• Әдебиет
  • 28 Сәуір, 2022

ҚАҢҒЫБАСТЫ ІЗДЕУ (әңгіме)

Қуандық ТҮМЕНБАЙ

Бұл әңгіме тіпті де қаңғыбас туралы емес. Оны үйіне паналатып, ас-ауқатын беріп, малайлыққа жұмсап отырған қожайын мен оның қосағы туралы.

Ол екеуі қоғам өзгеріп, колхоз тарап, қырман тоналған кезде алып шаһар – Алматыға көшіп келді. Омар екінің бірі емес, кәсіптік-техникалық училищенің электрмен дәнекерлеуші бөлімін бітірсе де, аудандағы «менмін!» деген маңдайы жарқыраған азаматтың бірі еді. Электрмен дәнекерлеуші қат кәсіп, электрге қатысы бар бәленің бәрі қолынан өтеді. Мәселен, жаңа үйге кірген біреу электр желісін тартып бер десе, аяғы жерге тимейді, бір-ақ күнде жаңа үйде жарқ етіп шам жанып, алақаны бос қайтпайды, ақшасы жоқтар бір қап күрішті иығына салып әйтпесе бір тоқтыны жетектетіп жібереді. Сом тұлғасы мен әскердегі мінсіз қызметіне қызыққан Ішкі істер бөлімінің бастығы мілитсалыққа шақырып еді, бас тартпады, погон тағып, сары матасекіл де айдады. Бірақ әйелі Нағима осы жүрісін жақтырмады. «Осы сары матасекілді тасташы, талтайып отыра-отыра аяғың талтақ боп қалатын болды, онан да бұрынғы кәсібіңе қайтып келсейші» дегесін погон таққанды мәртебе көрсе де, сүйіп қосылған жарының бір ауыз сөзін жерге тастамай бұрынғы кәсібіне қайта оралды. Жә, әңгіме басқада, әңгіме уақытта болып тұр. Қарашы, аяқ астынан уақыт өзгеріп, бәрі жекешеленіп, бұл аудандық электр желісін тарту мекемесіндегі артық-ауыс желілерді сатып, «Алматы қайдасың?» деп тартып кетті. Уақыттың сыйы деген осы. Бір құлағалы тұрған үйді арзанға сатып ап орнына жаңадан үй соқты. «Тез бітірейік! – деп жұбайы да жанын шүберекке түйді. – Бір үйге жететін қаржымыз бар ғой, сырттай аңдыған дұшпан көзге таба болмайық». Түйенің жарты етіндей денелі, төрт қыз туып, енді бір атбайларды армандап жүрген жұбайының әр сөзі – алтын. Қаланың қитұрқысы көп. Бәлкім, жаңа үйде тірлікті басқаша бастаймыз ба деп те ойлап қояды. Жұмыс таппай сандалып жүрген төрт өзбекті жалдап, жаңа үйдің құрылысын бастап та кетті. Ауылдағы сатып кеткен қараша тамның қаржысы мен жиналған мал-мүлік бір үйді зәңкитіп тұрғызуға былай жетті. Жә, үй тұрғызу дегенің бұ заманда екінің бірінің қолынан келеді, Омардың ойы, тіпті басқада. Бас-аяғы бес айда қала шетіндегі қос қабат үйдің іші-сырты ағарып, өзі электр желісін тартып, самаладай ғып шам жағып, Ақжар аталған ауылда бір еңселі үй бой көтергенде оның ішін де сырт келбетіне сай қылу жұбайы Нағиманың жанын шырқыратты. Төмен салбырап, жерге тигелі тұрған қатпар-қатпар хрусталь люстра көз алдына көлеңдей берді. Кинодан көріп жүрген осы көрініс біздің үйде де болса екен деп көңілі алып-ұшты.

– Анау төмен салбыраған люстра­ның аты қандай еді? Жұрттан сұрашы, – деді жұбайы үйге кірген күні. – Дүкенге аты-жөнін біліп барайық. Сенің қолың ұзын ғой, аты мен бағасын біліп алу керек.

– Надя, – деді орысшалап, – оны сұрайтын бұл жерде ешкімді танымаймын. Кімнен сұраймын еркек басыммен.

– Сен анда-мұнда көп шығасың ғой.

Жұбайының сөзі заң. Бес биенің сабасындай дембелше әйелінің келбеті мен дене бітімін қашан да көз алдынан қағыс жібере алмайды. Табан астында тауып айтқан сөзі мен оталып күлген күлкісі құлағында күмбір қағып тұрады. Сол келбеті мен күлкісінде өзін баурап алатын бір құпия бар.

– Осы үйге бір қарауыл керек, – деді Нағима үйге кірген соң ашық-шашық аулаға тінти көз салып тұрып. – Қазір не көп, ұры көп. Есік алдында қарайып біреу жүрмесе болмайды. Не көп, күнін көре алмай жүрген қаң­ғыбас көп емес пе?

Жұбайының бұл сөзіне де қо­сылды. «Жөн-ақ», – деп басын изеді. «Енді қаңғы­басты қайдан табамыз? Осы біздің көшемен күнде үсті-басы алба-жұлбалау бір жігіт өтеді. «Ассалаумағалейкүм!» дейді темекісін аузынан алып. Алматыға келгелі көшеде қазақша сәлем берген біреуге іші еріп кетіп, «Әликсалам!» дейді. «Сол қайда екен? Сол да көрінбей кетті». Жұбайы екеуі «Мерседеске» отырып, Алтын Орда базарына қарай жолға түскенде жаяу соқпақта әлгінің алдарынан шыға келгенін қарашы.

– Міне, мынау! – деп Омар теже­гішті кілт басты. Дәл қасына келіп тоқтағанда:

– Ассалаумағалейкүм! – деді теме­кі­сінің болар-болмас тұқылын сидам сауса­ғымен қысып ұстап.

Омар сәлемін алмастан сауал қойды.

– Қайда барасың?

– Бұл жол коммунизмге апарады, – жыбыр-жыбыр еткен бетінде бір әжуа бар.

– Ауыр көтеретін де адам керек қой, – «Мерседестің» алдынғы орындығына әрең сыйып отырған бәденді әйелдің бөксесі бүлк етті.

– Бізбен бірге жүр, Алтын Ордаға барайық.

– Мал таңдаймыз ба?

– Шам таңдаймыз, – деді Омар бір жам­бастап кері бұрылып, артқы есікті ашып.

– Сенің атың кім өзі?

– Әзім.

– Әзім, біз үйге люстра алуға бара жатырмыз. Ауыр жүк көтеретін адам керек.

– Астында қалып қоймасақ... – деді киіктің асығындай жұқалтаң жігіт салқын қабақпен. – Венецианская люстра ма?

– Тошно, дәл өзі, – деп рөлді кілт-кілт бұрған Омардың даусы қатты шығып кетті.

– Иә, сондай, – деп бәденді әйел бөк­сесін қозғап, артта отырған Әзімге сәл мойнын бұрды.

– Қазақ люстраны шамдал дейді. «Шамның сәні – шамдалмен» деген сөз бар. Оның әртүрлісі болады. Орыстікі, француздікі, чехтікі... Венецианский люстра алсаңыз, оған сай венецианский терезе әйнегін де алатын шығарсыздар. Хрустальдың құрамында қорғасыны, борий тотығы араласқаны да болады. Хрусталь вазаны да қосып алатын шығарсыздар.

– Жоқ, бізге люстра алсақ болды, – деп Омар сасқалақтап қалды.

– Алғасын Наташа Ростованың балын­дағыдай жарқырап, жерге тиіп тұрғанын алу керек.

Ерлі-зайыпты екеуі бір-біріне қарады.

– Бағасы да удай шығар? – деп Омар ойқы-шойқы жолда рөлді кілт-кілт бұрып, теңселіп кетті.

– Әрине, орыстікі арзан, шетелдікі қымбат...

Үшеуі әлден уақытта жол бойы кептелісінен сідік сарғайтып әрең өтіп, Алтын Орданың электр тауарлары бөлігінен зат таңдады. Бар тәуірін үстіне іліп шыққан Нағима жылтырап кеткен жолақ кәстөм киіп, ұсқынсыз біреудің қастарында қалқиып тұрға­нына намыстанса да, оның әр сөзі қымбат, талғамы бөлек екен. «Ауылда жүріп бәрінен құр қалыппыз ғой, бомждың білгенін білмейміз» деп Омардың да ішіне бір уыс тұз себілді. «Аралай түсейік, сауда сәтімен, саудагер шайтан секілді арбап алады», – деп екеуін ертіп жүріп біраз жерге апарды. «Хрустальдан келетін бәлені осы білетін боп тұр ғой» деп екеуі байлаулы баспақтай соңынан ерді де жүрді. Алдарынан жүгіре шыққан саудагерге де ол салқын қабақпен тіл қатады.

– «Сауда сақал сипағанша». Қайтып келеміз...

Қазағы да, шүршіті де орысша сөйлеп, ор қояндай орғып тұр. «Қаланың қаңғы­басы ауылдың қазағынан білімді боп тұр ғой», – деп сыбырлай бергенде жұбайы Нағима қабақ шытты.

– Қаңғыбасқа еріп, қашанғы жүреміз, біреуіне тоқтайық та. Жерде салбырап жатқан әнебіреу ұнап тұр, соны алайық. Құдай біледі, сол біздің Шиеліде ешкімнің үйінде жоқ.

– Сен Шиеліде емес, Алматыда тұра­сың, – айтуын айтқанмен жұбайым көңі­ліне ауыр алып қалды ма деп жалтақтай қарады.

– Ауылдан келгендер көрмей ме...

– Оның шынысы искусственный. Қарашы, өтірік жылтырап тұр. «Искусство принадлежит народу». Адамнан өнер артылған ба? Онан да анау дұрыс, – деп ерме Әзім ұзындығы онан сәл қысқалау люстраны көрсетті.

Нағима бас изеп, жап-жалпақ бетінен бір рахат сезімнің белгісіндей қос қызыл сызық жүгіріп өтті. Бұл – дүниемді қаң­ғы­бас таңдап берді ғой деген іштегі шыбынның ызыңындай ызылдың сыртқа шыққан сыңайы еді.

– Алдық, – деп Омар қалтасына қол жүгіртті.

Әзім анадай жерге барып шетқақ­пай тұрды, ақшасына көз-куә болмайын деп алыс кетті.

Төрт бұрыш қарағай жәшікті екі еркек итіне көтеріп, мәшиненің жүк салғышына салғанда төрт дөңгелек солқ ете қалды.

– Әй, Әзім, сен осының бәрін қайдан біле­сің? – деді Омар мәшине гүр етіп орнынан қозғалғанда өзіне-өзі келгендей жаны жай тауып.

– Менде де Елизавета ІІ болған, – деп ол баяу жауап берді.

Омар селт етпеді. Алдыңғы орынды­қ­тағы бес биенің сабасындай қосағы төмен салбыраған люстра тезірек ілінсе екен деп жаны шырқырап, әрең шыдап отыр.

***

Әзім әуелі түймедей көзілдірігін көзіне тағып ап, нән қораптың ішіндегі схема-сызықтарға шұқшия қарады. Сосын арасынан қыл өтпестей ғып құрастырып, биік үстелде өкшесін көтеріп тұрып, әр моншақ тасты төмен салбыратып, ымырт жабыла іліп бітті-ау. Біткен тірлікке қосағы Нағима мен ер-азаматы Омар қабақтары жадырап қуанғанмен Әзімнің иығы қушиып, жүзінен жылылық көрінбеді. Ақша ұсынып еді, алмады. Сосын бойында мілитсалықтың қалдығы қалған Омар самбырлап сөйлейтін әдетіне салды.

– Осы , Әзім, сен нешедесің?

– Қырық алтының желкесін қидық ғой.

– Менен бір-ақ жас кіші екенсің. Пәшти құрдаспыз. Сен, осы біздің үйде қалсайшы.

Әзім жаңа тұтатқан темекісін түбіне дейін екі-ақ сорды.

– «Ер азығы мен бөрі азығы жолда», келістім.

– Бір бөлме сенікі. Сендей сауатты қазақты іздесем де таппаймын. Ішіп-жемің мойнымда. Айлығыңның көлемін өзің айтарсың.

Әзім тағы бір темекі тұтатты. Бұл көрмеген құқайы емес, бұндайдың талайын бастан өткерген. Бомждар орталығындағы ныспысы – «летчик». Орталықтары – бөтелке жинайтын қаңғыбастың төбесі тесік дүңгіршегі. Онда да күнде емес, жол түскенде ғана бас сұғып тұрады. Суыққа ұрынбай, мынадай маздап жанған пеші бар жерді паналау – екі бомждың бірінің арманы. Қожайын қазақы тілмен сөйлейді екен, бұл жанына майдай жағады. Халықаралық азаматтық авиацияның жоғарғы деңгейлі ұшқышы қырық бесінде зейнетке шығып, пақырың әліге дейін қара жерден жұмыс таба алмай қаңғырып жүр. Ирелеңдеген ащы түтінді тамсана жұтып, көк аспанға көз салып, сол жақты аңсайды да тұрады. Адуын әйелінің «сен қазір ақшаны аз табасың» деген сөзі темір есікті тарс жауып, бомждар орталығынан бір-ақ шығарды. Кезінде ұшқыштың қомақты қаржысына әбден әмияны тырсиған әйел ер-азаматын іздемеді, бұл болса бұрылмады. Тағдырластары «Өзіңнің өмір жолың туралы айтсайшы?» деп еді, «Біздікі «тар жол, тайғақ кешу ғой» деп бір-ақ қайырды. Омар да сауал беріп қыштамады, әйтеуір қолының тазалығына сеніп, «осыдан келер жаманат жоқ» деп жорыды. Басқадай бас азабын айтпай-ақ қояйық, оқырман мұндай арнаудан әбден мезі болған. Әзім ащы айтса да адаммен тіл табыса біледі. Үш тілде сөйлейді, аспанда ағылшынша сөйледі, жерде үстемдік жүргізіп тұрған орысшаға бағынғанмен бас иесі болмай тұрған ана тілін алға салады.

Ол енді жылы жер – зәулім үйдің қарауылы. Астыңғы бір бөлме – өзінікі. Іші жылан жалағандай.

– Сенімен ақылдасатын шаруа бар. Осы, ит сатып алсақ қайтеді, – деді Омар бетіне күдіктене қарап.

– Итіңіз бар емес пе? Сізге үретін ит керек пе? – деп бұл да көзін айырмай қайыра жауап берді. Задында ит пен мысықты жаны сүймейді. Үй боп, ұсқын боп өмір сүріп жүрген дәуірінде де бала-шағасына ит пен мысықты ұстатпайтын. Мысықтың тілеуі жаман, таза жүрсең мұсылманға жеті қазына онсыз да жетіп-артылады.

– Жөн, – деп Омар саусағын созып, қаңғыбастан темекі сұрады.

– Сен енді мені Өмеке демей, бұдан былай қожайын деп айт. Кинодан көріп жүрсің ғой, қожайындарын қалай сыйлайтынын.

– Кино – искусство, өмір – шынайы. Обломов болғыңыз кеп жүр-ау деймін. Бірақ мен Захар емеспін. Жұбайыңызды не деп атайын? – деп көз астымен қарады.

– Оны білмеймін. Ханзада дейсің бе? Оған қарап сөз айтпай-ақ қой.

Әзім мырс етті.

Қожайын үстіңгі қабатқа қарай қолды-аяққа тұрмай ытқып кетті.

***

Бұл уақыт дегенді қойсайшы, сағаттың тілі кілт-кілт еткен әмірші де, астындағы цифр бұқпантайлап өмір сүрген адамдар секілді. Уақыт не істеймін десе, сол болады екен. Теледидар дикторлары «коронавирус індеті бізге де жақындап келеді» дей-дей, ақыры, айтқандары келді. Тіпті «Бұл аптада қауіпті індеттен ешкім көз жұмған жоқ» ­дегенде, «мыналарға не болған өзі» деп ойлап қалады кім болса да.

Омар мен Нағима да індеттің құрсауына бірден ілігіп, ауруханаға түсті. Екеуі бір ­палатада. Ерлі-зайыпты боп жату үшін де таныс тауып, бас дәрігердің қышыған жерін қасу керек екен. Әйтпесе мұндай күтім аспандағы Айға қол созу секілді көрінеді. Аурухана дегенің майдан даласындағы ­госпиталдай аузы-мұрнынан шығып жатыр.

Екеуі де жасанды желдеткішпен ­демалып, көкіректеріне ауа жетпей сыр-сыр етіп, сызылған дыбыс шығады. Қайдан жұқтырғандарын білмейді. Не көп, келім-кетім ара ағайын көп, жерлестер шақырған қоныс той мен құдайы тамақтың ешқайсысынан қалмайды. «Бар бәле осыдан келді-ау» деп ойлайды екеуі де. «Алтын Ордадағы битше өрген көп адамның ортасында ауызба-ауыз сөйлесіп бір күн жүрді. Оларда сау емес, арасында кеселдері бар ғой. Онда анау Әзімге неге жұқпайды?» деп Омардың көкірегін бір түйреуіш тырнап өтті. «Оның тұла бойы тұнған спірт, қақ боп қатып қалған у, микроб Әзімді көрсе тұра қашпай ма? Имамдар спірттің емдік қасиетін алға сап халалға жатқызыпты дейді. Бір ақын «өміршеңсің-ау, жарықтығым!» деп жыр арнап жіберіпті» дейді. Омар дем ала алмай ыңырсып жатқан әйелімен көз түйістіріп қалды. Осы бір ауыр сәтте ерлі-зайыптыларды айтып ауыз жеткізе алмас бір жылы сезім баурап әкетті. Осында келгелі аурумен арпалысқан екеу күндіз де, түнде де мұндай сезімді бастан өткермеп еді.

Әйелі танауын тұмшалаған жасанды желдеткіштің астында ыңырси тіл қатты.

– Сен үйге бар, менен гөрі тәуірсің ғой. Үйге қара...

Бас дәрігерге «өлсем өзім жауап берем» деп тілхат жазып, тағы да алақанына алашағын салып, ауруханадан сытылды.

Үйге келіп еді, қарауыл жоқ. Бірақ, аула жылан жалағандай тап-таза, жерге түсіп жатқан жапырақ көрмеді. Қос қабат үйдің қалы кілем төсеген кең залына кіріп келгенде төмен салбыраған хрусталь шамдал қалы кілемді тесіп, жерге кіріп бара жатқандай көрінді. Өз-өзінен шошып, сыртқа атып шықты да, Әзімді іздеді. «Қаңғыбастың аты – қаңғыбас, қайда жүр екен, үй-жайды тастап...». Айналасына алақ-жұлақ қарап, дарбазадан бір шығып, бір кірді. Зіңгіттей жігіт қорқасоқтап жүр, қаңғыбас қарауылдың көзге көрінбей көлеңдеген сұлбасы жанына жамау боп өзін-өзі жұбатты. «Күн батқанша келіп қалар» деп күбір етті. Екінші қабатқа көтерілейін десе, қымбат шамдал жыланша ирелеңдеп қарсы алдынан елес боп шығып келе жатыр. Төменгі қабаттағы қарауылдың есігін ашып қойып, тапал орындыққа жамбас тигізіп, темекі тұтатты. Беті қыржым-тыржым, қушық иық, бірақ сөзі мірдің оғындай жұқалтаң жігітті көргенше асықты. Соның кекірейіп тұрып бір қарағаны жанына жамау болардай жабығып отыр.

Әзім болса бүгін «бомжцентрге» барып, ескі достарының ортасына түсіп, «жағасы жайлауда – төсі қыстауда» шаттық күй кешіп, шалқып отыр еді.

***

«Күн бата келіп қалар» деген ­қо­жайынның үміті өткір қайшымен қырт еткізіп кескендей үзілді. Қаң­ғыбас келмеді, қою түнде Нағима бақилық болды ­деген қаралы хабар жетті. Ағайын алыста, жетісіп тұрған жегжат-жұрағат та жоқ, бірен-саран сыныптас болса індеттен бас сауғалап, бұқпантайлап жатыр. Қожайын жанұшырып Әзімді іздеді, ол таң атып, күн шыққасын бір-ақ келді. Үй қызыл жіппен қоршаулы. Әзімнің іші қылп ете қалды. Есік алдындағы тапал орындықта бүк түсіп Омар отыр.

– Әйелі ме? – деді дарбазаға кіре берісте кезіккен аққа оранған дәрігер жігітке жақындап.

– Солай...

Ол жылтырап кеткен кіршең кәстөм, тұмсығы мүжілген қоңыр туфли киген жігіттің бас-аяғына қарап, әрі жібергісі келмеп еді, «Мен осы үйдің адамымын» деді батыл сөйлеп. Дәрігер жігіт кейін шегінді. Ата салтымен құшақ айқастырып көрісе бергенде еңгезердей қожайын Омар кері шегінді.

– Осы итаяқ жалап жүрген қаңғы­бастар неге өлмейді, үлде мен бүлдеге оранып отырған менің қатыным неге өледі... – деп иегі кемсеңдеп, селк-селк етті.

Әзім селт тұрып қалды да, бір тұтам бойын созып, өзі жиырма бес жыл армансыз қалықтаған көк аспанға көз тікті.

– А-а, айтшы, Әзім, – деп қожайыны тағы да қайталады.

Ол дір-дір еткен сұқ саусағын аспанға қарай шошайтып, біреуді көрсеткендей боп біраз тұрды.

– Оны ана жақтан сұраңыз.

Шалт бұрылып, темір дарбазаны тарс жапты.

– Әзім-ау, – деген өксік буған дауысқа бұрылған жоқ...

1896 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы