• Тіл
  • 28 Сәуір, 2022

ҚАЗАҚ ТІЛІНЕ ҚҰШТАР ҚЫЗ

Бүгінгі кейіпкерімді сонау студенттік кезінен білемін. Облыс орталығындағы гуманитарлық колледжде оқып жүргенде мемлекеттік тілге деген ерекше қызығушылығымен жанында жүрген құрбыларын таңдандыратын. Содан бері де арада қаншама жылдар өтті. Ол – қазіргі таңда өңірдегі белгілі тіл жанашырларының бірі. 
Кішкентай Наташа әу баста жергілікті Ғабит Мүсірепов атындағы орыс мектебінің табалдырығын аттап, сонда тоғыз жыл оқыды. Ондағы өзіне дәріс берген қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Нағима Рахметованың жөні бөлек. Ол әрбір сабағына тыңғылықты дайындалатын. Сондықтан да өткізілген тақырып шәкірттерінің есінде ұзақ сақталатын. 
Наташаның ата-анасы қарапайым кісілер. Әкесі Сергей жеке кәсіпкер. Анасы Ольга болса, медицина саласының маманы. Ерлі-зайыпты ­Шпагиналарды жерлестерінің бәрі еңбекқор, бауырмал кісі ретінде құрмет тұтады. Бұл шаңырақта үш бала өсті. Өзінен үлкен ағасы Виктор мен әпкесі Татьяна ауылы аралас, қойы қоралас жатқан мемлекеттің Түмен және Қорған қалаларында тұрады. Сол жақта тұрақтап, біржола қалып қойды. 
Ал елгезек Наталья өзінің болашақ тағдырын Қазақстанмен байланыстыруға бел буды. Жергілікті мектептің 9 сыныбынан кейін ­облыс орталығы Қостанайға аттанды. Жап-жас орыс қызының бұл қадамы сәтті басталды. Батыл да арманы асқақ бойжеткен келген бойда құжатын Қостанай шаһарында орналасқан гуманитарлық колледжге тапсырды. Жолы болды. Барлық сынақтан сүрінбей өтіп, өзге аудан мен қалалардан келген құрбыларымен бірге білім алу бақыты бұйырды. 

ҚАЗАҚ ТІЛІНЕ ШЫНДАП ДЕН ҚОЙДЫ

Қоңыр күзде жаңа оқу жылы да ­басталып кетті. Наталья көп ойланып жатпастан мемлекеттік, яғни қазақ тілін жетік меңгеруді мақсат етті. Қазақ бөлімінде білім алатын ол бұл кезде осы тілді мүлдем білмейтін. Сондықтан оны игерудің тың жолын іздеді. Оның бағына орай киелі Торғай өңірінде дүниеге келген қазақтың ақылына көркі сай сымбатты қызы, білікті ұстаз Гүләлем Есқалиева кездесті. Тәлімгер мен зерделі шәкірт тіл табысты. Гүләлемнің әрбір өткен дәрісінен және өзіндік қалыптасқан әдістемесінен көп жайды зердесіне түйді. Көп өтпей, ол өзінің алғашқы нәтижесін де бере бастады. Курстастарымен тек қазақ тілінде қарым-қатынас жасады. Сөйтіп, өзінің ана тілімізді қалай тез меңгеріп қалғанын білмей де қалды. Алайда ол бұған тоқмейілсіген жоқ. Қайта уақыт өткен сайын оны жетілдіре түсті. Тілді білген соң көркем шығармаларға назар аударып, әрбір мағыналы сөйлем мен сөз тіркестерінің мәніне көңіл бөлді. Сонда байқағаны, қазақ тілі өте шұрайлы, бай да, зейін қойғанға жеңіл әрі көркем. Содан ұстазымен ақылдаса келе түрлі деңгейдегі байқауларға қатысып, бағын сынап көруге ұйғарым жасады. Өйткені мұндай жарыс сенің біліміңнің қаншалықты тереңдігін, ой-өрісіңнің кеңдігін пайымдауға мүмкіндік береді. Өзіңді басқалармен салыстыру арқылы талап-талғамың өседі. Ол осылайша алға қарай талпыныс жасап, жұрт назарына ерте ілікті.

2010 жылы елордамыз Нұр-Сұлтанда ұйымдастырылған республикалық «Тіл – халық жанын танудың кілті» деп аталатын байқауда әділқазылардың көңілінен шықты. Осы жарыстан жүлделі орынды иеленіп, Қостанайға үлкен қуанышпен оралды. Бойжеткеннің табысына тілек­тестік білдіріп, оған ақ жол тілеген ізгі жүректі жандар да марқайып қалды. Осы арада талапкер жас Қызылорда қала­сындағы Қорқыт ата атындағы мемлекеттік университетте өткен айтулы ғылыми конференцияда «Тәуелсіздік жеңісі – жас ұрпақтың жемісі» деп аталатын тақырыпта баяндама жасап көзге түсті. Сөйтіп, Қазақстан Республикасы Ғылым және білім министрінің грамотасымен марапатталды. Міне, осылайша қазақ тіліне құштар қыздың өзіне деген сенімділігі артып, биік шыңға қарай ұмтыла берді.

Колледжден кейін жоғары білім алуды көксеген ол жергілікті Ахмет Байтұрсынов атындағы Қостанай өңірлік университетінің қазақ филологиясы мамандығын алды. Жаңа ортада ол өзінің табандылығымен, алғырлығымен мұндағы ұстаздары мен құрбыларының ілтипатына бөленді.

Университетті де тәмамдап, көптен күткен дипломды қолына алды. Содан соң осы жоғары оқу орнындағы магистратурада білімін тереңдетіп, ғылымға бетбұрыс жасады. Алайда онымен де шектеліп қалған жоқ. Уақыт өте Қостанай шаһарындағы Челябі мемлекеттік университетінің заң факультетін аяқтады. Қоғамдық жұмыстарға белсене араласа бастады.

Ол облыстық тілдерді дамыту басқармасы жанындағы «Тілдарын» жас­тар клубына басшылық етті. Бұл 2011 жыл еді. Бастапқыда оның құрамында небәрі он адам болды. Бірте-бірте өзі секілді дарынды жастармен толықты. Сол кездегі онымен бірге болған Алла Гаврина, Дмитрий Ромащенко, Индира Ивановаларды бұл күндері республика жұртшылығы жақсы таниды. Өйткені бұлар да қазақ тілін ана тіліндей терең меңгерген дарынды жастар. Мәселен, қазіргі таңда Алла «Қазақстан» ұлттық телеарнасында қызмет атқарады. Дмитрий украин ұлтының өкілі болса да Қостанай қаласындағы М.Горький атындағы гимназияда оқушыларға қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ беріп жүр. ­Индира еліміздің бас қаласында білікті маман. Олардың алдағы уақытта да талай асудан асатындығына нық сенімдімін.

 

ҚАЗАҚ ШАҢЫРАҒЫНЫҢ КЕЛІНІ

Наталья Рамазанованың қостанайлық­тардың ұғымында «Достық үйі» деп аталып кеткен ғимараттағы «Қоғамдық келісім» мекемесінің тізгінін қолға алғанына да көп өткен жоқ. Алайда өзінің іскерлік қырларын көрсетіп үлгерді. Бұл жерде өңірдегі ынтымағы жарасқан бірнеше ұлттар мен ұлыстардың мәдени орта­лық­тары орналасқан. Олардың бәрі де өздерін бір үйдің адамындай сезінеді. Себебі оларға мақсатта да, мүдде де ортақ. Ол – Жаңа Қазақстанның өркендеп, дамып, гүлденуіне лайықты үлес қосу.

Ұлыстың Ұлы күні – Наурыз, мемле­кет­тік мерекелерде ұлттық киім киіп, түрлі бағдарламалардың салтанаты мен ажарын кіргізуге белсене атсалысады. Міне, осы орталықтардың жұмысын шеберлікпен үйлестіріп отырған Наташаның еңбегі де орасан.

Өзім оны бұрыннан білетіндіктен жұмыс бөлмесінде жолығып, алдағы мақсаты, мемлекеттік тілдің қолданыс ­аясын нығайту мен мәртебесін көтеру жайлы пікірлестім.

– Қазақ тілі – мемлекеттік тіл екені белгілі. Оны одан әрі дамыту және терең білу әрбір қазақстандықтың міндеті. Тәуелсіз еліміздің ертеңі қазіргі жастардың қолында. Бұл жайлы талай айтылып та, жазылып та жатыр. Тілді білу мен меңгеру, халықтар арасындағы түсіністіктің, мызғымас бірліктің кепілі. «Тілге деген құрмет, елге деген құрмет» екендігін бір сәтке де ұмытуға болмайды, – дейді ол өз әңгімесінде.

Жаны ізгілікке толы, мінезі жайдары ол өзінің тағдырын қазақ жігітімен байланыс­тырды. Өзі ұнатып қосылған жан-жары Серік те ер мінезді азамат. Екеуі бір ауылда туып-өскен. Сондықтан бір-бірін жақсы біледі. Ата-енесі Салмырза мен Гүлнәр да оны алғашқы күннен құшақ жая қарсы алып, өздері­нің қызындай көріп кетті. Өйткені келінге тән асыл қасиет­те­рі­нің бәрі де Ната­шаның бойында бар.

  Отбасында ынтымақ пен түсіністік болған жерде бақ та, бақыт та қонады. Бұл күні ерлі-зайыптылардың шаңырағында Руслан және Ренат есімді қос ұлы өсіп келеді. Әке-шешесі ертең ержеткенде балалары туған жерінің нағыз тірегі, елінің сенімді қорғаушысы болса екен деп армандайды.

Орыс қызы қазақ шаңырағына тез үйренісіп, әрі сіңісіп кетті. Бұл орайда ата-енесінің де түсіністігі, ғұмырлық серігінің қолдауы ерекше орын алғаны даусыз. Қазір екі жақтағы туысқандардың да ықыласы мен мейірімі қос аққудай жарасқан жұбайлар мен немерелерінің үстінде. Бұлар да олардың қас-қабағына қарап, өздерінің перзенттік борыштарын ұмытқан емес.

Наталья қазақ отбасына тек ибалы келін атанып, айналасының ілтипатына бөленді. Қазақтың ұлттық тағамдарын дәмді дайын­дайды. Қонағын жылы қарсы алып, ізет көрсетіп жатқаны.Қос ұлы қазір қазақ тіліндегі балабақшаға барып, ана тілінде сөйлеуге талаптанып келе жатқаны қуантады.

Демек, қазақ елін өз Отанындай сүйіп, қадіріне жетіп бағалай білетін жастар бар кезде мемлекеттік тілдің де аясы кеңейіп, өзінің биік тұғырына көтеріле беретіндігіне сенімдімін.

Оразалы ЖАҚСАНОВ

ҚОСТАНАЙ

 

1930 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы