• Әдебиет
  • 07 Сәуір, 2022

ЗАҢНАМАЛАР ТАРИХЫН БЕС ҒАСЫРҒА ҰЗАРТҚАН ҚАЙРАТКЕР

(эссе)

«Тәңірім қосқан жар едің сен,

Жар ете алмай кетіп ең.

Ол кезімде бала едім мен,

Аямасқа бекіп ең.

Талақ етіп бұл ғаламды,

Болды мәлім кеткенің,

Кінәсі жоқ жас адамды,

Қатты соққан не еткенің? …

…бұлт бауырлаған биік дауыс та емес, төменде қалықтаған жай діріл де емес, ортадағы бос кеңістікті еркін иеленіп, еркін самғаған сағыныш сазы жүректі баурап барады. Татьянаның махаббаты ма, әлде кейде ұялшақ, төменшік Онегиннің кейдегі жан шошытар өрлігі ме… әйтеуір, алпыс алты тамырды түгел билеп, қанды қыздырған сыршыл сезім, бүкіл тұлабойды тұтқындап алғаны сонша, кең залдағы дуылдай бастаған қозғалыс тым-тырыс тына қалған. Татьянаның жүрек шері аяқталып, әнші басын төмен игеннен кейін ғана жаңағы дуыл қайтадан дүр етті. «О, о, жолдас академик, заң, заң деп зырылдап жүгіріп жүріп, ­дауысын жоғалтып алды ма деп едім, жоқ, әлі де бабыңда екенсің, молодец, келші» деп Сұлтан, академик Сұлтан Сартаев Ғайратқа кең құшағын аша берді. Әділет саласының қорғасындай салмақты жауапкершілігімен түсі сұстылау көрінетін ғылым кори­фейінің жүзінде жастық оты ойнап, көзінде от ұшқындайды. Ән құдіреті Сұлтекеңді ғана емес, академик Серік ағаны, Серік Қирабаевты да балаша желпінтіп жібергендей, ол қасындағы зайыбы, академик Әлияға әлдене айтып жарқылдай күледі».

Бұл мерекелі кештердің бірі еді де, жаңағы әсем көріністі ыстық ықылас жымиысымен күлімсірей жеткізген Зайлағи Кенжалиев осы кештің асабасы болатын. Зәкең өнер саласының емес, заң саласы­ның үлкен мамандарының бірі, заң ғылымы­ның докторы, Қазақ гуманитарлық заң академиясы Мемлекет және құқық институтының директоры Ғайрат Сапарғалиевтің орынбасары еді. Асабалыққа сол ұстазының өтінішімен, курортқа билет алып қойған жерінен билетін кері тапсырып, осы кешке арнайы қалған-ды. Академиктің ғылым саласындағы өнегелі істері өз алдына, ол сонымен бірге әсем тенорлық дауыспен өзі туып-өскен Семей өңірінің дәстүрлі әнін сүйіп шырқайтын. Әсіресе Абай әніне ықыласы ерекше еді. Мұны жақсы білетін Зайлағи, осындай кештерде Ғайрекеңе ән салғызбай қоймайтын. Заңгерлердің көбіне тән мінезбен өзін өте сабырлы, тіпті салқындау ұстайтын ғалымның мұндай нәзікжанды, мамық сезімді қасиетіне аң-таң болып, ұйып қалған қонақтарға шәкірттік мақтанышпен ұзақ қарап қалған Зайлағи, кілт қайта серпілді. Кеш енді-енді қыза бастаған-ды.

Иә, өмірге деген көзқарас көз алдыңда өтіп жатқан қарапайым көріністермен ғана қалыптаспайды. Оның әржағына терең үңіліп, ішкі дүниедегі мән-мағына әлемін ой-сана елегінен өткізіп, мүдде-мақсатқа дұрыс бағыттай алсаң ғана, адами рухани бұлақтың көзі ашылады. Ал ол тіпті де оңай емес. Мысалы, біз Конституциямызды ұлағат тұтамыз, өйткені ол бізді қорғайды – бақытты өмір сүруіміздің кепілі. Солай бола тұра, ондағы өзіміз үшін жазылған нормаларды біле бермейміз. Өйткені Конституцияны оқымаймыз, дәлірегі – тартпайды. Тартпайтыны – ол көркем шығарма емес. Бірақ жоғарыда айтқанымдай, Конституция – бақытты өмір сүруіміздің кепілі болғандықтан, оны оқуымыз керек, онымен терең танысқан сайын өмір сүруіміз жеңіл­дей түсетінін сезінуіміз керек. Міне, осыған жетелейтін ең қуатты күш – ғылым орталығы, ғылыми орта. Ғ.Сапарғалиев ол кезде осы ғылыми орталықтардың бірін – Ғылым және білім министрлігінің Мемлекет және құқық институтын басқарады, яғни Ата Заңнан бастап басқа заңдардың жазылып, бекітіліп, қолданылу тәртібіне дейінгі қатаң жүйеге бағынған ғылыми ортаның жұмысын үйлестіреді. Бұл дегенің, енді, білім мен білікті, қайрат пен табандылықты, төрелік пен турашылдықты талап ететін қатаң жауапкершілік.

Ғылыми ортада «Ғайрат Сапарғалиев – еліміздің үш бірдей Конституциясын дайындауға сүбелі үлес қосқан қайраткер» деген ұғым қалыптасқан. Екіұшты ұғымға бой үйретпейтін заң мамандары қалыптастырған соң, мұндай бағаға еріксіз бас иесің. Ақиқаты сол – өткен ғасырдың басында зиялыларымыз тәуелсіздік үшін басын өлімге тігіп, ұлтжандылық жүрекпен қалай жанкешті күрес жүргізсе, сол ғасырдың аяғында сол зиялыларымыз сол тәуелсіздік үшін, келмеске кеткен «қызыл империяның» қырғынын көрмесе де, тоқыраудың зардабын шеге жүріп, білік пен табандылықтың үлгісін көрсетті. Белгілі қоғам, мемлекет қайраткері М.Құл-Мұхаммедтің Ғ.Сапарғалиевтің ғылыми, азаматтық жолын қысқаша сараптай келіп: «Ылғи ағысқа қарсы жүзді. Кеңес өкіметінің дәуірлеп тұрған тұсында отаршылдықтың зардаптары туралы ғылыми еңбек жазды. Ұлттық мүддені ұстанып, Алаш зиялыларының саяси-құқықтық көзқарастарын зерттегені үшін қудалауға түсті. Ол өмірде де, ғылымда да қайталанбас құбылыс болды» деуінде үлкен мән бар. Иә, мүлдем жаңа, тәуелсіз мемлекеттік құрылыстың іргетасын қалап, бекітудің тек экономикалық қана емес, ­саяси да бағасын тап басып, саралап көрсету – жауапкершілігі жағынан күрестің қандай биік түрімен болсын теңдесе алатын ерекше рухани күрес. «Тәуелсіздік туралы Конституциялық заңның жобасын Еркеш Нұрпейісов, Талғат Донақов үшеуміз өз бастамамызбен жасап, 1991 жылдың шілде айында Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Президиумына тапсырдық. Бірақ бұл құжат біраз уақыт қараусыз жата берді. Кейбіреулердің «онсыз да тәуелсізбіз ғой, осы заңның қажеті қанша» деген сөздері де құлағымызға жетіп жатты.

Ақырында, сол жылдың 9 желтоқ­саны күні Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының мәжілісінде депутат ­Манаш Қозыбаев екеуміз тәуелсіздік ­туралы Конституциялық заңды қабылдау қажет екендігі туралы мәселе көтердік. Ұсынысты Президиум мүшелері бірауыздан қолдап, мен баяндамашы ­болып бекітілдім.

Араға жеті күн салып, Жоғарғы Кеңестің мінбесіне кеудемді кернеген үлкен ұлттық-патриоттық сезіммен шығып, Қазақстан Республикасының тәуелсіздігі туралы Конституциялық заңның жобасы жайлы баяндама жасауға кірістім. Байқаймын, залда отырған депутаттардың басым бөлігі тоталитарлық жүйенің атына айтқан зілді ойларымды қолдағанымен, әр жерде күбір-күбір сөйлеп, айыптау сөздерімді артық санайтындардың да бар екендігі сезіліп тұрды... Сонымен, ғасырларға созылған мемлекеттік арманымыз орындалды. ­Республика Президентінің Жарлығымен 16 желтоқсан ресми Тәуелсіздік күні және жалпы халықтық салтанатты мейрам болып жарияланды» деген еді сол бір күдік пен сенім араласқан күндерде еліміздегі заң саласы бәйтеректерінің бірі, академик С.Сартаев («Егемен Қазақстан», 2016 жылғы 17 желтоқсан). Ұлттық тілімізге мемлекеттік тіл мәртебесін беру тұйыққа тірелген сын сағаттарда, жоғары мінбеден абыз Әбіштің, Әбіш Кекілбаевтың ­«сонау ауыр күндерде бауырымызға тартып, аузымыздағыны жырып бергенде, сіздерден ұлттық тілімізге мемлекеттік мәртебе беруді көз жасымызды көлдетіп тұрып сұраймыз-ау деп пе едік» деген ғасырлық ұлағатты бір ауыз сөзінен кейін оңды шешілгенін бүгінгі ұрпақ ешқашан ұмыта қоймас. Әсіресе сол бір күндерде дуалы ауыздың дуал соқтырар, сенімді, семсер сөздеріне қоғамымыз қандай зәру еді десеңізші?! «Казахстанская правда» газетінің 2002 жылғы 20 сәуірдегі нөмірінде жарияланған «Какой быть политической элите» атты мақаласында осындай тұғырлы қағида жайында толғай сөйлеген Ғ.Сапарғалиевтің өзі де сол шоқ шоғырдың қақ ортасында болатын. Еліміздегі ең жас ғылым докторы деп мойындалғанмен, кішілікті кісілікпен айшықтап, жастық жігерді салиқалы, кексе пікірмен ұштастырып, тәуелсіз жас мемлекетіміздің проблемалы құқықтық жүйесін жетілдіруге зор үлес қосты. Оның қаламынан «Советтік Қазақстанның мемлекеттік және құқықтық тарихы», «Революцияға дейінгі Қазақстандағы жер аударылған поляктардың қоғамдық-саяси қызметі», «Қазақстанның мемлекеттік және құқықтық негіздері», «Қазақстандағы конституциялық құрылыстың орнауы», «Қазақстан Республикасының конституциялық құқығы» атты оқулықтар мен монографиялар және 400-ден астам ғылыми еңбектер туды. 6 ғылым докторын, 40-тан астам ғылым кандидаттарын дайындады. Бұл қыруар еңбектің библиографиялық қысқаша сипаттамасы ғана. Ал кәсіби һәм шығармашылық қызметінде практикалық та, теориялық та мәселелер бойынша келіскен де, шекіскен де сәттер аз болған жоқ. Өйткені бір жағынан жас тәуелсіз елдің мемлекеттік құрылымының айқындалмаған тұстары көп болса, екінші жағынан Президент басшылығымен енді ғана басталған құқықтық реформаның күрделі де нәзік тұстарын айқындауға қабілетті кадр­лар жетіспейтін. Осындай, патриоттық қозғалыс белең алған тұста Ғ.Сапарғалиев Президент жанында болып, қазіргі қолданыстағы Конституцияны әзірлеген ғылыми кеңесші топқа жетекшілік етті. «Қазақстан қоғамын жаңғырту жағдайында саяси жүйені қалыптастыру мен жетілдіру» деп аталатын іргелі тақырыпты зерттейтін ғылыми ұйымды басқарды. Конституция жобасын, Конституцияның жарияланған нұсқасын тек ғылыми ортаға ғана емес, қалың жұртшылыққа кеңінен түсіндірудің мехнатын кешті. Айталық, 1993 жылы қабылданған Конституцияның өмірі неге ұзаққа бармады? Неге екі жылдан кейін жаңа Конституция қабылдауға тура келді? Оған белгілі заңгерлер, тиісті кеңесші ұйымдар ауық-ауық ­жауап берумен келеді. Соның бір ­парасы Ғ.Сапарғалиевтің «Заң» газетінің 1996 жылғы 28 тамыздағы нөмірінде жарияланған «Нұрлы болашақтың алтын көпірі» атты мақаласында да көрініс тапты. Сондағы «…мемлекетті басқару түрлері бар, оның басқару органдары бар, олар ішкі құрылымдарында қалай болуы керек деген сыңайдағы көптеген сұрақтарға алғашқы Конституция толыққанды жауап берген жоқ. Бұдан, әрине, ол Конституцияда бұл мәселелер мүлде қарастырылмады деген ұғым туындамауы керек. 1993 жылғы Конституцияның 18 жобасы жасалынған болатын. Соларда осы мәселелердің көбі қаралып, шешілген еді. Бірақ сол кездегі Жоғарғы Кеңестің депутаттары ол мәселелердің көбімен келіспеді» деген жолдарды оқып отырып, заң әзірлеу ісінің қаншалықты күрделі екенін тағы бір сезінгендей боласыз. Бұлай болуы заңды да, дегенмен, айтыс тудырған көкейкесті мәселелердің басым бөлігі комиссия талқысынан кейін тиісті арнасына түсіп жататын. Сондай-ақ «Заң жақсы жазылғанмен, ол орындалмайды» деген пікір қаншалықты дұрыс? Мүмкін, заң шикі жазылған шығар? Үкімет ­Парламентке шикі заң өткізген шығар? Заң жобасына бұған дейін неге ғылыми сараптама жасалмайды? Ғ.Сапарғалиев қақ ортасында болған осы төңіректегі айтыс республикамыздың Ұлттық ғылым академиясы жанынан Академия президенті басқаратын арнайы ғылыми сараптау кеңесін ашумен аяқталды. Осы кеңестің де мүшесі ретінде Ғ.Сапарғалиев кәсіби, принципті ұсыныстарымен заң жобаларын ширатуға сүбелі үлес қосты. Осындай ауқымды істермен арпалысып жүріп, ол заң шығармашылық жұмысын да тоқтатқан жоқ.

Бірде былай болды. «Жеті жарғы» баспасында бас редактордың орынбасары болып істейтінмін. «Директор шақырады» деген соң келсем, Дильбар Додо­хонқызының жұмыс бөлмесінде Ғайрекең отыр екен. Ғайрекеңді бұрыннан білемін. Әділет министрі кезінде белгілі реформатор, заң ғылымының докторы Н.Шәйкеновтың табанды күш салуымен ашылған «Жеті жарғы» баспасы Қазақ гуманитарлық заң академиясының ғимаратына орналасқан-ды. Ал академия ректоры Н.Шәйкеновпен бірге осы академияның Мемлекет және құқық институтының директоры Ғ.Сапарғалиев те ауық-ауық баспаға соғып тұратын. Олар әлі өз ғимараты жоқ, жаңа ғана шаңырақ көтерген баспаның тұрмыстық та, шығармашылық та проблемалары жайлы Дильбар Додохонқызымен емен-жарқын, ашыла сөйлесуші еді. Дәрежелі қайраткерлердің ғылымға да, сол ғылымның пұшпағын бірге илейтін баспаға да ерекше жанашырлықпен қарайтынына қайран қалатынмын. Сүйсінерлік-ақ мінез! Сол қайраткер баспа директорының алдында отыр. Қолжазбасын әкеліпті. Жоғары оқу орындарының студенттеріне арналған оқулық. «Қазақстан Республикасының конституциялық құқығы». Кейін білдім, бұл елімізде осы тақырыпта, арнаулы бағдарлама бойынша жазылған алғашқы оқулық екен. Орыс тілінде, енді қазақшаға аудару керек. «Ғайрекеңнің өзі де қазақ тілін жақсы біледі ғой, бірақ орыс тілінде жазылған еңбекті мемлекеттік тілге аударуға уақыты мүмкіндік бермей жатыр. Қиналып қалсаңыз, көмектеседі ғой» деді Дильбар Додохонқызы. Иә, соның алдында ғана баспамыздан Ғ.Сапарғалиевтің «Заң терминдерінің түсіндірме сөздігі» шыққан болатын. Жай сөздік емес, түсіндірме сөздік. Заң әдебиеттерінің, әрине, өзіндік ерекшелігі бар, заңи нормалар еркін аударуға, көп жағдайда, көнбейді. Дегенмен ауқымды еңбек, ғалымның байсалды, ұстамды ақыл-кеңесімен ойдағыдай атқарылды. Ғайрекеңнің ұстаздық, азаматтық қырымен де жақынырақ танысқаным сол кез еді. Ой-өрісінің тереңдігіне, кеңесшілік шеберлігіне, кәдімгі қарапайым адами мінезіне талай рет сүйсіндім. Оқулық бір емес, төрт қайтара жарық көрді. Өңделіп, толықтырылған үшінші басылымының қолжазбасы баспаға түскенде, қолжазба редакторы М.Қаймолдинова Астана қаласына (Нұр-Сұлтан сол кезде солай аталатын – С.Б.) Алматыдан телефон соқты. Парламент Мәжілісі аппаратына қызметке ауысып, алғашқы толқынның өкшесін баса осында көшіп кеткенмін. «Екінші басылымына басқа аудармашыны қосымша тартқан едік, енді мына үшінші басылымына Ғайрекең біраз толықтырулар енгізген екен, Сіздің аударуыңызды қалайды» деді. Әрине, үлкен сенім. Алматыдан алдыртып, уақыт арасында қолжазбамен жұмыс істедім. Оқулық үшінші қайтара емес, төрт қайтара жарық көрді.

Бұл соңы емес-ті, көп ұзамай акаде­микпен тағы бас қостық. Ғайрекең баспаға Қазақстан Рес­публи­касының 1995 жылғы Конституциясына ғылыми-құқықтық түсініктеме берілген іргелі еңбекті әкелді. Еңбек – республиканың белгілі 14 ғалым-заңгерінің ұжымдық жемісі екен. Авторлар ұжымының жетекшісі және редакциясын басқарушы Ғ.Сапарғалиевтің өзі. Соңғы Конституцияның қағидаларын зерделеп, саралауға, сонымен бірге стратегиялық құқықтық идеяларды айқындауға, яғни «демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет» деген ұғымның терең мәнін ашып көрсетуге арналған оқулығын жаза жүріп, сонымен қатарластыра ғалым-заңгерлермен де осы бағытта тынымсыз жұмыс жүргізіпті. Бұл енді, Ғалым, Азаматтың мақсаткерлік болмысын айқын көрсететін, үлгі-өнеге тұттыратын қасиет екені сөзсіз. Алдына мемлекеттің рухани мүддесіне қызмет көрсететін осындай үлкен мақсат қойып, салыстырмалы түрде аз уақыт ішінде оны абыройлы атқарып шығуының бір сырын ол сыпайылап былай түсіндіреді: «ХХ жүзжылдықта Қазақстанда бес ­Конституция қабылданды. Алайда олардың бір де біріне түсініктеме жазылған жоқ». Демек, өткен өтті, ал Тәуелсіздік тұғырына берік қонған, әлем таныған Мәңгілік елдің мәңгілік арманының кешегісі мен бүгінгісін, болашағын айқын сипаттап, алға нұрлы жол сілтейтін Ата Заңға ғылыми-түсініктеме жазудың орны мүлдем бөлек. Және өте қажет. Мақсат қойылды, орындалды, орыс тілінде жазылған үлкен құжат қазақ тіліне аударылды, 1999 жылы «Жеті жарғы» баспасынан жарық көрді. Үстімнен үлкен жүк түскеніне, аудармашы ретінде мен де академиктен кем қуанғаным жоқ.

***

Уақыт өтіп жатыр. Қоғам кемелденуде. Тұрмыс жақсаруда. Академикті көрмегеніме бес-алты жылдай уақыт болған-ды. Бір күні «Егемен Қазақстан» газетінің 2004 жылғы 2 маусымдағы нөмірінен белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, заң ғылымының докторы Қ.Мәмидің «Бабалардан қалған жауһар жәдігер» атты мақаласын оқып, Ғайрекеңнің ғалымдық тағы бір қырына ерекше сүйсіндім. «Ғайрат Сапарғалиевтің жан-себіл еңбегінің арқасында Қазақ елінің елдік мүддесіне қызмет көрсеткен заңнамалардың ғұмыры бес ғасырға ұзарғанына куә болдық. Бұл – елімізде құқықтық жазбаша заң ережелері ерте дәуірде-ақ қалыптасқанын, өзге іргелі елдердің зерттеуші ғалымдарына іркілмей дәлелдеп беретін, әрі бұлтартпайтын құнды дерек» дейді автор. Қ.Мәми айтқандай, ол орта ғасыр дәуірінде бүкіл Дешті Қыпшақ мемлекетіне және оның құрамына кірген өзге де үлкенді-кішілі ұлыстардың құқықтық заң жарғысына айналған, толық атауы: «Армян Төре бітігінің қыпшақ-поляк версиясы және армян-қыпшақ іс жүргізу кодексі» атты жазба мұра туралы бұдан жиырма бес жыл бұрын естіп-білісімен, оны терең зерттеуге ынтызар болды. Бірақ қоғамдағы белгілі себептермен, бұл ойын жүзеге асыра алмады. Тек тәуелсіздіктің таңы атысымен қазақ тілінің нағыз жанашыры, филология ғылымының докторы А.Гаркавецпен қоян-қолтық араласып, айтулы еңбекті орыс және қазақ тілдеріне аударды. Ұзақ уақыт құқықтық сараптау мен ғылыми зерттеуден соң, бұл құнды мұраны жарыққа шығарды. Аталған еңбегіне жазған алғысөзінде Ғ.Сапарғалиевтің: «...Көлем жағынан аса зор, армян әліппесімен 1519–1689 жыл­дарда жазылған Төрелер жинағын, Іс жүргізу кодексін, кәсіптік және қоғамдық ұйымдардың жарғыларын, діни және азаматтық өзін-өзі басқару актілерін қамтитын бір топ қыпшақша заңи ескерткіштерінің маңызы ерекше құнды» деген бағасын Қ.Мами: «Бұл құнды жәдігер бүгінде халқымыздың көзайымына айналып, ұлт мерейін өсіруде. Қазақ елінің сот тарихына жаңаша ғылыми көзқарас тудырып, дәстүрлі құқық нормаларын одан сайын кемелдендіруге зор үлес қосуда» деп, одан әрі жетілдіре талдап, өзге елде қыпшақ тілі мәртебесінің неге ерекше болғаны жөнінде ой толғайды.

Жалпы ұлттық құндылықтар, ұлттық код туралы қазір жүректен сағыныш сазымен бірге сыртқа ақтарыла ашық айтылып жатқан қасиетті ұғымдар, ешқашан Алаш зиялыларының бойынан тыс болмаған. Олар сонымен өмір сүріп, сол жолда табанды күрескені ақтаңдақтарды ашқан тарихи құжаттардан айқындала түсуде. Ғ.Сапарғалиевтің «Төре бітігі» – сол азаматтық ұстанымның біраз жылғы қиналыстан соң, тәуелсіздік пәрменімен дүниеге келген ұлағатты еңбек. Осы арада мынадай ой келеді. Басқасы басқа, кемеңгер қаламгер М.Әуезовтің Ұлттық Ғылым академиясы аясында арнайы құрылым құрып, ұлттық шежіремізді түгендеуді көздеген мұратты мақсатын орындай алмай кеткені, заңғар заңгер С.Зимановтың дәстүрлі ұлттық әдет-ғұрып нормаларын сарыла зерттеп, бірақ айналымға қоса алмай, тек Тәуелсіздіктен кейін ғана, сол асыл мұрасын ұлт игілігіне айналдырғаны, яғни телегей-теңіз ұлттық мұраны бір бағдарламаға жинақтап, сол бағдарламаға басшылық еткені, сөйтіп, «Қазақтың ата заңдары» атты он томдық ұлан-асыр академиялық еңбектің жарық көруіне ұйтқы болғаны, сөз жоқ, соның айқын көрінісі. Және мұндай мысал аз да емес.

Әрине, жоғарыда аталған еңбектің салмағы алабөтен, алайда ізденістің үлкен-кішісі болмайды. Бұл да бір ойдан-қырдан жиналып, бүтіндік пен бір­ліктің туын көтерген күні кешегі ата-бабаларымыздың ұлы жасағы сияқты, Ата Заңымыз – ­Конституциямыз тамырын тереңнен, әдет-ғұрып нормаларынан тартып, бүгінгі өркениетті қағидаларды ұлы болашаққа бағдар еткен заңи алып бәйтерекке айналып еді-ау! Міне, ­академик Ғ.Сапарғалиевтің осы жолдағы өзіндік ізденісімен дүниеге келген «Төре бітігі», осындай ізденістің нышанындай тағы бір ғылыми ойтоғысты есіме салып отыр. 1996 жылы ізденімпаз журналистердің бірі, марқұм Г.Исаева баспаға қызықты ұсыныспен келді. Қолында – әзірге айналымға қосылмаған, ХIV ғасырда таңбаланған хан Жарлықтарының мәтіні. Әрине, мұндай аса құнды жәдігер қолға түсе бермейді. Оның үстіне ежелгі жәдігердің қазіргі тілдік нұсқаға дұрыс түсірілуі мен олардың ғылыми құндылығына баға беретін ғылыми орта қажет. Олардың түсініктемесіне сүйенбей, қанша құнды болса да жәдігерді жариялай алмайтынымыз тағы түсінікті. Тұйықтан шығудың жолын іздедік. Г.Исаева ондай адамды біледі екен. Және үлкен ғалым, Қазақстан Ғылым академиясының көне ұйғыр тілі бөлімінің меңгерушісі, филология ғылымының докторы Арсен Ибатов. Алматы қаласының сыртында тұрады, Г.Исаева ғалыммен осы тақырыпта сұхбаттасуды ұсынды. А.Ибатов келісімін берді. Сөйтіп, ғалыммен сұхбат, оның хан Жарлықтары мен бітіктеріне қысқаша анықтамасымен қоса Әділет министрлігі Хабаршысының 1996 жылғы 2, 3, 4, 5-нөмірлерінде жарық көрді. Сонымен бірге Тоқтамыстың бірінші Жарлығы, Тоқтамыс ханның екінші Жарлығы, Темір-Құтлұғтың Жарлығы, Ибраһим ханның Жарлығы, Сахип Герей ханның Жарлығы, Ұлық Мұхаммед ханның Жарлығы, Меңлі Герей ханның бірінші бітігі, Меңлі Герей ханның екінші бітігі, Меңлі Герей ханның үшінші бітігі мәтіндері А.Ибатовтың қазіргі қазақ тіліне тәржімелеуімен жарияланды. Түсініктемеде ғалым былай дейді: «Тірі нәрсені бейнелеуге мұсылман діні бойынша тыйым салынғандықтан, бұл елдерде (Шығыс елдерін айтып отыр – С.Б.) жазу өнерін дамыту арқылы бейнелеу дәстүрі ерекше гүлденді. Тіпті каллиграфияны «білімнің жартысы» деген де теңеу бар. Жазу мәдениеті Дешті-Қыпшақ заманында ерекше дамыды ... «Жарлық» сөзі тек түркі тілдеріне ғана тарап қойған жоқ, сонымен қатар ол ­Алтын Орда дәуірлеп тұрған кезінде орыс тіліне де, араб, парсы, армян тілдеріне де жайылған... ғалым А.С.Деминнің тұжырымдауынша, орыстардың мемлекет құжатын жазу дәстүрін Алтын Орда хандарының Жарлықтары мен Бітіктерінен алуының басты себебі, бұл жұмыстың басқа мемлекеттерге қарағанда жолға жақсы қойылғандығынан деп атап көрсетті». Көне жәдігердің құндылығын сезетін­біз, бірақ оның одан әрі зерттелуіне мүмкіндігіміз болмады. «Жеті жарғы» баспасы бас редакторының орынбасары, әрі жаңағы Әділет министрлігі Хабаршысының жауапты шығарушысы едім, ғылыми ортадан қызығушылық байқалмады, Г.Исаева: «Сыртқы істер министрлігі сұратып алдырды, әзірге нақты пікір айтылған жоқ» деп жүретін. Бір-екі жылдан кейін Парламент Мәжілісі Аппаратына ауысып кеттім де, жәдігердің кейінгі тағдырынан хабарсыз қалдым. Академик Ғ.Сапарғалиевтің жоғарыда аталған, еліміздің заңнамасы тарихын зерделеуге арналған іргелі еңбегі жайлы сөз болғанда, көне ұйғыр тілінің білгірі, филология ғылымының докторы А.Ибатовтың мәтіндерін қазіргі қазақ тіліне аударып, ғылыми түсініктемесін жазған Алтын Орда заманындағы хан Жарлықтары мен Бітіктері есіме түсіп, заңгер-академиктің ата-баба­ларымыздың жауһар жәдігерлеріне ширек ғасыр бойғы ғашықтық сырына тағы да тәнті болдым. Ғылым да осындай Азаматтардың ұлан-ғайыр еңбегі арқасында дамиды-ау деп ойладым. Заңнама тарихын бес ғасырға ұзарту үшін қаншама білім, білік керек, қаншама күш-қайрат, ізденіс, табандылық керек. Осының бәрі Ғайрекеңнің бойынан табылғанын, пәнилік өмірінде өлшеусіз игі іс тындырғанын кейінгі ұрпақ білуі тиіс, Абай айтқандай ,«сүйсінер ұлың болса сүйсінгенге» не жетсін!

Сырым БАҚТЫГЕРЕЙҰЛЫ

3628 рет

көрсетілді

6

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы