• Мәдениет
  • 21 Сәуір, 2022

Жас ұрпаққа тағылым берер күй кеші

«Қазақстан» орталық концерт залының камералық залында Мәдениет қайраткері, күйші, композитор, дирижер Нұрлан Бекеновтің «Көңіл сазы» атты шығармашылық кеші өтті. Көрермен музыкалық ­туындыларды тыңдаумен қатар қазақ күйінің шығу ­тарихы, домбыраның қағыстары мен бұраулары туралы мол мағлұмат алды.

Нұрлан Бекенов жұртшылық назарын домбыраның бес түрлі бұрауына аударды. Өнер сүйер қауым Тәттімбеттің «Бес төре» күйін теріс бұрауда, Асан қайғының «Желмаясын» шалыс бұрауда, халық күйі «Қос келіншекті» тел бұрауда тамашалап, қошемет білдірді. Н.Бекенов өзінің «Сағыныш» күйін қалыс бұрауда тартып берді. Содай-ақ ол халық күйі «Сал күреңді», Сүгірдің «Шалқымасын», Құрманғазының «Төремұратын», Дәулеткерейдің «Ақбала қыз» күйлерін орындап берді.
ҚР еңбек сіңірген қайраткері Амантай Жұмашев өнер жолын­дағы інісіне табыс тілеп, «Достарыма» және «Ақтоғайым» атты қос әнмен шашу шашты. Күйші, музыка зерттеушісі Уәли Бекеновтің «Жеңгем сүйер» күйін осы Уәлидің немересі Серік Бекенов орындағаны әсерлі шықты. ҚР еңбек сіңірген қайраткері Анар Мұздаханова мен «Құрмет» орденінің иегері Жанар Жүсіпова өнер көрсетті. Күнсұлу Түрікпен, Асқар Мұқият ән шырқады. 
Сондай-ақ автордың «Құл­туманың толғауы», «Талпыныс», «Ақын арманы», «Көңіл сазы», «Орақты батыр», «Алтай сазы» күйлері орындалды. Н.Бекеновтің шығарған әндері де аз емес. Нұрлан Қалқаның өлеңіне жазылған «Туған жер» әнін талантты әнші Әйгерім Аманжолова шырқап, қошеметке бөленді. Бағай Назарбайдың сөзіне жазылған «Ойлай берем» әнін белгілі өнерпаз Данияр Мұқан көрермен назарына ұсынды.
Жанар Қасымова жетекшілік ететін «Бойтұмар» қобызшылар квинтеті, Қарлыға ­Ниханбаева басқаратын «Жас өрен» ­балалар ансамблі және «Ақжанбек-Арыс» домбырашылар ансамблі өз шеберліктерін танытып, күй кешінің көркін аша түсті. Осы кеште Нұрланның өз балалары Айсәуле, Ұлжан және Әлихан шағын үйірме құрамында домбыра тартты және Міржақып Дулатұлының, Күләш ­Ахметова мен Фариза Оңғарсынованың өлеңдерін мәнерлеп оқып берді.
Өнер иесі Нұрлан Бекенов: «Біздің рухани күшіміз қайда ­десек, қара домбырада деп айтамын. Өмірде тіршіліктің бәрі өлуі мүмкін. Бірақ музыка өлмейді! Қоғамда қанша қиындық болса да, оған төтеп беріп, келешекке көз салуымыз керек. Осындай кең даланы ата-бабаларымыз ұрпағына қалдырған. Біз оны немен қорғаймыз? Міне, қара домбырамен, жүректегі күш-жігермен, ақылмен, біліммен қорғайтын кез келді. Қазақтың күй өнерін сыйлап келген барша көрерменге алғысымды айтамын», – деп өнер сүйер қауымға ризашылығын айтты. 

Н. Бейсенбаева
 

1371 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы