• Тұлға
  • 05 Мамыр, 2022

ЕСІМІ ЕЛ ЕСІНДЕ

«Аға, армысыз!
Бұл мазалап тұрған Қуат Құрмансейіт деген баспагер ініңіз. 
Кезінде өзіңіз бірге қызмет істеген Жұмағали Наурызбай туралы кітап жарыққа шыққалы жатыр еді. Сол кітапқа, орайы келіп жатса, сіздің де бір естелік жазбаңыздың кіргені дұрыс секілді. Бұған не дейсіз? Мүмкіндігіңіз, уақытыңыз бола ма?».
Телефонға түскен осы хабарлама қайран қалдырды. 
«Жұмағали Наурызбай ­туралы кітап» дегенде көңіліме бөтен ой келе қойған жоқ. Мерейтойға ­немесе белесті бір оқиғаға байланысты мақалалардан кітап құрастыру қазір қалыпты жай. Одан кейінгі – «естелік жазба»... Естеліктің қандай жағдайда жазылатыны белгілі. Сонда да сеніңкіремегендей, интернетті шұқылай бастадым. Иә, рас, Жұмағали Наурызбай 2020 жылы өмірден өткен екен. Естімеппін. Не болып барады өзі? Жұмағалидай азаматқа тіпті титімдей көңіл айту да жарияланбаған ба, әлде газеттің дәл сол нөмірі көзге толық шалынбай қалды ма екен?

 

Қуаттың «кезінде өзіңіз бірге қызмет істеген» дегені рас. Жұмағали Жөкейұлымен біз 1987–1990 жылдарда Қазақстан компартиясы Орталық комитетінің, одан кейін, 1994 жылға дейін Қазақстан Республикасы Президентінің аппаратында қызметтес болғанбыз.

Жұмағали Қазақстан компартиясы орталық комитетінің аппаратына Жезқазған облыстық партия комитетінен келген болатын. Обкомнан ОК-ға жолданатын ақпарлардың, мәліметтердің мәнділігіне, тілі мен стиліне көңіл аударылып, жоғарыдағы кісілер орындаушысын сұрағанда осы Жұмағалидың аты аталған екен, содан облысқа белгілі бір тақырыптар бойынша талдамалы ақпар дайындауға қайта-қайта тапсырма беріліп жүріпті де, ақыры көздері жеткен соң тындырымды, терең ойлы қызметкер Алматыға алдыртылыпты. «Қайта-қайта тапсырма беріліп» дегеннен мынандай жай ойға оралып отыр.

Партияның кадр іріктеудегі сыннан өткен әдісінің бірі – кандидатурасы назарға іліккен адамды тапсырмамен үйіп тастайтыны. Осы арқылы оның жауаптылығы, сауаттылығы, жедеғабылдығы ғана тексе­рілмейді, шыдамдылығы, мінез байлығы, аузына беріктігі де байқалады. Бір жерде болмаса бір жерде, біреу болмаса біреуге «Мынандай тапсырмалар беріліп жүр» десе, «Әбден шаршатты» десе,  бітті – сенімнен шығады.

Бұл сынақтан біз де өткенбіз. 1987 жылдың басында Орталық комитетке жұмысқа алынарда бір жылдай бойы газет-журналдарға неше алуан шолу ­дайындауды ай аралатпай тапсырып тұрғаны бар. Насихат және үгіт бөліміне шақырып, баспасөз кабинетінен облыстық газеттің тігіндісін ұстатып жібереді де, «Об освещении вопросов развития животноводства на страницах областной газеты «Коммунизм таңы», «Об освещении вопросов организации социалистического соревнования на страницах областной газеты «Жетісу» деген сияқты шолуларды тез дайындауды міндеттейді. Не істейсің? Коммуниссің. Орталық комитеттің  органында жұмыс істейтін коммуниссің. Жазасың. Апарып бересің. Ондай-ондайға бойың да үйрене бастайды. Бір күні тіпті тосын тапсырма жасалды. Баспасөз секторының нұсқаушысы Ризабек Әдуов: «Осыны өте тез жасау керек», – дейді. «Жарайды. Қашанға? Таңертеңге ме?». Ондай тапсырмалар да болғаны бар. «Жоқ, бүгін. Кешке дейін». «Қалай сонда? Жұмысқа жету керек, оқу керек, талдау керек, жазу керек, бастыру керек, қайтып келу керек...». «Баспасөз кабинетінен үстел дайындап қойдық, отырасың, оқисың, жазасың. Өзіміз бас­тырып аламыз».  Не әкетіп бара жатқанын түсінсем бұйырмасын. Тапсырмасы тағы сол – «Об освещении...». Сол отырғаннан бес-алты сағат отырып, қыруар материал оқып, бес беттей шолуды жазып бердім. Екі-үш айдан кейін Насихат және үгіт бөлімінің баспасөз секторына жұмысқа қабылдандым. Ризабекпен жақын араласып, тіл табысып кеттік. Қайнаға, күйеу бала күйде әзілдесуге де көштік. Дастарқандас та болып қаламыз кейде. Сондай бір оңаша отырыста оқыс тапсырмасын есіне салып, неге мұншалық жанықтырғанын сұрамаймын ба? «Ой, қайтесің, тығыз керек болды ғой» деп күледі. Мен де тақымдап қоймадым. Таңға дейін шыдамайтындай не тапсырма ол, расында да? Ақыры Рекең ақиқатын ақтарып салды. Былай болған екен. Мен туралы бір пікірге тоқтағанын, жұмысқа шақыруға болады деп санайтынын басшыларына айтыпты. «Орысшасы да жақсы, көзім жетті, әбден тексердім» депті. Енді басшылық жағы әртүрлі жолдармен пікір сұрата бастапты. Солардың ішінен біреу: «Ол мектепте, университетте қазақша оқыған, әрі ауыл мектебін бітірген. Өзі – оңтүстіктен.  Әйелі орыс тілді журналист. Баспада істейді. Сол жазып бермесе де, жазғанын жөндеп беретін шығар» депті... Ол кезде кез келген күдік-күмәнді алып тастамаса болмайды. Енді Ризабекке: «Келесіде өте тығыз шаруа ретінде осы жерде жазғыз. Көзімізді жеткізейік» деген тапсырма беріледі... Міне, кезінде осындай-осындай хикметтер де кездесетін.

Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген, техникум оқытушысы, универси­теттің кафедра меңгерушісі, облыстық білім беру басқармасында инспектор қызметтерінен өтіп барып, обкомға шақырылған Жұмағалидың жан-жақты дайындығы бөлімге келген алғашқы күндерінен-ақ таныла бастады. Мамандығы бойынша биология және химия пәнінің мұғалімі болғанымен, Орталық комитетте дін мекемелеріне кураторлық жасау жүктелген ол көп ұзамай-ақ өзін кәдуілгі теологтай таныта білді. Кабинетіне қашан кірсең де, дін тақырыбындағы ғылыми әдебиетті оқитын да отыратын.

Кәсіби ұстаз ретінде Жұмағали ­Наурызбай ұлттық педагогика мәселелеріне көп көңіл бөлді. Осы тақырыпта отыздан астам әдістемелік құралдар, оқулықтар, бес жүзден астам мақалалар жазғанын айтудың өзі жеткілікті. Жұмағалидың «Ұлттық мектептің ұлы мұраты» деген мақаласының тақырыбын біз «Егемен Қазақстанның» тұрақты айдарына да айналдырғанбыз. Соған қатты қуанып еді. Кейін бір кітабын дәл солай атады да.

Өте өнімді еңбек ететін. Орталық ­комитетте жүргенінде тура Мәскеуге ­барып тұрып, кандидаттық диссертация қорғады. Бөлімнің қыз-жігіттеріне жайған дастарқанының үстінде: 

Жазам деп диссертация көп дүрліктің,

Бүгін бірін бітірдің көп тірліктің.

Енді бізден айтылар жалғыз тілек:

Ауылы алыс болмасын докторлықтың! – деп әзіл-шыны аралас айтқанымыз бар еді. Расында да, Жұмағали Жөкейұлы кандидаттық пен докторлықтың  ауылын онша алыстатқан жоқ. «Оқушыларға этномәдени білім берудің  ғылыми-педагогикалық негіздері» тақырыбында педагогика ғылымдарының докторы дәрежесін алуға диссертациясын сәтті қорғады. Кейіннен Жоғары аттес­тациялық комиссияның шешімімен профессор атағын алды. Артынша «Этнокультурное образование» атты монографиясын шығарды.

Жұмағалидың отаншылдығы, ұлт­жан­ды­лығы, ұйымдастырушылық қабілеті Жезқазған облысы әкімінің әлеуметтік салаға жауапты орынбасары қызметінде ­тамаша танылды. Өзіміз Сәкен Сейфуллиннің 100 жылдығы Жаңаарқа жерінде жарқырап өткеніне куә болып, сондай сүйсініп қайтқанбыз. Театрлардың республикалық фестивалін жырақтау жатқан Жезқазғанда өткізу де – әкім орынбасарының іскерлігіне бір дәлел. Көп ұзамай ол Парламент Мәжілісінің депутаттығына сайланды. Халық қалаулысы ретінде мемлекеттің тіл саясаты, жастар саясаты тұжырымдамаларын дайындауға тікелей қатысқанын білемін. Ол жылдарда да қаламын қолынан тастамай, «Тұлғалар туралы толғаныс», «Открытая политика» сияқты кітаптарын жариялады.

Ө.А.Байқоңыров атындағы ­Жез­қазған университетінің ректоры болып тұрғанында «Егемен Қазақстанға» жазылымды ұйымдас­тырудың жайымен ­барып, есте қалатындай кездесулер өткізіп, айналдырған екі күннің ішінде Жошы хан, Алаша хан кесенелерін тағы бір көріп қайтуға да уақыт тауып, Алматыдағы жылдарды еске алып, мәре-сәре болғанымыз бар. Сол жолы бұрын ақындыққа жақын деп санайтын Жұма­ғалидың ақын екеніне де көзім жеткен.

Ақындыққа жақын дейтінімнің жайы былай. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында тіл мәселесіне қатты көңіл бөлінді. 1993 жылы Тіл комитеті құрылды. Оның тұңғыш төрағасы ­болып Сұлтан ­Оразалинов тағайындалды. Жарлыққа қол қойылған күні қуанышына ортақтасуға Сұлтекең бір топ ­азаматтарды үйіне шақырған. ­Арамызда Тұмағаң – Тұманбай Молдағалиев бар, ­Зейнолла Серікқалиев бар. Бөлімнен Жұмағали екеуміз қосылыппыз. Айта жүретіндей айрықша кеш болып еді сонда. Жұмағали да, мен де Сұлтекеңе тілегімізді ақтарыла айта отырып, Тұмағаңмен дастарқандас еткеніне разылығымызды білдіргенбіз. Сөздің ретін келтіріп, екеуміз де бір-бір өлеңін оқып өткенбіз. Тұмағаң Жұмағалиды біле қоймайды екен. Басқа мамандық иесінің, оның үстіне «аппаратчиктің» өлеңді өте сезіне оқығанына қатты айызы қанып, риза болған. Тіпті ет пен шайдың арасындағы үзілісте тағы бір-екі өлеңін оқып беруді сұрағаны да есте. Кейіннен бір мақа­ласында өлең оқылады, жақсы өлең қашанда оқылады, осыдан біраз бұрын бас қосқан отырысымызда өкімет жақта жүрген екі інімнің екі жақтап жырларымды жатқа айтқанына жаным жадырады деген тұрғыда жазды да. Кітабы қолыма түспей тұрған соң, сөзін дәл келтіре алмай жатырмын.

Жұмағали Наурызбайдың «Махаббат киесі», «Лағындай ерке киіктің», «Ғашықтық – бақыт», «Күз-көңіл» атты жыр жинақтарын оқыған адам оның поэзияға құштарлығы кәдімгі ет пен терінің арасындағы желдей жеңіл әуестік еместігіне, жан-жүрегін жарып шыққан сырлы сезімдерін ақ қағазға айнытпай түсіре алатын қуатты қалам иесінің сөз өрнегі екеніне, профессор Серік Негимовтің «Ойлы-оюлы толғамдар, сыр мен сезім толқындары» атты мақаласындағы: «Көкірегі ояу, көңілі ойлы, жүрегі тебіренгіш, қабылдауы әсерлі, парасат-пайымы, дүниетанымы терең, жан дүниесі сәулелі, ақыл-санасы келісті, артықша туған арлы, намысты Азамат қандай мамандықтың иесі болмасын, өзінің өзек жарды ой-толғаныстарын, қасиетті ұғым-түсініктерін сезім мен сырға бөлеп, келісімді, өрнекті, оюлы, күйлі лебізбен ­шеберлеп жеткізетіндігі табиғи құбылыс. Иә, сырымен де, ­жырымен де, шынайылығымен де баурайтын өнерлі, өнегелі жанның бірегейі – Жұмағали Наурызбайдың «Күз-көңіл» дейтін лирикалық поэзия кітабын оқығанда бабалардың аманаты мен өсиетін, сөз қасиетін Ана сүтінен тартқан ішкі рухани қабілетін, көркемдік ойлау мәдениетін, адамшылық-білімдарлық сапалық ерекшелігін айқындайтын «Өре», «Өзек», «Өрмек», «Өрнек» дейтін атауларында да поэзиялық сыр-сипат, логикалық-ассоциативтік байланыс бар. Жұмағали Наурызбай поэзиясының лирикалық-философиялық, моральдық-этикалық қасиет-белгілерін айрықша атап өткен жөн болар. Әрбір өлеңін зер салып, салмақтап, саралап көрсек, өзгеше өмірдің өзінен ойып алғандай бір әлем» деуінің әділдігіне көз жеткізеді. Иә, Жұмағали жырларына «бұл кісінің өлең жазғанының өзі жақсы ғой» деп қарай салуға болмайды. «Ояндым анасыз», «Есімде», «Өкінбе», «Ұмыт мені» деген өлеңдерін толғанбай, тебіренбей оқи алмайсыз.

«Өмір – санамақ» деген өлеңін елудің бесеуіне толғанда жазған екен.

Бұл өмір бейне бір санамақ,

Көбірек санаған жеңе ме?

Әлде өмір мәніне қанағат

Дейтіндер мәреден келе ме?

 

Қандай сан көңілді бүтіндер?

Бақыт қой бағаңа беру бес.

Жетпіс бес, тоқсан бес, күтіңдер,

Қош келдің, елу бес, елу бес!

Амал не, алдағы күндерін осылай аңсаған Жұмағалидың өмір жолы жетпіс жастан жаңа аса бергенінде таусылған екен. Өкінішті.

Партиялық жұмысты бастаса – Орталық комитетке, ғылымға ден қойса – докторлыққа, педагогикалық ғылымдар академиясының академиктігіне жеткен, ұстаздығымен университет ректор­лығына, қоғам қайраткерлігімен Парламент депутаттығына өткен, өлеңдері он томдық антологияға енген, қысқасы, өмірдің қай саласында да бойындағы барын еліне аямай берген Жұмағали Жөкейұлы Наурызбай – есімі ел есінде сақталарлық азамат.

Сауытбек АБДРАХМАНОВ,

Парламент Мәжілісінің депутаты

630 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы