• Тіл
  • 05 Мамыр, 2022

ТІЛ ЖАНАШЫРЫ

Ғылым мен білім басты орынға шыққан қазіргі ­заманда ұстаздың орны ерекше. Жаһандану ­заманында ұлттың бірегей болмыс-бітімін сақтайтын, заман талабына сай ұрпақ тәрбиелеуші тұлға – ұстаз. Сол ұстаздардың ішінде қазақ тілі пәнін оқытып, мемлекеттік тілдің дамуына орасан еңбек сіңіріп жүрген ұстаздарды баса айтуымызға болады. Бұл қатарда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аға оқытушысы Гүлшат ­Ахметалиева да бар. 

1989 жылы қазіргі әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың филология факультетін үздік аяқтап, қазақ тілінің дамуына үлесін қосып, ұлттық тамырынан алыстай бастаған бүгінгі ұрпаққа жол нұсқап жүрген Гүлшат Уәбиденқызының ұстаздық, ғылыми  еңбектеріне шолу жасай кетуді жөн көріп отырмыз.

Еңбек жолын көрнекті ғалым, ұстазымыз Тұрсынбек Кәкішевтің жол сілтеуімен киелі Көкше жеріне жолдамамен барып, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау педагогикалық институтының филология факуль­тетінің қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасында оқытушылықтан бастаған. Көрікті Көкше жерінде сол өңірдің көрнекті ­ғалым-ұстаздары Жағыпар Мусин, Оғаз Арыстанғалиев, ­Нарбай Ибраев, Майдан ­Шаяхметова, Бәрия Жахина секілді аға-апаларымен, ­замандас әріптестері Раушан Қияқова, Сәбит Жәмбек, Ерболат Баяттармен қатарласа жемісті еңбек етті. Жас құрақтай желкілдеген көкшелік жастарға тәуелсіздіктің алғашқы жылдары ана тіліміздің қадір-қасиетін ұғындырып, мемлекеттік тілдің мәртебесін насихаттауда аянбай тер төкті. Орысы басымдау өңірде қазақ тілінің көсегесінің көгеруіне, қанатының кең жайылып, еркін қолданылуына  еңбек сіңірді. Еңбегі жеміссіз болған жоқ. Құрметке бөленді, ұстаз бақытын сезінді.

Гүлшат Уәбиденқызы жолдасы Сәкеннің қызмет ауысуына байланысты 1998 жылы студенттік шағы өткен ару қала Алматыға оралды. Өзі білім алған қасиетті қара шаңырақ ҚазҰУ-ға, халықаралық қатынастар факультетінің шығыс тілдері кафедрасына ұстаз болып орналасты. Міне, осы кезден бастап ұлттық университеттегі ұстаздық, ғалымдық, тәрбиешілік қызметі басталды. Отыздан астам ғылыми және әдістемелік мақалалардың, 3 оқу құралының авторы, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, халықаралық қатынастар факуль­тетінің студенттеріне арналған қазақша-орысша-түрікше сөздіктің, ҚР ІММ Алматы академиясы тың­даушыларына арналған оқу құралы авторларының бірі. Гүлшат ­Уәби­денқызы орыс мектептерін бітірген студенттерге мемлекеттік тілді оқытудың ерекшеліктерін, өзге ұлт өкілдеріне мемлекеттік тілдің мемлекеттік қызметтегі маңызын, өзара татулық пен достықтағы атқаратын рөлін санасына сіңіріп, үйрету жолында жемісті еңбек етуде. Сыпайы бойында адамдық пен кішіпейілділіктің, білімдарлық пен қамқорлықтың лебі есіп тұратын ұстазды студент қауымы да ерекше жақсы көреді. Ол әркез білім қуған жастардың жүрегіне жол табуға тырысады. Сұлулыққа жаны құштар.

Халықаралық қатынастар факультеті деканының тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары лауазымын 2000-2011 жылдар аралығында абыроймен атқарған Гүлшат Уәбиденқызының ең ­басты ұстанымы – ата-баба тілінен, салт-дәстүрінен алыстап кеткен жастарымыздың санасын ояту, олардың ұлттық құндылықтар ­туралы түсініктерін молайту болды. Ол: «Қазақстан елінің егеменді ел болуы ана тілінен, салт-дәстүрінен, мәдениетінен, тарихынан, өз жастарына тәлім-тәрбие беруден бастау алады. Мұндай көзқарасты өткенге оралу емес, қайта олардың рухани дүниесін, ұлттық сана-сезімін, тілі мен ділін, бауырмалдық қадір-қасиетін жаңғырту, қалыптастыру идеясын басшылыққа алу деп түсіну қажет. Біздің ұлттық намысымызды басқа бір ұлт оятпайды, өзімізді-өзіміз қамшылау  арқылы жүзеге асыруымыз қажет» деп, ұлттық мүдде бірінші орында тұратын мемлекет құрғанымызда ғана нағыз тәуелсіз ел болатынымызды «Ұлттық салт-дәстүрдің тіл үйретудегі пайдасы» атты мақаласында ашып көрсетеді. Оның ұлттық мазмұндағы тәрбие берудегі еңбегі бағаланып, университет ректорының, тәрбие жұмысы жөніндегі проректорлардың және факультет деканының «Алғыс Хаттарымен» бірнеше рет марапатталды. Сондай-ақ «әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне – 75 жыл», «әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне – 80 жыл» атты төсбелгінің иегері.

«Ұстазы жақсының – ұстамы жақсы» деген тәмсіл бар. Ұстаз ең алдымен білімді болуы ­керек. 2008 жылы ҚазҰУ-да алғаш ұйымдастырылған интеллектуалды-танымдық тартысты сайыста 600  эдвайзер арасынан ІІI орын иеленіп, «Ең үздік эдвайзер – 2008» атануы, ал 2014 жылы «Қазақстан» телеарнасының ұйымдастыруымен өткізілген «Білгірлер сайысында» жүлделі 2-орынды иемденуі терең білімін, ізденімпаздығын көрсетеді.

Тәрбие мен ғылымды қатар алып жүрген  Гүлшат Уәбиденқызы тіл білімінің лексика, фонетика және синтаксис салаларының күрделі мәселелерін зерттеп келеді. Соңғы кездері көптеген зерттеушілердің назарын аударып жүрген қазақ тіліндегі ықшамдалу құбылыстары туралы жазған мақалаларына ерекше тоқталуға болады. Ықшамдалу фонетикалық заңдылықпен болмайтынын, оларды фономорфологиялық құбылысқа жатқызу керек деп жүрген ғалымдардың бірі.

 «М.Дулатов пен Ж.Аймауытов шығармаларындағы синонимдердің қолданылу сипаты» атты еңбегінің маңызы мен мәні туралы шағын мақалада таратып айтып жатуды артық деп ойлаймыз. Осылайша, ол қазақ тілі білімінде кейінгі кезде пайда болған фономорфология ілімінің дамуына үлес қосуда.

Ж.Аймауытовтың: «Тәрбие басы – тіл» деген қанатты сөзін өзінің өмірлік ұстанымы етіп басшылыққа алған ол қазақ тілінің нағыз жанашыры. 2000–2011 жылдар аралығында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, халықаралық қатынастар факультеті деканының тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары лауазымын атқарып жүргенде қазақтың ақын-жазушыларымен кездесу ұйымдастырып, олардың шығармашылығын насихаттауда аянбай еңбек етіп келеді.

С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің дайындық бөлімін бірге бітіріп, бес жыл бойы бір топта оқыған Гүлшат құрбымыз туралы бір үзік сыр осындай. Құдай қосқан қосағы Сәкен Тілеубаев – филология ғылымының кандидаты. Ол әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың қазақ әдебиеті кафедрасының доценті, сонау Күлтегін жырынан бастау алған, Қазтуған, Доспамбет, Бұхар жыраулардан жалғасын тапқан, ұлы Абай биік шыңға көтерген, бұл күндері әлемдегі ең үздік әдебиеттермен терезесі тең қазақтың бай әдебиетінің қыр-сырын студенттерге түсіндіріп жүрген ғалым-ұстаз. Қызы Нұрсәуле тұрмыста. Күйеу баласы Біржан, Ақан атты сүйікті жиені өсіп келеді.

Мерейлі алпыс жасын тойлағалы отырған ұлағатты ұстаз, тіл ­жанашыры Гүлшат Ахметалиеваға шығармашылық табыс, отбасына амандық тілейміз. Егеменді еліміздің тірегі болатын жас ұрпақты тәрбиелеу жолындағы еңбегі жемісті болып, ғылымда бұдан биік асуларды бағындыра беруіне тілектеспіз. Атақты данагөй Конфуцидің ­«Алпысымда өмірді түсіне бастадым, жетпісімде жүрегіме ие болдым» ­деген сөзі бар.Олай болса, сізге әлі талай қыр-белестің қырқасын шалуға уақыт та, мүмкіндік те бар.

Т.ҚИЗАТҰЛЫ,

С.Ж.Асфендияров

атындағы Қазақ ұлттық

медицина университеті,

Тілдік пәндер

кафедрасының доцент

1768 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы