• Руханият
  • 21 Сәуір, 2022

АЛАШ ИДЕЯСЫ КЕҢЕС БИЛІГІНІҢ ҮРЕЙІН ҰШЫРДЫ НЕМЕСЕ АЛАШ ТАҚЫРЫБЫН ӘЛЕМДІК АУҚЫМДА ҚАРАУ КЕРЕК

Нұрлайым БАТЫР
«Ana tili»

М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты Р.Бердібаев атындағы Халық университетінің кезекті дәрісін өткізді. Онда академик, алаштанушы-ғалым Мәмбет Қойгелді «Алаш және большевизм: ғасырға созылған қарсыласу» деген тақырып төңірегінде ой қозғады. Кездесуді институт директоры, филолог-ғалым Кенжехан Матыжанов жүргізді.   

Алаш тақырыбы жаныма жақын болғандықтан, академик Мәмбет Қойгелдінің дәріс, сұхбаттарын ғаламтор желісінен онлайн түрде үнемі үзбей тыңдап отырамын. Ал өз аузынан айтқан дәрісін осымен екінші рет естіп, біраз ой түйдім. «Алаш» сөзі – әуелден бойға сіңген аяулы сөздердің қатарында жүрегімізге орныққан ұғым. Мектеп табалдырығын аттап, үлкен өмірге бірінші қадамды бастаған тұста Ахметтің әліппесімен тіл сындырдық. Міржақыптың «Оян, қазағын!» оқып, Мағжан мен Сұлтанмахмұттың жырын жатқа айттық. Қараңғы қазақ көгіне күн боп көтерілген тұлғалар тағдырымен бертінде таныстық. Олардың ішкен уы мен тартқан азабын естігенде жүрегіміз мұздады. Біз оқыған кітаптардың бетіндегі жазудың астында басқа да сыр бар екен. Алаш арыстарының қанымен жазылған сыр. Әрине, біз мұны әлі де жете түсіне алмаған шығармыз. Себебі бастан кешпеген нәрсені ұғыну өте қиын. Айтуға ғана жеңіл болғанымен, сезіну оңай емес. Ал оны сезініп, түйсініп, содан нәтиже шығаруымыз үшін Алаш зиялыларының өмірін бізден артық білетін ғалым, зерттеушілерге жүгінеміз. Егер менің көңілімде алашқа қатысты бір сұрақ туындаса, ылғи да Мәмбет ағаның кітаптарын қолыма алып, с­одан жауап іздеймін. Сұрағыма жауаптар нақпа-нақ, көзбен көргендей табылып жатады. Жүйелеп, жіктеп, санаға құйып береді. Сондықтан да алаштанушы Мәмбет Қойгелдінің дәрісіне журналист ретінде барғаныма қуандым.

Алаш тақырыбы бітпейтін жол секілді ұзын боп көрінеді, кейде. Алаш зиялылары ақталған сәттен бастап, әсіресе тәуелсіздіктен кейінгі жылдары бұл тақырыптың қазақ арасындағы мәні мүлде өзгеше сипат алды. Ұлттық идеологияға сусаған халық енді алаш ұғымын ұранға айналдыра бастады. Түрлі жиындарда алаш деп сөз бастап, алаш деп аяқтайтын болдық. Бірақ қанша көп айтқан сайын соншалық алыстап бара жатқандай. Алаш тақырыбынан емес, Алаш арыстарының арманынан. Солар көздеген мұраттан. Солар қалыптастырған жүйеден мүлде бөлек әлемде өмір сүріп жатқандаймыз. Ең бір аяулы нәрсені ұмыт қалдырып, басқа бір жаққа асықтырып бара жатқан тіршілікке бой түзеппіз.

«Алаш және большевизм» тақырыбындағы дәріс алаш деген аяулы ұғымның мәнін түсіндіре түсті. Біз алаш деп жалпылама айта береді екенбіз. Алаштың ішінде өмір барын, бір кездері ол жанды процесс болғанын, оның құраушы бөліктерінің (алаш қозғалысы, алаш партиясы, алаш қайраткерлері) айырмашылығын дәріскер жіктеп айтып берді. Алаш қозғалысы әлемдік деңгейдегі ұлт-азаттық қозғалыс болғандықтан, ол Түркиядағы жас түріктердің, Үндістандағы ­Махатма Ганди, Қытайдағы Сунь Ятсен басқарған азаттық қозғалыстарымен қатар қарастыруға тиіс қозғалыс екенін ұғындық. Сунь Ятсен мен Гандиді бүкіл әлем білгенімен, Алаш ұлт-азаттық қозғалысының басында тұрған Әлихан Бөкейхановты барша ғалам таныды деп айтқан өтірік болар еді.

Оның себебін де дәрістен түсін­гендей болдық. Өйткені Алаш қозғалысын осы күнге дейін советтік идеологияның Ресей тарихына байлап тастаған отаршыл көзқарасымен қарастырғандықтан қазақ халқының қаншалықты азапты бастан кешкенін дамыған елдер толық білмейді. Академик Мәмбет Қойгелді Алаш тақырыбын әлемдік контексте қарау керегін, сонда ғана тура түсіне алатынымызды айтты. 

Советтік биліктің қалыптасқан дағдысы – болғанды болмады деу, жоқты бар етіп көрсетіп, барды жоқ ету. «Қазақтарда Октябрь революция­сына дейін саяси қайраткерлер болмады деген – қате пікір. 1987 жылы ­Камалиденов «Октябрь революция­сына дейін қазақтарда 22 жоғары білімі бар адам болды» деді. Негізі Ресей, Азия, Шығыстың түрлі білімін игерген 120-ға жуық адам болған. 700-ге жуық жастар гимназияны тәмамдаған. Солардың бірі – ­Ахмет Байтұрсынұлы», – деп, академик қазақ арасында 1917 жылға дейін де зиялылар тобы қалыптасқанын жеткізді. «Ағартушылықпен Абай, Шоқан, Ыбырайлар айналысқанымен, олар қазақ арасында ситуация жасай алмады. Қазақ арасында ағарту­шылық XX ғасырда басталды. Оның негізгі белгісі – қазақ тілінің ұлттық тілге айналуы еді», – деді ғалым. Осы кезде Абай өлеңдерінің жинағы, А.Байтұрсынұлының «Маса», М.Дулатовтың «Оян, қазағы!» ­қа­раңғыда түскен найзағай секілді жарыққа шығады. Қазақ ағартушы­лы­ғының ұраны – «Оян, қазақ!» болып, «Айқап» пен «Қазақ» газеті өмірге келеді. Байтұрсынұлы қазақ тілінің грамматикасын жасап, қара халықты сауаттандыруға атсалысады. Алаш арыстарының ағартушылықпен айналысқаны, белсенділігі совет өкіметіне ұнамайды. Алаш пен большевизм арасындағы күрес үдей түседі. Бір-біріне қарама-қайшы екі идеология – Алаш пен советтік идеологияның күресі басталады.

Дәрісте негізгі басымдық Алаш қозғалысына берілді. Алаш ұлт-азаттық қозғалысының интел­лектуалдық қозғалыс екенін ұғындық. Алаш арыстары көтерген идея қару-жарақсыз-ақ советтік биліктің үрейін ұшырған. Ахметтің әліппесі бас­тап, Міржақыптың «Оян, қазағы!» қостаған идеология ұлтты біріктіру үшін жұмыс істегенін түсіндік. Дәрісте академик Әлихан басқарған алаш зиялыларының саяси қызметіне де тоқталды. «1917 жылы «Қазақ» газеті ұлттық газетке айналды. 68 съезд өтті. Қазақ комитеттері құрылды. Оны «Қазақ» газеті басқарды. Саяси элита қалыптасты. Алаш партиясы өмірге келді», – деді ғалым. 

Қазақтың өзін біртұтас ұлт ретінде сезінуі, советтік билік ұсынған таптық жіктелуге қарсылығы, жер мәселесі мен ұлттық бірігушіліктен кейін алаш пен большевизм арасы ажырап, конфликт туады. Оның соңы бітпейтін дауға ұласып, ақыр аяғы 1937 ­жылдары Алаш зиялыларының көзін күш қолдану арқылы жоюға алып келді.

Күш қолдану арқылы өзіне ұнамаған адамды, не топты жою тек әлсіздердің ұстанар әдісі. Ақыл-парасаты жетпеген соң, амалсыз өз артықшылығын пайдаланатыны сөзсіз. Солайша совет өкіметі процесті уақытша тоқтатуға ­тырысты. Ал бүгін көріп отырғанымыздай, олардың әдіс-тәсілі ескірген, көштен қалған, көнерген тәсіл екеніне әлем көз жеткізіп отыр. Алаш зиялылары бүгінгі заманда дамыған елдер ұсынған технократтық, интеллектуалдық басымдықтарды бұдан бір ғасыр бұрын көксеп, соған жұмыс істеген еді. Мемлекеттің тұтастығын, рухани азаттығын армандаған Әлихан, Ахмет, Міржақыптардың идеясы өміршең екенін көреміз. Аталмыш дәрістен осыны аңғардық. Бүгін біз сол зиялылардың жазып қалдырған кітаптарын оқып, құндылығы басым ойларын өз өмірімізде пайдаланып келеміз. Ахмет Байтұрсынұлының ­«Масасы», Міржақып Дулатовтың «Оян, қазағы!» әлі де өз қасиетін жоймапты. Оны оқыған әрбір адам ең әуелі өзіне сұрақ қойып, Алаш арыс­тарына қарап бой түзеуге, болмаса да ұқсап бағуға тырысады. Ұйықтаған санасын оятып, ақыл-ойды іске қосады. Академик Мәмбет Қойгелді біздің жадымызға осыны салды. 

1528 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы