• Тіл
  • 28 Сәуір, 2022

ӨЛІ ТІЛ МЕН ТІРІ ТІЛ

«Өз тілімен сөйлескен, өз тілімен жазған жұрттың ұлттығы еш уақытта адамы құрымай жоғалмайды. Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тілі. Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады. Өз ұлтына басқа жұртты қосамын дегендер әуелі сол жұрттың тілін аздыруға тырысады». Бұл қазақ ойшылы Ахмет Байтұрсынұлының ұлағатты пікірі. Мұны неге айтып отырмыз? Өйткені күні бүгінге дейін тілге қатысты күрес  тоқтаусыз, толас таппай келеді. Өйткені тіл – қарым-қатынас құралы. Өмірдің мәні. Тіл – тәуелсіздіктің айқын белгісі. 

Бірақ тарихқа көз салсақ, қол­даныстың арқасында жанданып, көркейіп немесе өшіп, пайдалану аясы тарылып бара жатқан өлі тілдер бар.  Бәрі де, ең алдымен, демографияға байланысты. Екіншіден, мұның бәрі мемлекет жүргізіп отырған саясатқа да тікелей қатысты болары сөзсіз. Өйткені сөз жоқ бір ақиқат бар: үстем тіл ұсақ халықтың тілін жұтып қояды. Көп тілдер осылай жойылған және солай бола береді де. Ағылшынның атақты профессоры Д.Кристал деген азамат бар. Өткен ғасырдың соңында әлемдік қолданыстағы тілдердің тағдыры туралы бірқатар еңбектерін жариялады. Ол 1987 жылы «Тілдердің Кембридж энциклопедиясын», 1995 жылы «Ағылшын тілінің Кембридж энциклопедиясын» шығарған. 1997 жылы «Ағылшын тілі – әлемдік тіл» деген еңбегі жарық көрді. Пайдалы және жанайқайға толы еңбек десе де болады. Неге жанайқай дерсіз? Д.Кристалдың дәлелінше, әлемдегі 6 мыңнан астам тілдің 600-іне қана жойы­лу қаупі төнбейді екен. Ғалымның айтуына қарағанда, үстіміздегі ғасырдың соңына қарай әлемде қазір қолданыста жүрген негізгі тілдер ғана қалатын көрінеді. Ал тілдің жойылуы, бұл бүтін бір ұлттың жер бетінен жоғалуы деген сөз. Өлі тіл дегенде бүкіл ғалымдар әлем тарихында орын алған бір оқиғаны тілге жиі тиек етеді. Өткен ғасырдың соңында Камерун елінің Адамавия өлкесінде касаба тілінде сөйлейтін ең соңғы азамат өлді. Сөйтіп касаба тілі өлі тіл ретінде тарих қойнауына кетті. 
Расында да, ешкім сөйлемейтін тіл өлі тіл болатыны ақиқат. Қазіргі уақытта әлемде 6300-ден аса тіл бар екендігі айтылады. Бірақ ең жан ­ауыртатыны, осы 6300 тілдің жартысы ХХI ғасыр соңына дейін өледі. Шын мәнінде, жан шошырлық мәлімет. Тағы бір дерек, 1992 жылы Кавказ аймағындағы обух тілінде сөйлейтін ең соңғы адам өлді. 
Ақиқаты – тілің өлмес үшін сөйлеу керек. Сөйлейтін ұрпақты көбейту қажет. Сонда ғана Д.Кристал келтіріп отырған қауіптен ада боласыз. Ал адам баласы өзінің тілінде сөйлеу үшін қажеттілік және рух пен ­намыс, жігер қажет! Қазақ – ананың тілі деп айтқан. Өйткені баланың дамуы, сөйлеуі ең алдымен анаға, әкеге байланысты. Жер бетінен жойылып кетпес үшін жанашырлық тірлік керек, тіл үшін күрес өмір бойы толас таппайды. ­Мысалы, өлген тілдің бірі – иврит тілі.Ал еврейлер өздерінің ана тілін қалай тірілтті? Саяси күрескер, қайраткер азамат Сағат Жүсіп бұл туралы былай деп жазады: «1947 жылы ғана құрылған Израиль елінің әлемде жасаған таңғаларлық ғажайыбы бар. Бұл, әрине иврит тілі. 2000 жыл бойы ұмытылып келген, екі мың жыл бойы ешкім сөйлемей келген тіл. Міне, сол тілді еврейлер екі мың жылдан соң сөйлетті. Қалай дейсіз ғой. Еврейлердің ауыз бірлігі, мемлекетшілдігі арқасында! Израильдің еврейлері үш құрылықтың 70-80 елінен жиналған. Олар қазіргі мекеніне келген кезде түрі мен түстері неше түрлі болғанына, неше түрлі тілде сөйлегендеріне қарамастан бірден иврит тілін мойындап күмәнсіз қабылдады. Соның арқасында бар болғаны 20-30 жылда 2 мың жыл бұрын өлген тілді тірілтіп, мемлекеттік тілге айналдырды». Міне, тілге ­деген жанашырлық осындай ұлы істен ­басталады. 
Мамандардың деректеріне қарағанда, қазіргі таңда әлемде 100 миллионнан астам сөйлеушісі бар 8 ірі тіл бар. Олар – қытай, испан, ағылшын, бенгал, хинди, португал, орыс, жапон тілдері. Ал төрткүл құрлықтың басты тіліне айналып отырған бұл тілдер өле ме? Жоқ! Ағылшын, араб немесе португал, яки испан тілі жойылады дегенге ешкім сенбес. Өйткені осы аталған тілде сөйлеушілердің қатары азайған емес, қайта саны жыл өткен сайын артып келеді.  Оның үстіне әлемдік негізгі сегіз тілде  сөйлейтіндердің үлесі жер бетіндегі халықтың жартысынан астамын құрап отыр. Ең назар аударарлық дерек, 20 мың сөйлеушісі ғана қалған тілдер де бар. Демек, «бұл тілдер жойылады, ұлты жоғалады» ­деген сөз. Шын мәнінде, ойлаудың өзі де қорқынышты ғой. Ақиқаты, көптеген елдер бодандықта болды. ­Отарлау саясатының құрбанына айналған ұсақ ұлттар осылай жойылды. Ұлы ұстаз ­Ахмет Байтұрсынұлы бекер айтып отырған жоқ: «Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тілі. Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады». Расында тілін сақтамаған, сақтай алмаған халықтың келешегі жоқ қой. XVI ғасырда Бразилияны Португалия жаулап алған тұста 540 тіл жойылып кеткен. Тарихта сабақ аларлық мұндай мысал көп. 
Сондықтан құнары бай ана тілін, қазақтың тілін біз де сақтай алуымыз қажет. Мемлекеттік мәртебе алуы үшін күрес керек. Елде әлі де көрші елдің тілінде сөйлейтіндердің саны азайған жоқ. Соңғы деректер бойынша, елдегі орыстың саны 18,5 пайыз шамасында. Өткен жылғы дерекке назар аударар болсақ, қазақтың елдегі үлесі басым, 70 пайыздан асты. Бірақ өзге тілде сөйлеу қарқыны әлі де болса, бәсеңдемей отыр. 
«Ана тілін өгей ұлдары ғана менсінбейді, өгей ұлдары ғана аяққа басады». Бұл классик жазушы Ғабит Мүсіреповтың ұлағатты пікірі. 
Ал қазақтың тілі өз Отанынында ғана дамиды. Әлі де болса, өзінің анасының тілінде сөйлегісі келмей жүргендер жоғарыда айтылған тарихтан сабақ алса дейміз.
 

Берік БЕЙСЕНҰЛЫ

3064 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы