• Тарих
  • 21 Сәуір, 2022

ТАРИХТЫҢ АҚТАҢДАҚ БЕТТЕРІ ҚАШАН АШЫЛАДЫ?

Ұлттық тарихымызға қатысты тарихи деректер мен құжаттарды зерттеу – негізгі міндеттердің бірі. Деректерді жинау бар да, жиналған деректерді зерттеу мен зерделеу бар. 
Тоталитарлық жүйе тұсында архив құжаттарының елеулі бөлігі негізсіз құпияландырылды. Тіпті, мысал үшін айта кетейік, Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік архивінің құпия қорында Б.Майлиннің жарнаманы қазақ тілінде беру қажеттігі туралы «жоғарыға» жазған хаты да ұшырасады. Кейбір  істердің «жоғалып» кетуі олардың кезінде айыптау материалдары ретінде прокуратура, сот, ішкі істер органдарына, Мемлекеттік Қауіпсіздік Комитетіне алдырылуына байланысты болса керек. Бұл «құдіретті» құрылымдардан материалдардың бәрі бірдей қайта алынбаған. Мысалы, 1945 жылдың 19 мамырында жасалған алыс-беріс актісінен аңғарғанымыз, І.Жансүгіровтің қолжазбалары, кітаптары мен газет қиындылары жинақталған папкалары Мемлекеттік Қауіпсіздік Комитетінің 2-бөлімінің бастығы Рафиковтың қолында болған, кейін архивке тексерілмей қабылдана салынған (Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік архиві (одан әрі ҚР ОМА), 544-қор, 1-тізбе, 526-іс, 4 п.). 

Елімізде архив мекемелерінің тарихи құжаттардың деректі жарияланымының бастауы 1927 жылғы 5 маусымдағы Қазақ АКСР Орталық Атқару Комитетінің «Орталық тарихи архиві және Қазан революциясы архивін құру» туралы қаулысы игі әсерін тигізді. Қызылорда қаласында 1927 жылдың 2 маусымында республикада тұңғыш рет өткізілген архив қызметкерлерінің конференциясында баспа, редакциялық жұмыстарды жандандыру мәселесі де күн тәртібіне көтерілді (ҚР ОМА, 81-қор, 1-тізбе, 1288-іс, 6-8 пп.). Архив қызметкерлері еңбегінің нәтижесінде 1920 жылдардың аяғы мен 1930 жылдардың басында қазақстандық архивистер деректі құжаттар негізінде «Алаш Орда» және басқа да шағын баспа табақты деректі жинақтар шығарды. 1929–1934 жылдары аралығында Қазақстан Орталық архив басқармасының архив бюллетенінің 15 саны жарық көрді.

Алматы қаласында 1930 жылдың 6-14 сәуірінде І өлкелік Қазақстандық өлкетану ғылыми-зерттеу мәселелері туралы съезд өткізілді. Съезге 240-тан астам делегат қатысты. Қазақ АКСР-ның өлкетанушылары ғана емес, сонымен қатар Ташкент, Фрунзе, Омбы, Москва, Ленинград, Харьков қалаларынан да делегаттар съезд жұмысына белсене араласқан. Съезге академиктер А.Е.Ферсман, ­Масков, профессор С.Асфендияров, архив қызметкерлері Н.Я.Болотников, ­Цвибака, Струкова қатысты. Съезд барысында профессор С.Асфендияров «История общественных форм на востоке в связи с азиатским способом производства», архивистер Цвибака «Революционное движение в 1917 году в Семиречье» и «Марксизм и этнография», Н.Я.Болотников «Архивы Казахстана и их задачи» тақырыптарында баяндама жасаған (Бюллетень Центрального архивного управления Казахской АССР. 1933. -№ 4. с.1-2). Съезд делегаттары Н.Я.Болотниковтың баяндамасы негізінде Қазақ АКСР үкіметі атына үндеу қабылдады. Үндеуде архив құжаттарын кеңінен пайдаланып, жарыққа шығару мәселесі күн тәртібіне көтерілді.

1936 жылы Қазақстан Орталық Архив басқармасы Қазақ ғылыми-зерттеу (марксизм-ленинизм) институтымен бірлесе отырып «Торғай облыстық Кеңесінің съезі Орынбор (21 наурыз-3 сәуір 1918 ж.) Хаттамалары» және «Қазақ АКСР Кеңесінің Құрылтай съезі (4-12 қыркүйек 1920 ж.) Хаттамалары» атты екі құжаттық жинақ шығарды.

1940 жылдары архивистер КСРО Ғылым Академиясының Қазақ филиалы және БК(б)П Орталық Комитетінің жанындағы марксизм-ленинизм институтының Қазақ филиалымен бірлескен түрде кооперация­лар туралы жинаққа материалдар жинау жұмыстары жүргізілді (ҚР ОМА, 54-қор, 1-тізбе, 611-іс, 49-51 пп.) 1940 жылдың қазан айында Қазақ КСР Халық Комиссарлар Кеңесі арнайы өткізген мәжілісте архив деректері бойынша Қазақстандағы білім беру тарихын және 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілістер туралы жинақтар шығаруды қолға алуға байланысты оған дайындық жұмыстарының барысы туралы арнайы хабарлама тыңдалды. Мәжіліске архивистер де қатысты. Бірақ ғылыми жинақтарды шығару жоспары бірнеше кедергілерге кездесті. Біріншіден, шығарылатын жинақтарға қаражат жетіспеді; екіншіден, архив қорларындағы қажетті құжаттар тәртіпке келтірілмеді; үшіншіден, өз ісін жетік білетін маман архивистер тапшылығы қол байлау болды.

Ұлы Отан соғысы жылдарында да архив қорларын сақтауға ерекше назар аударылды. Оның басты себептерінің бірі – соғыс жылдарында қоғамдық ғылымдардың маңызы мен рөлінің күрт өсуіне байланысты болды. 1942 жылдың шілде айынан бастап Ұлы Отан соғысына қатысты құжаттарды жинақтау, зерделеу жөнінде комиссия құрылды. Соғыс жылдарында халықты кеңестік патрио­тизм рухында тәрбиелеудің бірден-бір басты құралы ретінде майданнан келген хаттарды жинақтап, жариялау болып табылғаны белгілі. Осыған байланыс­ты архив басқармасы майдан даласынан жазылған 600-ден астам хаттарды жинақтап, 1942–1943 жылдары соның 66-сын жариялады. Қазақстан архивистерінің бұл тұңғыш бастамасын кейін татар, өзбек, түркімен т.б. әріптестері жалғастырып әкетті. 1945 жылы Кеңестер Одағының Батырлары Н.Әбдіров, И.В.Панфилов, М.А.Мәметова, Ә.Н.Молдағұлова, Т.Масин, екі мәрте Кеңестер Одағының Батырлары, ұшқыштар Т.Ж.Бигельдинов, С.Д.Луганский, И.В.Павлов, Л.И.Беда т.б. ерліктері туралы «Қазақстандық Кеңестер Одағының Батырлары» атты құжаттар жинағы жарыққа шықты. Қазақстандық архивистерден кейін мұндай жинақтарды Түркіменстан, Қырғызстан және Ставрополь өлкесінің архивистері қолға алды. Архив қорларындағы құжаттарды жариялауды кеңінен жүргізу мақсатында 1945 жылы архив қорындағы құжаттарды жариялау туралы ереже қабылданды. Қабылданған ережеде алғашқы рет құжаттарды жариялаудың жалпы принциптері көрсетілді. Дегенмен де қабылданған ережеде құжаттық материалдардың баспаға шығарылуы туралы толық әрі нақты мәселелері шешілмеді.

1945 жылдың 12 қыркүйегінде Қазақстан К(б)П Орталық Комитеті жанындағы үгіт және насихат бөлімінде Қазақ КСР тарихының екінші басылымын дайындау туралы кеңес өткізілді. Кеңеске Қазақ КСР Жоғарғы Президиуымының төрағасы Ә.Әбдіхалықов, марксизм-ленинизм институтының директоры Н.Тимофеев, Қазақ мемлекеттік университетінің тарих кафедрасының меңгерушісі С.Н.Покровский, Қазақ медицина институтынан С.Ботман, ғалым Қ.Сәтпаев, тарихшылар Х.Айдарова, А.И.Яковлев және Орталық мемлекеттік архив бастығы Н.Н.Фёдоров қатысты. Осы кеңесте Н.Н. Фёдоров сөз сөйледі (Қазақстан Республикасы Президенті архиві (ҚР ПА), 708-қор, 9-тізбе, 1374-іс, 12, 22-23 пп.). Ол сөйлеген сөзінде республикадағы архив органдары 1940 жылға дейін архив ісінде құжаттарды жариялау жұмыстары жүргізілмегенін, жоспарда жасақталмағанына тоқтала келіп «Қазақ КСР тарихын» құрастыруға архив ұжымының қатыспағанын тілге тиек ете отырып, кітапты құрастырушыларға архив қорындағы құжаттарды толық пайдалану туралы ұсынысқа жауап болмағандығын баян етті.

1946 жылдың сәуір айында Москва қаласында КСРО Ішкі істер министрлігі Архив Бас басқармасы ұйымдастыруымен одақтас республикалардың архив басқармалары жетекшілерінің қаты­суымен Ұлы Отан соғысы жылдарындағы архивтердегі баспа жұмыстарының қорытындысы туралы алқалы кеңес өткізілді. Осы кеңесте Қазақстан архивистерінің еңбегі ерекше атап өтілді (ҚР ОМА, 544-қор, 1-тізбе, 81-іс, 24-25 пп.). Қазақстан архив мекемелерінде бұл шараға байланысты көптеген ізденіс жұмыстары жүргізілді. Сондай жұмыстардың нәтижесінде Ұлы Отан соғысы жылдарындағы Қазақстанның жеңіске қосқан үлесі туралы деректі құжаттарға нақтылы негізделген іргелі де сүбелі жинақтар жарық көрді. Бұл жинақтарда коммунистік партияның ролі, жұмысшылар мен шаруалардың тылдағы ерен ерлігі, майдан даласындағы қазақстандықтардың жанқиярлық ерліктері паш етілген.

1950 жылдың 8 сәуіріндегі Қазақ КСР Ішкі істер министрі, генерал-лейтенант И.И.Долгих КСРО Ішкі істер министрі, генерал-полковник С.Н.Кругловқа жазған өте құпия баяндама жазбасында архив органдарында қайта құру жұмыстарын жүргізу мәселелерін көтереді (ҚР ОМА, 544-қор, 1-тізбе, 1455-іс, 8-9 пп.). Жазбада көптеген кемшіліктерді атай келіп, КСРО Архив Бас басқармасы тарапынан архив ісіне байланысты және іс тәжірибе алмасу туралы кеңестердің соңғы жылдары өткізілмегендігі, архив ісіне қатысты журналдың жоқтығын қатерге береді. «Кеңестер Одағы бойынша ғылыми-жариялау жұмыстарын жоспарлауда КСРО Архив Бас басқармасы мүлдем айналыс­пайды» дей келіп министр, 1943 жылы өткізілген КСРО тарихшы-архивистер конференциясында көтерілген құжаттық жинақтарды жариялау жұмыстарын тарихи ғылыми-зерттеу мекемелерімен және баспалармен келісім туралы болашақтағы біртұтас жұмыс жоспарын жасақтау мәселесі 7 жыл өтсе де жасақталмағанын ашық жазады. Және мұндай жағдайда ғылыми құжаттық жинақтарды жариялау жұмыстары орталық және одақтас республикалар архив органдары арасындағы байланысты нашарлататындығын, кейбір басылымдарда жарияланған құжаттардаң фактологиялық қарама-қайшылықтар туғызатындығына назар аударады. Архивтердегі осындай және басқа да өзекті мәселелерін шешуде одақ министрінің жеке өзі айналысуын сұрайды.

Қазақ КСР ІІМ Мемлекеттік Архив басқармасының бастығы И.З.Чумак іске тігілуге жататын бұл құжаттың екінші данасына жазған жазбасында баяндамада көрсетілген мәселелердің тек Қазақстанға қатыстыларын қалдырып, өңдеп шығуға министрдің нұсқау бергендігін жаза келіп, бұның мүмкін еместігін және ондай өңдеуден бас тартқаны туралы жазады. Соған қарағанда республика министрінің көтеріп отырған мәселесі одақтық дәрежедегі маңызды мәселе екендігіне көз жеткіземіз.

1950 жылдың шілде айында И.З.Чумак БК(б)П Орталық Комитетіне Ефграфовқа жіберген құпия хатында Қазақстан К(б)П Орталық Комитетінің үгіт және насихат бөлімінің меңгерушісі И.П.Хромковтың (тарихшы Е.Бекмахановты қудалауға ұйытқы болған партия шенеунігі) ­хабарлауы бойынша БК(б)П Орталық Комитетінің баспа секторы тарапынан Қазақ КСР ІІМ Архив басқармасының 1949 жылы шығарған «Алма-Ата в ­период октября и в годы гражданской войны» (Летопись событий) атты кітабын талқылап және көпшілік пайдаланудан алып тастауға тапсырма берілгендігін баян етті (ҚР ОМА, 544-қор, 1-тізбе, 1455-іс, 76-78 пп.). Кітапта жіберілген нақты кемшіліктер туралы Қазақстан К(б)П Орталық Комитеті тарапынан ешқандай ескерту берілмегенін және олардың өздері де білмейтіндігін жаза келіп, сол күні партия қатарындағы тарихшыларға кітаптағы кемшіліктерді табуға және кітапты айналымнан алып тастауға тапсырма берілгендігін жазды. Бұл тапсырма республика партия комитеті қызметкерлері тарапынан тікелей БК(б)П ОК-нің директивасы ретінде қабылданатындығы сөзсіз еді. Осындай жағдайда бұл кітапты қорғайтын тұлғаның табылуы да екіталай еді. 27 шілде күні И.З.Чумакты Орталық Комитетінің үгіт және насихат бөлімі меңгерушісінің орынбасары ­Иванов шақырып, КСРО ІІМ Архив Бас басқармасына кітаптың баспадан шығуы туралы түсінік жазу қажеттігін ескертеді. Сонымен бірге көрсетілген бөлімге де төмендегі екі сұраққа түсініктеме беруді талап етеді. Біріншісі, кітапты дайындау барысында БК(б)П ОК-нің жанындағы марксизм-ленинизм институтының Ленинград қалалық комитеті жанындағы партия тарихы институты шығарған «Большевики в период подготовки и проведение Великой Октябрьской социалистический революций» (Хроника событий в Петрограде) атты кітаптағы деректер пайдаланылған. Екінші, неліктен жарық көрген кітапта БК(б)П ОК-ті жанындағы марксизм-ленинизм институтының рұқсатынсыз «История гражданской ­войны в СССР» атты 2 томдыққа сілтеме жасалады. Қойылған сұрақтарға берген жауабында И.З.Чумак «Хроника ­событий в Петрограде» атты кітаптың айналымнан 1950 жылдың 30 наурызында алынғандығын, басқарма тарапынан жарыққа шыққан кітап 1948 жылдың тамыз айында баспадан шыққандығын және аталған кітапқа 1947 жылы «Большевик» журналының №21, «Партийная жизнь» журналының №18 сандарында жарияланған оң пікірлер назарға алынғанымен түсіндіреді. Марксизм-ленинизм институтымен келісу туралы нұсқаудың болмағандығын назарға береді. Қазақстан К(б)П ОК-ті өз тарапынан кітапта елеулі кемшіліктердің барлығын архив басқармасына ескертеді. Атап айтсақ, кітаптың 1-ші тарауында революция жылдарында бұқара халықты ұйымдастыру және мобилизациялау шараларында негізінен контрреволюциялық күштердің құжаттары енгізіліп, көп орын берілгендігі ерекше назарда ұсталды. Кітапқа бұл құжаттардың енгізілуіне байланысты З.И.Чумак өз көзқарасын төмендегіше білдіреді. Контрреволюциялық күштердің құжаттарын пайдалана отырып, олардың келісімпаздық, буржуазиялық, контрреволюциялық іс әрекеттерін әшкерелейтін қажетті құжаттардың енгізілуі себептерінің бірі сол тұстағы жергілікті большевиктік ұйымдардың құжаттарының сақталмауына байланысты, «жау лагерьдегі» элементтердің құжаттарын пайдалануға мәжбүр болғандықтарын ескере кетеді. Жарық көрген «жылнама» партиялық тұрғыда жазылғандығы туралы 1950 жылдың «Большевик Казахстана» журналының №3 және «Казахстанская правда» газетінің 9 сәуірдегі сандарында оң пікір жазылды. Сонымен бірге И.З.Чумак бұл істі қолдан ұйымдастырып отырғандар барлығын ашына айта келіп, аталған мәселені кейбір тарихшылар мен КСРО ІІМ Архив Бас басқармасындағы бірлі-жарымды қызметкерлердің мемлекеттік архив қорларындағы материал­дарды пайдалануды жете бағаламайтын көзқарастарын таңуға пайдаланатындығы туралы пікірін ашық айтты. Айтылған пікірді өмірдің өзі дәлелдеп бергені сол, іле-шала 1950 жылдың желтоқсан айында тарихшы-ғалым Е.Бекмахановқа қарсы баспасөз бетінде «шабуыл» басталды. И.З.Чумакпен әңгіме барысында И.П.Хромков архив органдары тарихи материалдар жинағын шығаруды текке қолға алмағандығын, өзінің көзқарасы бойынша мемлекеттік архив ісі еместігін айтады. Архив басқармасы бастығы И.З.Чумак хатшы Ефграфовтан мәселені өзінің хаты арқылы БК(б)П Орталық Комитетінің хатшысы Г.М.Маленковке хабарлап БК(б)П ОК-де қарауға күш салуды сұрайды. Архив органдарының археографиялық жұмыстары партиялық «қырағылықтың» нәтижесінде елеулі кедергілерге кездесті. Архив қорларындағы тарихи деректі құжаттарды жариялауда көптеген елеулі кемшіліктер байқала бастады, оның бір дәлелі Ұлы Қазан революциясының 50 жылдығына орай арнайы құжаттарды жинақтау барысында анықталды. Кемшіліктерге жол берілудің басты себептері 1956 жылдың 14-26 ақпанында өткен СОКП-ның ХХ съезінде баяндалды. Қоғамдық ғылым саласында догмалық, жаттандылық, дүмшелік, көзбояушылық, тарихи оқиғаларды біржақты саралау кеңінен етек алды. Дегенмен бұл айтылған кемшіліктер кейін ұзақ жылдар бойы айтылмай «жабулы қазан жабылуымен» қалғаны да ақиқат.

СОКП Орталық Комитеті мен КСРО Министрлер Кеңесінің 1956 жылғы 7 ақпанындағы №246 қаулысында партия органдары, министрліктер мен ­ведомстволарда архив материалдарын сақтау режимінің тәртіптелмегені, оларды пайдаланудың «нашарлығы» атап көрсетілді. Осыған орай 1956 жылдың 19 шілдесінде Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті мен Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің №424 қаулысында Қазақ КСР ІІМ-нің Архив басқармасына және архивтері бар барлық министрліктер мен ведомстволарға революцияға дейінгі, сол сияқты кеңестік дәуірдің архив құжаттары мен материалдарын ғылыми мақсатқа пайдалануға және жариялауға рұқсат беру міндеттеледі. Алайда рұқсатқа сол кезеңге дейінгі құпия қорда сақтаулы және кеңес мемлекетінің мүддесіне «зиян келтіруі мүмкін» құжаттар енгізілмейді, оларды пайдалану, жариялау мәселесі әрқайсысының мазмұнына, тарихи және саяси маңызына қарай жеке шешілуі керек деп атап көрсетіледі. Бұның бәрі, сайып келгенде, тарихтың «ақтаңдақ беттерінің» қалыңдай түсуіне әкелді.

Аққали АХМЕТ,

Х.Досмұхамедов атындағы

Атырау университеті тарих

ғылымының докторы, профессор

4441 рет

көрсетілді

443

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы