• Тарих
  • 14 Сәуір, 2022

«ҚАРА КЕМПІР» ТҰРҒАН ҮЙ МУЗЕЙГЕ АЙНАЛСА...

«Таудан құлаған тұста қып-қызыл шоқтай болып Қызылсай көрінді. Оның үстін ала орналасқан Сұлубет шоқысы әсемдігімен жанарыңды арбайды. Көз тартар арба табиғаттың құшағынан босанып, ауыл ішіне енгенбіз. Сол  Жақсылық ақынның толғауындағы қырат-қырат, белес-белес, ойқы-шұйқы Қызылсай. Осы ойдың жетегінде тұрып, ішінде нығыздап шөп жинаған, терезелерін ағашпен қиғаштап тартып, шегелеп тастаған, сылағының бәрі мүжіліп, құлауға айналған тоқалтамды көргенде, тұла бойым елжіріп кетті. Бұл үйде бір кездері қазір жалпақ жұртқа әйгілі болып кеткен, «Қара кемпір» ән-толғауының кейіпкері ғұмыр кешкен. Әрі-бері өткен жұрт осынау бар сырын ішіне түйіп, бүк түсіп жатқан жатаған үйге еш селт етпей қарап өтетіндей. Ал менің көз алдыма аз уақыттың ішінде халық сүйіспеншілігіне бөленген шығарма кейіпкері елестеді». Бұл осыдан отыз жылдан астам уақыт бұрын жазылған Президенттік сыйлықтың лауреаттары сериясымен жарық көрген жазушы Қали Сәрсенбайдың «Өнер-өмір» кітабының «Қайыспас қара кемпірлер» атты мақаласынан үзінді.

Әңгіме әнші, композитор Алтынбек Қоразбаевтың атақты «Қара кемпір» әніндегі Қали ана туралы болып отыр. Қали аға Сәрсенбай бұл сапарында Алтынбек Қоразбаев туып өскен Қызылсайға  барып, «қара кемпірдің» көзін көрген бүкіл ауылдастарын жинап, соғысқа лағнет атқан кейіпкер туралы сыр әңгіме қозғайды. Міне, содан бері қаншама уақыт өтсе де, Қызылсай ауылы, «Қара кемпір» әні  ұмытылған жоқ. Ұмытылмайды да. Алтынбек Қоразбаев осы әні арқылы соғысқа лағнет айтқан аналардың типтік образын жасады. Қаншама боздақтар қан майданнан оралмады. Батысқа қарап елеңдеп, қаншама ана өз баласын, соғыстан қайтқан солдаттарды күтті.

Сағындым Жексенқұлым, Қосшықұлым,

Өзекті жарып шыққан қос шыбығым.

Қырық жыл аңыраған сорлы ананның,

Зарына құлағынды тосшы бүгін.

Алтынбек Қоразбаевтың мұңды, азалы әні санада мәңгілік жаңғырып тұра береді. Қос құлыншағы Жексенқұл, Қосшықұлды майданға аттандырып, өлгенше «келіп қалар» деген үмітпен күткен қара кемпірдің тағдыры шын мәнінде жан ауыртарлық. Адам баласының басына бермесін, «екі ұлың соғыс даласында ерлікпен қаза тапты» деп естірткенде жынданып кеткен ана «өлді» ­деген сөзге сенген жоқ. Батысқа қарап қолын көлегейлеп, қырға шықты. Жексенқұл, Қосшықұлға деп, 10-15 қойын бақты. Үміті үзілмеген қара кемпірдің Қызылсайдың әр тасында, әр сайында ізі, күбірлеген үні қалды жаңғырып. Екі бөлмелі кішкентай саманнан салынған үй – бүгін тарих. Ертең де сұм соғыстың азалы үні ретінде ұмытылмайды. Ал композитор Алтынбек Қоразбаев «Қара кемпір» әні арқылы боздағын күткен ананың типтік образын жасады. Кейіпкерге арналған ән дүниеге келді, қара кемпірге ескерткіш орнатты.

Ал бүгін үш ауылдың ортасындағы үлкен жолдың бойында тұрған қара кемпір, Қали анаға  неге қайта оралып отырмыз? Мәселенің мән жайын  Алтынбек ағаның өз аузынан естіген жөн шығар.

– Екінші дүниежүзілік соғыстан азап шекпеген халық жоқ. Біздің Қызылсай ауылынан да майданға адамдар кетті. Көбісі оралмады, Шейіт болды, мүгедек болып келгендері де  жетерлік. Менің әкем Челябі қаласында, еңбек майданында, Ресейдің шахтасында жұмыс істеді, ауыр жұмысқа жегілді.  Әкем «одан гөрі соғысқа барғаным жақсы еді» деп айтып отыратын. Ал қара кемпір, Қали ана қырғыздың қызы еді. Қазаққа тиді. Шалы ерте қайтыс болып кетті. Қос құлыншағы Жексенқұл мен Қосшығұлды  18-19 жасында майданға аттандырды. Күтті.  Арада бес-алты ай уақыт өткен соң, «қос ұлыңыз қаза тапты» деген қара қағаз келді. Оны естіген Қали әжеміз жынданып кеткен. Бірақ ешкімге зияны жоқ адам еді. Мен ол кісінің талай рет қойын бақтым. Бір аяғына пима, екінші аяғына галош киіп, 10-15 малын алдына салып, ауылдың сыртына кетіп қалатын. Ауыл азаматтары асар жасап, саманнан екі бөлмелі үй салып берді. Бір бөлмесінде ешкі-қойы, екінші бөлмесінде өзі ұйықтайтын. Көмір жоқ, ағаш жақты. Сексенге қараған шағында қартайып, қайтыс болды. Үйінде тамақ істемейді. Иманжүзді ауыл адамдары  таңертеңгі шайын, түскі, кешкі тамағын береді. «Жексенқұлым, Қосшығұлым келеді. Мынау – солардың малы» деп күбірлеп сөйлеп, өз-өзімен әуре болып жүретін. Қос ұлына арнап, жүн-жүннің арасына, киіздің астына ақша тыға берген. Облигациялар, заимдар, оның бәрі кейін ешкімге керек болмай қалды ғой. Тіпті бірде ауыл сыртына тікұшақ қонғанда, «барып сұраңдаршы, менің қос ұлымды көрді ме екен?» деген көрінеді. Кемпірдің сырын білетін жұрт: «Иә, балаларыңызды көріпті. Олар аспанда ұшып жүр екен» деп ұшқыштардың хабарын қара кемпірге жеткізген. «Айттым ғой, Жексенқұл мен Қосшығұлым тірі. Олар әлі келеді». Бұл  Қызылсайдың бүкіл жұртына  мәлім оқиға. Қали әжеміздің тағдыры ешқашан менің есімнен шыққан емес, – дейді композитор Алтынбек Қоразбаев.

Сарыла күткен үміттің жетегінде жүріп, өмірден өткен Қали ананың аяулы кейпі Алтынбек ағаның әні арқылы бүкіл қазаққа танылды. Ән әуеледі. Көңілге шермен болып қатқан ананың зары мұқым қазақты тебірентті. Көзіне жас алдырды.

Бұл ән Жеңістің 40 жылдығы қарсаңында шықты. Алғашқы 9 шумақ өлеңін Алтекеңнің өзі жазды. Ары қарай ақын Жақсылық Сәтібековтың поэмасы жарық көрді. Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында композитор ­Алтынбек Қоразбаевтың «Қара кемпір» толғауының желісі бойынша фильм түсірілді. Авторы – Нұрлан Соңғыбайұлы, режиссері – Бақыт Найзабеков екенін айта кетейік.

– Шәмші ағаның «Ақ маңдайлым», «Ақ сұңқарым» әнің шыққанда шапкімді қуанғаннан аспанға екі рет лақтырдым», – дегені бар. Ал «Қара кемпір» әні де менің атақ-даңқымды аспандатты. Абыройымды асырды. Өйткені Қали әжеміздің тағдыры тек Қызылсайға ғана емес, бүкіл қазақ ауылына тән. Сондықтан мұндай оқиғаны ән қылып, тебіренбей айту мүмкін емес, – дейді Алтынбек Қоразбаев.

Қали ананың  сақтап қойған ақшалары

«Қара кемпір» әні шыққаннан кейін 1992 жылдың басында Айдапкелов деген идеология комитетінің белсендісі екі-үш рет келіп, «Қали апаның үйін жөндейміз, ескерткіш қоямыз, басына құлпытас қоямыз» деп уәдені үйіп-төгіп кетеді. Екі-үш жыл өтеді. Бірі де орындалмайды. Қайта Айдапкелов өсіп, облысқа қызметке кетті. «Қара кемпір» тақырыбын қайтадан мәселе етіп көтерген жазушы Қали Сәрсенбай сол кездегі «Лениншіл жас» газетіне «Ұмытшақ ұрпағымды кешіре гөр» деп мақала жазды.

– Айдапкеловтің әрекеті менің намысыма тиді. Ақыры болмаған соң, «Қара кемпір» ескерткішіне байқау жарияладым. Оған көптеген суретші, мүсіншілер қатысты. Байқауды Болат ­Досжанов жеңіп алды. Алғашында батысқа қарап, қолын көлегейлеп, ұлын күтіп тұрған ананың бейнесін бергім келген. Бірақ ондай сурет Кеңес одағында бар екен. Болат Досжанов таяғына сүйенген ананың бейнесін қолайлы көрді. 1994 жылы бүкіл қаражатымды ескерткішке құйдым. ­Болат Досжанов құрылысшыларын әкеп, үш айда өздері салды. Ақшасы төленді. Ауданның сол кездегі әкімі Өмен Қырғызбаев барлығын қолға алды, ағаш отырғызды. Қасына үш тонналық тас алып келді. Тасқа ойып, бір шумақ өлең жаздым.

Қараймын Батыс жаққа келе ме деп,

Анасын кәріп болған көре ме деп,

Сұраймын өткеннен де, кеткеннен де,

Хабарын қос қозымның бере ме деп?

Бұл өлеңді алдымен Фариза Оңғарсыноваға көрсетіп алдым. «Ақын екенсің ғой, өзгертпе, осы қалпында қала берсін» деді. Енді ескерткіштің тұрған жері керемет, айналасы белес, қырат, көл. Апамның өзі қойын бағып жүрген жері ғой. Бұл ескерткіш қазір Меркі ауданының символы болып тұр. Мені тарихта қалдыратын да осы «Қара кемпір» ескерткіші деп білемін, – дейді композитор Алтынбек Қоразбаев.

Қашан да кіндік қаны тамған туған ауылынан ажырамаған Алтынбек Қоразбаев жақында тағы да Қызылсайға барып қайтты. Өмірінің соңына дейін ерсіз өмір сүріп, қос ұлынан айрылып, перзентсіз ғұмыр кешкен қара кемпір-Қали ананың тағдыры композиторды тағы ойлантты.

– «Қазақта «шаңырағың ортасына түссін» деген жаман сөз бар. Ауылға барғанымда, Қали апамның үйінің жарамсыз күйде қалғанын көрдім. Төбесі опырылып ортасына түскен. Бұл соғысқа лағнет айтып, арман сағынышпен өмірден өткен ананың, қара кемпірдің үйі ғой, – дейді композитор.

«Қара кемпір» әнімен бүкіл қазақ даласын толқытқан Алтынбек Қоразбаев жарамсыз қалған үйдің сыртын қаптап, сол күйінде қалдырып, жанынан үлкен музей салынса деген пікірін жеткізді бізге. Өйткені қара кемпір тұрған үйдің жері үлкен, көлемі 25 сотықтай. Айналасы да көкорай шалғын. Музей салуға орын жетерлік. Жанына ескерткіштің көшірмесін де әкеп қоюға болады.

Соғысқа лағнет айтқан ананың зарын жас ұрпақ сезініп өсуі тиіс. Бұл бір. Екіншіден, музей салынар болса, оған қояр экспонаттар жетерлік. Алтынбек Қоразбаевтың айтуы ­бойынша, елордада тұратын суретші – зергер Берік Әлібаев өз қорынан 100 көне жәдігерді беруге уәде етіп отыр.

Шын мәнінде, бұл жақсы ұсыныс, мықты идея. Мұның барлығы келешек ұрпақ үшін ­керек. Тек бір нәрсе, Жамбыл ­облысына жаңадан әкім болып келген Нұржан Нұржігітов мырза мұндай өміршең ­идеяны жерде қалдырмайды деп сенеміз.

Өйткені соғыстың жарасы әлі жазылған жоқ. Ал қара кемпір тұрған тоқал там неге опырылып, шаңырағы ортасына түсуі тиіс? Біз өткен тарихты неге ұмытуымыз керек? Қызылсай. Қали ана. Қара кемпір. Ескерткіш. Бұл – сол ауылдың символы. Ақиқаты, Қызылсай Қалидай аналардың арқасында ауыл болған.

...Өйткені қара кем­пірде балаға деген махаббат, арман сағыныш, өлмес үміт ­жатыр.

6541 рет

көрсетілді

374

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы