• Тұлға
  • 21 Сәуір, 2022

ЖАНЫ КӨРКЕМ ЖАҚСЫ АҒА

Оның аты-жөні күллі елімізге танымал. Ол кезінде қатардағы тілшіліктен республикалық телевизия және радио жөніндегі Мемлекеттік комитеті төрағасының орынбасары деңгейіндегі аса жауапты қызметті атқарған іскер азамат. Оның аты-жөні – Қуанышбай Төребекұлы Орманов.

Ұмытпасам, сол 90-жылдардың басы болса керек. Ол кезде облыстық «Қостанай таңы» газетінде аға тілшімін. Жақсы сөз жерде жата ма? Біз редакциядағы кезекті бір лездемеде: «Облыстық телеарнаға жаңа басшы келіпті, өзі осы саланың нағыз майталманы. Тіпті бұрын Қазақ радиосына жетекшілік етіпті» деген жағымды хабарды естідік.

«Жақсыны көрмек үшін» демей ме. Осы қағидаға сүйеніп, Алматыдан ­жуырда ғана шаһарымызға атбасын тірегін ағамызбен сәлемдесуді жөн көрдім. Кабинетке енгенімде, ол жылы жүзбен қарсы алды. Әңгімесінен үлкен өмір мектебінен өткендігі, өз кәсібінің қыр-сырын жетік меңгергендігі, халықпен жұмыс істеуде әбден ысылғандығы, ұқыпты да темір­дей тәртіпті ұнататындығы байқалды.Міне, содан беріағалы-інілідей сыйласып, тіршіліктегі қуаныш пен қайғыға ор­тақтасып келеміз.

Тағдыр оны кішкентайынан маң­дайынан сипай қоймапты. Негізінде ол өңіріміздегі шалғайда жатқан Жітіқара ауданының Мүктікөл деп аталатын елдімекенінде 1942 жылы 15 наурызда дүниеге келіпті. Ең өкініштісі, кейіп­керіміз ардақты әкесін көре алмады. Тек өзгелердің айтуы арқылы ғана біледі. Өйткені отағасы бұл туылғаннан кейін небәрі екі ай өткенде соғысқа аттанды. Алайда туған жеріне қайтып оралмады. Топырақ жат жерден бұйырыпты.

Шаңырақтың ырыс-берекесін келтіріп отырған анасы Жұмақия апамыз да азаматы майданға жіберілген соң балаларын өз қатарынан қалдырмай жеткізуге барын салды. Алайда бұл асыл апамыздың да ғұмыры қысқа болды. Бұл уақытта Қуанышбай аға он бірдегі жасөспірім. Әрине, ата-анадан айырылып, тұлдыр жетім атану ағасы екеуіне жеңіл соқпады.

Ағасы Дүйсенбі және өзі таудай талаптарының арқасында ешкімнен кем болмады. Өзінен үлкен арқа тұтар бауыры інісін қолынан жетелеп, жас та болса жарқын өмірге қарай құлшындырды.

 Дүйсекеңнің өзі жылдар өте алғырлығы мен зейінділігінің нәтижесінде кеңшарға басшылық етіп, халық үшін туған азамат екендігін қалың жұртшылыққа танытты. Құдай қосқан қосағы Раушан жең­гемізбен бірге өнегелі отбасы атанды. Ерлі-зайыптылар соңдарынан ерген Қақаңды қашан жоғары білім алып, қатарға қосылғанша бауырмалдық көрсетті. Бұл да сондай қиын кездерде қол ұшын берген әрі әке-шешесінің орнын жоқтатпаған ағасын қимастық сезіммен ауызға алып отырады.

Кәсіби білім алуды мақсат етіп қойған дарынды жігіт 1960 жылы Алматы шаһа­рындағы С.М.Киров атындағы Қазақ Мемлекеттік университетіне құжатын тапсырды. Барлық емтихандардан сүрінбей өтіп, сол кезде республикамыздағы жалғыз журналистика факультетінің студенті қатарына ілікті.

Факультетте оқып жүргенде әскер қатарына алынып, азаматтық парызын өтеді. Көптен күткен дипломын алған соң, 1968 жылы Қазақ радиосының Алматы облысы бойынша меншікті тілшісі болып тағайындалды.

Алматы шаһары оның өмірінде ерекше орын алады. Өйткені ұзақ жылдар бойы ғұмыр кешіп, кез келген азаматтың қолы жете бермейтін аса жауапты қызметтерде болды. Былтыр ғана 100 жылдығын атап өткен Қазақ радиосына бас директор болып тағайындалды. Сөйтіп, осы саладағы барлық журналистер қауымын жарқын іске жігерлендіріп, дайындалатын түрлі тақырыптағы хабарлар мен бағдарламалардың сапасына жете көңіл бөлді. Қайраткер көп өтпей республикалық телевизия және радио жөніндегі мемле­кеттік комитеті төрағасының орынбасар­лы­ғына жоғарылатылды. Мұнда да өзінің тың ізденгіштігімен, бұл саланы бүге-шігесіне дейін терең білетіндігімен жұрт­шылықтың назарын аударды. Зерделі қауым Қуанышбай Төребекұлының өткен жылдары Қазақстан Республикасы ­Прези­денті мен Министрлер Кабинетінің аппаратында аға-референт болып қызмет атқарғандығын ұмыта қойған жоқ. Оның кейінгі жастарға ғибрат болар бір қыры-ана тілімен қатар орыс тіліне де өте жетік. Осы тілде кез-келген ортада еркін сөйлеп, ойын батыл жеткізеді..

Журналист ағайындар қазақ әдебиетінің сыншысы, батыл да табанды қаламгер Сағат Әшімбаевты ешқашан ұмытпайды. Ол сонау бір жылдары «Жүректен қозғайық», «Парыз бен қарыз» сияқты танымдық бағдарламаларды жүргізіп, артында өшпес із қалдырды. Бұл қайраткер тұлға жоғарыда аталған республикалық телевизия және радио жөніндегі мемлекеттік комитетінің төрағасы болып отырған кезде Қуанышбай ағаны өзіне шақырып алып: «Сізге бір өтініш айтқалы отырмын, қазіргі атқарып жатқан жұмысыңызға қоса өзіңізге жақсы таныс солтүстік өңірлердегі үш облыста телеарна ашуды қолға алсаңыз, өте орынды болар еді» деді. Білікті басшының сөзінде бұған деген үлкен сенім жатыр еді. Өйткені аталған аймақтарда телеарна ашылса, осы өңірдегі бауырларымыз да ана тілінде хабарлар көріп, елімізде күнделікті болып жатқан жаңалықтардан қаншама ой түйер еді. Сол кезеңде Алматыда лауазымды қызмет атқарып жатқан Қуанышбай Төребекұлына Қостанай облысының әкімі болған, кейін Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты атанған Тоқтарбай Қадамбаев қоңырау шалып, облыстық телерадио компаниясын басқаруға ұсыныс жасады. Отбасымен ақылдасты. Сөйтіп, ақыры өзінің балалық шағы, ата-қонысы, бауырлары жатқан аймаққа баруға бел буды. Оның басшылық жасаған уақытымен Алаштың ұлы перзенті Ахмет Байтұрсынұлының 125 жылдығы тұспа-тұс келді. Ұлтжанды ағамыз тәуелсіз ел үшін бүкіл саналы өмірін арнаған жанның мерейтойын есте қаларлықтай өткізуге барын салды.

Тұңғыш рет өңірде қазақ тіл білімі мен әдебиеттану ғылымдарының негізін салушының туған және жүрген жеріне экспедиция ұйымдастырылды. Сондай іс-сапарлардың негізінде он сериялы циклды хабарлар берілді. Содан кейін оның көп жылғы іскерлік қасиеттері, білімділігі мен біліктілігі ескеріліп, облыс әкімінің кеңесшісі болып тағайындалды. Қуанышбай аға жаңа жұмысында аймақтағы еліміз үшін аса маңызды тіл, дін және мәдени мұраға тікелей жауап берді. Облыстағы осы бағытта жүзеге асырылып жатқан шараларды қадағалады. Құрметті демалысқа шықпас бұрын ол облыстық ішкі саясат, тілдерді дамыту басқармаларында бөлім меңгерушісі қызметін атқарып, қыруар істерді тындырғанын да білеміз.

Зейнеткер болса да үйде қол қусырып отырған жоқ. Өңірдегі іргелі оқу орындарының бірі – Қостанай мемлекеттік педагогикалық институтында бөлім басшысы, осындағы Ыбырай Алтынсарин мұраларын зерттеу орталығының маманы ретінде ана тілінің мәртебесін көтеруге, білім ордасының беделін арттыруға белсене атсалысты.

Қуанышбай Төребекұлы жасының ұлғайғанына қарамастан бос уақытында шығармашылықпен шұғылданады. Осы кезге дейін оның оқырмандарына тәлімдік жағынан берері мол бірнеше кітаптары республикамыздағы көпке танымал б­аспалардан жарық көріп, жұртшылыққа жол тартты. Ізденімпаз әріптесіміздің «Тұран өркениетінің ізімен» деп аталатын кітабы жоғары бағаланып, Қостанай облыстық меценаттар клубының «Қазына» сыйлығына ие болғаны күні кеше секілді еді. Одан кейін де «Ат жалындағы өр­кениет», «Ел мен жер және тұлғалар тарихы» және басқа да жерлестері іздеп жүріп оқитын шығармалары көпшілікке аян.

Ойы орамды, өзіндік айтары мол азамат бірқатар белгілі ғалымдар және Қазақстанға есімдері танымал авторларымен бірге жазған «Қостанай-Торғай өңірінің тарихи топономикасы», «Біз Ыбырайды білеміз бе?», «Жадыңда болсын, жас ұлан» деп аталатын еңбектер де жерлестеріне мәлім. Қостанай облы­сының тарихына арналған «Алтын дала» кітабының жарық көруіне қосқан үлесі де айтарлықтай.

Аға буын өкілі Қуанышбай аға бұл күндері ынтымағы жарасқан үлкен әулеттің тірегі. Сонау бір жылдары Алматыдағы Қыздар педагогикалық университетінің түлегі, киелі Жамбыл облысына қарасты Қордай ауданында туып өскен Кәмила апамызбен тағдырын қосып, бақытты ғұмыр кешіп келе жатқандарына да көп жылдың жүзі болды.

Отағасының жауапты қызмет атқарып, шығармашылық жұмыспен емін-еркін айналасуына да барлық жағдайды туғызған жан-жары Алматыда кітап палатасында жұмыс істеді. Қостанайға келген соң құрметті демалысқа шыққанға дейін Н.Островский атындағы орталықтандырылған қалалық кітапханасына ұзақ уақыт басшылық етті. Ұжымында сый мен абыройға бөленді.Перзенттері Гүлнәр, одан кейінгі Әділ және Әсеттер де ата-анасының сенімін ақтап, өздерінің жүректері қалаған мамандықтарын біліктілікпен атқарып келеді. Осы балаларынан тараған сүйікті немерелері әрдайым ата-әжесін адал қызметтері және оқудағы табыстарымен қуантуға талпынады.

Қақаңның өткен кезеңдердегі сіңірген еңбектері атаусыз қалған жоқ. Кеудесіне «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне он жыл» мерекелік медалін тақты. «КСРО құрметті радисі», еліміздің «Үздік өлкетанушысы» атанды. Ақтөбе және Қостанай мемлекеттік педагогикалық инсти-туттарының құрметті профессоры. Жітіқара ауданының құрметті азаматы атағы берілді.

Оразалы ЖАҚСАНОВ

1250 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы