• Білім және ғылым
  • 28 Сәуір, 2022

ӘРБІР ҰСТАЗ БАЛА БОЛАШАҒЫНА АЛАҢДАЙДЫ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы жылды  балалар жылы деп жариялап, «Балалар – мемлекетіміздің жарқын болашағының кепілі. ...Бірінші кезекте билік тарапынан балаларды қорғау үшін денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қолдау бағытында нақты шаралар қолға алынуы керек. Өскелең ұрпақтың үйлесімді дамуы мен бақытты балалық шағы – біздің жалпыұлттық міндетіміз» деп, балаларға ерекше көңіл бөлу қажет екенін жеткізген еді. 

Алматы қаласында өткен «Қазақстан Республикасындағы білім беру процесіне қатысушыларға тиімді психологиялық-педагогикалық көмек көрсетудің инновациялық технологиялары» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияның өзегі де осы. Аталған конференция жұмысын ҚР Білім және ғылым вице-министрі Ғани ­Бейсембаев ашып, модераторлықты өз қолына алды. Қазақстан Республикасының Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Аружан Саин, Алматы қаласы әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова, ҚР Білім және ғылым министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Есенғазы Иман­ғалиев ой-пікірлерімен бөлісіп, конференцияға қатысушыларға сәттілік тіледі. 

Қоғамдағы өзекті мәселені қамтыған жиын барысында ғалымдар мен практиктер білім беру ұйымдарында кәмелетке толмағандар арасындағы аутодеструктивті және девиантты мінез-құлықтың алдын алу тәсілдерін анықтау үшін инновациялық психологиялық-педагогикалық идеяларды, технологияларды, тәжірибелер мен әзірлемелерді қолданудың түрлі әдістерін жан-жақты талқылады.

Педагогика ғылымының докторы Қарлығаш Сарбасова ұлттық құндылықтың, салт-дәстүрдің негізгі қайнар көзі қазақ ағартушыларының еңбегінде екенін атап өтті. «Әрбір ұстаздың, әрбір педагогтың, әрбір тәрбиешінің алға қойған мақсаты – баланы бақытты ету, бақытты бала тәрбиелеу болуы керек. Бақытты баланы тәрбиелеу жолы әл-Фарабидің, Махмұд Қашқаридың, Жүсіп Баласағұнның еңбектерінде бар.  Әрбір педагог осы еңбектерді оқып, толығымен меңгерсе ол шын мәнісінде бақытты ұрпақ тәрбиелейтіндігі анық. Өкінішке қарай, бүгінгі күнде білім беру үдерісінде балаға емес, технологияға көп мән береді. Яғни тәрбие беру, білім беру процесінде бірінші орынға психологиялық-педагогикалық көмек көрсетудегі инновациялық технологияларды не үшін пайдаланып отырғанымызды кей жағдайда ұмытып кетеміз», – деді. Одан әрі «Балалар арасындағы суицид, мінез-құлықтағы оғаш қылықтар, ауытқушылықтардың барлығы балаға көңіл бөлмеуімізден туын­дауы мүмкін, сол себепті аудиторияға келгенде бірінші кезекте технология, әдіс-тәсіл демей, ең алдымен, алдымызда көзі жәудіреп отырған балаға көңіл бөлген жөн. Ұстаз ретінде оның тағдырына әсер етіп, дұрыс жолға саламын, қалай бақытты етемін деп ойлау керек», – деп сөзін жалғады.

Жиын барысында «Заманауи технологиялар мен жетістіктер» диалог алаңы (озық тәжірибені тарату) аясында психологтің жұмысындағы кең ауқымды мәселелерді шешудегі тәжірибелік тәсілдер мен тиімді құралдарға арналған шеберлік сағаты ұсынылды.

Екінші күн секциялық жұмысқа арналды. Секциялық отырыстарда кәмелетке толмағандар арасындағы суицид проблемаларына, дарынды балалар мен ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды психологиялық тұрғыдан демеуге, өмірде қиын жағдайға тап болған балаларға өмірге төзімділік дағдыларына, балалар мен ата-аналар коммуникациясының тәжірибелік технологияларына, қазіргі мектептегі сыни ойлау және эмоционалдық зияткерліктің қалыптасуы мен дамуына ерекше назар аударылды.

«Білім беру ортасында психологиялық-педагогикалық мәдениетті қалыптастыру технологиялары», «Қазіргі мектептегі сыни ойлау мен эмоционалдық зияткерліктің қалыптасуы мен дамуының психологиялық механизмдері», «Ерекше білім беру қажеттіліктері бар оқушыларға психологиялық-педагогикалық қолдау көрсету», «Бала мен ата-ана қарым-қатынасының тәжірибеге бағытталған технологиялары», «Жасөспірімдердің аутодеструктивті мінез-құлқын түзету және психологиялық көмек көрсету», «Өмірде қиын жағдайға тап болған балаларды өмірге төзімділік дағдыларына қалыптастырудың психологиялық механизмдері», «Дарынды балалардың интеллектуалдық әрекетінің психологиялық ерекшеліктері: мәселелері мен болашағы» атты жеті секция жұмыс істеді.

Білім және ғылым министрлігі Бала­лардың құқықтарын қорғау комитетінің басқарма басшысы Ержан ­Жиренбай: «Жаһандану заманында балалар цирфрландырумен қатар, қауіп-қатерлермен кездесіп жатыр. Бұл білім беру ұйымдарының психологиялық қызметтерін, оның тиімділігін арттыруды, жұмысын күшейтуді талап етеді. Оның үстіне, өзіңіз де білесіз, бұл салада қордаланып қалған мәселелер жетеді. Конференцияның басты мақсаты – қазақстандық әрі жаңа инновациялық тәсілдерді тиімді пайдалану. Жиынға біздің еліміздің ғана емес, Ресейдің, Өзбекстанның психология саласындағы ірі жетекші ғалымдары, мамандар қаты­сып отыр. Кеше өзара пікірлесіп, «конференциядан не алдық?» деген мәселе қозғалғанда жан-жақтан келген, әсіресе жергілікті жердегі мамандарымыз маңыз­ды кездесу өткенін айтты. Енді әр топтың, университеттің профессорлық-педа­гогикалық құрамы сол өңірде семинарларын ары қарай жалғастырады. Демек, бұл семинар шалғай ауылға да жетеді», – деді.

Екі күнге созылған конференция жұмысына Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының, орталық мемлекеттік органдардың өкілдері, жоғары оқу орындарының ректорлары мен оқытушылары, Білім басқармасының басшылары, Оқу-әдістемелік орталықтардың әдіскерлері, Білім беру ұйымдарының педагог-психологтері, Ювеналды полиция инспекторлары қатысты. 

Бағдагүл БАЛАУБАЕВА

4106 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы