• Қоғам
  • 21 Сәуір, 2022

БӘРІНЕ КІНӘЛІ – СҰЛУЛЫҚ

Дамыған қоғамда әйелдің құны жоғары, бәсі биік, беделі – бекем. Бөгде біреу әлдебір әйелдің жеке өміріне, ұстанымдарына араласпайды. Ерігіп жүрген әлдекім мен еркекпін деп, басы бос әйелге қолайлы сәтте көзін сүзіп, қылжақтамайды. Бағалайды. Сұлулыққа сұқтанса да, көркемөнер туындысын тамашалағандай тамсанады. Әйел өзінің осындай нәзік те сұлу жаратылыс иесі екеніне көңілі толып, еркелей, керіле басып, кербездене түседі. Ғажап емес пе?! Иә, дамыған, ізгілік үстемдік құрған қоғамда осылай болуы тиіс. Ал біздің қоғамда қалай?
 

Күйеуі қайтыс болған жесір немесе ажырасқан әйелдерге біздің қоғамда көзқарас бөлек. Таяуда әлеуметтік желіден байқап қалдым, әлдеқандай жағдайда жалғыз асыраушысынан айырылып, ­шиеттей балаларымен жесір қалған жас келіншекке еріктілер демеу болсын деп, шот ашып, телефон нөмірін жарияламай ма? Сөйтсе, әлгі жас келіншекке біреулер «жасырын некеге тұрып, жұптасайық», «көңіл қоссақ, бәрін жасаймын» деп, онсыз да көңілі жарым жанның жанын жаралайтын көрінеді...

Жанында серігі жоқ әйелдер тек жүрсе де түртпектеушілер табылады. Ер адамдар басы бос әйелдерді қолжаулық еткісі кеп төңіректесе, әйелдер қаралай жауласып, жек көреді. Ал егер әйел көркіне көз тоймас көрікті болса, Италияның атақты режиссері Джузеппе Торнаторенің «­Малена» фильміндегі сұлу актриса Моника Белуччи сомдаған кейіпкердің күйін кешуі де әбден мүмкін...

Джузеппе Торнаторенің бұл фильмі жазушы Лючано Винчензонидің «Малена» әңгімесінің желісімен түсірілген.

Кино оқиғасы Ренато есімді жасөспірім баланың Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде өткен балалық шағының естеліктерімен өрбиді. ­Сицилия қалашығында тұратын Ренато мектепте бірге оқитын балалармен үнемі сабақтан кейін ұстаздарының қызы, сұлулығы бүкіл қаланың тынышын алған 27 жастағы – Маленаның ізінен еріп, әр қимылын көз жазбай бақылайды. Малена – күйеуі соғысқа кетіп, жалғыз тұрып жатқан әйел. Күнде жұмыс іздеп, көшеге шыққан сұлу келіншек еркектердің көз құртына, әйел біткеннің бас ­ауруына айналғаны рас енді. Әйелдер қызғаныштан әртүрлі қауесет таратып, оны көзге шыққан сүйелдей көреді. Әйелдерінен қорыққан ер адамдар Маленаны жұмысқа алмайды. Оны сұлулығына бола жеңіл жүрісті әйел деген өсекке таңып, ақыры желіккен еркектер көшеде жүргізбеуге айналады. Ал Малена болса ешкімге ырық бермей, майдандағы күйеуінің жолын тосады.

 Оның адалдығын кішкентай Ренато ғана білетін. Бір күні «Маленаның күйеуі соғыста қаза тауыпты» деген хабар тарап, бүкіл еркек кіндік гүлге ұмтылған арадай гуілдесіп, жолын аңдиды. Ренатомен бірге оқитын балалар Маленаның әкесіне «қызыңыз жезөкшелікпен айналысады» деген хат жіберіп, аяғында әкесі де қызынан теріс айналады.

Қала тұрғындары тіпті «Маленаны еш жазықсыз отбасылы ер адаммен байланысты» деп сотқа да тартады. Маленаны сотта қорғап шыққан адвокат қорғаған еңбегі үшін өзімен жақын болуға мәжбүрлейді. Өсектің кесірінен ешкім араласпай, жалғыз қалған Малена ішерге ас таппай ақырында... морт кетеді. «Қасқырдың аузы жесе де – қан, жемесе де – қан». Ақыры ер адамдармен азық-түлік үшін төсектес бола бастайды. Онан әрі неміс офицерлерінің көңілін аулайтын жезөкше қыздарға қосылады.

Қала тұрғындарының сұлулыққа деген жеккөрініштері шегіне жетіп, қалаға Америка әскері кірген кезде, әйелдер Маленаны көшеге алып шығып, аяусыз ұрып-соғады. Ол қаладан қашуға мәжбүр болады.

 Кейін «соғыста қаза болды» деген күйеуі оралып, Маленаны іздейді. Бірақ ешкім тіс жарып ештеңе айтпайды. Тек қана кішкентай Ренато Маленаның адал болғанын, бірақ «күйеуі қаза тапты» деген хабардан кейін басынан көп оқиғалар өтіп, қиналғанын айтып хат жазады. Хат соңында оның поезбен Мессинаға қарай бағыт алғанын жеткізеді.

Жылдар өткен соң ерлі-зайыпты екеуі қалаға қайта оралады.

...Фильм басында Малена тал бойына құйып қойғандай жараса қалған ақ көйлегінің етегі желбірей, жұп-жұмыр балтыры көзді арбай, қала көшесінде кетіп бара жатады. Бұл титтей деталь оның ар-абыройы кір шалмаған ақ көйлегі секілді екенін ұқтырғандай. Сұп-сұрғылт қала көшесіне көркімен сәуле шашып келе жатқан әйелге мойын бұрып қарамайтын жан болмайтын. Бірақ... жан-жақтан қадалған сұқ көздер, бақастық, көреалмаушылық, ауыр тұрмыс, мәжбүрлеу –  ақ көйлекті ластап тынады. Осынша сұлулықты, осынша тұнықтықты лайлайтын әрекетке  Маленаны бергің келмейді-ақ, бірақ шарасыздық деген бір ешкімге ырық бермейтін дүлей күш бар емес пе? Сол жақсы ой, ізгі әрекеттерді байлап, матап тастайды... Солай  Маленамен бірге іштен тынасыз.

Оның құрдымға кетуіне жанына дос-құрбы жуытпай, өзін биік ұстаған тәкаппарлығы да себеп болды ма?!

Кім кінәлі?

Сот кезінде адвокаттың: «Бәріне кінәлі – сұлулық!» дейтіні бар еді. Бәлкім, бар кінәсі – есті алар осы сұлулығы...

Фильм соңында бұрынғы еңсені басқан сұрғылт өмірге көктем лебін сыйлайтын Малена қоңырқай түсті көйлекпен, асқақ рухы мұңмен аласара түсіп, иығына ауыр сөмке арқалай қайнаған базардан қайтып бара жатады...

Бұл жасөспірім баланың естелігі, сұлулыққа іңкәрлігі туралы фильм емес. Махаббат, сезім, мөлдірлік жоқ.

Бұл – лас қоғамның көрінісі, адам­дардың қатігездігі мен соғыстың қасіреті туралы фильм. Әйелдің қорғаны саналатын ер-азаматтардың керісінше, әйелдерді құрбан ретінде қарайтын көзқарасын әшкерелейтін фильм.

Фильмде әйелдердің зұлымдығы жиркеніш тудырады. Малена жанын азаптаған жаланы көтере алмай сүрініп, тағдыр тәлкегіне ұшыраса да, мойымай, басын тік көтеріп, өмірге қайта оралады. Киносыншылар мен көрермендер өзін сонша жек көрген, көз түрткі қылған адамдар арасына неге қайта оралды деген сұраққа жауап іздепті. Меніңше, бұл көрініс  арқылы режиссер Маленаның қорғансыз кезінде әйелдік әлсіздікпен шалыс басса да, күйеуіне деген сезімі сол қалпында екенін, ішкі тазалығын сақтауға ұмтылғанын көрсеткісі келгендей.

Барлық адам қателеседі. Жаза басып, жаңылады. Мәселе – адамның қателікті қалай жөндеуінде, сабақ ала білуінде. Малена бәріне төзді. Кек сақтамай, кешірді. Күйеуі соғыстан тәні жараланып, мүгедек боп оралса, Малена жаны жараланып, арына дақ түсірді. Екеуі бір-бірін түсіне де, кешіре де алды. Бұл екінің бірінің қолынан келмейтін дүние еді.

 Режиссер қоғам мешеу, тар түсінікпен ілгері дамымайтынын тағы бір мәрте көрсетіп берді. Дамыған қоғамда ғана әйел бағаланады. Сұлулық әйелдің соры емес, бақыты екенін сезіндіреді. Иә, иә, сұлулық – Құдайдың пендесіне берген ерекше сыйы екенін ізгі қоғамның ізгі ниетті адамдары түсінеді. Түсінуге тиіс.

Режиссер Джузеппе Торнаторенің  «Малена»  фильмі 2000 жылы түсірілді. Бүгінге дейін көрермен іздеп жүріп көретін үздік кинолар қатарында.

«Оскар» сыйлығына «Үздік операторлық жұмыс», «Үздік түпнұсқа саундтрек» номинация­лары бойын­ша ұсынылды. Картина «Үздік к­остюмдер» және «Үздік саундтрек» ­номинациялары бойынша «Давид ди Донателло» жүлделерімен марапатталды. Сонымен қатар Берлин халықаралық кинофестивалінің бас жүлдесі «Алтын аюды» иеленді.     

Айнұр МҰРАТОВА

6218 рет

көрсетілді

25

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №14

11 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы