• Тұлға
  • 21 Сәуір, 2022

СИРЕКТЕР САНАТЫНАН ЕДІ, СЕЙІТҚҰЛ!

Өз басым республикалық «Лениншіл жас» пен Сарыағаш аудандық «Қызыл ту» газеттерінде жұмыстанған бес жылдан бөлек, елу үш жыл ғұмырым «Мәдениет және тұрмыс» («Парасат») журналында өткендіктен, осы күндерде сол ұжымда бір жүріп, бір тұрған, ыстық-суықты бірге өткерген – жасы үлкені, кішісі бар – әріптестерді үлкен сағыныш, шынайы құрметпен еске алатыным заңды құбылыс деп санаймын. Қазір зейнетке шыққаныма жиырма төрт жыл. Оның  жиырма бір жылы «Мәдениет және тұрмыс» («Парасат»), «Мәдениет» журналдарында қызмет етумен өтті.
Ал мен бұл жолы аруағына тағзым етіп, арнайы еске алып отырған әріптестің жөні мүлде бөлек-ті. Ол деген жан дүниесі мейлінше таза, қарапайымның қарапайымы, өзін қашанда сабырлы ұстайтын, санатқа ерте іліккен ­талантты қаламгер Сейітқұл Оспанов. 

Бейпіл ауыз өсек-аяңға жоқ, біреу-міреуге жамандық ойлау өң түгіл, түсіне кірмейтін іні достың болмыс-бітімі кім-кімге де үлгі болғандай ерекше еді. Бұрын аты-жөнін сырттай біліп, өзін танымайтын Сейітқұлмен ол өткен ғасырдағы 90-жылдардың басында «Парасат» журналына келген алғашқы күндерде-ақ сөзіміз жарасып, ағалы-інідей болғанымыз неге ұмытылсын? Бас редактор Смағұл Елубаевқа айта бермейтін сыр-мұңдарын менімен бөлісіп, жұмыстан кейін ұзақ көше кезіп, автобусқа шығарып салатын кездер неткен ыстық сәттер еді, шіркін.

Мен бас редактордың орынбасары боп істейтін журналға бөлім меңгерушісі боп қабылданған сен мұнда өзіңмен бірге соны леп, жайдарылық, адалдық, ынтымақ-бірлік ала келдің. Бұған дейін сені білмейтініме ептеп болса да өкпе-наз білдіру орнына, арамыз күн сайын жақындай түсті.

Әрине, сен ол шақта танымал жазушы болатынсың. Жұмыста қамшы салдырмай, неше алуан бастамалар көтеріп, тың тақырыптар тауып, шеберлік танытып жүрдің. Кейде менімен, кейде бас редактор Смағұлмен ақылдасып, ойлайтынымыз ортақ мүдде болатын. Қай редакцияда болмасын, міндетін мінсіз атқаратындар сиректеу екені құпия емес-ті. Сен сол сиректердің бірі едің.

Сейітқұл сиректер тобынан еді. Әлгінде айтқандай, ол тапқан тың дүниелердің бірі жылына он екі рет шығатын журналға әзірлейтін жұлдыз-жорамал болатын. Ол зодиактардың атауын дәл тауып тәржімалағаны (дер едік). Неге екенін қайдам, осы күндердегі басылымдарда жарияланатын жұлдыз-жорамалдардың бастаушысы Сейітқұл Оспанов боп көрінеді маған.

Бір жолы жұмыстан кейін, әдеттегідей, іргедегі паркте серуендеп жүргенде Сейітқұл өзіне тән жымиыспен, қызығушылық тұрғыдан көкейдегі әлдебір назының шетін шығарды. «Журналдың аты «Мәдениет және тұрмыс» кезінде жұмысқа тұрмақ боп, бас редакторға сөз салып едім, сіз қарсы бопсыз, рас па?» деп. «Рас» деп турасын айттым. «Сол шақта «Қазақфильм» киностудиясы шығаратын «Жаңа фильм» журналының бас редакторы Мыңбай Ілесов үстімізден қайта-қайта арыз жазатын Оспанов дегеннен әрең құтылдық деуші еді, сені сол деп ойлап едім» деп. Сейітқұл түсінді. «Бас редакторларыңыз ештеңе демесе де, өзім де солай шығар деуші едім, қателеспеген екенмін» деді. «Ол кезде болмаса, енді келдің, басқа Оспанов екенсің, оны да білдік» дедім. «Сіздікі дұрыс, мен де сөйткен болар едім» деп ағынан жарылды.

«Апырай, ә! – дедім оған есіме түсе кеткен бір жағдайды баяндап. – Қайсыбір жылы бас редакторға айтып, бір емес, екі жәутікті қызметке алып, көресіні солардан көріп ек. Екеуі бірігіп арыз жазып, есті шығарсын. Қазақ айтпай ма, біреуге ор қазба, өзің түсесің деп. Әлгілер сол кепті киді. Бірер жылда табандарын жалтыратты».

Сейітқұл ара-тұра жан бағарлық қызмет, жөні түзу пәтерге қолдары кештеу жетіп, соның салдарынан үйіндегі келін бір перзенттен кейін бала көтеруге мүмкіндік болмай келгенін жасырмай ауызға алатын да, ізінше «қазір пәтер жағы оңдалды, бұйырса, екінші перзент көретін күн жақын» дейтін. Түр-түсінен «мұны сізге ғана айтып тұрмын» дейтіні аңғарылатын.

Қайталады демеңіз, жұмыста қамшы салдырмайтын. Бірақ жалақы төмендіктен, қысқа жіптің күрмеуге келе бермейтіні айтпаса да белгілі-тін. Сейітқұл журналға келген соң, ұзамай ол жағы уақытша болса да реттелгендей болды. Уақытша дейтінім, «Парасат» журналының Смағұл Елубаевқа дейін екі жылдай жұмыс істеген бас редакторы әлдебір бөлім меңгерушісі қызметтен кеткенде, оның орнын бас редактордың орынбасары лауазымына айналдырып, бір әйелді қабылдады. Әлгінде айтқандай, Сейітқұл келген соң, екі-үш айдан кейін ол әйел декретке шығып, орны босайтын болды. Соны білген Сейітқұл менімен пікірлесті. «Сол лауазымды екі жыл атқарсам, заңға қайшы емес пе» деп. «Қайшы емес, тек маған айтқаныңды тісіңнен шығармай, Смағұлмен сөйлес. Шешетін сол. Мақұл десе, сол замат бұйрық шығады» дедім (құпиялап). Сейітқұл солай етті. Смағұл мені шақырып: «Сейітқұлды орынбасар етейік, бірақ жалақысын алады да, қызметі бұрынғыша бөлім меңгерушісі боп қала береді, қалай көресіз», – деді. «Жарайды» дедім де, сол сәтте шығарған бұйрыққа қол қойдырып, өткізетін жерге өткіздім. Сейітқұлдың тілегі орындалды. Ең бастысы, жалақысы көбейді. Сейітқұл риза, көңілді.

Жыл өткенде тағы бір ойын айтты: «Өзіңіз білесіз, нәрестелі болдық. Пәтер тәуір. Осы күнге дейін қонақ шақырып көрмеп едік. Енді сол олқылықты түзеп, Әбдіжәміл Нұрпейісовтен ­бастап, төрт-бес жерлес жазушының басын қоссам деймін. Ішінде Смағұл мен өзіңіз боласыз. Әлі ешкімге ештеңе деген жоқпын. Бірінші сізге айтып отырмын. Қалай қарайсыз?», – деп.

– Менің қалай қарағанымда тұрған не бар. Өзің солай ұйғарсаң, бітті, – деуден бөлек сөз түскен жоқ аузыма.

Сөйтіп, көктем күндерінің бірінде Сейітқұлдың құтхана-мешітінде бас қостық. Смағұл екеумізден өзгесі Қазалы мен Аралдың тумалары, Сейітқұлға жерлес Әбдіжәміл Нұрпейісов, Молдахмет Қаназов, Жақсылық Түменбаев, Смағұл екеуміз (тағы бір-екі азамат болған сияқты еді, есте жоқ).

Солайша, бұл отырыс Сейітқұлдың отбасында Әбдіжәміл Нұрпейісов бата беріп, әзіл-қалжың отын маздатқан, қалғандар өлең оқып, ән шырқап, Лұқпан хакім айтқандай, мың жасаған күн болды. Сол жолы Молдахмет Қаназов пен Жақсылық Түменбаевтың Сейітқұлға «Осы кезге дейін үй көрсетуге жарамап едің, енді келіп тұрамыз» дегендеріне шейін есте, құ­лақта. Сол күні Сейітқұл да бір жасады-ау, шамасы!

Жасауын жасағанмен, зулап өте шыққан екі жарым жылдай мерзімнің төбесі көрінер-көрінбесте Сейітқұлдан тағы да маза қашып, маған мұң шағуды жиілете бастады. Түпкі ойы түсінікті. Декретке кеткен орынбасар ұзамай оралады. Бұл Сейітқұлдың табысы азайып, тағы да бөлім меңгерушісіне тиесілі жалақыға таңылады деген сөз.

Сейітқұлдың бас ауруы осы. «Жалақы өз алдына, жұрт мені осы журнал бастығының орынбасары деп жүр емес пе, ол жағы да бар дегендей. Не істесем екен, айтыңызшы», – деп қиылады.

«Бөлім меңгерушісі боп істей тұр. Алда көре жатасың» дегенге көнбейтін ол емес. Смағұлды қайдам, Сейітқұлдың осы күндердегі ахуалы маған да батып, әркім-әркімге құлаққағыс етіп жүрдім. Солардың бірі – Сағат Әшімбаевтың «сәл күтсін, хабар өзімнен болады» дегені де дәтке қуат еді.

Енді бір күні Сейітқұл кабинетке кіріп келді де: «Баспасөз министрінің орынбасары Әміржан Қосановты білесіз бе? Қазалыдан екен. Қалай көресіз, соған барсам бола ма?» – десін сәл қобалжи сөйлеп.

– Неге болмайды, болады. Әуелі қабылдауына жазыл. Қашан шақыра­тындарын өздері айтады, – дедім.

– Солай ма? Онда сөйтейін. Мен жоқта іздейтіндерге не деуді білесіз ғой.

– Қам жеме.

 Арадан екі-үш күн өтер-өтпесте жайраң қаға кіріп келген Сейітқұлдың қуанышы қойнына сыймай, әрі толқып та тұрған сияқты. Министрдің орынбасары Әміржан Қосанов ертең жоқ, арғы күні қабылдайтын бопты.

Сейітқұлдың пайымынша, министр­дің орынбасары деген ірі лауазым.Не деп барады, сөзді неден бастайды, жұмыс сұрау ерсі емес пе, журналдан неге кетесің десе, не дейді, уайымы солар іспетті.

– Қосановты білуші ме ең?

– Жоқ. Біздің ауданнан екенін жақында естідім.

– Енді не керек?

– Қабылдауына барған дұрыс па?

– Әрине, дұрыс дедім емес пе?

– Жершілсің деп қуып шықпас па екен?

– Басқа болмаса да, мұны білемін, өйтпейді. Қаламаса, сыпайылап шығарып салады.

– Солай ма? Онда барайын, ә?!

– Әй, – дедім орнынан тұра бергенде.

– Иә, – деді бетіме қарап.

Ол кезде қолы жеткендерде дипломат (папка) болатын. Сейітқұлда да су жаңа біреуі бар.

– Ақыры барған соң, дипломатыңа бір шөлмек коньяк сала бар. Қосанов жақсы қарсы алып, көмектесетін ниет білдірсе, рақмет айт та, коньякты білдіртпей столының астына қойып, алды-артыңа қарамай тұра қаш, түсіндің бе?

– Түсіндім. Ұят емес пе?

– Айттым ғой, егер жылы қабақ танытып жатса деп.

– Болды, қашқан бойда өзіңізге келемін. Атаймыз.

Ертеңіне: «Бәрі дұрыс, айтқаныңыз орындалды. Қосанов көмектесетін болды. Екі-үш күнде хабар береді», – деп келді.

– Коньяк ше? Бердің бе? Алды ма?

– Бердім. Стол астына қоя салдым ғой. Ештеңе деген жоқ.

– Жараған! Енді күт. Смағұлға айттың ба?

– Жоқ. Кететін кезде бір-ақ айтпаймын ба?

– Ә, мейлі.

Әміржан Қосановқа бәрекелді! Сол жолы сөзінде тұрып, Сейітқұл Оспановқа көмек қолын созуға жарағаны үшін. Сейітқұл ұзамай ­Министрлер Советінің аударма бөліміне ауысты. Материалдық жағдайы жақсарып, қызметі өсті. Әуелі Құдай, онан соң Қосановқа ризалығын айтып жүрді. Мені де ұмытпай, екі күннің бірінде хабарласып тұрды. Астанаға ауысқан соң да Алматыға жолы түскенде міндетті түрде келіп, арқа-жарқа болатынбыз.

Әйгілі театр режиссері Асқар Тоқпанов: «Маскасыз екі адамды білемін, бірі Бауыржан Момышұлы, бірі мен» деуші еді. Бәлкім, солай шығар. Ал мен бі­ле­тін маскасыз бір адам болса, ол есеппен ғұмыр кешуді білмей өткен жазушы Сейітқұл Оспанов дер едім.

«Ет жақындарымның біразы қырық тоғызында опат болған. Менің арманым, біздің әулет үшін қатерлі жас – қырық тоғыздан аман өту» дегенді жиі айтатын.

Амал қанша, қырық тоғызында қайран азамат, айтулы жазушы Сейітқұл Оспановтың көрер жарық, татар дәм-тұзы таусылып, қапияда көз жұмды. Орны толмас өкініш, қасірет. Онан соңғы айтуға келмейтін өкініш – Сейітқұлдың қазасы жайлы кеш естіп, жер арасының шалғайлығы өзге де себептерден жерлеуге қатысып, бір уыс топырақ сала алмағанымыз болды.

Кешір, Сейітқұл! Қазақтың арда перзенті! Аруағың шат болсын!

Зәкір АСАБАЕВ,

Төлеген Айбергенов

медалінің иегері

1864 рет

көрсетілді

246

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы