• Білім және ғылым
  • 28 Сәуір, 2022

БІР ШАҢЫРАҚТЫҢ ҚОС БАТЫРЫ

Атырау облысы Махамбет ауданы Сарайшық ауылының азаматтары, біздің сыныптастарымыз Қонысбай Мақтымқұлов, Серік Мұқашев және Сембай Баймұхановтар 1988 жылы әскер қатарына алынып, Отан алдындағы борышын нағыз қанды қырғынның ортасы Таулы Қарабақ қақтығысында өткерді. Осы үш сыныптасымыздың арасында бүгін Қонысбай досымыз жоқ. Ол Ереван әуежайын қорғау кезінде екі аяғынан бірдей жарақат алып, 1990 жылы II топтағы мүгедек болып елге оралды.

Қонысбай соғыс салған жарақаттың салдарынан 30 жасқа жетпей, 1998 жылы өмірден өтті. Досымыздың ерлігі еленіп, «Қызыл Жұлдыз» орденімен марапатталды. Оған 2018 жылы өзі білім алған Қ.Қарашаұлы атындағы Сарайшық орта мектебінде ескерткіш тақта орнатылды.

Жеңгесі Зәмзә апайдың айтуынша, Мұрат ағамыз бен Жаңыл апамыздың шаңырағына 1979 жылы келін болып түскен уақытында Қонысбай небәрі 9 жастағы бала екен. Бірбеткей, айтқанынан қайтпайтын қайсарлығы тағы бар өжет болған. Бүгінгі күні үлкен әулеттің тұғырын ұстап отырған келіні, Жұмажан ағамыздың жары Зәмзә апайдың бастамасымен 2 мамырда Сарайшық ауылының мәдениет үйінде бір отбасының екі ұлы, қазақтың қос батырына арналған «Сарайшық сарбаздары» кітабының тұсаукесер рәсімі өтпек. «Қос батыр» деп атауымыздың да өз орны бар. Ағасы Жұмажан Ауған соғысының ардагері, 2017 жылы өмірден өтті. Ауылдастары, сондай-ақ ағайынды Мақтымқұловтарға Сарайшық ауылынан көшенің аты берілсе деген игі тілектерін жеткізді.

Сонымен, кітапта ағайынды жандардың майдандағы ерліктері, достары мен қандыкөйлек жолдастарының естеліктері, шыққан тегі, жүріп өткен жолдары мен атқарған игі істері толыққанды жазылған. Біз сыныптасымыз Қонысбайды әр уақытта жадымыздан шығармаймыз.

Атырау облысы Махамбет ауданы

Сарайшық орта мектебінің

87 жылғы түлектері

3743 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы