• Тіл
  • 14 Сәуір, 2022

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ БІЛУ – МІНДЕТ

Мемлекеттің жер аумағы, халқы, басқару аппараты, билік органдары, әскері, салық жүйесі және төл ақшасы болады. Мемлекеттік тіл – осының барлығына кигізілетін мантия іспетті. Яғни мемлекеттің жер аумағы, халқы, басқару аппараты, билік органдары, әскері, салық жүйесі, ақшасы – барлығы тұтастай мемлекеттік тілді өз бойына сіңіруі керек. Елтаңбаны, Әнұранды, Туды, мемлекеттік шекараны бекіту – қандай да бір халықтың мемлекеттілікті қалыптастырғанының белгісі болса, мемлекеттік тілді нығайту да осындай үрдістердің қисынды жалғасы.

Бүгінгі күнде, мемлекеттік тілді жариялаудың негізгі мақсатына қол жеткізу үшін ҚР Конституциясы 7-бабының 1-тармағына міндетті бір «толықтыру» енгізу қажет. Бұл мемлекеттік тілді бүкіл Қазақстан азаматтарының жаппай игеруіне өте қажет фактор болатынын ерекше атап өткім келеді. Конституцияның 7-бабының 1-тармағында: «Қазақ­стан Республикасындағы мем­лекеттік тіл – қазақ тілі» деген сөйлемнің қисынды жалғасы: «...оны оқып үйрену – әрбір азаматтың парызы және міндеті» деген толық­тыру енгізуіміз қажет.

Ал неге осы толықтыру енгізілуге тиіс екенін, мынадай жеті себеппен тарқатып айтып берейін.

1-себеп. Конституцияның ­7-ба­бы­ның 1-тармағында тәжірибеде (логикалық тұрғыда жазылғалы тұрған ойды оқырман қауымға жеткізу кезінде) қолда­нылатын «Сөйлем жазылған кезде міндетті түрде жазылмай қалмауға тиіс негізгі ойды аяғына дейін жазып жеткізу» ережесі бұзылып тұр. Қазақ тілі мемлекеттік тіл болып жарияланса да іс жүзінде толық күшіне ене алмай жүргені де, дәл осы логи­калық ереже­нің бұзылуынан. Конс­титуцияның 7-бабының 1-тармағында айтылғалы тұрған ой – басы бар да, аяғы жоқ. Сол үшін «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл – қазақ тілі» деген сөйлемді толықтыратын және оны толықтыруға заңды түрде сұранып тұрған: «оны оқып үйрену әр бір азаматтың парызы және міндеті» деген сөйлемді жазып енгізуіміз керек. Осы заңды әрі қисынды сөйлемнің жалғасы Қазақстан Республикасындағы Тілдер туралы 1997 жылғы 11-і шiлдедегі №151 Заңының 4-бабының 3-абзацында тұр: «Қазақстан халқын топтастырудың аса маңызды факторы мем­лекеттiк тiлдi меңгеру – Қазақстан Рес­публикасының әрбiр азаматының парызы». Мұны ешкім де ойлап тапқан жоқ. Әлемдік тәжірибеде мықтап қалыптасқан бұл логикалық заңдылық, 1995 жылдың 30 тамызында қабылданған ҚР Конституциясының жобасын даярлау кезінде міндетті түрде жазылуға тиіс болған негізгі ойдың соңы желінуі арқылы бұзылып тұр.

Мемлекеттік тілді үйрену парызы мен салықтарды төлеу міндеті екеуінің орнын ойша ауыстырып көрелік. 1995 жылы Конституцияны қабылдаған кезде, 35-ші бапта: «Қазақстан Республикасының бюджеті салықтардан қалыптасады» деп «жариялап» қана қойдық деп елестетейік, арада екі жыл өткеннен кейін барып, «Мемлекеттік бюджет салықтардан қалыптасады» деп жариялап қана қойыптық, ал оны төлеуді азаматтарға міндеттеуді ұмытып кеткен екенбіз, міне, сол себепті де азаматтар салық төлемей жатыр екен! Ендеше, ендігі жерде салық төлеуді азаматтарға міндеттеуіміз керек» деп түсініп, артынан барып 1997 жылы (ҚР Тілдер туралы заңының шыққан уақыты) салалық заң шығару арқылы азаматтарға салықты төлеу «парызын» жүктейді екенбіз. Мұны қисынсыз десеңіз, мемлекеттік тілге қатысты сөйлемнің логикалық жалғасы жазылмауы да қисынсыз ­болып шықпақ. 

2-себеп. Кез келген адам ­ҚР Конс­титуциясы 7-бабының 1-тармағында жазылған сөйлемді оқу арқылы ол сөйлемнің астары: «мемлекеттік тілді үйрену әрбір азаматтың міндеті» деген ойды ап-анық меңзеп айтып тұрғанын, бірақ ол ойдың жазылмай кеткенін түсініп-ақ тұр. Бірақ, өкінішке қарай, мемлекеттік тілді үйренгісі келмей жүрген азаматтар оны түсінсе де, еш нәрсені түсінбегендей кейіп танытады. Конституцияның 7-бабының 1-тармағында астарлы сөйлемнің жазылғаны рас. Ал біле білсек, ҚР Конс­титуциясына астарлы немесе екіұшты, түсініксіз сөйлемдер жазуға болмайды. Себебі Конституция – басты кейіпкерді (жазылуы тиіс болған негізгі ойды) оқырманнан жасырып қоятын әдеби немесе детективті жанрдағы құжат емес, ол нормативтік құқықтық акт.

Ол барлық нормативтік құқықтық актілердің қайнар көзі. Конституцияны атамағанда, иерархиялық тұрғыда одан төмен тұрған ешбір нормативтік актіге екіұшты немесе астарлы сөздер жазуға болмайды. Барлығы да нақты, айқын, түсінікті етіліп жазылуға тиіс. Нормативтік құқықтық актідегі құқық нормасының әрбір үтір, нүктесі мен әрпінің маңызды құқықтық салдары болатынын бәріміз жақсы білеміз.

3-себеп. Конституцияның 7-бабының 1-тармағына «мемлекеттік тілді оқып үйрену әрбір азаматтың міндеті» деген толықтыруды енгізбеу ҚР Тілдер туралы заңының 4-бабында жазылған норманы іс жүзінде қолдануға кедергі жасайды. Тілдер туралы заңның 4-бабында: «Қазақстан халқын топтастырудың аса маңызды факторы болып табылатын мемлекеттік тілді меңгеру – ҚР әрбір азаматының парызы» деп көрсетілген. Демек, аталмыш заң бойынша ҚР-ның азаматтарына – мемлекеттік тілді үйрену «парызы» жүктеліп отыр. Дегенмен... Қазақстан Республикасының кез келген заңдары арқылы ҚР азаматтарына жүктелген міндеттер, борыш пен парыздардың ешбірі де аспаннан алынбаған. Олардың барлығы да Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделген және ­содан ғана бастау алады. Ал азаматтарға ­Конституцияда бекітілмеген міндеттер мен борыштарды және парыздарды жүктеу – құқыққа қайшы. Мемлекет өз азаматтарына тек Конституцияда бекітіп кеткен міндеттерді және ­борыштар мен парыздарды ғана жүктей алады. Бұл қатып қалған аксиома. Ал азаматтарға конституцияда көрсетілмеген міндеттер мен борыштарды және парыздарды жүктеу – Конституцияға қарама-қайшы, сәйкесінше мұндай міндеттер мен борыштарды және парыздарды «Конституциялық емес» деп тануға әкеп соқтырады.

Сонымен ҚР Тілдер туралы заңы­ның 4-бабының 3-абзацы арқылы Қазақстанның әрбір азаматына жүктелген парыз Конституцияның қай бабына негізделген? ҚР Конституциясында бас аяғы түгел небәрі 98 бап бар. Бірақ оның ешбір бабында мемлекеттік тілді үйрену – азаматтың борышы немесе парызы деп атап көрсетілмеген. Конституцияға көз жүгіртіп шықсақ, «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл – қазақ тілі» деп қана жазылған. Ал бұл өз кезегінде азаматтарға қандай құқық беріп, не міндет жүктейтіні еш жерде жазылмаған, тек 7-баптың 1-тар­ма­ғының астарында жатқан ой болмаса.

4-себеп. Міндеттер мен борыш­тардың, сондай-ақ парыздардың  қандай да бір нақты нормативтік құ­қықтық акті арқылы бекітіліп қол­да­нысқа енгізу мәселесін анықтау кезінде, шешуші критерий ескерілмеген.

Сіз бен біздің міндеттеріміз, борыштарымыз бен парыздарымыз бар. Олар: салық төлеу міндеті, ­Отанды қорғау ­борышы, мемлекеттік тілді үйрену ­парызы, сатып алынған затқа ақша төлеу міндеті, келтірілген зиянның орнын толтыру міндеті, жол ақысын төлеу міндеті, ішкен тамағымыздың ақысын төлеу міндеті, алған қарызды қайтару міндеті, пәтер ақысын төлеу міндеті, қоршаған ортаны, табиғи және тарихи құндылықтарды қорғау міндеті, т.б. тізіп жаза берсек сөйтіп кете береді. Бұлардың түгелге жуығы бізге тікелей немесе жанама қатысы болғандықтан, күнделікті өмірде, алдымызда туындап жататын міндеттер мен парыздар және борыштар болып саналады. Олардың барлығын Конституцияда тізіп көрсету мүмкін емес және ең бастысы ол дұрыс емес. Сол себепті «мемлекеттік тілді үйрену міндетінің Конституцияда жазылмай қалуында барып тұрған ешқандай да қателік жоқ» деп есептейтін адамдар да табылар. Иә, міндеттердің бәрін Конституцияда жазып көрсету мүмкін емес. Бірақ міндеттер мен парыздардың/борыштардың барлығы құқықтық тұрғыда, ішкі құрылымы және олардың пайда болуы мен тоқтатылуы негіздері бойынша бірдей емес. Міне, осыған көңіл аударылуы керек. Міндеттер мен парыздардың кейбір түрі Заңда, ал басқалары міндетті түрде Конституцияда көрініс табуының өзіндік қисынды заңдылығы бар. Яғни:

а) Адамның Конституцияда жазылатын құқықтары мен міндеттері «азаматтық», яғни «азамат» критерийімен тығыз байланысты.

«Азаматтық» – адам мен мемлекеттің арасындағы тұрақты саяси-құқықтық байланыс. Ол саяси-құқықтық байланыс, мемлекет пен адам арасындағы өзара құқықтар мен міндеттерден және парыздар бен борыштардан тұрады. Ал осы құқықтар мен міндеттердің жиынтығы қайда шоғырланған дейсіз ғой? Әрине, Конституцияда!

Конституцияны қабылдау кезінде, иә болмаса қандай да бір мемлекеттің азаматтығын жаңадан алар кезде, адам сол мемлекеттің азаматы ретінде болашақта өзінде жүктелетін құқықтар мен міндеттерге саналы түрде алдын ала келісімін (өз еркін) білдіреді.

б) Ал енді адамның басқа құқықтары мен міндеттеріне тоқталсақ. Мысал ретінде Қазақстанда өмір сүретін кез келген бір кісіні алайық. Ең біріншіден, ол (1) адам, одан кейін ол ҚР-ның (2) азаматы, мамандығы бойынша (3) бухгалтер, жеке көлігін басқаратын (4) жүргізуші, белгілі бір партияның (5) мүшесі, отбасында (6) отағасы/отанасы, үйінің жанындағы дүкеннің күнделікті (7) тұтынушысы т.с.с. Осы аталған адам: – «азамат», «бухгалтер», «жүргізуші», «партия мүшесі», «отағасы/отанасы», «тұтынушы» мәртебесінде неше түрлі құқықтық қарым-қатынас орнатады. Сәйкесінше осы жағдайға байланысты ол адамның неше түрлі құқықтары мен міндеттері пайда болады. Олар: өмір сүру құқығы, сайлау және сайлану құқығы, салық төлеу ­борышы мен міндеті, отанды қорғау ­парызы мен міндеті, бухгалтерлік есептерді жүргізу міндеті, атқарылған жұмысы үшін жалақы алу құқығы, жол ережесін сақтау міндеті, МАИ қызметкерінің талабын орындау міндеті, партияға мүшелік жарна төлеу міндеті, партияда дауыс беру құқығы, оның басшы органдарына сайлану және басқаларды сайлау құқығы, партия жарғысының талаптарын сақтау міндеті, отағасы ретінде отбасының алдындағы құқықтары мен міндеттері, дүкеннен алған заттары үшін ақшасын төлеу міндеті және алғалы тұрған заттың сапалы болуын талап ету құқығы т с.с.

Адамның «қандай да бір мемле­кеттің азаматы ретіндегі» құқықтары мен міндеттері – Конституцияда;

Адамның «жүргізуші» ретіндегі құқықтары мен міндеттері – жол жүру ережесінде;

Адамның «жұмысшы» ретіндегі құқықтары мен міндеттері – Еңбек кодексінде;

Адамның қызметтерді, тауарларды «тұтынушы» ретіндегі құқықтары мен міндеттері – Азаматтық кодексте;

Адамның «отбасы мүшесі» ретіндегі құқықтары мен міндеттері – отбасылық кодексте қарастырылған.

Яғни адамға «азамат» мәртебесіндегі құқықтар мен міндеттер тек конституция арқылы жүктеледі. Содан кейін барып тиісті заңдар қабылдану арқылы олар жүзеге асырылады. Сол себепті де, ҚР азаматтарына Тіл туралы заң арқылы жүктелген парызын алдымен Конституцияның 7-бабының 1-тармағында бекіту керек.

Конституция – ең жоғары заңдық күші бар нормативтік-құқықтық акт. Ол мемлекеттің құрылымы мен оның басқару жүйесін айқындап қана қоймайды, ­сонымен қатар мемлекет пен оның азаматы арасындағы саяси-құқықтық қарым-қатынасты да бекітіп көрсетеді. Әлбетте, олардың құқықтары мен міндеттері ең алдымен осы Конституцияда жазылуы керек.

5-себеп. Парыз бен борыш түбінде міндет жүктейді. Мемлекеттік тілді үйрену мәселесі ҚР азаматы үшін ширек ғасыр бойы (1997 жылғы Тіл туралы заңның негізінде) парыз болып есептеліп келді, ендігі уақытта оны ҚР азаматының міндеті қатарына өткізу қажет.

Мемлекеттік тілді азаматтарға 1997 жылы Тілдер туралы заң бойынша парыз жүктеу арқылы үйрету сол уақыттың заман талабы болды. Бүгінгі уақытта мемлекеттік тілді үйрену мәселесі ҚР азаматының парызы ғана емес, сонымен қатар міндеті болып саналатын уақыт та келіп жетті.

Себебі «міндет жүктеу» мемлекеттің азаматтарды өз еркінен тыс қандай да бір әрекетті жасатуы үшін қолданатын құралы. Конституцияның кейбір баптарында ­«борыштан» кейін «міндет» жазылған. ­Мысалы: Конституцияның 35-бабына сәйкес, салық төлеу – бірінші кезекте азаматтың борышы, содан кейін ғана ­барып оның міндеті. Ал Конституцияның 36-бабында Отанды қорғау азаматтың перзенттік борышы, қасиетті парызы деп көрсетілген, одан кейін осы әрекеттердің орындалуын міндеттеп қойған.

Мемлекеттік тілді білу парыз болған 1997 жылдан  және қазақ тілі алғаш рет мемлекеттік тіл болып жарияланған 1989 жылдан бері арада отыз жылдан аса уақыт өтті. Бүгінгі Қазақстан азаматтары мемлекеттік тілді білу міндет екенін саналы түрде түсінетін жағдайға жетті. Дегенмен ҚР азаматтарының көп­шілігі ешкім тіл білуді міндеттеп отырмаған соң, мемлекеттік тілді үйренуді қажет қылмай жүр. Осы себепті ҚР Консти­туциясы 7-бабының 1-тармағына азаматтардың мемлекеттік тілді үйрену міндеті енгізілуі керек.

6-себеп. Мемлекеттік тілді үйрену ­парызы, азаматтардың Отанды қорғау парызы мен салықты төлеу борышына қызыға да, қызғана да қараймын. Себебі олардың өзара айырмашылығы жер мен көктей, мүлдем салыстыруға келмейді.

Ұмытпасақ, Қазақстан Республика­сындағы Тілдер туралы заңына сәйкес «мемлекеттік тілді үйрену әрбір азаматтың парызы» деп көрсетілген. Одан бөлек азаматтардың заңды түрде белгіленген салықтарды төлеу борышы мен Отанды қорғау парызы да бар. Иә, мұның бәрі Қазақстан Республикасы азаматының мемлекет алдындағы борышы мен парызы. Бірақ олардың үлкен айырмашылығы бар. Олар Қазақстан Республикасының «Құқықтық актілер туралы» 2016 жылғы 6 сәуірдегі № 480-V ҚРЗ заңына сәйкес және тағы басқа белгілер бойынша анықталады:

1-айырмашылық: Конституцияның мәртебесі заңға қарағанда әлдеқайда жоғары. Сәйкесінше, ҚР Тілдер туралы заңындағы «мемлекеттік тілді үйрену парызының» мәртебесі, ҚР Конституциясы арқылы бекітілген салық төлеу борышы мен Отанды қорғау борышына/парызына қарағанда теория жүзінде де және іс жүзінде де төмен тұр.

 2-айырмашылық: Мемлекеттік тілді үйрену парызы мен басқа борыштардың «жүзеге асырылуын қамтамасыз ету құралдары» өзгеше. Салықты бәрі төлейді, ал төлеуден жалтарған немесе төлемеген азаматтарға кінәсіне қарай әкімшілік жауапкершіліктен бастап қылмыстық жауапкершілікке дейін тартады. Яғни бұл жерде «салықты төлеу борышының жүзеге асырылуын қамтамасыз ету құралы» – азаматтарды түрлі жауапкершіктерге тарту механизмі тұр. Отан қорғау парызына келсек, көкірегі ояу азаматтар майданға өздері сұранса, қалғандары жаппай міндетті жұмылдырылудың арқасында майданға алынады. Соғыс уақытында бұл қасиетті борышты орындаудан жалтарған адамдар қылмыстық жауапкершілікке тартылып, «соғыс жағдайы» ережесіне сәйкес ауыз жазаға тартылады. Яғни бұл жерде де азаматтың өз борышын орындауын қамтамасыз ету құралы ретінде қатаң жауапкершілік тұр.

Ал мемлекеттік тілді үйрену пары­зының жүзеге асырылуын қамта­масыз ету құралы қандай? Мүмкін таңда­нарсыздар, мүмкін таңданбассыздар. Қазақстан азаматтарына мемелекеттік тілді үйрену парызын орындамағандығы үшін ешқандай жауапкершілік көзделмеген. ҚР «Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы» кодексінде тілге қатысты бір-ақ қана бап бар, ол – 75-бап. (Ол бап жалпы тілге қатысты, мемлекеттік тілге емес). Ол бапта, мемлекеттік тілді үйрену парызын орындамағаны үшін емес, «Лауазымды адамның тiл бiлмеуін уәж етіп жеке және заңды тұлғалардың құжаттарын, өтініштерін қабылдаудан бас тартуы, сондай-ақ оларды мәнi ­бойынша қара­мауы және жеке тұлғалардың тiл таңдау құқықтарын шектеу, тiлдік белгілері ­бойынша кемсiту» үшін ғана жауапкершілік қарастырылған. Мемлекеттік тілді үйрену парызының орындалмағаны үшін еш­қандай да жауапкершілік жоқ екенін түсін­ген азаматтар, тіл үйренуге селқос қарайды.

«Мемлекеттік тілді үйренбеген азаматтарды шетінен әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілікке тартамыз ба, ол әділетсіздік емес пе?»  дейтіндерге алдын ала берер жауабым:

Мемлекеттік тілді үйрену парызының маңызы салықты төлеу борышы мен Отанды қорғау парызынан артық болмаса, кем емес деп есептеймін. Салықты төлеу борышы мемлекеттік бюджетті қалыптастырады. Сөйтіп, бүкіл бір мемлекеттік аппараттың толыққанды жұмыс істеуін қаржылай қамтамасыз етеді. Ал Отанды қорғау ­парызы мен міндеті, ­Отанды сырт жау­лардан қорғауды қамтамасыз етеді, ол түсінікті. Ал мемлекеттік тілді үйрену ­парызы – Қазақстан халықтарының бірлігін сақтауды және оларды топтастыруды, сол арқылы ұлтаралық келісімге қол жеткізуді, әрі тілі мемлекеттік мәртебесіне ие болған ұлттың өзін де, тілін де жаһандану барысында жер бетінен жойылып кетуден сақтауды қамтамасыз етеді.

Қазір ҚР азаматтарының «жаңа құқық бұзушылықтың төрт құрамы» толық қалыптасып бітті. Енді мемлекет тарапынан оны заң жүзінде қоғамдық қауіптілік дәрежесіне қарай не әкімшілік немесе қылмыстық «құқық бұзушылық» деп танып, тиісті кодекске енгізу ғана қалды.

Жаңа құқық бұзушылықтың төрт құрамы келесідей:

Субъектісі – ҚР азаматтары.

Объектісі – Қазақстан халықтары­нының бірлігін сақтау мен оларды топтастыру аясындағы мемлекеттік басқару саясаты.

Субъективтік жағы – кінәлілігі, ол қасақана немесе абайсыздықтың «немқұрайдылық» нысанымен де жүзеге асырыла береді.

Объективтік жағы – әрекетсіздік, ­мем­лекеттік тілді үйренуге құлық ­танытпау.

Иә, дәл қазір жаппай жауапқа тарту әділетсіздік болар. Бірақ кез келген нәрсенің өз шегі бар. Адамның өмірі мен уақыты да шектеулі. Тіптен «Судың да сұрауы бар» демей ме қазақ халқы. Сондықтан ҚР азаматтарына мемлекеттік тілді үйренуіне қайткенде де шекті мерзім қойылуы керек. Ағылшын тілін, иероглифті күрделі корей тілі мен қытай тілін университеттерде не бәрі 4-5 жылда үйреніп жатқанда, мемлекеттік тілді үйренбеу оған құрмет танытпау емес пе?

Қазақстанда мемлекеттік тілді мін­детті түрде білу талабы үш мемлекеттік қызметкерге (саяси қызметкер) қойылған. ҚР Конституциясы 41-бабының 2-тармағы және 58-бабының 1-тармағына сәйкес ҚР Президенті және ҚР Парламенті палаталарының төрағалары мемлекеттік тілді жетік білуі қажет. Мемлекеттік тілді жетік білмейтін үміткерлер сәйкесінше бұл үш қызмет орнынан үміт артпай-ақ қойса да болады.

Қазақстан Республикасында басқа ұлттар тілінің дамуына және оның қолданылуына барлық мүмкіндіктер жасалған, әрі олардың іс жүзінде жүзеге асырылып жатқанына бәріміз куәміз. Оған дәлел Қазақстан Республикасы Президентінің 2011 жылғы 29 маусымдағы №110 Жарлығымен бекітілген «Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011–2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» және 1997 жылғы 11 шiлдедегі №151 «Қазақстан Республикасындағы Тiлдер туралы» Заңы. Сол себепті мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асыру аясында, басқа ұлттардың тіліне қысым жасалуда деп айту еш қисынға келмейді.

Бірақ ана тіліңді білу өз ұлтыңның «перзенті» ретіндегі парызың, ал мем­лекеттік тілді білу өз мемлекетіңнің «азаматы» ретіндегі міндетің екенін ұмытпауымыз керек және ең бастысы бұл екі ұғымды шатастырмаған жөн. Ана тіліңді білмесең, өз ұлтыңның алдындағы парызыңды орындамағандығың, ал мемлекеттік тілді білмесең мемлекет алдындағы міндетіңді орындамағандығың. Сондықтан Қазақстанда үш тілділік саясаты мынадай жаңа форматта жүргені дұрыс.

1 кезекте – ұлтыңның адал перзенті ретінде өзіңнің Ана тіліңді білуге міндеттісің.

2 кезекте – өз мемлекетіңнің азаматы ретінде ҚР-ның мемлекеттік тілін білуге міндеттісің.

3 кезекте – заман талабына сай білікті маман болу үшін қалаған тіліңді біл, оған ешкім шектеу қоймайды.

Мемлекет ҚР азаматтарына түсіністік пен жанашырлық танытып, мемлекеттік тілді және Қазақстан халқының тiлдерiн оқып-үйрену мен дамыту үшiн барлық жағдайды жасады. Жер-жерлерде мемлекеттік тілді тегін үйрету ­курстары, әрбір мемлекеттік органдар мен мекемелерде мемлекеттік тілді дамыту орталықтары ашылды. Мектепте бастауыш сыныптардан бастап қазақ тілі оқытылады. ҚР Конституциясының 19-бабы, 2-тармағына сәйкес, әркiмнiң ана тiлi мен төл мәдениетiн пайдалануға, қарым-қатынас, тәрбие, оқу және шығармашылық тiлiн еркiн таңдап алуға құқығы бар. Енді тағы да қандай жағдай жасалу керек?

7-себеп. Мемлекеттік тілді үйренбеген немесе оны үйренгісі келмей жүрген азаматтарға қатысты қоғамда қалыптасқан көзқарастың бұрыстығы. Қазір әлдекімнен «мемлекеттік тілді неге білмейсің?» деп сұрасаң, өзің бәлеге қала жаздайсың. «Мемлекеттік тілді білуге міндетті ме едім?» дегендей бетіңе бажырая қарап тұр­ғаны. Сондықтан Конституцияның 14-ба­бының 2-тармағын басшылыққа алып ҚР барлық азаматы мемлекеттік тілді үйренуге «міндетті» деп, Конституцияның 7-ба­бы­ның 1-тармағына бекітіп көрсетуіміз керек.

Айбар МӘЛІКҰЛЫ,

халықаралық құқық магистрі

3617 рет

көрсетілді

3

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы