• Әдебиет
  • 21 Сәуір, 2022

Көктемнің жолы ұзақ екен ғой...

Роза СЕЙІЛХАН

 

Көзіңде сенің Күн бар екен ғой,

Сәулесін қарға түсірдің.

Өтірік пе деп ем, шын қар екен ғой,

Алжасқан ой ғой, түсіндім.

 

Көзіңде сенің Ай бар екен ғой,

Жарығы түссе қысылдың.

Күміс қой десем, жай, қар екен ғой,

Деміңмен үрлеп ұшырдың.

 

Көзіңде сенің Жұлдыз бар екен,

Аспанға шашып жібердің.

Қарыған беттен түнгі ызғар екен,

Тағы да үнсіз мұң емдің.

 

Көзіңде сенің арман бар екен,

Жүрегің сазды, жыладың.

Сенімің тағы алданған екен,

Қалайша бұған шыдадың.

Жүрегіңдегі сағынышыңды,

Жапырақтайын үзді жел.

Өртеді өкініш жанып ішіңді,

Осындай хәлде біздің ел.

 

***

Күз бе десем, келіпті мұзақ тағы,

Атар енді бұл қыстың ұзақ таңы.

Бәрін, бәрін кешірдім деп жүргенде,

Бұл жүрекке түскендей сызат тағы.

 

Ұстатпайтын бір сағым секілді үміт,

Өртейді ішті осылай өкіндіріп.

Шұрық-тесік жанымнан жел ескенде,

Ішім жылап тұрады, бетім күліп.

 

Ерте кеткен күз тіпті бұрылмады,

Мұндай күйді кешпеп ем, бұрындары.

Қарашада қар жауып, қара суық

Жапырағын жанымның жұлымдады.

 

Сонша қалап жүргенде бір шуақты,

Ұзағырақ аралап тұршы бақты.

Сенің сұлу кейпіңді көрген сайын,

Жүрегімде бір сезім бүршік атты.

 

Қараша айы білмеймін, неге мұңды,

Таба алдым ба, мен одан керегімді.

Заңдылығы деп ұқтым мұны өмірдің,

Көктем келе жаярсың желегіңді.

 

***

Тамылжып атқан таң да мұңайды,

Мен сені тосып шаршағам

Кезегі келсе жар да құлайды,

Арманы барда аңсаған.

 

Кісен салдырып білектеріме,

Бағымды өзім байлаған.

Нұр тілеп, титтей жүректеріме,

Анаға сонда айналам.

 

Қоя алмай бөгет сағынышыма,

Тұп-тұнық күйде лайланам.

Өмірдің төзбей сабылысына,

Ақынға нәзік айналам.

 

Сүріп жүргенім қатыгездеу ме?

Қай, дәуір өзі, қай ғалам?

Жанымның жалғыз сәттерінде де,

Осылар жайлы ойланам.

 

Тамылжып атқан таңым әдемі,

Тағдырмен мен де ойнағам...

Шақырып алшы, жаныңа мені,

Сенімен бірге ойланам.

 

***

Нені күттім, шын қалап нелерді енді,

Не келсе де ей, тағдыр, сенен келді.

Ой түбіне сүңгідім оңашада

Өмір дейтін көрдім де кемеңгерді.

 

Нені күтем, білмеймін, нелерді аңсап,

Ақ таңымды өзгеше келем бе, аңсап.

Қайда қалды арманшыл, аяулы кез,

Кайда екен сол бақытқа бөленген шақ.

 

Қайда, қайда жастығын бұлдаған шақ,

Кете алмайтын кездер-ай, жырдан алшақ.

Соны өзінше мақтаныш көретінбіз,

Ересектер сияқты мұңдана алсақ.

 

Қалса болды мөлт етіп, жанар жылап,

Алушы едім бөлмені қараңғылап.

Күн сәулесі көмкерсе тереземді,

Сол ұнайтын негізі маған бірақ.

 

Есейгенде ойлайсың соның бәрін,

Өз соқпағың, өзіңнің жолың барын.

Өмір сүру бәрінен маңызды екен,

Су боп ағып кеткенше қолыңдағың.

 

САУ АДАММЫН БА, ОСЫ МЕН?

 

Мен осы бар ғой, жылай аламын,

Жыламайтындарды қызғанбай.

Батпандар басса шыдай аламын,

Денемде мүлде із қалмай.

 

Атқақтап жүрек, толқиды жаным,

Қуанар болсам егерде.

Сезінсеңдер ғой, сол күйді бәрің,

Бойласаңдар ғой тереңге.

 

Ұнатар болсам, сағына берем,

Сол жайлы ойға беріліп.

Бір келген жерге тағы да келем.

Отырам сосын егіліп.

 

Мен осы бар ғой, қызық екенмін,

Түсінбейтіндерге өкпем жоқ.

Заңдылықтарды бұзып өтермін,

Бөгетке бірақ жеткем жоқ.

 

Өмірді мүлде жек көрмейді екем,

Жанардан қалай өшірем.

Біреуге тіпті кектенбейді екем,

Сау адаммын ба, осы мен?

 

***

Өзім білемін, биік емесімді

Сондықтан, сірә, бұлданбайтыным.

Бұл жаққа сезгем, жиі келмесіңді

Ұнайтын шығар, мұңданбайтыным.

 

Өспесе тікен жолымнан қаулап,

Көрмесе көзім жаманның бәрін.

Жүректер калар соңымнан жаурап,

Соларға қатты алаңмын, жаным.

 

Жылады деме, күйінгенім ғой,

Жабығуды түк қаламай жаным.

Жанарға тамшы үйіргенім ғой,

Әйбәт күндерге баламай бәрін.

 

Құлады деме, сүрінгенім ғой,

Білмеп пе ең мұның тарамайтынын.

Жете алмай көкке бүлінгенім ғой,

Білген соң ешкім ала алмайтынын.

 

Күрсінеді өмір, еңіреп аспан,

Жанарым сүйіп жарық әлемді.

Шуақты көрдім төгіле қашқан.

Білмеймін нені сағынам енді...

 

***

Гүлдерден Жұпар аңқып,

Жасыл шөп дүркіреді.

Үй-жайын жұрт ағартып,

Жетім лақ түртінеді.

 

Өмірге құмартасың,

Не деген жайлы көктем.

Тау төсеп тұр арқасын.

Құшағын жайды көктем.

 

Дүние құлпырып бір,

Күдікті кешірді үміт.

Жанарға сыр тұнып тұр,

Күн табы шешіндіріп.

 

Мазаң да қашады екен,

Тұрғанда дала гүлдеп.

Кім шашу шашар екен,

Кетті деп, залал, індет.

 

***

Қар екен десем,

Мұзақ екен ғой,

Аязға шеті желінген,

Көктемнің жолы ұзақ екен ғой,

Келуге ерте ерінген.

 

Қар екен десем,

Қырау екен ғой,

Бетіне жердің себілген,

Жүрудің заңы құлау екен ғой,

Жеңіске жетер жеңілген.

 

Қар екен десем,

Ақ әлем екен,

Адалдық болып көрінген.

Отырған қыстың тағы әдемі екен,

Күмісі күн боп төгілген.

 

Қар екен десем,

Құсқанаты екен,

Шұғыла тамса еріген.

Аспанға ол да ұшпаған екен,

Алдамшы неткен, өмір ең.

 

***

Сағынбайтын секілді ем, мен ешкімді,

Сағынатын бір адам керек сынды,

Көлеңкесін түсірер терек сынды.

Ұмтылармын сол кезде күнге қарай,

Жаңа жарған қауызын желек сынды.

 

Ойламайтын секілді ем мен ешкімді,

Ойлайтұғын бір адам керек сынды.

Тіршілікті ұмытып, егес күнді,

Тағдыр солай өзгемен теңестірді.

Қамыр илеп жатып та, кеспе кесіп

Естігім кеп тұрады сол ескі үнді,

Күмілжіген бата алмай көмескі үнді.

 

Еһ, дүние-ай, көңілің қалғанменен,

Болмайды екен қол созып барғанменен.

Маздамайсың лап етіп жанғанменен,

Өтеді өмір екен-ау, арманменен.

 

Жетем деген жеріме жеттім бе енді,

Түсініксіз бір азап шектім бе енді.

Сағындырған беймәлім адамға еріп,

Көз көрмейтін бір жаққа кеткім келді.

1568 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы