• Әдебиет
  • 21 Сәуір, 2022

ЖАЛҒЫЗ ӘЙЕЛ НЕМЕСЕ «МЕНІҢ СҮЙІКТІ «ПЯТНИЦАМ» (әңгіме)

Жанар Әбдішова  

Мақсат Ақтаудан келген әріптесін мейрамханаға шақырды. 
Көптен күткен қонағына үйді көрсете алмағанына қатты ыңғайсызданып отыр. Кеше Ұлмекен аяқ астынан шалынысып құлап, қабырғасын аласа темірге соғып алыпты. 

Қозғалмақ тұрмақ, қолын көтерсе, сөйлесе, өкпесіне бірнәрсе қадалғандай болып ауырсынып, өңі қашып, жатып қалған келіншегінің жағдайының мәз емес екенін көріп, дәрігер шақыртқан. «Қабырғасына зақым келген. Бір жетідей қозғалмай жатып, шар үрлеуге тырыссын, сосын өкпесін тексереміз!» – деп, ауру басатын дәрі жазып берген.

– Енді не істеймін!? – деп, шарасыз күйге түскен күйеуіне:

– «Есік» мейрамханасының тамақ­тары дәмді. Бірінші күні сол жерге апарып күт. Шамам келсе, тұрамын ғой... Сосын үйге алып келіп, жағдайды көрсетесің. Қонақ бөлмеде ұйықтайды, – деді.

Әйелінің ақылымен осында кездесуді жөн көрді.

Екеуі тамаққа тапсырыс беріп, енді әңгімеге кірісе бергенде, сыңғырлай күліп, ортасында бір-екі ер адам бар, төрт әйел кіріп келді.

 Орталарындағы оттай жанған жанарымен жан-жағын шола қарап, бидай өңі бал-бұл жанып, алқызыл, дәнді еріндерінің арасынан аппақ ірі тістері ақсиып – көрінгені, күлгені өзіне қатты жарасып, жарқылдап сөйлеп келе жатқан әйелге көзі түсіп, аңырайып, қарап қалды. Әріптесі:

– Танисың ба? – деді.

Мақсат қысылыңқырап, басын шайқады, тамағын кенеп, қайта әңгімеге ден қойғансыды.

Оң жақтағы алты кісілік алдын ала жасалып қойған дастарқанға жайғасқан олардың ду ду еткен көңілді күлкісі, көтеріңкі дауыстары көңілді алаңдата берді. Бір уақытта «Туған күн иесі Азия­ның құрметіне вальс шырқалады!» деді.

Жұп-жұп болып шыққан оларға қарап отырған Мақсат:

– Ана екі келіншекті бөліп билейік, – деді.

– Ыңғайсыз болмаса... Жарайды, – деп, Серік басын изеді.

Барды. Биге шақырды.

Сиқырлы вальс айналаның бәрін сұлулыққа бөлеп, жан дүниені балқытып барады, алғашқыда лүпілдеген жүректі енді жан тербеген әуен тулатып, ел­жі­ретіп барады, бір алапат сезім тұла бойын ерітіп барады, айнала қуанышқа, нұрға, елжіреген мейірімге толып барады...

Сүйрік саусақтарын ұсына берген келіншектің есімі Азия екен. Туған күн иесі де өзі...

Алаулаған жүзі бал-бұл жанып, екеуі вальс ырғағына қалықтап, үйіріліп, айнала берді, айнала берді...

Онша қалың емес толқынды, қоңыр шашы елбіреп, маңдайына күлтелене түсіп, көзін төмен салып, айналғанда, құстың қауырсыны дерсің...

Екі-үш баланың атасы, қырықтан асып, жігіт ағасы болған Мақсаттың қазіргі күйі алғаш рет ғашық болған он жеті жастағы бозбаладан еш айырмасы жоқ еді... Одан кейінгі билерде де Мақсат пен Азияның жұбы ажырамады...

Тіпті бұлардың көңілді энергетикасы сол жерде отырғандарды да шарпып, еліктіріп, желпінтіп жіберді...

Мейрамханадан шыққан соң Серікке:

– Жүр, біздің үйге барайық. Үй кең. Бүгін демал, оған дейін Ұлмекен де тәуір болып қалар. Қалғанын тағы ақылдасамыз, – деді.

– Мәке, күтіп алғаныңызға рақмет. Осы жаққа жол жүремін дегеннен қонақүйден бөлме брондап қойғанмын. Сіздерді әурелемей, сол жерге барып, демалайын. Келіншегіңізге сәлем айтыңыз, тез сауығып кетсін, – деп, сыпайылық көрсетті. – Мен де жолдан демалайын, – деп, ол қонақүйге бұрылғанда, артынан шыққан туған күн тойлаушылар жолығып қалды.

«Тойдың жалғасы Азияның үйінде болады. Бізбен бірге жүріңіз!» деген көңілді топтың қиылған сөзін қимай, бұл да бірге ілесті.

Азияның үйі осы жерден алыс емес екен. Ұядай, шағын екі бөлме... Дас­тарқанға жеңіл-желпі тамақтар қойы­лып­ты. Бұлар шат-шадыман болған Азия­ның еліктіруімен армансыз биледі. Сосын түнгі қаланы көру үшін шатырға шықты. Түнгі Алматының қара көк аспа­нын, жұлдыздарды тамашалады. Түннің бір уағында бәрімен қоштасып, үйіне келді.

Келіншегі ұйықтамай күтіп отыр екен. «Осынша уақыт қайда болдың?» дегендей сұраулы кейіппен өзіне үрке қараған келіншегіне:

– Бәрі дұрыс. Қалай болып қалдың? Әлі ауырып тұр ма? – деп еді, ол көзі боталап, басын изеді. – Отырып қалыппыз... – тосылып барып, – әңгімелесіп, – деді...

– Шай ішесің бе? – деген сұрағына:

– Жо-оқ! Демалайық! – деп жуынатын бөлмеге беттеді.

***

Мақсат сол кешті... жалтылдаған көздерін, еліктіріп әкететін қылықты Азияны ұмыта алмады...

Сол үйдің маңайынан кешке, ертең ерте бір жүріп өтуге тырысады. Ондағысы «кездесіп қаламыз ба?» деген есек дәме... Не қалайды, өзі де білмейді... әйтеуір бір көргісі келеді...

Бір күні кездесіп қалды. Амандық-саулықтан соң, келіншектің салалы сау­сақтарын уысынан шығармай, қыса түсіп:

– Қайда кеттіңіз? Көрінбейсіз ғой? – деді.

– Москваға барып, ғылыми еңбегімді бекіттіріп келдім, – деді ол жарқылдай сөйлеп.

– А, ғалым екенсіз ғой...

– Иә, осы жолды таңдадым, – деді ол көзі жайнап.

– Жумаймыз ба? – Мақсат қуланып.

Азия аздап қысылғандай болып қалды да:

– Жуайық! Кешке келіңіз. Мен «аля фурше» жасап қояйын. Одан күрде­лі­ре­гіне уақыт өте тығыз, – деді аппақ тіс­терін ақсита күліп, қолын екі жаққа жайып.

– Келістік! – деді Мақсат басын изеп.

Кешке гүлін, шампан, тортын алып, келді. Қоңырауды басып еді, бұны күтіп тұрғандай есік ашылып кетті. Мақсатқа алдынан хор қызы шыға келгендей әсер етті.

Үлбіреген көйлек киген Азия лыпып жүгіріп жүр.

 – Көмектесейін бе, ғалым қызға? – деп, орнынан көтеріліп еді, Азия екі қолын елбірете жоғары көтеріп:

– Отырыңыз, отырыңыз, сіз менің қонағымсыз, – деп жік-жапар болып, қайта отырғызып қойды.

Екеуі шампаннан бір ұрттаған соң, Мақсат:

– Үйіңіз жұмақ сияқты жайлы екен, – деді.

– А, үй де адам сияқты, жаны бар, – деді Азия қолындағы фужерді ерекше нәзіктікпен столға қойып жатып. – Ерекше бір қонақ келсе, ол да жайнап кетеді. Әр зат «мені көр!» деп, жарқырап кетеді...

– Солай ма, байқамаппын, – деді Мақсат айналасына таңырқай қарап.

– Иә, солай, – деді Азия көзін төңкеріп.

Бұл отырыстарының шырқын есіктің қоңы­рауының шырылы бұзды. Құрбылары екен...

– О, Азия, сенің тоқымыңды қағып, жолыңды тосып жүрсек, біз танымайтын бір сэрмен отырсың ғой... – деп олар бірінен кейін бірі келіп, бетінен сүйіп жатыр.

– Бұл кісі бірінші құттықтады, – деп, өңі гүл-гүл жайнап, Азия ақталып жатыр.

...Сонымен, мұндай көңілді отырысты көрмеген Мақсат қанат бітіп, аспанға қалықтағандай күй кешіп, үйіне келді.

Сұраулы кейіппен өзіне жаудырай қарап, ұйықтамай отырған келіншегіне тура қарамай, жанарын алып қашып:

– Ұйықтай бермедің бе? Жұмыста біреулер жақ­сылығын жуып, отырып қалдым, – деп, төсегіне беттеді.

***

Сонымен, Мақсат Азияның естен тандыра еліктіріп әкететін бей­несін көрмесе, тұра алмайтын халге жетті. Күнде жолын тосып тұрған Мақсат­ты көрмесе, Азия да елеңдеп қалатын болды...

Үш баласын тастап, қайғыдан қан жұтып, бүк түсіп, басын көтермей жатып қалған әйеліне қимай-қимай қарап, Мақсат бір шабадан керекті киімдерін ғана алып, Азияның жұмақтың төріндей екі бөлмелі пәтеріне қоныс аударды.

Азияның жарқылдаған мінезі, қуа­ныш­тан жайнаған қап-қара көздері Мақ­саттың жанын қинаған көріністерді сиқыр­шыдай сейілтіп, еліктіріп әкете берді...

Үш баласы туғанша, бұндай өліп-өшкен, оттай өртеген құшақты, бұндай ықыласты, ернеуінен асып-тасып жатқан өзендей әйел махаббатын, буырқанған темпераментті көрмепті.

Мақсат бәрін ұмытты.

Қазан басына, ошақ қасына барып көрмеген ол «Азия кеш келеді, не жасап қойсам екен?» деп, газ плитасының қасынан шықпайтын болды. Қолында азық-түлік толтырылған пакет... безектеп, үйге асығып келетін болды.

Кейінгі кезде Азияның жұмысы көбейіп, кеш келетін болып жүр.

Бір күні оның лоқсып, жуынатын бөлмеге жүгіріп жүргенін көріп:

– Жаным, не болды? Ауырып тұрсың ба? – деп бәйек болып еді...

– Жоқ, бұл жай ауру емес, Макс... Бұл – бала болады деген сөз... – деді.

– Бақыттымын. Сені енді былай алақаныма салып жүрсем де, артық болмайды, – деп, көтеріп алып еді, Азия:

– Ой, жіберші! Менің қаншама бітпеген жұмыстарым тұр... Ал менің жүрісім мынау! – деп жаратпай, құшағынан бұлқынып түсіп кетті.

Мақсаттың бақыттан басы айналып, «аяғы ауыр әйелге балықты көп жеу керек екен!» деп, дүкендерден іздеп жүріп, «палтус» деген балық әкеліп, сорпа жасады. Интернеттен аяғы ауыр әйелдерге не істеу керек екенін іздеп тауып, Азияның жағдайын жасауға тырысып жүрді.

Мақсаттың соңғы кездегі өмірінің мәні сүйіктісі Азияның қабағына кірбің түсірмеу, басынан құс ұшырмау болды.

Өстіп жүргенде, Азия үйде екі күндей оранып шымқанып жатып қалды.

– Азок, не болды саған? Бір жерің ауырып тұр ма? Не жейсің, не істейін? Айтшы! Өңің қашып тұр ғой, – деп, жанын жапырақ қылып жайып, қасына отырған Мақсатқа қарап.

– Не переживай сильно! Баланы алдырып тастадым, – деді.

– Неге? Неге! – деді Мақсат ыш­қынып. – Қалай дәтің барды? Ол менің де балам ғой! Маған неге бір ауыз айтпадың?

– Сенің балаларың бар ғой! Маған баланың керегі жоқ! Ғылыми еңбегімді аяқтауым керек. Баламен отырсам, бөлім бастығы жұмысынан да айырыламын. Әрі менің қызметімді жоғарылатамыз деп жатыр, декреттік демалысқа кетсем, одан да айырыламын! Менің орныма көз тіккендердің қанша екенін сен... – ол Мақсатқа қадала қарап, басын шайқап, – көз алдыңа да елестете алмайсың!? Золотое гнездо... Баламен отырғанымды мен де көз алдыма елестете алмаймын!

Так что, дорогой Макс, радардан жоғалып кетуіме болмайды!

Москвадағы жетекшім менен үлкен үміт күтіп отыр. Жақында көмекшісі келмекші. Отырайын соның қасында құсып...

Ал мен саған бала туып беремін деп, уәде берген жоқпын! Мен ғалыммын! Атағы бар, зерттеп жүрген тақырыбы бар үлкен ғалыммын!

***

Мақсат отырып қалды. «Баланы аман-есен дүниеге әкелсе, өзім-ақ бағар едім!» деген сөз тамағына тіреліп, өкініштен өзегі өртеніп, кеңсірігі ашып, «...енді бәрі кеш қой! Әрі еш мәні жоқ!» деп, басын шайқап, астыңғы ернін тістеді...

Оның «Мен саған бала туып беремін деп, уәде берген жоқпын ғой!» деген сұп-суық дауысы құлағынан кетпей қойды...

Бұл оттай жанған Азия емес, мүлдем бөтен әйел еді...

Жүрегі қысылғандай болып, тынысы тарылып, жан-жағына қарады. Терезе перделер салбырап, үйдің іші де күңгірттене түскендей...

Мақсат алдына тартқан алжап­қы­шына қарады. Томаттың шырыны шашырап, сауыс-сауыс болып тұр екен. Шешіп лақтырды.

Азия жұмысқа шықты.

Күндегі әдетімен Мақсат тамақ жасауға кірісті. Борщ пісіріп, даяр котлетті қуырып, күрішін бөлек бықтырып, дастарқанды жайып, ұзақ күтті. Азия түн ортасында келді. Масаңдау екен.

– Қайда болдың? – деген сұрағына:

Көзін әрең ашып, дауысын созып:

– Ресто-ран-да-а, – деді. – Москва­лықтармен... Ты же знаешь, как они много пьют... Ой, умираю... демалу керек. А, сен, как обычно, тамақ жасап қойдың ба? Өзің жей бер, – деді сүйрік саусақтарын елбірете бұлғап. – Мой любимый, верный, единственный «Пятница»! – деді де жататын бөлмеге беттеді...

***

Мақсат жағын таянып, ас бөлмеде ұзақ отырды. Өзін далада қалған бейшарадай сезінді. Азияның бұрын да бірнеше рет түн ортасында келіп, не мүлдем үйге келмей қалған күндері көп болған. Бірақ ештеңе ойламапты.

– Жұмыс барысында жүрмін, – деп, кінәлі кейіппен төмен қарап, қасына келіп отырғанда ақ, жан дүниесі елжіреп, өкпесін, күдігін – барлық жаман ойларын ұмытып кететін...

 Ал Азия күйіп-жанып, бұның ыстық құшағына құлаған сәтте бүкіл ғалам аяғының астында жататын. Өзін жер бетіндегі ең бақытты, ең мықты, ең құдіретті жалғыз еркек кіндіктідей сезінетін...

Ал бүгінгі мына сөзі... жерге қазық қылып қағып кеткендей...

«Ойпырмай, мен сонда бұның «Пятницасы» екенмін ғой... Махаббатымды таптым деп жүрсем, Робинзондай жалғыздық көрген соң, амалсыздан мені жанына жақындатқан «саяхатшы» екен ғой...

Эмансипацияланған, қазақ әйел­дерінің ішінен шыққан манипулятор... Қазақстанда ер адамдардан әйелдер көп дейді. Сонда солардың қаншасы бала туудан қашып, қарақан басының ғана жағдайын жасап, осындай «монстрға» айналды екен... Осыны зерттеген адам бар ма!?

Махаббатқа мас болып, не Ұлме­кеннің, не балалардың жағдайын сұрап, бармағалы, көрмегелі екі жылдан асып кетіпті... нағыз жұмақ солардың қасында екен ғой... соны білмеппін, басымдағы бағымды бағаламаппын!

Мені қай шайтан түртті!?

Енді оларға не бетіммен барамын, не деймін?!

Міне, алдымда алжапқыш, қолымда шөміш, «сол жесін, сол қуансын!» деп, ас бөлмеден шықпаймын... Біреуді «өлтір!» десе, одан да тайынатын сұрым жоқ! Ертең қасыма келіп, көзін мөлдіретіп, иегін иығыма сүйеп, «жаным!» десе, тағы қалып қалуым мүмкін...

Болды, жетеді, қанша сүйсем де, бұндай эгоист әйелдің, ойыншығы, «пятницасы», қуыршағы бола алмайды екенмін! Осы сүрген тіршілігімнің өзі, бәріне көнгенімнің өзі мазақ қой! Балаларым, Ұлмекен көрмесін!

Кетемін!

Ол орнынан ұшып тұрып, өзі алып келген қара шабаданын іздеді. Таба алмады. Азия қоқысқа лақтырып жіберген ­болуы керек. «Ескі екен!» деп, сықылықтап күліп отыр еді. Оның: «Бір жыл кидім, жетер. Жалығып кеттім. Барлығының жаңа болғанын жақсы көремін!» деп, жап-жаңа киімдерді қоқысқа тастап отырғанын талай көрген.

Ол қалтыраған қолымен құжаттарын түгендеп, қалтасына салды да, есіктің кілтін столдың үстіне қойып, асығыс, біреу ұстап қалатындай, сыртқа шыға жөнелді.

Түнгі қаланың тіршілігіне жаңа көргендей біраз қарап тұрды да, қонақүйге қарай адымдай жөнелді.

1811 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы