншалықты жақсы, түрлі-түсті, егжей-тегжейлі болса да, барлығын қамти алмайды, өмір өзгерісте болады. Мұғалімнің міндеті – оқулықтардың мазмұнын жарқын, түрлі-түсті мысалдармен «жаңғыртып», ел экономикасындағы жетістіктерімізді көрсету, оқушылардың санасына ғана емес, сезіміне де әсер ету. Патриоттық және интернационалдық тәрбиені жүзеге асыру үшін әрбір мұғалім жас ұрпаққа жан-жақты ұлттық тәрбие берудің жалпы мақсаттарын және мектеп географиясы курсының тәрбиелік мүмкіндіктерін талдау негізінде мынадай міндеттерді шешуі керек:

1. Біздің Отанымыз – Қазақстан Республикасының табиғатының өте әсем, әрі алуан түрлілігін және Менделеев кестесіндегі барлық қазба байлықтарға аса бай мекені екенін оқытып-үйрету;

2. Осындай табиғи қазба байлықтардың еліміздің экономикалық әлеуетінің артуына тікелей әсері бар екенін түсіндіре отырып, қоршаған орта мен табиғатты қорғау жолындағы экологиялық мәдениетті қалыптастыру. Қазақстанның географиясын оқыту барысында еліміздің табиғат жағдайлары мен ресурстарының экономикалық құрылымы мен мамандануына, оның орны мен рөлін талдау маңызды. Ел экономикасының жалпы жүйесі мен даму болашағы оқушылардың санасында қалыптасуы керек.

Қазіргі кезде мектепте жұмыс істейтін әрбір мұғалімнің алдына білім берумен қатар ұлттық идеялық-саяси тәрбиенің үш негізгі міндеті тұр:

1. Оқушыларды туған Отанымыз туралы қажетті көлемдегі геоэкономикалық, геоэкологиялық, саяси-әлеуметтік біліммен, дүниетанымдық идеялармен, түсінік және ұғымдармен қаруландыру.

2. Оқушылар бойында азаматтық сезімдерді, өз елінің, Қазақстан халқының өмірі мен атқарылып жатқан игілікті істеріне қатысуға, қазақстандық патриотизм мен ұлтаралық интернационализм сезімін тәрбиелеу.

3. Оқушыларды «Жаңа Қазақстан» қоғамының белсенді пайдалы еңбек әрекетіне баулу.

Біз білім беру саласының қызметкерлері де Жаңа Қазақстан қоғамына өз үлестерін қосатын жас ұрпақты оқытып-тәрбиелеуге атсалысуымыз қажет. Жаңа Қазақстанды құруға бағыт алған осындай реформалар аясында, білім саласында болатын өзгерістерге қарай мектептегі география пәні жүйелі түрде оқытылса деген пікіріміз ескерілсе екен дейміз.

«География» курсының құрылымы:

Оқытудың I сатысында (1-4 сыныптар) географиялық мазмұндағы қарапайым танымдық білімді «Табиғаттану», «Жаратылыстану» біріктіру барысында бір оқу пәні ретінде оқыту.

Дүниежүзінде «География» оқу пән­дерінен білім берудің қалыптасқан дәстүрлі жүйесіне сүйене отырып, Қазақстан Республикасының мектеп­терінің II және III сатысында оқытылуға ұсынылатын география оқу пәндерінің тізімі жоба түрінде төмендегілер ұсынылады.

Оқытудың II сатысында 5-9 сыныптарда оқытылатын оқу пәндерінде географиялық білім жүйелі түрде теориялық тұрғыдан негізделуі қажет. Олар төмендегідей оқу курстарында ұсынылады:

– «Жаратылыстану»( 5-сынып, 68 сағат)

– Бастапқы география курсы ­(6-сынып, 68 сағат);

– Мұхиттар мен материктер географиясы (7-сынып, 68 сағат).

– Қазақстан географиясы (8-9 сынып, 136 сағат).

– Қазақстанның физикалық география­сы (8-сынып);

– Қазақстанның экономикалық және әлеуметтік географиясы (9-сынып). Ол – 6-сыныптағы «Физикалық география» немесе «Географияның бастапқы курсы» деп аталады. Бұл курста оқушылар адамзат өмір сүріп жатқан Жер ғаламшары және оның географиялық қабықтары (литосфера, атмосфера, гидросфера, биосфера және әлеуметтік сфера) туралы білім алуы керек.

Ал 7-сыныпта «Мұхиттар мен материктер географиясы» оқытылып келді. «Материктер мен мұхиттар географиясы» курсынан оқушылар дүниежүзілік мұхит оның бөліктері мен жеке материк­тердің әрқайсысына өзіне тән табиғат ерекшеліктері, халқы мен елдері, оларды зерттеген саяхатшылар мен зерттеушілері туралы толық мәлімет берілетін. Пе­дагогикадағы «жеңілден қиынға» дидак­тикалық ұстанымына сәйкес, материктерді оқыту Жер ғаламшарының моделі ретінде қарастырылатын Африкадан басталып, одан кейін мұхиттар мен материктер туралы оқып білім алып, картамен ойша шет елдерге саяхат жасап, оқитын өте қызық, ғылыми негізде жүйеленген курс болатын.

Белгілі географ-ғалым Н.Н.Баранский: «Отаныңды сүю үшін оны жақсы білуің керек» дегені белгілі. Мектептерде 8-9 сыныптарда Қазақстан географиясы (физикалық және экономикалық-әлеуметтік география) курстарын оқыту мәселесі осы съезден соң оң шешімін табатынына сенім­діміз. Сондықтан бүгінгі таңда сабақтың тәрбиелік бағытын арттыру, оқу үрдісінде ұлттық тәрбие жұмысын жандандыру, яғни оқушылардың елдің жарқын бола­шағына деген сенімін қалыптастыру үшін «Қазақстан географиясы» пәні қарас­ты­ратын барлық мүмкіндіктерді толық және тиімді пайдаланудың маңызы ерекше.

Қазақстан географиясын оқыту барысында оқушыларға туған елі жер аумағы жағынан дүниежүзінде тоғызыншы орынды ала отырып, қазба байлыққа бай, дүниежүзілік аренада ең қуатты техникасы мен өнеркәсібі дамыған мемлекеттердің бірі ретінде қалыптасуға реформалар жасайды деген сенімін қалыптастырғанымыз дұрыс. Қазақстанның табиғи байлықтары мен ресурстық әлеуеті туралы нақты материалдар оқулық мәтінінде болғаны жөн. Еліміздің жер аумағының үлкендігі, мемлекеттік шекаралардың ұзындығы, үлкен жазықтар мен ең биік тау жүйелері, ірі өзен-көлдері жаңа реформаларды іске асыру үшін материалдық-техникалық базасын құруға қажетті барлық табиғи қорлардың (ресурстардың) айтарлықтай көлемде екені айтылса дейміз. Халықтың экономикалық қуаты, оның қолындағы әлеует – мұның барлығы Отанымыздың қуаттылығы мен беріктігіне, оның саяси және экономикалық тәуелсіздігіне байланысты екені оқушыға әбден сіңірілгені қажет.

Негізінен, Қазақстанның физикалық географиясы курсын еліміздің кез келген аудандарының мысалында өлкетанушылық тұрғыда оқытуға болады. Өйткені әр аймақ өзінің табиғи қазба байлығымен, сұлулығымен ерекшеленеді және шаруашылыққа қажетті маңызды табиғи ресурстарға ие.

Оқытудың III сатысында ­(10-11 ­сыныптар) оқытудың кең көлемді нұсқасы оқыту бейініне қарай міндетті және таңдау бо­йынша бөлінсе өте орынды болар еді.

Дүниежүзінің экономикалық-әлеу­меттік және саяси географиясы (11-сынып, қоғамдық-гуманитарлық бағыт,102 сағат; жаратылыстану-математика бағыты 136 сағат); Дүниежүзінің саяси географиясы немесе Елтану курсы (12-сынып, қоғамдық-гуманитарлық бағыт 102 сағат, жаратылыстану-математика бағыты 136 сағат) деген сенімдеміз.

Таңдау курстары:

• Геоэкология;

• Саяси география және геосаясат негіздері;

• Өлкетану және туризм;

• Қазақстанның киелі жерлерінің ­географиясы;

• Түркі тілдес елдер (мемлекеттер) ­географиясы оқу пәндерін ұсынады.

Оқушылардың білімге деген жаңа көзқарасын және Отанының даңқы мен құдіреті үшін еңбек ететін сананы қалыптастыратын пәннің бірі – «Қазақстан географиясы». Бұл пән жас ұрпақ санасында терең патриоттық сезімді қалыптастыруға ықпал етеді, соның нәтижесінде халық арасынан ел мақтанышы болатын азаматтар өсіп-жетіледі.

Ұлжалғас ЕСНАЗАРОВА,

Географиядан республикалық

атаулы мектеп жетекшісі,

 п.ғ.д., әл-Фараби атындағы

ҚазҰУ-дың профессоры

1433 рет

көрсетілді

5

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы