• Білім және ғылым
  • 21 Сәуір, 2022

Ұлағат ұясы

Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің бүгінде еліміздің жоғары білім беру жүйесінде өзіндік дара орны, айрықша беделі бар. Оқу орны құрылған күнінен бастап-ақ отандық білім беру мен ғылымның жарқын үлгісі, кәсіби білікті ғылыми және педагогикалық мектептердің бастау көзі болды. Қыздар университеті ғасырға жуық уақыт аралығында өзінің қалыптасуы мен дамуы жолынан өтті.

Ұлт зиялылары қызмет атқарған ұлағат ұясында мыңдаған білікті маман даярланып, армандарын асқақтатып, қияға қанат қақты. Айтулы ғалымдарымыз түрлі ғылым салаларына қатысты іргелі зерттеу еңбектерін осы университет қабырғасында жазып, ел игілігіне айналдырды. Еліміздің дамуына зор үлес қосып келе жатқан оқу орны бүгінде Қазақстанның жоғары білікті кадрлар даярлайтын негізгі орталығының біріне айналып отыр. Еліміздегі білікті мамандар мен талантты ғалымдардың, дарынды ұстаздардың үлкен тобы осы киелі шаңырақтан шыңдалып шығып, Отанымыздың өсіп-өркендеуі жолында жемісті еңбек етіп жатыр. Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігінің 2008 жылғы 22 қыркүйектегі №531 бұйрығы негізінде Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтына университет мәртебесі берілсе, Қазақстан Республикасының  Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 2018 жылғы 25 желтоқсандағы Жарлығымен Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетіне Ұлттық мәртебесі берілді. Бұл тарихы терең ұлағат ұясының әлемдік білім кеңістігінде өз орнын айқындауға бағытталған іргелі қадам болды.

Қазақ Мемлекеттік Қыздар педагогика университеті – Қазақстан Республикасының жоғары оқу орны. Республикамызда ғана емес, бұрынғы КСРО, қазіргі ТМД елдері арасында тек аруларға арналған баламасыз бірден-бір жалғыз жоғары білім ордасы. Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің ­басты мақсаты – білікті, жоғары моральді және кәсіби қасиеттерді иеленген тұлғалар даярлау. Ордалы оқу орнының ұжымы бүгінде осы құндылықтарға сүйене отырып жұмыс жасауда. Қазіргі күнде университеттің 6 факультетіндегі 27 кафедра 42 бакалавриат, 23 магистратура және 4 PhD докторантура мамандықтары бойынша мұғалім мамандарын даярлайды. Ал сырттай оқу бөлімінде 20 мамандық бойынша қашықтықтан оқыту технологиясы қолданысқа енгізілген. Халық пен халықты, адам мен адамды теңестіретін – тек қана білім. Білім мен ғылымға қояр талап артқан бүгінгідей заманда мұғалімге жүктелер жауапкершілік те еселене түсуде. Бірегей білім ордасының ұжымы осы жауапкершілік үдесінен шығу жолында, бәсекелестікке төтеп бере алатындай мықты маман даярлау мақсатымыз.

Марита СНАБЕКОВА

2634 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы