• Тұлға
  • 05 Мамыр, 2022

ҚАДІРЛІ ЕДІ, ХАМЗА...

Осыдан біраз жыл бұрынғы өткен оқиға көз алдымнан кетпейді. Отбасыммен жастық шағымның куәсі болған көрікті де шырайлы шаһар Алматыға баратын болдым да пойызға отырдым. Оның қос рельсті теміржолмен жүйткіп отырып, шахтерлер қаласы Қарағандыға жеткенін білмей де қалдық. 
Осы шаһардағы бекеттен жасы жетпістерге жақындап қалған ақсақал отырды. ­Жанында туыстары да бар. Олар біз отырған купеге келіп жайғасты. Жүзі жылы кісінің киген киімі, сөйлеген сөзінен бір кездері лауазымдық қызмет атқарғандығы байқалады. 

Содан жол қысқарту мақсатында ­танысып, әңгімеміз жарасым тапты. Ақсақал менің журналист екенімді білген соң өткен-кеткен кезеңнен асықпастан сыр шертті. Сөз арасында өзінің азамат болып қалыптасуына туған бауыры Хамза Әбілғазиннің сіңірген еңбегі мен ақыл-кеңесі аз болмағандығын ерекше бір толғаныспен баяндады. Сонда Қабиден аға ғұмыры ғибратқа толы көрнекті тұлға хақында бір тағылымды дүние жазсаң деген тілегін білдірді.Өзіміз сөз еткелі отырған Хамза Әубәкірұлы шын мәнінде бүкіл ­саналы өмірін ұлтының дамуына бағыштаған айтулы кісі еді.

Дарынды бозбала ол кезде әлі жиырмаға да толмаған-ды. Алдымен Абай атындағы педагогикалық жоғары оқу орнының рабфагін тәмамдады. Содан кейін Қазақ коммунистік журналистика институтына қабылданды. Алайда 1939 жылы екінші курста жүрген шағында Кеңес әскер қатарына шақырылып, өзінің азаматтық борышын өтеуге аттанды. Арада көп өтпей  екінші дүниежүзілік соғыс басталып, оның алғашқы күнінен қанды шайқастарға қатысты. Бүкіл Кеңес жұртшылығы асыға күткен жеңісті Берлинді алу операциясымен тәмамдап, тарихтан белгілі Рейхстагтың қабырғасына қасиетті туған жерінің атауы мен өзінің аты-жөнін жазып қалдырды. Курск иініндегі болған ұрыста да дараланды. Сол кездегі өжет мінезі мен тапқырлығы үшін кеудесіне «Қызыл Жұлдыз» орденін тақты. Днепрдегі үлкен бір шайқаста да алғы шептен көрінді. Адалдығы үшін беделді командирлерге берілетін «Александр Невский» орденіне де ие болды. Қызыл Ту орденін алды.

Хамза Әубәкірұлы 1946 жылы көктем айында елге оралды.1946–1958 жылдар аралығында кез келген азаматтың қолы жете бермейтін Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті мен Қазақ КСР Министрлер кеңесінде қызмет атқарып, құрметке бөленді. Кейіпкеріміз 1958 жылдан ­бастап 1962 жылға дейін республикамызда алғаш ашылған Алматы телестудиосының тұңғыш басшысы ретінде де көпке ­танылды. Сөйтіп, еліміздегі телеарнаның негізін қалаушы ретінде де барша осы саладағы әріптестеріне үлгі болды. Одан бергі жылдарда да тек қызмет ­бабымен өрлеп-өсу және қайраткерлік қырларымен танылды. Бұл сөзімізге оның еліміздегі «Қазақфильм» киностудиосы директорының орынбасары, Қазақ КСР Министрлер кеңесінің радиохабарлар және теледидар, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Төралқа басқармаларына жетекшілік етті.

Хамза аға талай адамдарға шапағатын тигізді. Олардан жан шуағын аяған жоқ. Өмірде ол Халық Қаһарманы ­Рахымжан Қошқарбаев, атақты қаламгер Ілияс ­Есенберлин және басқа да азаматтармен араласты.

Майданнан туған жерге келген соң Гүлия есімді қазақ қызымен танысып, отау тікті. Ғұмырлық серігі екеуі екі ұлдары мен бір қыздарына тәлімді тәрбие берді. Перзенттері Бақыт, Бағдат, Ғайни ата-анасының еңбегін ақтады.

Осы дүниені жазуыма түрткі болған Қабиден ағам Хамза Әубәкірұлы жайлы пікірін айтты.

– Ағамның алдында қарыздармын. Әке-шешеміз сонау туған жеріміз ­Баянауылда тұрғандықтан Хамзаның шарапатын көп көрдім. Алматыдағы ауыл шаруашылық институтын агроном мамандығы бойынша аяқтадым. Оның үйінде жүріп оқыдым. Сөйтіп, студенттік өмірдің қалай зырылдап өте шыққанын да сезбей қалдым. Үйдегі Бақыт жеңгеңмен үйленбес бұрын алдымен сол кісілерге көрсеттім. Олар таңдауымды қолдады. Шіркін-ай, қазір сол күндердің бәрі сағыныш қой. Ағам қандай мейірбан, парасатты, өз саласының білгірі болса, оның зайыбы Гүлия да, барымен бөлісетін ерекше жан болатын. ­Хамза ағам үнемі оңаша қалған кезімізде: «Қарағым Қабиден, студенттік бес жыл қас-қағым сәтте өте шығады. Уақыттың қадірін біл, бұл жастық шақ қайта оралмайды. Сондықтан таңдаған кәсібіңді терең меңгеруге талпын. Кейін жауаптық қызметке кіріскен кезде өкінбейтін бол» дейтін. Ол кісінің айтқаны айдай келді. Жоғары оқу орнын бітірген соң, қызметке өзіміздің Баянауылға аттандым. Мен кеңшар директоры, аудандық ауыл шаруашылық басқармасының бастығы секілді лауазымды жұмыстарда болдым. Менің сенімді тірегім әрі құдай қосқан қосағым мектепте ұстаздық етті. Егер мен мына өткен жылдарда, жалпы жұмыста болсын, жоғары нәтижелерге қол жеткізген болсам, онда бауырымның да қосқан үлесі мол деп есептеймін, – деді Қабиден ағам.

Хамза Әубәкірұлы Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген мәдениет қайраткері жоғары атағын алған кезде қуанбаған адам жоқ. Әріптестері де оған ортақтасып, ізгі тілектерін білдіріп жатты. Көп өтпей кеудесіне Еңбек Қызыл Ту орденін тағу бақытына ие болды. Сондай-ақ бірнеше рет Қазақ КСР Жоғары Кеңесінің Құрмет грамоталарымен және медальдармен марапатталды. Алматылық ағайындар кезінде жауапты қызмет атқарған Алматы телестудиясының ғимараты мен ардақты тұлға ғұмыр кешкен үйдің қабырғасына ескерткіш тақта орнатты. Ағамыздың ­сонау отты жылдары көрсеткен ерліктерімен өжеттігінің белгісіндей, оған Ленинград қаласының Құрметті азаматы атағы берілгенін де айтып өткеніміз орынды ­болар. Бұл ресейлік бауырларымыздың ­батыл азаматқа көрсеткен ерекше ілтипаты десек те жарасқандай. Ол КСРО Журналис­тер одағы мен Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі атанды.

Бір өкініштісі, Хамза Әубәкірұлы небәрі 61 жыл ғана ғұмыр кешті. Алайда артында өшпес ізін қалдырды. Бойындағы адамгершілік, ізгілік қасиеттерімен соңынан ерген іні-қарындастары мен ­замандастарына ғибрат көрсетті.

Біз қолына қалам ұстаған бауырлары ағамыздың мағыналы өмірін тәуелсіз мемлекетіміздің жарқын болашағы ­болатын жастарға баяндауды, үлгі етуді өзімізге парыз санаймыз.

Оразалы  ЖАҚСАНОВ

599 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы