• Тарих
  • 28 Сәуір, 2022

АЛАШ ҚАЙРАТКЕРЛЕРІНІҢ ЖАҢА ДЕРЕКТЕРІ

Қазіргі таңда отандық тарихшылар алдында жаңа архивтік және жазбаша деректерден қазақ халқының өткен тарихын іздеу, жаңаша пайымдау міндеттері бар. Биыл Ш.Ш.Уәлиханов атындағы ­Тарих және этнология институтының қызметкерлерімен әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті ғалымдары деректану саласында бірталай жұмыс атқарды.
2022 жылдың ақпан айының соңы мен наурыз айының басында Ташкент қаласына барған сапарымыз сәтті аяқталды. Ташкенттегі бірқатар ірі кітапханалармен мұражай қорларынан гранттық жоба бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу, жазбаша құжаттар мен материалдарды анықтау мақсатында Алаш зиялыларының қызмет ету кезеңіне қатысты дерек­тердің мол қорын жинақтап зерделедік.

Өзбекстан Республикасы Ұлттық кітапханасы қорларындағы жүйелік және электронды каталогтардан 1920–1930 жылдардың хронологиялық кезеңнің ашық қолжетімді баспа ­басылымдарын зерделеп, біраз жұмыс атқардық. Смағұл Сәдуақасовтың және ол туралы баспасөз беттеріндегі сирек жарияланымдарды анықтадық.

Аталмыш кітапхананың сирек кітаптар қорында Алаш зиялылары­ның жарияланымдары: «Жас қазақ» (1923–1924), «Шолпан» (1922–1923), «Жас қайрат» (1924) ­журналдары мен «Ақ жол» 1920, «Еңбекшіл қазақ» 1923, «Өртең» 1922 газеттері араб жазбасында сақталған. Қазақстан аумағында кездеспейтін сирек ­материалдар: Мағжан Жұмабаев­тың, Ахмет Жантелиннің, Файзулла Ғалым­жановтың эсселерін оқыдық. Сондай-ақ «Өртең» жастар газетінде (Орынборда, 1922 жылдың қараша-желтоқсан айларында шыққан) Бейімбет Майлиннің (№1) «Өртең» өлеңі, Смағұл Сәдуақасовтың «Өзгеріс һәм оқығандар» (1922 жылғы №2) мақалаларын араб жазбасынан кириллицаға аудардық.

Осы газеттен «Өртеңге көмек» ­деген жастардың газетке қайырымдылық көмегі туралы жазбасын кездестірдік. Бұл көптеген жыл бойы тарихшылар мен өлкетанушылар күткен өте құнды олжалар деуге болады. «Өртең» газеті бұрын-соңды толық табылмаған, ал Ташкентте оның бір нөміріне ғана қол жеткізе алмадық, дегенмен қалған барлық нөмірлері дерлік жақсы сақталған. Мәселен, биыл туғанына 125 жыл толған Мұхтар Әуезовтің Ташкентте 1922–1923 жылдары ынта-жігерінің арқасында «Шолпан» журналы жарық көрген.

1920–1930 жылдары Ташкентте, Мәскеуде, Қызылордада, Орынборда басылып шыққан «Большевик», «Правда Востока», «Туркестанская правда», «За партию», «Известия Туркестана», «Народное хозяйство Казахстана», «Советская Киргизия» және т.б. журналдар мен газеттерді қарастыруға да мүмкіндік туды. Тұңғыш Қазақ педагогикалық жоғары оқу орны және оның ректорлары Смағұл Сәдуақасов пен Ілияс Қабыловты қуғындау туралы құнды мәліметтерге де қол жеткіздік.

Смағұл Сәдуақасовтың Қазақ педа­гоги­калық жоғары оқу орны­ның ректоры (1927–1928) ­болып қызмет атқарған кезеңіндегі жұмысы туралы дереккөздерді сыни тұрғыдан зерделедік. Сәдуақасовтың ­Ташкент кезеңіндегі ортасы жайлы дереккөздерден жүйелі түрде іздестіру және анықтау жұмыстары жүргізілді.

Өзбекстанмен ғылыми ынты­мақтастық аясында Өзбекстан ­Республикасы Ғылым Академиясы мен Мемлекеттік тарихи мұражайы ұйымдастырған «ХХІ ғасырдағы музейтану: зерттеулер, дәстүрлер мен иннова­циялар» атты халықаралық конференцияға қатысып, баяндама жасауға қол жеткіздік, енді жинақтың жарық көруін күтудеміз.Бізге халықаралық байланыстарда бай тәжірибесі бар мұражай экспозицияларына экскурсия жасау өте ұнады.

Сондай-ақ Ташкент қаласындағы қуғын-сүргін құрбандарын еске алу Мемлекеттік мұражайынан өлкенің ағартушылық пен экономикасын дамытуға сөзсіз үлес қосқан Алаш қайраткерлерінің деректері мен фотосуреттері іс жүзінде жоқ екенін аңғардық. Бұл олқылықты халықаралық ынтымақтастық арқылы толықтыру қажет деп ойлаймыз.

Сонымен бірге Өзбекстан Ғылым Академиясының іргелі кітапханасы мен ғылыми-педагогикалық кітап­ханаларында да біршама жұмыс­тар атқардық. 1920–1930 жылдардағы қуғын-сүргінге ұшыраған қазақ қайраткерлерінің сирек кітап­тарын анықтадық. Осы орайда біздің жолымыз болды деп айтсақ та болады, себебі ӨР ҒА Шығыстану ҒЗИ қорларында ерте кеңестік кезеңнің сирек жарияланымдарын да анықтауға қол жеткіздік. «Қозы Көрпеш пен Баян Сұлу» (1935), «Түркістан Шығыс институтының жинағы» (Ташкент, 1923), «Қазақстанның э­тнографиясы мен ­антропологиясы бойынша библиографияға арналған материалдар» (Л., 1927) және т.б. кітаптарынан біз өзімізге скан-көшірмелерін жасап алдық. Сонымен бірге Ә.Н.Бөкейхановтың 1903 жылғы белгісіз мақаласына сілтеме ­табылды.

Өзбекстан астанасына барған кезімізде Алаш қайраткерлерінің ұрпақтарымен кездесуді де жоспарлаған едік және бұл арманымыз орындалды. Алаштың қуғын-сүргінге ұшыраған қайраткері, «Қазақ» газеті редакциясының қызметкері, Мағжан Жұмабаев пен Мұхтар Әуезовтің досы Файзолла Ғалымжановтың кенже қызы, 85 жастағы Роза Ғалымжановамен 2022 жылдың 8 наурызында кездесу бұйырды. Роза апа 1937 жылы 10 айлығында (әкесі кенеттен қамауға алынғаннан кейін, сол кезде қазіргі ҚазҰУ – қазіргі Абай атындағы ҚазҰПУ-нің доценті болып жұмыс істеген) Алматыдан кетуге мәжбүр болған. Анасы Құралаймен және апа-інілерімен бірге Өзбекстандағы нағашы туыстарына жасырынуға тура келген. Иә, олар сол бойы Өзбекстанда қалып қойған, Файзолла Ғалымжанұлының алты баласының ішіндегі жалғыз көзі тірісі – осы Роза апай. Ол кісі мамандығы бойынша – химик, ұзақ жылдар бойы Өзбекстан Республикасы Ғылым Академиясында жұмыс істеген.

Роза апа бізге өзінің ата-анасы туралы естеліктерімен, отбасылық суреттерін бөлісті. Қоштасарда ол кісінің «Қазақстанға сәлем!» деген сөзін естігенде көңіліміз толқыды. Бұл нәзік көрінген әйелдің рухының күші шынымен бізді таң қалдырды... Қайсар мінезі  анасынан мұраға қалғандай. Файзулланың жесірі Құралай апа жұбайының достары Мағжан, Мұхтар туралы үнемі есіне алып айтып отыратынын Роза апамыз сөз арасында айтып қалды... Міне, өшпес жарқын естелік пен ұрпақтардың лебізі!

Бұдан бұлай табылған материалдарды өңдеп, ғылыми мақалаларды жарыққа шығаруды, Жаңа Қазақстан құрылысы аясында біз жастарға тарихи толық мағлұмат беруге тырысамыз.

Гүлнар МҰҚАНОВА,

т.ғ.к., профессор,

әл-Фараби атындағы

ҚазҰУ оқытушысы

 

Зәмзәгүл БАЙЖҰМАНОВА,

Ш.Ш.Уәлиханов атындағы

Тарих және этнология институтының ғылыми қызметкері

2163 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы