• Тарих
  • 28 Сәуір, 2022

ТАРИХЫН ТАСҚА БАСҚАН...

Тарихшы, өлкетанушы, ұстаз Молот Мұсаұлы Солтанаевтың «Тағдырлы тарихымның түпқазығы» атты тарихи-танымдық жинағы – халқымыздың тарихының сонау есте жоқ ескі заманнан бүгінге дейінгі басып өткен жолын нанымды түрде болжап, көкейге қонымды етіп, нақты дерек келтіре баяндалуымен риза етті. Аталған туындыға алғысөз жазған тарих ғылымының докторы, доцент, Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының бас ғылыми қызметкері Айжамал Құдайбергенова: «Қолдарыңызда қойнауы рухани және материалдық ескерткіштерге толып жатқан Жетісудағы Жаркент өңірінің ертеден қазірге дейінгі тыныс-тарихын анықтаған құнды кітап тұр» деп баға беріпті.

Кітаптың алғашқы жолдарымен-ақ автор оқырманын сонау көне замандарға сая­хатқа жетелеп, көне жәдігерлерге тіл бітіріп, еріксіз баурап әкетеді. Ежелгі замандағы сақтардың, ұлы иозылар үйсіндердің, ғұндардың, түркілердің жаужүрек батырла­рының қазақ хандығы атанғанға дейін-ақ осы өлкенің жерін, елін сыртқы жаудан қорғап, арыстандай алысып, жолбарыстай жұлысқанын тарихшыға тән нанымды да бұлтартпас дәлелдерімен жеткізе білген. Кітаптың «Ұлы даланы жайлаған үйсіндер» атты алғашқы тарауларынан-ақ біз осыны аңғардық.

Иә, біз үйсіндер тарихы туралы айта қалсақ, соңғы жылдары көбінесе ежелгі қытай тарихшылары Сыма-Сянның және Бань Гудың жазбаларына сүйеніп жүрміз. Бұл дұрыс та шығар, өйткені олардың жазбаларында үйсіндер туралы көңілге қонымды тарихи шындық аз емес. Бірақ олар өздері хатқа түсіріп, тарих парақтарын жазған сол заманда үйсіндердің, түркілердің тілін білген жоқ, білсе де жетік білген жоқ қой. Міне, осы тұрғыдан келгенде автордың: «Қытай деректерінде жазылып қалған үйсіндердің тарих сахнасына шыққан кезіндегі оқиғаларға ғана баса ­назар аударып, үйсіндер шығыстан ауып келді деген жорамалмен жүрміз» деп жазуы кімге болса да ой салатыны анық. Автор үйсіндер мен ұлы иозылардың осы ұлан-ғайыр даланы ежелден-ақ мекендеп, осы даладан өсіп, өніп таралғанын да көңілге қонымды уәждерімен жеткізе білген. Сондай-ақ сол заманда Үйсін Күнбиінің орналасқан ордасы Шығу қаласы болғанын және оның қазіргі Іле өзенінің оң жағасында орналасқанын қытай жазбаларымен салыстыра отырып баяндаған. Әрине, автор өзі сөз етіп отырған тарихи кезеңдерді тек өз пайым, болжамымен ғана емес, әуелгі кезекте атақты тарихшымыз, академик Ә.Марғұлан, тарихшы-археолог, профессор К.Молдахметов, тарихшы-жазушы Н.Мыңжан, тарихшы Н.Я.Бичурин және басқа да әйгілі тарихшылар мен археологтардың зерттеу-жазбаларын, сондай-ақ ертедегі қытай жылнамашы-тарихшыларының келтірген деректерін де негізге ала отырып, өз ой-пайымын дәлелді түрде жеткізеді.

Үйсін заманындағы қытай саяхатшылары мен тарихшылары қалдырған деректерден басқа таяу Шығыстан, парсы елдерінің мұрағаттарынан Үйсіндерге қатысты тарихи құжаттарды тереңдете іздеуге, табыла қалса оны үңіле зерттеуге әлі де толыққанды көңіл бөліне қойған жоқ. Тіпті күні кеше ғана археологиялық қазбалар жүргізілгенде (К.Байпаков бастаған еді) Жаркент қаласы маңындағы Үшарал ауылының жанынан, жер астынан қылаң етіп көрініс берген ортағасырлық ғаламат құрылысқа жататын монша кешенінің табылуының өзі біздің өлкеміздің аса құнды тарихи жәдігерлерге толы екенін айғақтап тұрған жоқ па? Міне, осы тұрғыдан келгенде М.Солтанаевтың бұл еңбегін бүгінгі ұрпақтың туған өлкеміздің тереңде жатқан тарихын зерттеуге деген құлшынысына ынта-жігер беретін жаңа бір рухани серпіліс деп айтуға болады.

Қай халық та өткен тарихының, басып өткен жолындағы болған оқиғалардың дерегін ұрпағына қалдырып отырған. Бүгінде өткен тарихты, шежірені еш боямасыз объективтілікпен жеткізетін де тарихшылар мен қаламгерлер. Ұрпақ алдындағы осындай жүгі ауыр парызды сезінген тарихшы, ұстаз Молот Мұсаұлының осы жолда шебер аудармашылық қырын да көрсете білгенін айта кеткеніміз жөн.

Ол орыс жазушысы Е.Н.Кукаркиннің 1997 жылы жазылған «Кучер» повесін аударған. Бір кездегі КОКП Орталық комитетінің бас хатшысы болған К.У.Черненконың 1930 жылдары Қорғас шекарасында қарусыз көшті пулеметпен қойша қырған қанды қылмысын онымен бірге қызмет еткен С.М.Петров деген жауынгердің баяндауымен жазылған бұл повесть әр ұрпақ біліп жүруге тиіс тарихымыздың қанды беті. Бұл болған оқиға, Жаркент жұртының басынан өткерген қанды қасірет. Повестегі бір ғана эпизодқа көз жүгіртелік:

«...Черненко жолдас өзін ұрыста өте жақсы көрсетті. Оның дәл атқан оғынан ондаған, жүздеген жау жер жастанды. Осының арқасында, біз Садырбаевтың атақты бандасын тосып алып, тас-талқанын шығардық, әскери басшылық жауынгер Черненкоға алғыс жариялай отырып, оны ВКП(б) қатарына алуға ұсыныс жасап отыр.

– Садырбаев бандит емес!

Тыныштық орнады.

– Кім айтты?

– Мен.

Өңі құп-қу болып Лешка жерден көтерілді

– Барлық көшпелілерді танимын. Садырбаев момын қазақ, ол өзінің ата-бабасының ежелгі салтымен жақсы ­жайылым іздеп шекарадан ары-бері талай рет өтіп жүр...

Бұл қандықол Черненконың пулеметпен жазықсыз жандарды қойша қырып келгеннен кейінгі шекарашы қызылдардың арасындағы әңгіме. Ал Жаркент жұртының басынан өткен адам жанын түршіктіретін осындай оқиғалардың жазылмай жатқаны қаншама?! Бұрын Кеңестік сыңаржақ идеология қыспағынан шыға алмай халқымызға отарлаушылар тарапынан жүгенсіздікпен жасалған қиянатты көре, біле тұра өз ойымызды ашық айта алмай, іштен тынып келсек, шүкір енді мүмкіндігіміз мол,мұрағаттардың қойны-қоншын ақтар жалықпай, тарихыңды түгенде дегенді меңзеп тұр емес пе автор.

«Ел ерсіз болмайды, ер ерліксіз болмайды» демекші ел барда, оған сыртқы жаулардан төнетін қауіп барда ел мен жерді қорғаған хас батырлар қашан да шықпай қалмайды. Кейде бәз біреулер «осы қазақта батыры жоқ ру бар ма өзі?» деп жатады. Әрине, жаугершілік заманда әр рудан батыр шығуы заңдылық. Аталған жинақта автордың жергілікті батырлар туралы жазылған тарауы да шежірелі шындыққа толы. Әр батыр туралы аңыз бен сол кезеңде болған оқиғаның жайын оқығанда, оның арғы жағынан жарқ етіп тарих шыға келіп, өткеніңнен елес береді.

Менің бұл мақаланы жазудағы мақ­сатым автордың аталған кітабына толық тоқталу емес, ол өз алдына ұзақ әңгіме. Айтпағым – осындай құнды дүние қолы­мызға тигенде, ондағы жазылған түп тарихымыздан бүгінге дейінгі өткенімізді жалпақ жұртқа жеткізе беруден жалықпай, ұрпақ санасына құя берсек дегім келеді.

Шаяхмет ОРАЗЫМБЕКҰЛЫ

1853 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы