• Әдебиет
  • 05 Мамыр, 2022

ІШКІ ДҮНИЕСІ ТАЗА ЖАЗУШЫ

Белгілі жазушы Қуаныш Жиенбайдың «Күн түспейтін терезе» атты әңгімелер жинағы ( «Қайнар» баспасы, 2010) қазіргі қазақ қоғамының айнасы болып шыққан. Кейіпкерлер галереясы сан алуан, автор қазіргі қазақтардың тұрмыс-тіршілігі, мінез-құлық сипаттамасын оқиғалар тезіне салу, психологиялық типаждар арқылы суреттейді. Тәуелсіздіктің алғашқы 20 жылын сипаттайтын прозада адам бейнелері жасанды емесі, бір шеті біз көріп-біліп жүрген таныс бейнелер екені білініп қояды. Қисық айнадағы кескіндер де, ар тазалығын сүйетін адамдар қаздай тізіліп шығады. Жазушының көп жұрт елемейтін, мән беруге мойны жар бермейтін немесе зейін аударғысы жоқ құбылыстарды қалт жібермей көре білетіні қайран қалдырды. Жарығы мол ма, көлеңкелі тұстары басып кете ме? Жазушы әр әңгімесінде оқырманға ой саларлық мәселелерді көркем образдар арқылы түйіндейді. Әңгімелердің жазылу формасы мен стилі бір сарынды болғанымен оқылуы жалықтырмайды, оқырманды оқыс шешіммен баурайды. Кейіпкерлері қайнаған өмірдің ортасында жүреді, қилы оқиғаларға ұрынады, ес жинайды, бәрі де өмірден өз орнын табуға ынтызар. Қуаныш Жиенбай прозасының басты сарыны – бүгінгі қазақтың басындағы ахуал, түйткіл күй, ата-бабадан беріде мызғымаған адамшылық асыл қасиеттердің қазақтан қашып бара жатқанына қапалық. Ұлттық тектілік пен адамшылық қасиеттерден біртіндеп айырылып бара жатқан өлара күйді анық танытуға, түстеп көрсетуге мүдделі. Ұлттық психология өзгеріп бара жатқаны, күнкөріс қамын күйттеп ұсақталып кеткен елдің жайы жазушының жанын күйзелтеді. Баяғы қанға сіңген ақ ниет, бауырмалдық, адалдық, аңқаулық жоқ, сәлем де сатулы. Есенбай ақынның «Қазақтықтан кетіп бара жатырмыз» деген жыры ойға оралды. 

Қазақ қоғамына «бомж» деген сөз енген кезең. «Етектегі ескі зират» атты әңгімеде Өтеш, Өтекең тұратын көшенің сипаты: «Таң құланиектене сыраның бос бөтелкесін іздеуге шығатын ісіңкі жанар, күлтеленген сұрықсыз беттердің бірін де кезіктіре алмайсыз». Осы Өтекеңде біраз қазақтың болмысы бар, өзін-өзі зор санағанымен қоймай, айналасынан үнемі марапат, қошемет дәметіп тұратын. Қазақтың болған-толғанының көбі тура осы кісіше ойлайтын сияқты. Дәл осы стереотиппен өмір сүруді игерген. Тұлға болғысы келіп жанталасады. Соған лайық па, жоқ па, ол жағына мұндай кісілер бас қатырмайды, әлде... өресі жетпейді. Бұрынғы үлкен үйдегі қызметін, депутат болғанын, тәуір тұрмысын бұлдайды, бірақ туған еліме адал еңбегім сіңді ме, адал өмір кештім бе, құдай бар деп әсте ойламайды. Сондықтан патша көңілі асқақ. Өтекең үшін дүниедегі ең аңсарлы сөз: «Сіз бәрімізді таңқалдыру үшін жаралған адамсыз!». Ал осындай өтірікті тек екіжүзді жағымпаздар айтса ше?! Жиын-тойда өзіне айрықша құрмет көрсетілгенін қалайды. Өзімшіл өркөкірек адамдар кішіпейілдік пен қарапайымдылықты қақпайды. Сондықтан Құдайдың жазуы сол, өзін-өзі зорсынған Өтекеңнің өлсем Кеңсайда биік төбенің басында жатсам деп мәртебе мұратын аласартып жіберді. Өтекеңнің өсиеті елден ерек аспандап, биік төбенің басында жату екен. Жазушы Өтекең сияқтылар жасандылықты малданған майда-шүйде кісі екенін осы үкіммен берген. Бұл ретте кейіпкер образы Чеховтың ала-құла, бекер тыраштанатын кішкентай қаһармандарын еске салады. «Елден жолданған жеделхат» атты әңгіменің кейіпкері мына Өтекеңнің бір түрі, өзгешелеу нұсқасы, екі әңгіме түбірлес. Өнебойы атақ, марапат дәметіп, қолдан ұйымдастырып, даңқ аңсап, абыройға үздігіп өтетін жазушылар бар. Өте аянышты сатиралық образ. Ақыры әлгі кісі ауылға барып өзін өлді деп өтірік хабар айтқызу арқылы өзі туралы биік пікір, жоқтау оқып желпінгісі келеді. Соған қарағанда жазғаны түкке тұрмайтын біреу ғой.

Әдебиетте кісінің қадірі өлгенде білінетіні рас. Жыл бұрын Есенғали ақын беймезгіл дүниеден озғанда шын классикті жоғалтқанын ұққан қаралы жұрт егіле жоқтап, қимай қиналды. Міне, қалам иесіне өлді деуге сыймайтын құдіретті Құдай дарытса, сол адам ұлтының бағына туған!

Кітаптың эпиграфында «Бауырларым – Жұбаныш пен Жұбатырға ескерткіш» делінген. Аруақ сыйлау, бауырға қимастық қазақтың асыл қасиеті. Жинақтың басындағы зират, ажал тақырыбын соңғы әңгіме шебер түйіндейді. Мұнда да қабір, өлім идеясы. «Құлпытастағы қос өлең» атты әңгіменің кейіпкері Нұрсадық ақын өткен өмір елесімен өмір сүреді, Алматыдағы «Аққу» кафесінде қыза ішіп, өлең оқитын мықты ақындарды ұмытпайды. Әңгіменің лейтмотиві – «Қоғамға ақын керегі болмай қалды». Нұрсадықты марқұм әкесі құрметтеп кеткенін білген бизнесмен ұлы оған кенет бір өзгеше қызмет ұсынып, сол үшін қомақты қаламақы төлей бастайды. Кедей ақын «Гранит» АО-мен шартқа отырды. Жұмысы оп-онай: әлдебір бейтаныс марқұмның рухына бағышталып құлпытасқа қашайтын екі жол өлең жазып беру. Сол-ақ екен, Нұрсадық құлқынның құлы болып өзгере бастады. «Біреу өлмей біреуге күн жоқ» болып шықты. Тапсырыс түссе деп құзғынша күтіп отыруға көшті. Соны түйсінгенде ақын жаны күйзелді, өлімді саудалайтынын, жүрегі қарайғанын ұқты. «Күнкөріс, көктен түскен олжа. Рас, бәрі рас, ақын жүректі Нұрсадық – пейілі тар, ішіне шынашақ айналмайтын арам Нұрсадыққа айналып келе жатыр»; «Бірден соңғы беттегі қазанамаға көзі түседі. Екі-ақ жол, тәңір-ау, осылардан заказ түсіп қалмас па екен деп дәмеленеді. Екі-үш айдың нәтежесі жаман болған жоқ-ты». Газеттерден некролог, яғни нәпақа іздейді. «Өлімді жерде молда семіреді», тегі ата-бабамыз білмей айтпас, бекер жала жаппас болар, өмірден жиі көргенді жасырып қайтсін. Абай «Сегіз аяқ» толғауында: «Күпілдек мақтан. / Табытын қаққан – / Аңдығаны, баққаны. / Ынсап, ұят, терең ой / Ойлаған жан жоқ, жауып қой» деп өлім сиресе молда мешіт қоймасында тұрған табытты таяқпен қағып, ажал шақыратын қара ниетті ашына таңбалаған. Ақыры әлгі кәсіпорын банкрот болып, бизнесмен жігіт қаламақыны ақынға гранит күйінде төлейді. Мәрмәр тасқа ақын өзіне-өзі эпитафия арнап, дайындап қойды. «Біреуге ор қазба, өзің түсерсің» дегенді жазушы гротеск, ащы әжуамен берген. Жазушы жұрт назары түсе бермейтін күрделі тақырыпты айқара ашты. ­Расында соңғы 30 жылда елімізде қаптап кеткен коммерциялық ТВ, аудандық, қалалық, облыстық газеттер жұма ­сайын құттықтау, қазанама, көңіл айтумен күреп ақша табуға кірісті. Былайша, үздіксіз процесс, қара құрдым болып ұлғая беретін табиғи құбылысты желеу етіп, ауадан ақша жасау. Түбіне тереңірек үңілсе, мұның бәрі сұрапыл тартылыс күші, теріс энергетика. Өлім шектен тыс молайып кетуінің бір сыры осында болар. Тумақ бар, өлмек бар. Бәлкім, қазанаманы газеттер жиі баспаса ажал ежелгі өз ырғағынан жаңылмай, әлемде тым жиілеп кетпес пе еді. Адамдардың тереңінен ойлауға шорқақтығын жазушы айтпаса кім айтсын?!

Қуаныш Жиенбай біздің қоғамды әр ракурстан алып бейнелеуге өте шебер жазушы. «Күн түспейтін терезе» атты әңгіменің кейіпкері Әбдірәсіл зейнетте, әлі де университетте істейді. Ол басқа қалада тұратын бір әйелден үнемі ғашықтық хаттар алады. Ертеректе біраз байланысы болған, асылы күнә тегін кетпеді. Алаяқ әйел әкесі сен деп өтірік емексітіп, қызын оқыту үшін алдап келген екен, мұның жұмбағы ол жұмыстан біржола кеткенде ашылды. Пайда көру мақсатымен жалған, жасанды, арсыз қылықтарды зымиян әйелдер шімірікпей жасайтынын жазушы ащы мысқылмен емес, мұң-шермен өрнектейді. Осы шайтан адамдардың өзінен аумайды-ау деп ойлауға мәжбүр боласың. «Біреудің саған күні түссе ғана керексің, сені сонда ғана іздейді» – бұл бүгінгі заманың кредосы әрі әңгіменің түп сарыны. Әрине, мұндай рухани соққыдан зейнеткер біраздан соң құлантаза айығады, балалары, немерелері бар.

«БББ» атты әңгіменің кейіпкері қазақ үшін түсіне кірмеген сауда, бақа сатумен бизнес жасайды. «Бақа баққан Базарбек». Абсурд сияқты көрінгенмен, жазушы тәуелсіздік алғалы туған жердің табиғи байлығын, орман-тоғайын, аң-құсын, флорасы мен фаунасын шетелдіктерге тонатып жатқан қазаққа жабысқан көрсоқырлықты, ашкөздікті, ұрпақты ойламайтын топастықты ­айыптайды. Мұнда да оқырманға кроссворд шешкізгендей ойнақы тәсіл бар. «Байқоңыр мен Ватиканның арасы» атты әңгіменің кейпкері Есберген зейнетке шыққан соң шолақ белсендіге айналып шыға келді. «Космодром ­деген халықаралық терминді қалпына келтіру үшін де Есбергеннің ойға-қырға шапқылауына тура кеп тұр». Қазақ қоғамында сепсімес типаждар ғой. Мұның да түбінде тұлға болуға әсіре құштарлық жатса керек. Өзімен өзі ­болып, жан дүниесімен үндестікте өмір сүру баға жетпес құндылық екенін көп адам түйсінбейді. Автор пендешіліктің сан алуан кейпін суреттейді.

Қуаныш Жиенбай қазақ қоғамына дендеп еніп жатқан небір құбылыстарға терең мән береді. «Беймәлім диагноз» атты әңгімеде шетелдік дипломы бар керемет маман, бас хирург қазақ әйелі, бірақ семья жағдайы оң емес. «Шетелде жүріп арабтың бір жігітімен шаңырақ көтерген деседі, содан қызы бар екен деседі. Ол қызының Қазақстанға келіп, шешесімен бірге тұруға сірә, ниеті жоқ. Ал әкесі Абу-Дабидегі әлгі әлем жұртшылығын аузына қаратқан теңіз орталығындағы желкен тәрізді жеті жұлдызды қонақүйдің бір қожайыны. Ішкені алдында, ішпегені артында. Аз айт, көп айт, енді ол баладан не қайыр, нақтылай түскенде ол шырағым да шіріген жұмыртқа».

Бұл бірен-саран көрсеткіш емес, кең жайыла бастаған мәселе. Онымен қоймай, сол шетке кеткен қыздар шетінен блогер, өзін үлгі етіп, өзгелерді қызықтырғысы келетін мінез танытады. Өз аудиториясы бар. Соларды естіп қиял шегіп жүрген қазақтың жасөрім ұл-қыздары жетерлік. Автор жаһандану идеясын жан-жүрегімен қабылдамайды. Ол ұлттық негізді жұтып қоятын, жер бетін мекендейтін барша халықтарды бір текті тобыр қылып ­баулитын жасанды механизм. Қазақтар жаһандануға күмп беріп, құлаштай жөнелген даңғой халық екенін осы кітаптағы бірқатар әңгімелерінде астарлы жеткізген. Өзбек бауырлар «Орыс боламын десең әуелі қазақ бол» деп ащы мысқылмен дөп тауып айтқан қисыны жалған емес қой. Өткен жүзжылдықтағы сұмдық катаклизмдер біздің халықтың тектілігіне сызат түсіргенін мойындау керек. Жүрек дертімен емханада жатқан Жарылқапберді сияқты ұлттық табиғатын адал сақтаған, уызынан жарып өскен қазақ батыс музыкасын өлердей пір тұтқан палаталас көршісіне қыр көрсету үшін жынды кейіпке енуден қашпайды. Жынды өзі емес, мынау көршісі сияқты өз ұлтынан безгендер нақұрыс екенін біледі. Тұтас бір буын өз қазынасын бағалай алмас, тілін жоғалтқан, дым сезбес, түк менсінбес, түйтік жоқ, сәулесіз ұрпаққа айналды, олардан мәңгүрт, дүбара ұрпақ тумай қайтеді. Өз өлтірмес, жат жарылқамас. Мұны олар білмейді. «Күйік» атты әңгіменің де көтерген жүгі осы, жатқа кеткен ұрпақ. Бұл әңгімеде таланттарды күншілдер құртып тынатыны, шын дарындарды қызғаныштан құрбан қылатыны айтылған. Мәңгүрттік сондықтан зорая түседі. Бұл жазушының ұлтына, ұлттық дүниетанымға адалдығы. Ішкі дүниесі таза жазушы.

Қазақтың ұтылуын «Космодромнан қаншама коммерциялық зымыран ұшырылса да жақ ашпайды дейді»; «Біз тумысынан момын халықпыз. Жұртпен жағаласа кетуге ұятымыз жібермейді. «Шыда, шыда, шыдайын». Міне, бізді құртқан осы үнсіздік. Осы момындығымыз басымызға таяқ болып тиіп-ақ келеді. Енді жүрегімізге ауыз салды». Қуаныш аға біз ойлауға шорқақ шындықты айқара ашып тастайды.

Ғаламдану шын мәнінде керексіз, жалған құндылықтарды тудырды. Соған бекерге ақ тер, көк тер болып, қайран уақытын өлтіріп жүрген қазақ баласы аз емес. Жазушы ұлт туралы қалыптасқан теріс «мифтерге» қарсы. Соның бірі «қазақ қас жалқау, қазақ көк жалқау, қозғалмайды». «Үңгір» атты әңгіменің сюжеті ерекше, өз еңбегімен байыған Рақымбекті Қарынбай деуге келмес, ақылды қазақ. Рақымбек жағымды қаһарман. Жер үстіне жұмақтай көрік, иен дәулет беруге қол ұшын тигізетін қауымнан. Ол байлығын ұры-қарыдан қорғау үшін ауласынан жасырын үңгір қаздырды. Бұл үшін оны жазғыру артық. Жалпы осы есімі тегін емес Рақымбектің әсіре сақтығын мемлекет үйренерліктей қасиет демеске лаж жоқ. Әбден тоналып біттік. Жазушы ел мен жерді көп қаузайды. «Елде жоқ ережелер». Кейбір жоғары лауазымды шенеуніктердің өз қызметіне лайық еместігін, екіжүзділігін, жағымпаздығын түйреп, былығын ашып, әжуа күлкі етіп жазған. Мұндайлар қорқау сияқты, өзінен төмен санаса таптап өтеді, қорлайды, қудалайды, өзінен зор санаса қудай құлап құрметтеген аяр түр танытады.

Автор қазақ қоғамын шырмап алған жемқорлық, жағымпаздыққа жаны қас. Қашан өзгереміз, кеселден арыламыз деген сауал тастайды, жүрегі қан жылайды. «Жиделітоғайдағы жеті күн» атты әңгімеде жемқорлықтың кесірінен кейіпкер өтірік жынды болып, ұры балдызын құтқарып қалуға мәжбүр болды.

«Жалғыз теңіздің жаназасын шығарғандар қазір құрметті демалыста. Құм жағаның құнын солардан сұра мықты болсаң...». Экологиялық апатқа ұшыраған Арал теңізінің тартылып кеткен көк айдыны қайдан уайымдатпасын. Жазушы Байқоңыр, космодром, оның ұлтқа тигізген зардабы, кіші Арал тақырыбына айналып соға береді. Диалог пен монологты көп қолданады, қазақтың қилы мінезін беруден жалықпайды. «Әкім кетіп қалды» атты әңгіменің кейіпкері ауыл әкімі Сейілхан жазушының өз идеалы, өз көзқарасымен үндес десе болар. Оның арман-мұраты – Қазақстан гүлденсе! Бюрократияға, жағымпаздық пен көзбояушылыққа әбден үйренген халық оны қабылдай алмай қор болады. Кішіпейіл, адал адамды жатырқайды, түсінбейді. Мұндай былыққан қоғамда шынайы адамдарға өмір сүру моральдық жағынан қиын. Бұл әңгіменің түйіні, міне – жақсы әкім қазаққа керек емес! Құлдық психология игілікті қабылдамайды.

«Аралқұмның Абрамовичі» атты әңгіме жаһандануды сынайды, дақ­пыртпен өмір сүруге бейім қазақтарды мазақ қылған. Жақынына қимағанды жатқа сыйлағыш, Рим Папасын күтіп әлек болған Керімқұл ақыры жерлестеріне дастарқан жаюға мәжбүр болды. Ұлттың өз сипат-нұсқасы бүтін болмаса, ол тек күлкі тудырмақ.

«Құбыжық қаптаған түн» атты әңгіменің шоқтығы биік, автор керемет құнарлы әрі құпия тақырып көтерген. Қазіргі көп қазақтың ұға алмай жүрген ақиқатын аша білген. Қараулық, ұрлық, жемқорлық, арамдық түбі жарға жығатын кесапат екенін нәзік иірімдермен ашқан. Нәрестесі сырқаттанып қалғанда Аманбай келіншегі Сәрсенкүлдің «Біз кісінің ала жібін аттамаған пендеңіз емеспіз бе, құдайға жазығымыз жоқ еді ғой» деп бір сарынмен зарлап қайталай бергеніне қайран қалды. Бала ұшықтаса да жазылмады. Түнде ішіп келген Аманбай жолдастары бір мекемені тонап, олжа ақша үлескенін ұққанда, соның кесірінен баласы жазылмай тұрғанын ұғып, арам ақшаны таңға жеткізбей кері қайтартты. Сөйтіп, баласын ажалдан аман алып қалды. Бұл ата қазақтың төл дүниетанымы. Бұл ойыншық емес, қып-қызыл шыңғырған шындық. «Адамнан ағат кетпей, құдайдан жаза жетпейді». Қазіргі өзі оқуға олақ надандау жұртты дұрыс ойлауға, дәулетті болуға баулығыш коуч-шеберлер тренингтерде адамдарды адал өмір сүруге үйретсе, құдайшылыққа баулыса расымен жол апаты, басқа да күтпеген ажал күрт азаяр ма еді?! «Адалдың арқаны ұзын» дегенде қазақ өмірді астарлаған. Күнә атаулы өлімге итереді. Ержеткен ұл, үкілеген қыз беймезгіл ажалға ұрынса, кей мезет олардың әке-шешесінің асқан дүниеқоңыздығы, теріс жолмен баюы себеп болуы мүмкін. Адамның есебі бір бөлек, Құдайдың есебі бір бөлек. «Ұры» атты әңгімеде қазақ болудың құдіретін абсурд оқиғамен беруге ұмтылған. Бірақ мұнда образды көзге елестетіп, зорайтып жіберер нақты детальдар аз.

«Қашқын» атты әңгіме кейіпкері Төремұрат әйелі Жұмагүлмен елден жырақ, аралды мекендейді, балалары интернатта оқиды. Барсакелмес аралын. Қазақ прозасы үшін ­экзотика. Аралдағылар құрылықтағы елді үлкен жер деп атайды. Теңіз стихиясы ­жанды ­детальдармен әдемі ашылған, теңіз демі бар. Төремұрат көңілдесі сұлу келіншектің көкейін білгенде одан қашып құтылады. Ақ некелі әйелінің қадірін тез түсінді. Қазақ қоғамы аза бастағалы қашан. ­Жазушы жек көретін жаһандану тақырыбы мұнда да бар. «Сол қаладағыдай... жетті ғой біздің ауылға да сағатпен есептесетін пәлесі!.. Рас айтам, тегін дүниенің қызығы болмайды екен бір түрлі».

Әңгімеде Барсакелместің жануарлар әлемі суреттелген. Қырғауыл, қоян, қабан. «Қаңқиған кемелердің сау тамтығы қалмапты. Металл сынықтарын жинағыштар мұндай «қазынаны» құм астында шірітіп қоя ма, кез келген тұстан кесіп алған». Теңіз идеясы жазушының сүйікті идеясы. «Өгей» атты әңгімеде жайлы жер іздеп ертеде көшіп кеткен Мөңкебай өзін сатқын санап, «Ер туған жеріне» деп теңізге өз еркімен оралды. Ешкім барғысы келмейтін елсіз аралға, аз ақшаға жұмысқа кірді. Туған жердің қасиетін сезіп, айыбын жумақ. Автордың қазақы дүниеге қимастығы жиі, жұмсақ кісілік, бауырмалдық, өткенге сағынышқа толы қимастық. Автор кейіпкерлерін жолдан адасып бара жатқанда ситуация арқылы әкеп, оң жолға салады. «Күде» атты әңгіменің сюжеті дәстүрлі болғанымен, кейіпкерлердің жанды бейнесі, мінезі, жазмышы шынайы суреттелген, қазақы портреттер көкейде тұнып қалады.

Арал проблемасы мен оның суы тартылған трагедиясы қалыс қалмайды. «Теңіз толып келеді», кіші Арал тола бастағаны дәтке қуат. «Космостан берілген сигналдың арқасында теңіз екіге бөлінген екен» деген қауесет өтірік, теңіз адам факторынан жапа шекті.

«Суда жүзген қайықтай ­жымын білдірмейді». Бұл теңізде өскен жазушының айқын теңеуі. «Ақмойнақ», әңгімеде әйел ұрынатын адасу, қияс кету берілген. Ер азамат намысын жібермеді. Келіншек өз тағдырын өзі бұзды. «Сатқын» атты әңгімеде мылқау суретші досының картиналарын шетелде сатып пайда тауып жүрген оқиғаның ақыры игілікке айналды. Мұндай сатқындықтан бұрын бала кезінде тасқыннан тілі байланып қалған кейіпкердің тілі шығып кетті. Картинаның атауы – «Балыққа айналған бала», жазушы Арал тақырыбына жанама болсын айналып соға береді.

Айгүл КЕМЕЛБАЕВА

1823 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №14

11 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы