• Тарих
  • 14 Сәуір, 2022

ЖАЗЫҚСЫЗ ЖАПА ШЕККЕН МАНГЕЛДИН

Академик Мәмбет Қойгелдиев тарих ғылымына «эмиссарлар институты» деген ұғым енгізді. Орталықтағы бұл институттан Қазақстанды басқаруға келген Филипп Исаевич Голощекиннің есімі баршамызға мәлім. Әр саланы басқару арқылы қазақ елін «пролетарлық рухқа» мойынсұнтуға жіберілген басқалары, қатары мол болғанмен, айтыла бермейді. Солардың құдіретті тобы мемлекеттік саяси басқарманың біздің республикамыздағы тармақтарын дүрілдетіп тұрды. Өз беттерінше емес, бас эмиссар  ­Голощекинмен бірге, соның нұсқау-тапсырмаларына сәйкес екпінді еңбек етті. 
1931 жылғы 2 қаңтарда Ташкенттің Совет көшесіндегі 25-үйде тұратын Ханифа Мангелдина Алматыға – «ҚазАССР ХКК Төрағасы Исаев жолдасқа», көшірмесін «ОГПУ-дің Қазақстандағы Толық өкілетті өкіліне» – өтініш хат жолдады. ­Хатында Ханифа Алдабекқызы «1930 жылғы 25 қыркүйекте Шымкент ГПУ-і тұтқынға» алғаннан соң жарты айдан кейін Алматыға әкетілген әкесі Мангелдин Алдабектің осы уақытқа дейін саяси басқарма абақтысында қамауда отырғанын хабарлай келе, оның өмірдерегінен маңызды фактілерді келтіре отырып, қазақ үкіметінің басшысы мен республикадағы бас чекистен «тергеуді тезірек аяқтауға жарлық етсе, мүмкін болса, дімкәс қартты тұтқыннан босатса» деген тілек айтады. 

Предсовнарком Исаев өтініш иесі Ханифа Мангелдинаның хатына соққан бұрыштамасында Мемлекеттік саяси басқарманың Қазақстандағы Толық өкілетті өкілінен хаттағы өтінішке сәйкес «анықтама беруді, егер Үштіктің шешімі шығарылған болса – қандай екенін айтуды» сұрапты. Республика СНК (ХКК) хатшылығының нұсқаушысы Глухов бұрыштама түсірілген хатты жөнелтпе жазбамен 1931 жылғы 25 қаңтарда «ОГПУ ПП (Толық өкілетті өкілі) Даниловский жолдасқа» жолдайды. Жөнелтпеге 1931 жылғы 23 ақпанда, айға жуық уақыт ішінде (тиісті жауапты қызметкерлер әлдеқандай қорытындыға келіскен болуға керек), қолы ажыратылмаған бір бастықтың: «Попов жолдасқа. Исаев жолдастың жеке өзіне хабарлаңыз» деген нұсқауы түсіріліпті. Хат ІІМ архивінде сақтаулы № 2370 істің 4-томында 419- парақ боп тігулі тұр. Тек бұл нұсқаудың қалай орындалғаны жайында іске ешқандай ақпарат тіркелмеген сияқты, яғни Мангелдинаның өтінішіне бұрыштама түсіріп сауалдар қойған үкіметбасына чекистер тарапынан қандай жауап қайтарылғаны белгісіз. Тергеу жалғасуда деген болуы ықтимал. Бұл жорамал ғана, ал анығы – ПП ОГПУ Қазақ Халкомкеңес төрағасы жолдаған сауалдан тоғыз айдан астам, предсовнаркомның тікелей жеке өзіне хабарлау жөнінде нұсқау берілгеннен сегіз айдай уақыт өткен соң ғана, дәлірек айтқанда 1931 жылғы 29 қазанда Мангелдин Алдабектің үстінен қозғалған іс басқалардың да (барлығы 18 адам) істерімен бірге, «сотқа беруге жеткілікті дерек болмағандықтан», тоқтатылатыны жайында қаулы алды.

Сонымен, жазықсыздан-жазықсыз бір жыл бір айдан астам уақыт Қазақстандағы Біріккен Мемлекеттік саяси басқарманың Толық өкілетті Өкілдігі (Полномочное представительство ОГПУ) абақтысында отырған Алдабек Мангелдин кім еді? Ол жайында «Алаш қозғалысы» атты құжаттар мен материалдар жинағының 2004 және 2005 жылдары жарық көрген алғашқы екі томында біраз мағлұмат бар. Соларда берілген деректерге қарағанда, Мангелдин уақытында қазақ ұлт-азаттық қозғалысына қатысқан зиялылардың бірі. 1917 жылғы Ақпан революциясынан кейін айрықша жанданған қоғамдық-саяси жұмыстарға белсенді түрде араласқан. Қызметімен жұртшылыққа танымал һәм ел ішінде елеулі беделге ие болғанының белгісі сол, Алдабек Мангелдіұлы 21-26 шілдеде Орынборда өткен 1-Жалпықазақ съезінде Бүкілресейлік Құрылтайшы жиналыс депутаттығына Самарқан облысынан сайланады деп лайықталған. 1-съездің артынша, 2–5 тамызда Ташкентте болған Сырдария, Ферғана, Жетісу және Самарқан облыстарындағы қазақтардың өкілдері қатысқан Түркістан өлкелік қазақ съезінде съезд төралқасы төрағасының орынбасары болып сайланған. Съезде болашақ Бүкілресейлік Құрылтайшы жиналысқа Сырдария облысынан кандидат болып жабық дауыспен бекітілген. Осы облыс өкілдерінің (барлығы 15 адам) «Бірлік туы» газетінде (1917 ж., № 6) жарияланған тізімінде 11-рет санымен аты-жөні жазулы тұр, ал Құрылтайшы жиналысқа кандидат ретінде белгіленген тұлғалардың есімдеріне берілген түсініктемеде «қызметі – нотариус» деп көрсетілген. Сондай-ақ аталмыш газеттің 1918 жылғы №21 санында оның 1917 жылғы «15 декабрьде Ташкентте болатын крестьян сиезіне» Сұлтанбек Қожановпен бірге делегат боп сайланғаны айтылған.

Республика үкіметінің басшысы Ораз Исаевқа жолдаған хатында Ханифа Алдабекқызы әкесі Алдабек Мангелдіұлы Октябрь ревоюциясының алғашқы күндерінен бастап cовет аппаратында қызмет істей бастағанын айтыпты. 1918 жылы Ташкент совдепі (жұмысшы, шаруа, солдат депутаттарының кеңесі) оны халық судьясы етіп сайлаған екен. Осы қызметінде жылдан аса жұмыс істеп, Түркістан Азық-түлік халкоматына (Түркнаркомпродқа) қызметке ауысқан. Сонда біраз еңбек еткен соң Шымкенттен 15 шақырым қашықтыққа орналасқан ауылына қайтқан көрінеді.

Өтініш хатында Мангелдина: «Ауылға оралысымен менің әкем кедейлер арасында қоғамдық жұмыс жүргізе бастаған. Оның қазақ тұрғындары ішіндегі қоғамдық жұмысы қызметкерлердің кең тобына (Ерназаров, Сарымолдаев, Жанайдар Сәдуақасов жолдастарға және басқаларға) белгілі» деп жазады. Ел ішінде Алдабек Мангелдиннің «бастамасымен және тікелей қадағалауымен бірнеше ауылдың қол күші жұмылдырылып, төрт кластық мектепке лайықталған еуропалық типтегі ғимарат салынды. Осы еңбегі үшін ауылдың кедей жұрты өкімет орындарының рұқсатымен мектепке: «Алдабек Мангелдин атындағы мектеп» деп оның есімін берді» деген хабар айтады. Содан соң: «Біздің ауылда жұрт жүздеген жылдар бойы суармалы суға қол жеткізе алмай келген болатын» дейді. Өйт­кені патшалық кезінде Су округі арық қазуға «ауыл қаладан біршама биікте жат­қандықтан» қарсы боп келген көрінеді. «Міне осы жағдайда менің әкем Шымкент өкімет орындарының рұқсатымен осы мә­селені өмірге енгізуді қолға алды» деп хабар­лайды хатында Ханифа Мангелдина одан әрі.

Алдабек Мангелдіұлының ұйымдас­тыруымен және тікелей бақылауымен ауыл адамдары өз күшімен он шақырымдық арық қазып алыпты. «Ауыл халқы Су округінің санкциясымен осы арыққа «Алдабек-арық» деген ат берді» деп жазады Ханифа Алдабекқызы республикадағы үкіметбасы мен бас чекиске жолдаған хатында. Ханифаның әкесі мұнысымен шектелмей, арықты одан әрі созып, Сайрам елдімекенінің тұрғындарына да жеткізген көрінеді. Хаттағы осыған байланысты жазылған хабарға қарағанда, Мангелдиннің қоғамдық еңбегін ерекше бағалаған өзбек жұртшылығы да ауылындағы қожалықтарына су жеткізуді мүмкін еткен ирригациялық құрылысты «Алдабек-арық» деп атап кеткен екен.

«Менің әкем ауылда тұрып агрономия мәселелерімен де шұғылданды. Халық арасында мақта өндірісімен шұғылдануға, ағаш егуге, бау-бақша егіп, баптап өсіруге үгіт жүргізді. Өкімет өкілдерімен бірге көптеген советтік науқандарға қатысты, тұрғындарға науқандардың мәнін ашып түсіндіруден шаршаған жоқ» делінген хатта содан кейін. Шынында да, ­Алдабек Мангелдин аймақ халқына түрлі көмек көрсетуден ешқашан бастартпаған көрінеді. Ол өзінің негізгі мамандығына сәйкес халыққа ұдайы заңгерлік тұрғыда да жәрдем беріп тұрған сияқты. Бұлай дейтініміз – Мемлекеттік саяси басқарма өкілдігі 30-жылдары «қазақ ұлтшылдары» үстінен жүргізген №2370 істе сақталған тергеу материалына қарағанда, Мангелдин ауылшаруашылық серіктестіктерінің заңнамалық тұрғыда дұрыс ұйымдасуына атсалысып отырған. 1931 жылғы 7 қыркүйектегі қосымша тергеу кезінде ол «1928 жылғы жазда бұрынғы Сырдария округіндегі Меркі ауылынан Жылысбаев қол қойған жеделхат» алғанын хабарлайды (№ 06610-іс, 1-т., 667-п.). Ол жеделхатта өзінің «Меркіден Астраханға бара жатқанын» айтып, мінген «пойызы Шымкент стансасы арқылы өтер сәтте» алдынан шығып, бір «мәселе бойынша сөйлесу үшін пойызға кеп тұруын» Мангелдиннен өтінген көрінеді.

Мақсұт Жылысбаев – белгілі совет қызметкері. Кезінде, бірінші орыс революциясынан кейін, Тұрар Рысқұлов, Қабылбек Сарымолдаев үшеуі Меркі орыс-тузем мектебінде, оны бітіргеннен соң Пішпектегі бағбандық техникумда да бірге оқыған, Ақпан революциясынан кейін үшеуі де Меркіде «Бұқара» атты жастардың революциялық одағын құрудың бел ортасында жүрген болатын. Совет өкіметі орнағаннан кейін Мақсұт жастық шақтағы жолдастарымен бірге Түркістан Республикасында белсенді еңбек еткен-тін. Байырғы қайраткер Алдабекті өзінің 1921–1922 жылдары Сырдария облыстық жер бөлімін басқарып жүрген шағынан, бәлкім одан да ертерек кезден жақсы танитын шығар деген ой келеді. Түрік республикадағы қызметімен жиған беделіне сәйкес, Жылысбаев Орталық партия комитетінің тапсырмасымен екі жылдай Астрахан облысында істеп, жер-су реформасын жүргізуге атсалысқан қайраткер. Шамасы, сондай ретпен іссаапарға кетіп бара жатқанында Алдабекті кездесуге шақырған болса керек.

«Жылысбаев айтқан күні мен ұлымды ертіп вокзалға, пойызға бардым» деп көрсетті Алдабек Мангелдин. Кездескен соң Мақсұт Жылысбаев оған өз ауылының отыз азаматына заңгерлік тұрғыда нақты «малшаруашылық жарғысын бекітіп» алуы­на көмек беруін өтінген екен. «Жылыс­баевтың сөзіне қарағанда, – дейді Мангелдин, – оның туысқандарының осы отыз шаруашылығы бір артелге бірігуге, сөйтіп шаруашылықты ұжымдық негізде жүргізуге шешім қабылдапты». Ол, Жылысбаевтың ұсынысына сәйкес, осы мал өсіру артелінің жарғысын жасап, бірігіп жатқан шаруашылықтардың қарауына ұсынуға тиіс болатын. ­Содан соң олардан өкілетті уәкіл болуға сенімхат алып, жарғыны тиісті органдарда тіркету және бекіту жұмыстарын жүргізуге міндеттенбек-тін. Мақсұтпен осылай келісілсе де, Алдабектің тергеушіге берген жауабына қарағанда, іс аяқсыз қалған боп шықты. Жиналыс болатын күн сотта қорғаушылық жұмыс атқаратын уақытына сай келіп қалғандықтан, Алдабек Меркіге өзі бара алмай қалған екен. Сол кезде үйіне Ташкенттен қонаққа келіп жатқан ұлы Ескендір (Искандер) оның орнына Меркіге барып, әкесі беріп жіберген мал шаруашылығында ұйымдастырылатын артельдер жарғысының типтік жобасымен таныстырған көрінеді. Оны мақұлдаған жағдайда, Ауылсовет төрағасының қаты­суымен өткен жиналыс Ескендірдің әкесіне – Алдабек Мангелдинге – тиісті өкілеттілік беретін құжатты салып жіберуге тиіс болатын. «Бірақ ондай құжат маған со беті жеткен жоқ: не рәсімдегілері келмей қалды, не бұл істі басқа адамға тапсырды – дәл білмедім» деп көрсетті тұтқын. Өз басы со беті Меркіге барған емес. Ал бұл істі қолға алуға келісім бергені: «мал бағушы артельдерге бірігіп жатқан көшпенді халықты ынталандыру жөніндегі заң сол кезде күшінде-тұғын».

Мемлекеттік саяси басқарма тергеу­шілері Мәскеуде 1930 жылы үкім шыға­­рылған «Ахмет Байтұрсынов, ­Мір­жақып Дулатов, Жүсіпбек А­ймауытов, Дінмұхамед Әділов және басқалар (барлығы 44 адам) ісінің» артынша «бұрын «Алаш-Орда» құрамында және ұлтшылдық контрреволюциялық ұйымда және онымен байланыста болған ұлтшыларды» тергеуге алған-тын. Бұл әсіре белсенділік, сөз жоқ, Ресей Коммунистік партиясы Қазақ өлкелік комитетінің басшысы, 1925 жылы республикадағы билікке келіп, мәскеулік орталықпен келісілген саясат жүргізе бастаған Филипп Голощекиннің саяси тапсырысынан туған. Ресми №2370 іс, Қазақстанның он жылдығына арналған үлкен жиында Ф.Голощекин жария еткен танымал атаумен айтқанда, – «Мұхамеджан Тынышбаев бастаған ұлтшылдар ісі» деп аталды.

Осы саяси тапсырысты орындау барысында құпия полиция күллі патшалық дәуірде және монархия тарих сахнасынан кеткен кезеңде ұлттық қозғалысқа қатысушыларды түгелге жуық күдіктілер қатарына жатқызған-тын. Сондықтан да олардың совет кезеңіндегі істерінен «қылмыс» іздеген. «Қылмыс» – күдікке іліктіріл­гендердің «ұлтшылдық» әрекет­тері. Қазақ еліне күшпен таңылған жүйе қызметшілерінің, іс жүзінде ұлтсыздық туын желбіретушілердің көзімен қара­ғанда, «ұлтшылдық» дегеніміз – қазақ қайраткерлерінің жергілікті ұлт мүд­десіне қызмет етуге тырысушылығы. Репрес­сия­ның алғашқы толқынында ұсталған Алаш қайраткерлерінің бірі: советтік билік орындарында істейтіндерді екіге бөліп қарайтынын мойындаған-тын. Бірін – езіліп келген, әлі де оңды жетістікке қолы жете алмай жүрген жұрт пайдасына бірдеңе істей алатындар және екіншісін – халыққа түк пайдасы жоқ жәй ғана чиновниктер деп бөлетінін айтқан. Ал құпия полиция үшін осы екінші топ – «жәй ғана чиновниктер» – өкі­метке пайдалы, ал алғашқылары – «қазақ пайдасына бірдеңе істей алатындар» – ұлт­шылдар деп есептелді. Сондықтан да көзі ашық, көкірегі ояу азаматтарды тергеуге алды.

«Менің әкемнің «Алаш-Орда» және «Қоқан Үкіметі» іспетті ұлтшылдық ұйымдарда ешқашан және ешқандай да қатысы болған жоқ, мұны буржуазиялық ұлтшыл мырзалардың өздері-ақ растап бере алады» деп жазыпты Мангелдина. Алайда құпия полиция тергеушілері Ханифаның әкесінің аталған «ұлтшылдық ұйымдарда» болған-болмағанын тексеріп бас қатырған жоқ, оларға Алдабек Мангелдиннің совет өкіметіне дейінгі кезеңде өлкедегі белгілі адамдар қатарында болғаны толығымен жеткілікті еді.

1917 жылғы 2-5 тамызда Ташкент қаласында Түркістан өлкелік қазақ съезі болып өткен-тін. «Түркістан аймағы қазақ­тарының жалпы жиналысы» деп аталып, күн тәртібіне маңызды 18 мәселе қойған осы съезге Сырдария, Ферғана, Жетісу және Самарқан облыс­тарында тұратын көптеген қазақтар, олардың ішінен 84 өкіл делегат құқымен қатысқан. Осы съезде доғарыстағы генерал Сейітжафар ­Асфендияров жиналыстың құрметті төрағасы, Уақытша үкіметтің Түркістан комитетінің мүшесі Мұхамеджан ­Тынышбаев – жиналыс төрағасы, Алдабек Мангелдин мен Ибрагим Қасымов оның орынбасарлары, Қоңырқожа Қожықов, Серікбай Ақаев, Әзімхан Кенесарин, Садық Өтегенов – съезд төралқасының мүшелері, Зұлқарнайын Сейдалин, Шәймерден Қапсәләмов пен Сұлтанбек Қожанов – хатшылары болған. Өлке жұртшылығы алдында беделі зор, мәртебесі биік осы азаматтармен және солардың өзге де серіктерімен өлкеком басшысының бағытына сәйкес түрлі тергеу-тексеру амалдары жүргізілгеніне күмән жоқ.

Нәтижесінде 1930 жылғы 12 қазанда ОГПУ-дің Шымкент тобындағы Айрықша бөлім бастығының көмекшісі ­Михайлов «Мангелдин Алдабекті, Қадырбаев Қалмұхамедті, Кенесарин Әзімханды және Өтегенов Садықты айыптау жөніндегі №567 тергеу ісін қарап», қолда бар материалды айыпталушылармен бірге ОГПУ-дің Қазақстан бойынша Толық өкілетті өкілдігінің қарамағына жіберуге қаулы етті. Қаулыны ОГПУ-дің Шымкент оперативтік тобы бастығының міндеттерін уақытша атқарушы Бурдаков бекітті. Сол күні Біріккен мемлекеттік саяси басқарманың (ОГПУ-дің) Сырдария округтік бөлімі жасақтаған арнайы конвой «Айрықша Бөлім желісі бойынша рәсімделген тұтқын­дарды» Алматыға алып кетті.

Осы төртеу қатарындағы Қадырбаев Қалмұхамед аталған өлкелік жиналыстың басшы органдарына сайланбағанмен, белсенді қатысушысы болғаны күмәнсіз. Үлкен тарихшы-ғалым, академик Кеңес Нұрпейісовтың зерттеулеріне қарағанда, ол кезінде Міржақып Дулатовтың әйгілі «Оян, қазақ» кітабын Жетісу аумағында таратуға атсалысып, ұлтшыл ретінде патшалық полицияның бақылауына алынған көрінеді. Енді советтік құпия полиция да сол жолмен жүрген-ді, патшалықтың қысымына наразылығынан «ұлтшыл» атанғандарды голощекиндік «сана-сезімді қырнап бір қалыпқа түсіру» ұранына қарсыларды да ұлтшыл деп білген.

Саяси тапсырысты орындау ­барысында Мемлекеттік саяси басқарма тергеушілері құдды «ұлтшылдарды қолдан жасап-сомдау фабрикасы» тәрізді болды. Қырына алғандарының «ұлтшылдығына» дәлел іздеу барысында белгілі «қылмыскерлермен» ­байланысын да шұқшия сұрастырды. Мәселен, ­Шымкенттен әкелінген тұтқын Мангелдин де сондай мақсатпен тергелді. Сақталған тергеу хаттамаларының біріне (1931 ж., 7 қыркүйек) қарағанда, ол: ­«Дулатовты 1923 жылы Ташкентте көрдім, – деп жауап берді, – бірақ онымен таныс емеспін. 1928 жылы мен оны көрген емеспін, оның қайда болғанын да білмеймін», – деп нақтылады. Тағы бір тіміскіленген сұраққа орай: «Ақбаев Жақыпты өмірімде екі-ақ рет көрдім», – деді. Тергеушіні қанағаттандыру үшін қашан көргенін де еске түсірді. Бірінші рет «1910 әлде, 1911 жыл Ходжентте» кездесіпті. Жақып онда өзінің туысын көруге барған екен, сол шақта ол Алдабектікінде де болыпты. Екінші мәрте 1929 жылы Шымкентте көрген екен. Қыста келіпті. Үйінде екі күн қонса керек. «Әдеттегі жәйттерді ғана сөз еттік, әңгімемізде саясат тақырыбы қозғалған жоқ», – деді ол. Тергеушінің тәтпіштеген сұрағына байланысты айтқан болар, «егер біреу-міреу менімен Ақбаев екеуіміздің арамызда саяси мәселелер жайында сөз болды, соның ішінде ­Англия жайында сөйлескен деген болса, мен мұндайды үзілді-кесілді кері қағамын, өйткені бұл өтірік. Ешқашан, ешбір қазақ қызметкерінің, әсіресе Ақбаевтың алдында иілген емеспін, олардың ешқайсысын өзіме үлгі еткен емеспін. Осы айтқандарымнан басқа қосарым жоқ», – деген сөздері хаттамаға түсіпті (667-п.).

«1930 жылы Ташкентте мен анамнан айрылдым, – дейді Ханифа, – оны автомобиль қағып кетіп, қайтыс болды. Енді менің жасы алпыстан асып кеткен жалғыз ғана қарт әкем менен оқшауландырылып тұр». Республиканың биік лауазымды қызметкерлеріне жазған хатында осылай дей келе, үш айдан астам уақыт бойы түрмеде жазықсыз қамалып жатқан әкесінің тергеуін аяқтауға пәрмен берулерін, сөйтіп тұтқыннан тезірек босатуын сұраған-тын. Хат 1931 жылы 2 қаңтарда жазылған еді, сегіз айдан соң, сол жылғы 29 қазанда Мангелдиннің және басқалардың (барлығы 18 адамның) «қылмысы» құпия полиция тарапынан дәлелденбегендігі рәсімделді.

Бұған мынаны қосқан жөн. Осылармен бірге тергеліп, қылмысы толық дәлелденді деп саналған «­Тынышбаев бастаған ұлтшылар» тобының 2370-шы ісі Мәскеуге ОГПУ Алқасының қарауына жіберілген-тін.Алайда іс «дәлел жеткіліксіз, тұтқындар қосымша тергелсін немесе тұтқыннан босатылсын» деген ұйғарыммен кері қайтарылды. Сонда Орталық эмиссары, Қазақстанның іс жүзіндегі диктаторы (Ы.Мұстамбаев), партия ұйымының басшысы Филипп Голощекин істі қайта қарауға да, ұстал­ған­дарды босатуға да қарсы болды. Мұндай әрекетке бару «Қазөлкекомның беделін түсіреді» деген желеумен қилы амал қолданып, республикадағы ОГПУ өкілдігі үштігінің қаулысымен олардың 15-ін 1932 жылы ­Воронежге жер аудартты...

Бейбіт ҚОЙШЫБАЕВ,

жазушы, тарих ғылымының

кандидаты, Репрессия құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік

комиссия мүшесі

2934 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *

ANA TILI №10

10 Наурыз, 2022

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Қали Сәрсенбай

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы