• Тұлға
  • 05 Мамыр, 2022

АКТЕРМІН МЕН МЫҢ ӨЛІП, МЫҢ ТІРІЛГЕН

Асанәлі ӘШІМҰЛЫ

Асанәлі Әшімұлы «Актермін мен мың өліп, мың тірілген» атты су жаңа кітабын уәде бойынша «Ана тіліне» жарияға ұсынып отыр. Бұл кітап актердің 2012 жылғы жазбалары негізінде жазылған. 2017 жылға дейінгі күнделіктері «Менің жанрым – күнделік» атты кітап болып (оның сыртында «Майраның әні», «...Жан бөлек» атты кітаптары да бар) бірнеше мәрте басылып, нөпір оқырман жинады. Қазіргі тілмен айтқанда, бестселлерге айналды. 
Бұл кітаптың да арқауы даңқты өнерпаздың ой-толғаныстары, көзқарастары. Кең тыныстап, терең толғаудың арасында аптығын басып, кітаптың тұздығы тәрізді қысқа қайырымдарға көшеді. Өмірбаян мен өнербаян қамшының қос өріміндей өріліп, дерек-дәйектерге негізделген, оқиғасы тартымды, тілі қарапайым. «Ана тіліне» ықшамдалған нұсқасы беріліп отыр. Толық нұсқасы «Жұлдыз», «Таңшолпан» журналдарында жарияланады. 

ШЫНДЫҚТЫ ШЕРТ ҚАЛАМЫМ

 

Ұлы сөзді, мағынасы терең нақылдарды бірден дәптеріме қондырып, түртіп қою дағдысы қай кезден қалыптасқанын білмеймін, әйтеуір әлі күнге жалғасып келеді. Бұл тіпті хоббиіме айналды десем де болады. Ұлы сөз – ұлағаттың көзі. Жақсы сөз – жан рахаты. Ол сені демалдырады, толғандырады, ойландырады, күрсіндіреді, қуантады.

Бекет баба:

Нұхтың жолын берсін,

Сүлейменнің тілін берсін.

Мұхаммедтің нұрын берсін,

Қазақтың мейірімін берсін.

Бәрінен де Алланың кеңдігін берсін.

Байғұт баба:

Өнер – елдің көңілі,

Ақиқат – елдің ғұмыры.

Шындық – әділдіктің тұғыры,

Ақиқатты жазып, ғаділдікті қадірлеп, шындықты айта білейік.

Бұл Алланың әмірі.

Керей хан: «Ыслабан жымысқы, өлгеніңді білмей қаласың.

Қытай құмырсқа, кіргенін білмей қаласың

Парсы-Дерхем ит аяғыңды жаласа,

«Құт аяғыңды» бергеніңді білмей қаласың».

Майқы би: «Уа, қазақ!

Елдің ішінен руымызды іздемейік,

Рухымызды іздейік.

Атамызды іздемейік, ақ жолды,

бағымызды іздейік».

***

Неге өткен дәуірде ақылы асқан данышпандар бірінен соң бірі шыға бергеніне таңым бар және солар болашақты қалай болжай білген десеңші! Ұлылардың ұлы сөзі маған осы дәптерді бастауыма тиек болды.

Бар бәлекет қанағатсыздықтан. Тойымсыз­дық­тан. Ашкөздіктен. Обал мен сауапты сезін­беудің аяғы ұрпақтың майдалануына әкеп соғады.

Сиырқұйымшақтанып кетіп барамыз, кетіп барамыз. Ар жағы қыл-қыбыр болмаса деп тілеймін.

Заман күрт өзгерді. Сөзге тоқтау, үлкенді сыйлау деген дәстүр тоқтаудың алдында.

Марал Абыз Ишан:

«Ажал жолдан адасқанға ұрынбайды,

Бар болып берерден шатасқанды жұлымдайды.

Бақ тексізге тез қонады. Себебі «Бақ» алдамшы қызылқұйрық. Бақ екіге бөлінеді: Баянды бақ, баянсыз бақ. Бақ тексізге қонғанда тез арада өзінің ыңғайына көндіріп, баурап алады. Тексіз өзім болдым, өзім толдым деп, өзгелерден өзін ерекше тұтып, өзін жоғары ұстайды».

Бізде де осындай құр кеуде, атақ-даңқ құмарлар тобына жататындар бар, тіпті мысал келтіруге болады. Бірақ ол тізім тым ұзақ.

Өнерге қарапайымдылық аса қажет-ақ! Қаллеки бастаған ұлы топ. Соншалықты қарапайым, аса мейірімді, ешуақытта жалған сөйлеуді білмейтін, өсек-өтіріктің ауылынан алыс асылдар еді. Мен мұны олармен біршама аралас-құралас болғаннан кейін сеніммен айта аламын.

Дала демосфендері еді ғой.

Бір-бірімен сыйластығы күшті, бір-біріне ешқашан қарсы келу дегенді білмей-ақ кеткен, ішкі мәдениеті жоғары, сырбаз, өрісі кең, оқу тауыспай-ақ оқығандардан бетер, табиғатынан талантты туған, ­абзал адамдар еді. Көп нәрсеге үйретіп кетті. Солардың жүріс-тұрысы, сахнадағы ­пайым-парасаты, ойлылығы, өмір сүйгіш­тігі, әзіл-қалжыңдарына т.б. мәңгі қарыз­дармын, бас иемін.

***

Өтірік мақтан көбейді. Күні үшін жүр­гендердің де басшылығымен өміріміз өтіп жатыр.

Көңілсіз күндер, аптыққан айлар. Өмірін мағынасыздық шырмап алған тобырға аянышпен қараймын. Өз жағдайын, артылса туыстарын жарылқаудан артылмайтын Гогольдің кейіпкерлері – «бейшара жандар». Мұндайлар ел үшін, халық үшін не жақсылық жасамақ? Тегін тамағына, шексіз байлығына, көп қабатты виллаларына мәз. Нағыз тозаққа баратын тобыр. Дүниеқоңыз. Рушыл. Олар өнерде де аз емес, бірақ дарынды емес.

Бұл менің күнделікті өмірден түйгенім. Болмаса бәрі бір қазақтың балалары, ұлы елдің ұрпақтары ғой. Десек те қолдан ұлылау, жалған мадақтау, дарақылықтың не қажеті бар?!

Тек шындықты шертші қаламым.

 

БІР АУДАНДЫ БАСҚАРА АЛМАЙТЫНДАР

 

Ол жазбаған жазбаларды оған теліп, оны ұлыландыру М. сияқтылардың фальсификациясы. Өзін жоғары санау, басқаны кішірейтудің амалы ғой.

...Не деген дарақы, ессіз халық болып алғанбыз.

«Ұятсыз, арсызсалтынан, қалғып кетер артынан»

(Абай)

 

...«Егемен Қазақстанға» Жаңа өзен оқиғасы туралы мақала беріңіз деп қыш­тағанда: мен «маскүнем, нашақор» деп айыптағанға түп-тамырымен қарсымын, мен халық артисімін, қашанда халық жағын­дамын, халық өз құқын талап етті» деумен шектелдім.

***

Жалпы ертеде ханды төреден сайлаған­ның төркінін де түсінуге болады.

...Кадр мәселесінің, экономиканың, әдебиеттің жалпы кез келген саланың құлдырауы трайбализмнің гүлденуімен де байланысты. Соның кесірінен маңдайы жарқыраған талай азаматтар ағаш атқа мініп кетті.

Өзінің отбасына сыйы болмаған адамның Отан түгіл, отбасын басқара алатынына өз басым күмәндімін. Бір ауданды басқара алмайтындар, атқа қай жағынан мінуді білмейтіндер биіктеп барады.

Ел арасында теңсіздік күшейіп тұр. Байы – өте бай, кедейі – өте кедей.

Мәдениет, әдебиет, ғылым дамымай үлкен ел болу қиынның қиыны.

Жамандыққа бару қазақтың ғана қолынан келетін шаруа ма?!

Руды ру езген соң арызыңды кімге айтарсың?

Мен мұны көп жағдайда көзім жеткен соң айтып отырмын. Қателігі жоқ, егер қателессем менен бақытты адам болмас еді. Алла тағалам, мені қателестіре гөр!!!

Мен бүгінде 75 жастамын. Өмірім жаман өтті деп құдайға күпірлік айта алмаймын.

Соғыс. Жетім-жесірлік. Балалықтың балдәурені еміс-еміс есімізде. Бізде балалық шақ болған жоқ. Өнер жолына түсу үш ұйықтасам түсіме кірмеген таңдау. Таңдау емес-ау, амалдың жоқтығынан болған оқу. Жүзу білмейтін адамның көзді тарс жұмып, тәуекел етіп суға өзін өзі лақтыруымен тең жағдай деуге болады.

Жеңіс. Жеңдік. Білдік. Үйрендік. Өмір өзі үйретті. Үйлендік. Балалы-шағалы болдық. Әрі қарай өмір жалғасын тапқандай. Қайғы. Қасірет. Тұншықтық. Булықтық. Тіріміз.

Тіршілік жолында, сүрлеуі, күрмеуі көп шұбалаңқы жолдарда адасасың, алысасың, дұрыс бағыт тапқан боласың. Өмір соқпағы, тағдыр талқысы, күлесің, күрсінесің, еңірейсің, қайта ес жиясың. Осының бәрі «Өмір» деп аталады. Соны қалай өткіздім? Қалай жол таптым? Жұмбағы көп. Шұбалаңқы, қиыр-шиыр. Иірім-иірім дүние. Сонысымен қызық, қиын.

Мен өзім үшін құқ етпеймін. Менің тағдырым бірсы­дырғы шешіліп қойылған. Мені енді бұзу, жолдан тайдыру мүмкін емес.

Мені қобал­жы­татыны баланың бола­шағы. Біреуге құл болмаса, өз еліне өзі қожа, отбасына билігі жүретін, келешегін болжай алатын, өз ақылымен жүретін т.б. болса менің арманым толық орындалды деп пейіштің төрінде отырар едім. Баламды айтқаным, елді айтқаным. Қазақтың бар баласы да менің балам деп айтатын абыройға, үлкен жасқа жеттім ғой.

***

Әбдіжәміл Нұрпейісовтің 2002 жылы «Новое поколение» газетінде жарияланған «Кто же мы сейчас казахи?» деген мақа­ла­сынан кейін көрген күнін итке берсін.

***

Шындықты айтып қызмет істеп жүрген шенеунік бірлі-жарым. Жұмыстың негізі – өтірік. Оған бойлары әбден үйреніп-ақ қалған. Өтірігіне өздері имандай сенеді. Нағыз өмірдің актерлері. Ал біз сахна актерлері. Автордың сөзін өз сөзіне айналдырғанда ғана нағыз кейіпкер (образ) туады. Өзінің өтірігіне сеніп айтса, ол шындыққа бергісіз өтірік. Міне, бұл өнер.

Түптің түбінде осы жасандылықтан сорлайтын, азап шегетін жай қара халық.

***

Бала тәрбиесі үлкен проблема болып тұр. Келешекке ауру, дімкәс, есіл-дерті ақша табу жолына түскен ұрпақ тәрбиелеп жатырмыз ба деп қауіптенемін. Қандай әңгіме болмасын ақшаға, оны қалай табу жолына келіп тіреледі. Соны көріп, біліп отырған ұрпақ «е, бар мәселе ақшада екен ғой» деп түйін түйеді. Оған, білім алу, әдебиет оқу қызық емес. Финансист, бизнесмен, банкир болуды армандайды. Арам ақшаның кілті сонда екенін біліп өседі. Сізбенен сол тілде сөйлеседі. Міне, келешегіміз. Ақшасы көп болса кез келген арманына қол жеткізуге болады деп ойлайды.

 

РАЙЫМБЕК МЕНІҢ АЛҒАШҚЫ МҰҒАЛІМІМ

 

Тағы да бала тәрбиесі туралы. Бұл жөнінде еврейлерден үлгі алу керек. Баланы ана құрсағына пайда бола бастағаннан тәрбиелейді екен олар. Бала ес біле бастағанда опера, балет, әдебиетке, шахматқа бет бұрғызады.Шахмат ойнамайтын еврей жоқ. Миды шынықтыратын бірден-бір ақыл-ой алаңы. Ал бізде бүгінгі күні байқауымша шахмат үйірмесіне ­баратын бала аз. Дастарқан басында дұрыс отыра білмеу, қабырғаны сызу т.б. Ескерту айтса, ата-анасы: «Ес кірген соң қояды ғой» деп бетінен қақпайды. Араласа қалсаң жақтырмай, кіржиеді. Соның салдары болар қазіргі қазақ жастарының, оқу бітіріп шыққандардың білімі көбіне төмен жағ­дайда, тәрбие көрмей өскен адамның бі­лімді сіңіруі, қабылдауы да екіталай. «Адам мен адамды теңестіретін – білім» демей ме Әуезов. Тәуелсіздікті қорғау керек деген сөзді жиі айтамыз. Айналайындар-ау, оны құр жалаң айқаймен емес, есті ха­лық біліммен, ақылмен қорғау керек қой. Бұдан басқа жолды мен көріп тұрғаным жоқ.

Менде ақылгөйсіп отырмын. Өз басымның жағдайы да солай. Баламды еркелетіп өсіріп жатырмын. Қазір төртке келді. Балабақшаға барады. Онда не үйретіп жатыр білмеймін.

***

Кейде «өз әйелін мақтаған еркектен без» деп қалжыңдаймын. Бірақ бұл қалжыңым Бағдатқа келгенде бекерге шығады. Түн жамылып отырмын. Бұл имандай шыным. Ол Мәдиімнің, Сағиымның балаларына шын жүрегімен қамқорлық жасаушы. Оларға деген адалдығы 100 пайыз. Қолы ашық, сараңдық дегеннен аулақ қонған азамат әйел. Қайта мен анда-санда «байқа кері әсерін тигізіп жүрмесін» деп сабырға шақырып, тежең­кірейтін кездерім болады. Бірақ ар жағым жақсы көріп тұрады. Алайда мұны да Алла тағаланың, Ысқақ пірәдар атамның маған сыйы деп ұғамын. Илләһи солай болғай, көпсіне көрме тағдырым! Шын тіледім, бұл өмірден армансыз өтуімнің бір белгісі осындай-ақ болар. Баласының қызығын көріп, өмірлері шаттыққа бөленіп өткей. Жатсам-тұрсам тілегім осы.

Бір Асанәлісі өмірі­нің басы, екінші Асанәлісі өмірінің жалғасы болғай!

Еңірегенде етек толды. Енді соның өтеуі, қуанышы, бақыты осы екеуі болғай!

Міне, 75! Аз жасадым деп өкінбеймін, көп жасадым деп көпсінбеймін. Өмірге өкпем жоқ. Бір адамдай ғұмыр кешіп келемін. Әлі де беретін жылдары, күндері болса құба-құп, қабылдаймын.

Қатар азайып, қарым-қатынас тапшыланып, қойын дәптердегі телефондар, мекен-жайлар тізімі қысқарып, қызықсыз күндер көбейіп, жүйкең жұқарып, қас-қабағың тұнжырап жүрсе де, өткен шақтарыңды аңсап, тез ренжіп, тез тарқап, бойыңды тіктеп ұстап, оян! Аш қабақты деп сілкініп, ширап, өзіңе өзің рух беріп, шүкіршілік ету керектігін молайтып, өмірден озған достарыңның жасай алмай кеткен жасын жасап, атқара алмай кеткен ісін жалғастыру бірден-бір парызым!

Әкем Әшім, Шәкен, Сәбира, ағам Қасым, достарым Әнуар, Ақселеу, Әзірбайжандардың аруағы қолдап, іс-әрекетіме береке берсін деп, бұйырған несібеден айырмай, хал-қадірімнің келгенінше еңбек ететініме күмән жоқ.

Әрине, аналарым Алтынкүл, Ұлбөбек, Тәжіхан, жарым Майра, құлындарым Мәди, Сағиымның жөні бөлек.

1955 жылы консерваторияға түскен курс­тастардан бүгінде қалғанымыз төртеу-ақ. Сәбит Оразбаев, Бекен Имаханов, Нүкетай Мышбаева, мен. Бекен Семейде, қалғаны осында.

1959 жылы бітіргендерден – ­Оспанхан Әубәкіров, Фарида Шәріпова, ­Матан Мұратәлиев, Раушан Әуезбаева, ­Мариям Жолымбетова, Күләй Хамзина, ­Зекен, Әйткендер о дүниелік. Райымбек Сейітметовпен Кентауда 9-10 класты бірге бітіріп келіп, консерваторияға түскен едік.

Райымбек менің алғашқы мұғалімім. Әлгінде айтқаным бар ғой. Менің бұл жолға түсуім үш ұйықтасам түсіме кірмеген жайт.

СХИ-дың агрофагына құжат тапсырып жүрген болатынмын. «Казправда» мен «Соц.Қазақстанға» «Консерватория жанынан актер бөлімі ашылады» деп хабарландыру шыға келмесі бар ма. Райымбектің актерлік қабілеті мектептен белгілі болатын, ол лап қойды да түсті де кетті. Аяқ астынан бақ қонды. Асқар Тоқпанов Райымбекті бірден ­староста етіп тағайындап, қасына ертіп алды. Оқуға түскенін жуып, Асекеңді қонаққа шақырды. Мен қызмет жасадым. Асекең «мына бала қайда оқып жүр?» деп сұрады. Мен «СХИ-да, агрофакта» деп жауап бердім. Асекең «қазаққа бір агроном кем болар, әй, ­Райымбек мына баланы ­дайындап, емтиханға алып кел» деді. ­Райымбек мені бір-екі күн дайындады. Олег Кошевойдың антын жаттатып, қалай оқу керек екенін, білгенін үйретіп жатты.

Келдім. Өмірде бірде-бір рет сахнаға шығып көрмегенмін. Не айтып, не қойғанымды білмеймін. Әйтеуір оңдырғаным жоқ. Комиссия мүшелерінің шетінде бір соқыр кісі: «Бұл бала СХИ-да оқып жүр екен, сонда жүре берсін де» деді. Ортада тағы бір көзі жоқ соқыр кісі өте биязы сөйлеп: «бала жас, үйренеді ғой» деді. Екінші турға өткізді. Бірінші соқыр Бекен Жылысбаев (халық әртісі), екінші соқыр академик Ахмет Жұбанов боп шықты. Ахаңның «бала жас қой, әлі үйренеді» деген бірауыз сөзімен, міне, әлі үйреніп келеміз. Аруағыңнан айналайын көзі соқыр болса да,көңілі шайдай ашық, көкірек көзі ояу, аузы дуалы даналарым!

Қазір ойлап отырсам, менің қолдаушы пірім, мені қақпайлап осы жолға түсірген де, осындай атақ-даңққа, абыройға ие еткенде, талай өлімнен алып қалғанда атам – әкемнің әкесі Ысқақ пірәдәр ма деймін. Көріпкелдің ­айтуынша, сол ұлы атамның киесі – қызыл жолбарысы маған қонған көрінеді. Иншалла солай болсын, айтқаның келсін. Періштенің құлағына шалынсын.

Мұндай жағдайды аса айта беруге де болмайды. Сондықтан жасырып қағаз бетіне түсіріп отырмын. Үш кітап жаздым. Майраға, балаларыма бағыштап, күнделіктер және бар. Бұл жазып отырғаным төртінші кітап. Бірақ бұл қазіргі кезеңде толық көлемде шықпайды. Балама, Бағдатқа, отбасыма арналған. Соларға шағып отырған мұңым. Өз құпиясы, сыры бар. Келер ұрпақ қажет болып жатса көрер. Бірақ, мұратым – шындық, тек қана шындықты жазу. Әрі көңіл жұбату, әрі іштегі шер-шеменді сыртқа шығару.Бұдан басқа жол жоқ. Әр жолын жазған сайын достарым, анам, жарым, құлындарым қуат бергендей, демегендей қаламым сырғып, тоқтар емес. Құйыл, төгіл, тасы, ой-толғақ!

Ұлы композиторлар музыка дыбысын көреді екен. Ұлы суретшілер туындысын естиді екен. Ұлы актер соның бәрін жинақтап, көкірегіне түйеді, көңіліне тоқиды да сахнаға алып шығатын болуы керек. Мен де дәл қазір сондай халдемін.

 

ШЫНДЫҚТЫ АЙТЫП КҮН КӨРУ ҚИЫН

 

Актер болып өмір кешкен қандай керім! Мен бақытты туған адаммын ғой деймін. Қызығы мен шыжығы аралас, қуанышы мен қайғысы да қатар. Бірде биіктейсің, бірде бәсеңдейсің. Қарлы бораны, аптап шілдесі, нөсерлеткен жауыны, алай-дүлей дауылы, сұрапылы мен сұлу өмірі бәрі-бәрін көрген, соған төтеп берген ғазиз басым бар жанмын. Сонысымен де бақыттымын ғой деймін. Сөйте тұра, бұл қазақ бұның бәрі аздай «көресіңді көрмей көрге кірмейсің» дейді ғой және.

Кеше бір қызық оқиға болды. Офисте жалғыз өзім Черчилльдің естелігін оқып отырғанмын. Кенет көзім қаракөлеңкелеу коридорға түсті. Балам Асека маған қарап тұр. Мен де көз алмай қарап қалдым. Үн-түнсіз жылжып, есіктің тасасына кетті. Дереу Бағдатқа телефон соқтым. «Саған Асека екеуміз балабақшадан шығып келе жатырмыз» деді. «Абайлап жүр, абай бол» дедім. Келді. «Уһ» – деп көңілім орнына түсті. Жақсылыққа жорыдым.

...Түпсіз, тұңғиық өмір-ай! Соңғы сөзін кім айтып үлгереді дейсің. Қашан кетерін ешкім болжап білген емес. Жылап келіп, жылап кетесің. Өлім. Кәрілік. Екеуіне де дайындық керек. Одан Қорқыт бабамыз тәрізді ешкім де қашып құтылған емес. Ақыры басыңа келеді. Ең ауыры жастай жер жастанғандарды айтсаңызшы.

3.02.12.

Қазір не көп, той көп. Соған қарап өзімнің 75 жылдығымды өткізбей-ақ қойғаным дұрыс па деймін. Мақтаудай-ақ мақталдым. Тіпті басым айналады.Марапатталдым. Мен алмаған атақ жоқтың қасы. Бірақ ел түсінбей қалуы мүмкін. Мүмкін емес-ау, сараңдық деп т.б. теңеулерді тауып айтары сөзсіз. Бағдатқа ақыл салып едім, оның төбе шашы тік тұрды. Бұл мәселеде Бағдатты мақтауға сөз жетпейді. Ал мақтай жөнелсем бұл қазақ «әйелін мақтаған еркектен без» деп «өзім шығарған» мақалды айтуы әбден мүмкін. Оны да түсінемін. Өзім де ойын-күлкі, юмордың адамымын ғой. Бұл жөнінде әкеме тартқан көрінемін.

 

9.02.12.

Әлемді ұстап тұрған әдемі адамдар ғой деймін. Әдеміліктің аурасы сондай жан-жағындағысын түрлендіреді, гүлдендіреді. Жақсылыққа бет бұрғызады. Біздің әдемі ортамыздың алтын діңгегі Майра еді. Майраның кетуі ұйып отырған шаңырақты дариядағы кемедейін бұраңдатып, алай-дүлей шайқап, екі баласын да ала кетті. Сол қырық жылдай бұрын бастаған өмірімізді шешем екеуміз қайта бастадық. «Періште боп келіп, періште боп кетті ғой» деп ­Майраны жоқтап, қабырғамызды сөгілдірген апамның дауысы әлі құлағымда.

***

Тойдың да тойы бар. Абайдың 150, Әуезовтің 100 жылдығы. Алаш ардақтыларының тойлары. Оны әр қазақтың  тойлауы міндетті. Оның арасында дарақы, байлығын қайда шашарын білмей жүрген есерлердің де тойы бар. Бұл енді не важно. Осындайларға той өткізу үшін оңдырмай салық салса ғой, үкімет.

Жалпы елдің өсу деңгейін осы тойлардан анық байқайсыз. Бір күндігін ғана ойлау, қарын тойғызу. Өріс жоқ, өсу, өлермендік, мешеулігі біркелкі, бірін-бірі қайталау, шыңғырған есер музыка, тамағы жыртылғанша асабаның айқайы есіңді тандырады, бір тойдың бір тойдан айырмашылығы жоқ. Ретсіз, реңсіз маймыл би. Амалсыздан үйге қайтасың. ХХІ ғасырдың тойы осындай.

Мен мұны неге тәпіштеп жазып отыр дейсіздер ғой. Келешек ұрпақ біздің надан қылығымыздан жиреніп, аулақ болып, жақсылыққа үйір болып өссе екен деген ниетпен. Бізде ұлы елдердің қатарына жетсек екен деген арманмен жазып отырмын. Мен айтпасам,сен айтпасаң,ол айтпаса, кім айтады? Назым Хикметше кеткенім ғой.

Ұлылық та, ұлылар да жоқ емес қазақта. Ғарышкер шыққан, Сәтбаев, Әуезов, Мүсірепов, Марғұлан, Нұрпейісовтермен қалай мақтанбасқа!

Әлі де болса елге шыққанда сүреңсіз дала, азып-тозған елді көріп жүдеп қайтамын. Сол отызыншы жылдардың о, жақ, бұ жағына ұқсап кетеді.

 

ҚЫСҚА ҚАЙЫРЫМДАР

 

Әдетте қысқа жазуға дағдыланған едім. Осы жолғы ой-толғаныс, көзқарастар өзіме бас бермей ұзақ-сонар болып кетті. Сірә, бұл толық жарыққа шықпайтын кітабым болар. Сондықтан кей тұстарын күнделік сипатына келтіріп, көп жондым. Бұған дейін 5 томдығым, жеті томдығым шықты. Оның ішінде 4 кітап («Майраның әні», «...Жан бөлек», «Менің жанрым – күнделік» 2-том) өз атымнан жарық көрді. Қалған төртеуі мен жөніндегі мақала, эсселер, өзімнің сұхбаттарым т.б. Аз еңбек емес. Соның бәрі дерек пен дәйекке негізделген дүниелер, құндылығы шынайылығында, халықтың өз тілімен жазылуында десем өзімді өзім мақтағандай болам ба? Бұл жолы да сол бағыт.

Бірақ тұздығы көптеу көрінді.

 

12.03.12.

Ел басқармақ түгілі, бір совхозға директор бола алмайтындар да биліктің ұшар басына шығып кетті.

***

Елдің кедейленуі, білімсізденуі бас­шы­лыққа тиімді ме деп қалдым. Білім-білігі аз елді басқару қай кезде де оңай болған.

***

«Өңшең қасқырды ит басқарса, барлық қасқыр ит болады. Өңшең итті бір қасқыр басқарса, барлық ит қасқыр болады». Жаңылтпаштау болса да шындығы осы.

Мен отырған бөлмеге ентігіп,көзі бақырайып аса шабытты күйде «әке бассейнге жүр» деп балам кіріп келді. Көзінде тұнып тұрған тазалық, маған деген сүйіс­пеншілік аңқып тұр. Міне, біз осы қасие­тімізден алыстап барамыз ғой. Содан қорқамын.

«Жаңаөзен» қасіреті есіме түссе тұла бойым мұздап, қалшылдап кетемін. Неткен дәрменсіз елміз.

***

Әбден әртіс боп біттім. Өнердің емес, өмірдің әртісі. Шындықты айтып күн көру қиын. Өтірікті айтқанда сендіріп айтатын болдық. Бұл мәселеде де талантты болып шықтық.

***

Халқына ешқашан пайдасы тимеген бұрынғы партия шенеуніктері әлі де қадірлілер қатарында. Қазір елге бұрылып, соның сөзін сөйлеуге болады ғой. Мұндай ой олардың қаперіне де кіріп шықпайды. Енді неден қорқады? Сірә, ауру ғой. Әлі де құлмыз.

***

Балуан Шолақ сарайында Қонаевтың 100 жылдығына арналған айтыс өтті. Көп шындық айтылды. Не пайда, айтылған жерінде ұлып қалды.

2012

ЕНДІ ОНЫ ЖОҒАЛТЫП

 АЛҒЫМ КЕЛМЕЙДІ

Бағдаттың маған «Ресторан, магазин, базар алып бер» деп қыңқылдайтыны бар. Оған мен көнбеймін. «Басыңа бәле болады, не жетпей жатыр?» деп құтыламын. Оны да түсінемін. Келешекті ойлайды. Бірақ қарсылық білдіргеннен басқа амалым жоқ. Өйткені адалдықпен байыған ешкімді көргенім жоқ. Біздің елде тем более...

Табиғатта тепе-теңдік деген заң бар. Ең алдымен сол бұзылады. Мұндай нәрсеге кіріскеннен кейін сенің өмірің адалдықтан алыстайды. Бишікештердің өзі тыныштық бермейді.

Бағдаттың қолынан көп нәрсе келетінін білемін. Ата-анасының ақ сүтімен дарыған дарынының мол екенін сеземін. Сол талантты үйге, яғни маған, баласына жұмсағаны пайдалырақ, керегірек деп білемін. Ең ­бастысы бұл фәниде отбасының берекесінен артық қызық, тағы бірдеңе бар дегенге өз басым сенбеймін. Әлде қартайғандықтан ба, мені ондай байлықпен қызықтыра алмай ма? «Әкенің малы балаға мал болмайды» деп отырушы еді бұрынғылар. Мен үшін жан дүние байлығы, адамгершілік қағидаттары бірінші орында. Бірақ бұл іске кіріскеннен кейін, ақша әзәзіл араласқан соң әйелдік әдемілігін, нәзіктігін, тіпті адамгершілігін жоғалтып ала ма деп қорқамын. Мен оны енді жоғалтып алғым келмейді. Ақылды ғой. Түсінді.

 

ҚЫСҚА ҚАЙЫРЫМДАР

13.02.12.

Бүгін айтыстың екінші күні. Үзілісте менің кітаптарымды сатуды ұйымдас­тырыпты. Оны өзім білмеймін. Сатушы қыз сондағы өсектерді айтқанда сенер-сенбесімді білмей аңтарылып қалдым. Өзімді-өзім зорға ұстадым дейді сатушы. Соның бірқатары былай болып келеді: «Әншілер кітапты бұрқыратып жазып ­жатыр», «Әрине, байыған соң жазып жатыр ғой», «Астанадан квартира, машина алыпты ғой», «Бүгінде бір машина алатын шығар», «Әйелі жас, тағы да екіқабат дейді ғой», «ғой, ғой, осындай гөй-гөй»

Өсек «ауыз әдебиетінің» ең жедел жанры ғой. Соның 20-30 пайызы шын болып шығады. «Өсекке ілікпей, есепке ілікпейсің» дейді ғой халық. «Менің жанрым – күнделігім» болса, кейбіреулердің жанры өсек болып кетті. Әсіресе қазіргі ХХІ ғасырда өсектің денін еркектер айтатын болған. Өсек пен шалбар ауысып кеткен. Дей тұрғанмен де, оларды да түсінуге болады. Әйтеуір іштегісін бірдеңе ғып шығару керек қой. Әйтпесе ауру болып қалуы әбден мүмкін.

***

Айлакер патшаның қулығы мен залымдығын Шекспирден артық жаза алмаспыз. Бірақ, құданың құдіреті, солардың философиясын оқып, зерттеп үйренген бізге бәрі де тайға таңба басқандай беп-белгілі көрініп тұрады.

***

Кеше (18.02.12) Астанаға бардым. Жаңа тағайындалған Мәдениет министрі Дархан Мыңбаймен кездестім. Дарханды Шымкенттен білетін едім. Ашық әңгімелесіп, біраз мәселенің басын қайырдық. «Әзір бұзылмай тұрған кезіңде осындай елге керекті шаруашылықты шешіп алайық» деп күлістік.

 

19.02.12.

1955 жылдан алматылықпын. Ол кездегі Алматы,  алматылықтар, студенттердің өмірге талпынуы, білімге құштарлығы маған бір таза бұлақты елестетеді. Қазір заман өзгерген. «Елу жылда – ел жаңа» деген осы. Ол Сәтбаев, Әуезов, Мұқанов, Мүсірепов, Марғұлан тағы да ірі жазушы, оқымыстылардың төрт көзі түгел кезі. Біздің өмірді енді бастап, көп нәрсеге көзіміздің ашыла бастаған тұсы. Соларды көріп, біліп өскендіктен бе, талғам-танымымыз қазіргі жастардан бөлек, биік көрінеді. Біздің бақытымыз соларды көріп өскеніміз, заманымыздың бір болғаны.

Шәкеңнің туған күні қарсаңында ­«Хабар» арнасы менен сұхбат алды. Шәкең қандай адам еді? Шәкеңдей адам енді өмірге келе ме? Шәкеңнің мінезі, жүріс-тұрысы, өмірге көзқарасы қалай еді т.б. сұрақтарға жауап беруге тура келді. Қысқартып жауап бергендегі тұжырымым:

«Шәкен – феномен» деп қорыттым. Шынында, Шәкеңдей азаматты әлі кездес­тірген жоқпын, енді кездестірмеспін де. Бұл имандай шыным!

Ол заманның адамдарының сөз ­саптауы да, бір-бірімен әзілі де, қарым-қатынас достығы да, түздегі, үйдегі жүріс-тұрыс мәдениеті де тіптен өзгеше еді-ау!? Әзілдері қандай орынды. Зілсіз. Бірін-бірі көтермелеп сөйлеп, тұқыртып, мысын баспай, керісінше, дәрежесін асырған әзіл-оспақтары қандай терең ойға, парасат-пайымға құрылушы еді. Соларды көріп қалғаныма бақыттымын. Кейбір жақсы шыққан кейіпкерім болса солардың мектебінен алған тәрбием деп білемін. Мың да бір алғыс тарланбоздарым, дала академиктері. Біздің Эсхиль, Софокл, Аристотель, Аристофан, әл-Фарабилер, міне, осылар солардың жалғасы. Ұлы ­философтар. Ал қазір солардың өзі түгіл, ізі де көмескіленіп барады. Өкінішті-ақ! Біреулер «Неге?» деп таласуы да мүмкін. Ол өз дәрежесімен есептеуі де мүмкін. Қазір өзін осалмын деушілер жоқ қой. «Ал, қане айта қойшы, бірдеңе деші» десең лағып кетеді. Мен үшін сол шіркіндердің, былайша айтқанда, жеткілікті еті бар, шынтақ қазы шығуы мүмкін. Бірден осындай тұрмыстық теңеу айтып отырғаным, оқырманым бірден түсінсін дегенім. Ал өнерге келсек, маған да баға беретіндер табылар. Дегенмен солардың соңғы сарқыты, сілемі десе, мен үшін сол жоғары баға. Бірді айтып, бірге кетсем де, ойымнан ажырай қойған жоқпын.

 

«КҮЙЕУБАЛА СИНДРОМЫ»

НЕМЕСЕ ОРТАЛЫҚ КОМИТЕТТІҢ ­БЮРОСЫНДА АЙМАНОВҚА

ТАҒЫЛҒАН АЙЫП

Айтпағымыз көп қой. Бұл кітапты есті, есею жылдарының бір есте қалған көркем күндері, естелігі десе де болады. Содан да болар, кешегі ессіз күндерден бүгінгі абырой биігіне (егер солай деуге болса) қалай жеткенін жетесі бар адамның ой елегіне салып, өзіндік пайым жасауы адами ­парызы, борышы. Бұл ойға Шәкең туралы толғанысқа келгенімде ерік беріп отыруым да тегін емес.

Алла Тағала Аймановқа алуан дарын берген. Ол өнер адамы болмаған күннің өзінде басқа салада жүрсе де, бәрібір жарып шығар еді. Әдетте, белгілі адамдардың бойындағы сан түрлі қасиеттерді туған топырақпен, оның киесімен байланыстырып жатады. Бұл алғаусыз ақиқат. Олай дейтін себебім, бір Баянауылдың өзінен Қаныш Сәтбаев бас­тап оннан астам академик шықты. Бүгінде кешегі Мөңке би тәрізді айтқаны айдай келіп жатқан Мәшекең – Мәшһүр Жүсіп тәрізді әулиелердің табанының ізі, демі қалған өңірді қалай қасиет қонған, киесі бар демейсің. Міне, осындай топырақтан шық­қан Шәкең, Кәукеңдер де тегін болсын ба?!

Бір ақиқатты ақтарып айтайыншы. Менің сонау өнерге бет бұрған тұстағы барша тағдырымды, өмірімді айқындап, жолға салып берген жағдайдың қалай басталғанын қай кезде де айтып жүрмін ғой. Бұл ретте ұлы Асекең (Тоқпанов) мен Райымбек досымның менің өмірімде күрт бетбұрыс жасағанын әр кез есімнен шығарған емеспін. Оны ұмытуға болмайды. Мұндай кездейсоқтық талай белгілі адамдардың өмірінде кездеседі. Ал Шәкен Аймановпен басқа емес, құдіретті өнер жолында табысып, тер төгу бұл жаратқанның маған тартқан алабөтен сыйы. Әрине, аяулы Майра екеуміздің бір-бірімізге деген оттан да ыстық ынтық көңіл, сүйіспеншіліктің оған еш қатысы жоқ десем, біреу сенер, біреу сенбес. Мен оған да бас қатырмаймын. Ең бастысы, маған Аймановтың неге айрықша назары ауды? Менің түсінігімде, кез келген кісі баласы әу баста бір нәрсеге қабілетті болып туады. Алла Тағала оған жарық дүние сыйлаумен қатар, өнер де беретініне күмән жоқ. Өнер дегенде, мен өз салама қатысты айтып отырғаным жоқ. Оған жалпы түсінікпен қарау керек. Мәселен, сіздің аяғыңыздағы етік пен үстіңіздегі көйлек жылдар өтсе де өңін бермей тозбайды, тіпті жарқырай түседі. Демек, ол әу баста тәңір талантты етіп жаратқан етікші мен тігіншінің қолынан шыққан бұйым. Өз ісінің шебері. Ол тәңірден берілген талантты халық игілігіне, елге қызмет жасауға жұмсап отыр. Бірақ ол кәсіп иелерінің мұндай табысқа жетуі де өздігінен болмайды ғой. «Мен етікші болсам да, жақсы етікші болар едім» деп Толстой айтпақшы, жақсы маман болып шығу үшін оның да бағыт беруші адамы, үйретушісі болатыны хақ. Бәлкім, олар да әуелде мен сияқты басқа кәсіпті қалаған болар. Мәселен, Серағаңның – Серәлі Қожамқұловтың әу баста милиция болғанын біреу білсе, біреу білмейді. Сондықтан әркімнің өмір жолында кездейсоқ жағдайлардың болып жататынына таңғалмасақ керек. Мен де осы жолдан өткен адаммын. Бәлкім, агроном болсам да өз ісімді адал атқарып, өмірден өз жолымды тауып, ел қатарлы білікті маман болып шығар ма едім. Жоқ, маған өнер жолы бұйырды. Бойымдағы жылт еткен қасиетті жалғанның жарығына алып шыққан адам – Айманов. Шынын айту ­керек, «Атаманның ақыры» мен «Қыз Жібек», «Транссібір экспресіне» дейін бірнеше фильмге түссем де, көп еңбекқор әртістің бірі болдым. Бұл мен үшін қалыптасу жылдары, танымал туындыларға барар жолдағы жаттығу, баспалдақ еді. Бәрі де «Атаманның ақырынан» басталды. Қалай, қайтіп?

Әдетте «талантты талант қана түсінеді» деген сөз бар. Шәкеңнің ұлылығы сол, оның бойындағы режиссерлік, актерлік дарынды былай қойғанда, ол адам ретінде де талантты еді. Адами талантпен қоса, үлкен адамгершілік қасиетке де ие болды. Адамға жаны ашу, мейіріммен қарау, әсіресе өз туған халқын өліп-өшіп сүю жағынан келгенде Аймановтың алдына түсетіндер сирек. Мұхтар Әуезовтің «Жүсіпбек әншіліктің ғана емес, адамгершіліктің те академиясын бітірген» деген сөзі бар. Сол сияқты Шәкеңдер адамгершілік академиясын тәмамдағандар. Қазақты бөлу, алалау деген олардың ойына мүлдем кіріп, шықпайтын. Менің өнеріме күйеубала, туыстық қатынас тұрғысынан да қарау оның қаперіне де келген жоқ. Алайда мені бұл жай көп ойландыратын, сол баяғы «жаман күйеу қайынсақ» деген қазақы түсінікке салып, тартыншақтайтынмын. Соным бекер болған екен. Қазір ойлап отырсам, егер мен сол кезде бас тартқан болсам, өзімді-өзім тірідей өлтіріп, тіпті халық алдында «рухани қылмыскер» болғандай екенмін. Асыл адамның аяулы арманына балта шапқандай болады екенмін. Сөйтіп, мені жоқ жерден жалған намыс жарға жыға жаздапты. Ал, енді Шәкеңнің соған бой бермей, өз мақсатына жету жолындағы жанкешті күресін қалай жалғастырғанын бүгінде толық түсінген халдемін. Қолыңнан келмесе сен мың жерден күйеу бала, арқасы жабысып туғаның болса да ол саған жоламас еді. Бір мен ғана емес, бұл жолда Аймановтың арқасында айы оңынан туып, халқының қадірменді тұлғасына айналған аймаңдай алуан дарындар қаншама! Кейде ойлайсың, Шәкең болмаса, бізді қойшы, қазір қазақ киносы қандай деңгейде болар еді?! Күні бүгінге дейін көзі тірі болғанда ше?

Айманов туралы ақиқат әлі де айтыла берері сөзсіз. Ұлыға қарапайымдылық тән дейді ғой. Ең алдымен, менің бойымдағы күйеубалалық синдромды ұмыттырып, ­жойып жіберген де өзі. Ғұлама ғой. Күйеубала деген жоқ, мені өзімен тең ұстады. Соның бәрі әлгіндегі болмайтын жерден бой көтере қалатын қазақылыққа тән ұяңдықты, балаң ойды санадан сыпырып тастасын, өзін әріптес ретінде жақын тұтсын деп ойлағаны ғой. Әтпесе біз қайда, Шәкен қайда? Әлі де сол сезімнің құшағындамын. Дей тұрғанмен де, сол бір жастай жұлдызымыз жарқыраған күндерде күңкіл сөздер де қатар жүрді. «Жүремін біреулерге мен де өшігіп, қайтейін соның бәрі пендешілік» деп аса көрнекті ақын Тұманбай ағам айтпақшы, атақтан бас айналған сол күндері пендешілік те желдей гулеп тұрды. Шәкен ағаны фильмнің ­басты рөліне басқа адам таппағандай өзінің туған күйеубаласын түсіріпті деп айыптап жатқандарды естігенде оның абыройын ойлап кірер тесік таппағаным да рас. Бірақ ол кісіге қарсы тұруға дәрмен қайда? Тіпті Шәкеңді де көзінше солай деп жазғырғандар жоғары жақтың өзінде, Орталық Комитеттің бюро мүшелерінің де арасында болғанын бүгінде жасырудың қажеті жоқ. Бюро мүшелері «Атаманның ақырын» көріп болған соң пікір алысу, талқылау жүріпті. Сондай сәтте Асанбай Асқаров ағамыз Шәкеңе өзі келіп ұрынады. Сол баяғы гөй-гөй. Шіркін Шәкең, фильмді түсіру кезіндегі өмір мен өлім арасындағы қиын сәттерді мысалға келтіріп, менің суға ағып кете жаздағаныма дейін айтып, ол кісіге ренжіген сыңай байқатады. Екеуінің арасына Димекең түспегенде бұл кәдімгідей жанжалға айналғандай екен. Сонда деймін-ау, егер ол кісі туыс, тамыр-таныс іздесе, маған қарап қалған жоқ еді. Ондай ойы болса, туған інісі Кәукен Кенжетаевты әр фильміне түсіріп отырмас па еді. Шынына келгенде, маған күйеубала деп ешқашан кеңшілік жасаған кезі болған емес. Қайта мені отқа да, суға да салды. Мен көндім. Олай еткен себебі, менің бұл рөлді алып шығатыныма ол әу бастан сенді. Менің бойымнан кейіпкеріме келетін көп ұқсастық тапты. Сөздің қысқасы, мен күннен-күнге күшейіп, атқа мінгендей біртүрлі қанаттандым, алдымда бір-ақ мақсат болды, ол Шәкен ағаның сенімін ақтау. Мен ол сенімді ақтадым. Ол кісі ешкімді ешқашан көзіне  мақтамайтын. Әсіресе актерлерді. Фильмді түсіру кезінде ілтипат білдірмейтін. Жанұшырып, өрт сөндіріп жатқандай жұмыс істейтін. Сәл саябыр тапса, шахмат ойнайтын. Темекісін жиі тартатын. Ең бастысы фильм түсіріліп бітті. Ендігі әңгіме оның одан кейінгі тағдыры. Шәкеңнің көңілі тола ма, жұрттың пікірі қалай? Осы бір өткелден өткенше сүрген өмірімде бір мән-мағына болсайшы. Ұйқы шала, көңіл нала. Есіл-дертің сол күнді ынтығып күтесің. Бірде фильм әбден монтаждалып біткен соң үйіне бара қалып едім, «бала, бәрі жақсы» деді. Осы бір сөз менің әлі күнге құлағымда тұр. Сыртқа атып шықтым. Басым ауған жаққа адымдап кетіп барамын. Әуелде байқамаппын, ағыл-тегіл жылап келеді екенмін. Ұлы Шәкен көз алдыма әкем тіріліп келіп, маңдайымнан иіскегендей елестеп, ал жылайын келіп. Адам қуанғаннан да жылайды екен ғой. Енді түсіндім, осы көл-көсір қуанышымды шешем мен Майраға жет­кізгенше асы­ғыппын. ­Шешем де мені өмір бақи бала деп кетіп еді. Бұл сөзді Шәкеңнің аузынан есту және жақсы жағдайда есту мен үшін осындай күйде өмір бақиға ұмытылмастай боп қалды. Әлі күнге дейін есіме түссе елжіреп кетемін. Ең бас­тысы әлгіндегі сұрқай, сараң сөздер фильм үлкен экранға шыққаннан кейін сап ­тыйылды. Тіпті белгілі басылым бе­тінде бағалы пікірлер айтылды. Олардың ­жазуынша, Нұрмұхан Жантөриннен кейін Кеңес Одағына танымал актер болыппын.

Бірде осы фильмнен кейін атақты ­Чухрай «Шәкен, сен шытырман дүние түсіруге әбден төселіпсің. Менде бір ­сценарий бар, соны көрсең қайтеді» деген өтініш ­айтады. Сонда Шәкең: «Жоқ, мен басқа бір ірі дүние түсіргелі жүрмін. Актерім де ­дайын» дейді. Ол «Абай жолы» еді. Әрине, дайын актер мен екенімді сеземін. Шәкең оған үлгермеді. «Құдай сақтап» мен де ол фильмге түспей қалдым. Болмаса тағы да бір өсектер сериалы «ағаларымыздың арқасында» гу ете түсер ме еді.

 

ҒАБЕҢ БОЛМАҒАНДА...

«Атаманның ақыры» – Қасымхан ­Шадияров бұл, негізінен, Димекеңнің ­идеясы еді. «Правда» газетінен бе екен, Чанышев деген чекист туралы очеркті оқып ұнатқан. Соны Шәкең жүзеге асырды. Менің жұлдызым жанды. Алдымнан даңғыл жол ашты. Ал, енді мені таныған тек қана Айманов еді дейін десем, ар жағында қылтиып «Қыз Жібек» тұр ғой. Негізінен осы екі фильмге отыз екі жасымда қатар түстім. Бәлкім, Бекежан бұйырмас па еді, егер Ғабең болмағанда. Бекежанның рөліне Н.Жантөрин, Ы.Ноғайбаев, К.Кенжетаев, Ә.Молдабеков сынаққа түскен. Мен де өзімше олардан қалғым келмей бір көрініс дайындадым. Соны көрген қайран Ғабең паң күліп: «Әй, мынау дайын Бекежан ғой» демесі бар ма. Содан бекідім де кеттім. Бұл Құдайдың құдіретінде шек жоқ. Бәрін қиыстырып тұрады. Операдағы Бекежанды шырқау шыңына көтеріп, шаңын шығарып ойнап, Мәскеуді тізе бүктірген  Құрманбек аға Жандарбековпен тура сол күні көшеде жолығып, рөлге бекігенімді Алматы ресторанында жуып, батасын алғанымды жақсы ырымға баладым. Нәтижесін ел біледі ғой. Жалпы әуелде Сұлтан Қожықов менің бұл рөлге түсуімді аса қолай көрмей, келісім бере қойған жоқ. Көпке дейін күмәнмен қарады. Өзім де күн-түн дегенді ұмытып, жатпай-тұрмай аласұрып іздендім.

 

СҰЛТЕКЕҢ  СҰРАПЫЛ ЕДІ ҒОЙ

«Қыз Жібек» дегенде, әрине, Сұлтекеңді, Сұлтан Қожықовты алдымен ауызға алады көпшілік. Сұлтекең сұрапыл еді ғой. Көңілінде бәлендей ештеңе болмаған шығар. Дей тұрғанмен де, әу баста маған аса пейілді болмағанын айттым ғой. Фильмнің барысында жақсы түсіністік. Өнерде режиссер мен актердің бір-бірін түсініскенінен артық бақыт жоқ. Өзім де Бекежанға барымды салдым. Өзімнің Бекежанымды ойнадым. Жаужүрек батыр, адам, адал, сүйе де білетін, күйе де білетін, сөйлеп кетсе шешен, ойлап кетсе дана, нағыз дала рыцарын бейнелеуді армандап едім, сол арманыма қолым жетті. Әрине, бұл ретте жатқан жерің жарық болғыр, Сұлтекеңнің еңбегі де ерен. Түсірілім кезінде Әнуар, Құман үшеумізді баласындай бауырына басып, киіз үйде қасына алып жатып, көзден таса қылмай, қатаң қадағалады. Жаспыз ғой, түнде қыдырыстағымыз келеді. Сәл бұлталақ­тасаң «Жатыңдар, ертең съемка» деп тырп еткізбейтін. Бірде оянып кетсем, Сұлтекең алдында күл салғышы толған, езуінде темекісі, қалың ойға батып отыр екен. Көп уақыт ояу жаттым. Ал Сұлтекең болса кірпік ілмейді. Не деген төзім, не деген шыдам, не деген жауапкершілік! 

Фильм жа­рыққа шыққаннан кейін «Бекежан Төлегенді біраз тық­сы­рып жіберіпті, Төлеген аса шықпай қалған» деген бір қисынсыз пікірлер де болды. Бекер сөз. Қайта ол аға мен іні арасындағы сыйластықты да ұқтырған кемел көріністер еді. Жалпы фильмдегі рөлдерге актер таңдауда қателесу болған жоқ. Бәрі өзінің рөлін үлкен кәсіби деңгейде орындап шықты. Бір фальш жоқ. Өте нанымды, иланымды, сенімді, табиғи ойнады. Мұның басты себебі «Қыз Жібекке» бүткіл сорпа бетіне шығар ұлт элитасының ірі өкілдері, қаймақтары мен қаспақтары жабылды.  Ең басты жеңіс – намыстікі.

Міне, Құдайға тәуба, осы екі фильм­нен кейін мен көшеде жүруден қалдым. Тіпті таксистердің өзі ақша алмайтын. Абай айтқандай, «кімді көрсең бәрі дос». Бірде мынадай күтпеген жағдай болды. Бір азаматтармен танысып, қоймай қойған соң үйіне барған болуым керек, кәрі шешесі бар екен. Әлгі кісінің «Мына жексұрынға қайдан жолығып жүрсің» деп жатқанын құлағым шалып қалды. Кейін сөйлесе келе, шешей өзінің артық айтқанына ыңғайсызданды ма «Өзің әжептәуір сүйкімді бала екенсің» деп жатыр. Бұл, әрине, Бекежанның ел көңілінен шыққанына көп мысалдың бірі. Бірақ кейде осынша ерте келген даңқты қалай көтеріп жүрдім деп таңғалған сәттерім де болды. Танымал бола бастасаң – достарың, даңқты бола бастасаң жауларың көбейе ме деймін. Мен соны ерте сезінгендеймін. Достан гөрі дұшпаның көбейген сайын сен одан әрі қайралып, ширап, жанығып жұмыс істейсің. Өшіңді өнерден аласың. Менің ұстанған ұстанымым осы болды. Сірә, сол кездегі жастыққа тән желігу мен желпінулерден құтқарған да осы қасиет қой деймін. Ең бастысы біз үлкен мектептен өттік. Бүгінгілер кітаптан, естеліктерден оқып біліп жүрсе, біздің бақытымыз ұлы Мұқаңдар, Ғабеңдер, Сәбеңдердің көзін көрдік, қолына су құйдық, әңгімесін тыңдап өстік. Ерте келген даңқтан ессіз күйге түсіп, жастық пен мастықтың буынан ес жия алмай жүрген күндерден алып шыққан да солардың сабағы, сенімі. Демек, Шәкеңе неге айналып соға беруімнің себебі де енді түсінікті болар.

 

ҚАЗАҚ МОЛДАЛАРЫНА  КӨП СЕНБЕЙМІН

Шала дін қай заманда да болған. Одан бірден арылу қиын. Шала дін арсыздың ісі. Шала дін екі түрлі: Бірінші – надандықтан. Құранды түсіну үшін тек діни сауат емес, білім-ғылым керек. Екінші – ол діннің саясатпен шырмалған түрі. Бұл енді өте қауіпті. Жалпы дінге ғылым ретінде қараған жөн болар. Орыстың шіркеуіне барсаң, мистикалық әсері, философиялық ойлары, үні, киімі, ритуалдары сенбесіңе қоймай, бойыңды билеп ала жөнеледі. Молдасының түймесіне дейін діни. Бізде күлкілілеу. Қарап тұрсаң, уағызы «арақ ішсеңдер тозаққа барасыңдардың» айналасында. Құдай ортақ емес пе? Онда бүкіл орыстар тозақты толтыратын болғаны да. Логика қайда? Кімге сенеміз? Бірде дін саласының бір үлкен басшысымен ауруханада жолығып қалдым. Укол салдырып жатыр екен. «Оу, уколда спирт бар ғой, тозақты ұмытпаңыз» дегенім бар. Бұлар, әрине, айтар уәж табады ғой. Құранда былай жазылған деп жауабын өзінің пайдасына бұрып жатыр. Өтірік. «Ағын судың арамдығы жоқ, басында шошқа өліп жатса да ішуге болады» деп ақтала бастады. «Ондай суды ит те ішпейді ғой. Ит құрлы тазалығымыз болмағаны ма?» деп қарсы уәж айттым. Шошқаның етін Мұса пайғамбар Сахарада қара қарғаның миы қайнайтын ыстыққа шыдамайтын болғандықтан лақтыртқан. Ал қазір Құдайға шүкір мұздатқыш бар ғой деген тәрізді әңгімелермен біраз ойды өрбіттік. Әрине, мұнымен шошқаның етін ақтағым келіп отырғаным жоқ. Арам екені арам. Татып алмаймыз. Бірақ колбасаны жейміз ғой. Ал ол шошқаның майынсыз жасалмайды. Біз осынша уақыт анау болмайды, мынау болмайды деп жұртты көп нәрседен құр, мақұрым қалуға, ой-өрісінің өсуіне нұқсан келтіргенімізді ұмытпағанымыз да абзал. Пейіштен орын алмаққа пәлен мешіт салып, істеген күнәсін жуып-шайғысы келетіндер де жоқ емес. Мешітті Құдайға, аруаққа, бабаңа сыйынып салсаң ғана мешіт. Ал ақшасын қайда жұмсарын білмей, әр жерге сала берген мешіт емес, ол – құрылыс. Одандағы мектеп, кітапхана, балабақша, кинотеатр сал. Сол сені пейішке апаратын жол.

Арман кісіні көп нәрсеге жетелейді. ­Армансыз адам – келешегі жоқ адам.

Мен бір Жаратушыға сенемін. Оның жалпы атауы Құдай болуы керек. Біреу мені Құдай жоқ деп айтты деп, тал түсте шала бүлінді. Кім білсін, ол да пенде ғой.Танымалдылығы түсіп бара жатқан соң осындай қадамға барған шығар. Жалпы  соқыр сенімге беріле бермеймін. Намаз оқу, бірнеше мәрте Меккеге, қажыға бару, қажы болу, сөйте жүріп жалғаншы боп көрініп, жалған уағыз айту не керек, кімге керек? Осыдан кейін барып, өзің сезінбей тұрған нәрсеге соқыр сеніммен берілу жағын мен надандық деп білемін.

Қазір не көп, мешіт көп. Мешіт салушы көп. Соның бірі өзіммін. Бірақ осы мешіт салуды жай міндет, парыз деп қана түсіну не болмаса жалпыға өз атын сүйкімді ету, әлдебіреулерден қалыспау үшін салатындар, әрине, қателеседі. Мұндай қасиетті, обал-сауабын түсіне білген істі жүзеге асыру үшін армандай білу керек. Мен сол мақсатыма жеттім және оның халыққа пайдасы тиді. Менің атам Ысқақ пірәдарды ел қадір тұтты. Сол кісінің атына ауылда мешіт салдым және ол тек діни емес, рухани тазару орнына айналуын мақсат еттім. Аллаға шүкір, сол бағытта жұмыс жүріп жатыр деп ойлаймын. Мешіттің ішіне құмыраға топырағын салып, басына күндіз-түн жанып тұратын шырақ қойғыздым. Ауласына ағаштың түр-түрін еккіздім. Құдық қаздырып, көгерісті суарып тұратын мүмкіндік жасаттым. Имамы, шырақшысы басында. Жылда отбасымызбен барып, дұға жасап қайтамыз. Бір ғажабы, бұған дейін ауылдың құдықтарының суы ашып кеткен. Ал біз қазған құдықтан тұщы су шықты. «Апыр-ай, бұл не құдірет?» деп ел таңғалды. Мен әулие емеспін. Пайғам­барлардың заманы да өтіп кетті ғой. Демек, бұл Алланың ісімізді құп көргені болар деп топшылаймын.

Қазақ молдаларына көп сенбеймін. Көбісі шала сауатты, есіл-дерті дүние, ақша жинау. Құранда «Жаназа шығарған молдаға берген де күнәлі, алған да күнәлі» деп тайға таңба басқандай жазылған. Соған қарамастан, екі көзі өңменіңді тесіп, екі алақанын жайып, бірдеңе ала қалуды ойлап тұрады.

Ешкім өліп көрген емес. О дүниеде пейіш барын, тозақ барын бір Жаратушыдан басқа ешкім білмейді. Адал еңбек етіп, қиянатсыз, өтірік-өсексіз өмір сүретіндер дін талаптарының жарымын орындап жүрген адамдар деп есептеймін. Намаз оқып жүргендердің ішінде қиянат жасайтындары да жеткілікті. Бұрынғы ұры, маскүнем қазір молда. Мен оған екі дүниеде де сенбеймін. Фанаттар көп, аянышты. Оу, олигархтар! Ақшаң шашылып жатса, мектеп, балабақша, театр сал. Жетім-жесірге қол ұшын бер. Сол саған о дүниеде көмектесуі әбден мүмкін. Бірақ мешіт салып, құдайдың көңілін таптым деу де бекершілік.

Дін. Діни жол. Бұл – ғылым. Ашылмаған, айтылмаған ұлы ұшан-теңіз әлем. Соны түсініп, білуге ұмтылу керек. Соқыр сезім, сенім елді адастырады. Онсыз да адасып жүрген қара халық аз емес. Демек, діннің айналасында білім-ілім жиған адамдарды көбейтуді ойлау керек. Халықты одан әрі адастыру күнәнің күнәсі. Мен жаңалық ашайын деп отырғаным жоқ. 75 жасқа келгенде өмірден түйгенім, менің ойыммен бәрі келіседі деп те ойламаймын, қайшылықты тұстары да болуы әбден мүмкін.

(Жалғасы бар

1788 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы