• Қоғам
  • 05 Мамыр, 2022

КӨШІ-ҚОН:ҚАУІП ПЕН ҚАТЕР ҚАЙДАН?

Ақбота МҰСАБЕКҚЫЗЫ
«Ana tili»

Жылдың бірінші тоқсанындағы есеп бойынша, бүгінгі таңда елімізде жергілікті әкімдіктердің рұқсатымен 16 278 шетелдік азамат қызмет етеді екен. Оның ішінде басшылық қызметтегілер – 639, құрылымдық бөлімшелердің басшылары – 3 150, ­мамандар – 8 115 және білікті жұмысшылар саны – 825 адам. 
Еңбек министрлігінің ақпаратына сәйкес, елімізге негізінен Қытай, Түркия, Үндістан, Өзбекстан және Сербия елінен мигранттар көп көледі. Сәйкесінше, еңбек нарығын қорғау үшін жыл сайын шетелдік мамандарды тартуға квота бөлінеді. 

Ал соңғы уақытта Ресей мен Украина­дан да келушілер саны артқан. «Олар елімізге қалай келіп жатыр, құжаттар қалай рәсімделіп, жұмыс мәселесі қалай шешіліп ­жатыр?» деген сауалдардың ­жауабын іздеп көрдік. Белгілі болғандай, осы жылдың бірінші тоқсанында 3,9 мың шетелдік Қазақстанда тұрақты тұруға рұқсат алған. ІІМ баспасөз қызметінің мәліметінше, ҚР-да тұрақты тұру кезінде негізгі – тұрақты және заңды табыстың, тұрғын үйдің болуы, сондай-ақ заңмен проблемалардың болмауы шарт. Орташа алғанда, тұрақты тұру туралы өтініш 60 күнтізбелік күн ішінде қаралады. Көші-қон полициясы қызметкерлерінің қалауы бойынша бұл мерзім тағы да 10-30 күнге ұзартылуы мүмкін.

«Осы жылдың алғашқы тоқсанында Ресей Федерациясының 16 837 азаматы уақытша тұруға ықтиярхат алды. Соның ішінде 2 463 ресейлік – Қызылорда облысына, 2 116-ы – Алматыға, 1 677-і БҚО-на, 1 525-і Қостанай облысына келген. Ресей Федерациясы азаматтарының негізгі бөлігі, атап айтқанда 8 217 азамат еңбек қызметін жүзеге асыру үшін келген. Осы жылдың 24 ақпан-13 сәуір аралығында Ресей Федерациясының азаматтарынан Қазақстан Республикасында тұрақты тұруға рұқсат беруге 677 өтініш түсті», – дейді ІІМ баспасөз қызметінің маманы Софья Қылышбекова.

Сонымен қатар сәуір айында мәжілістің жалпы отырысынан кейін журналистерге берген сұхбатында Ішкі істер министрінің орынбасары ­Марат Қожаев Қазақстанда Украинаның ­шамамен 3300-3400 азаматы жүргенін айтқан болатын. Оның айтуынша, украиналықтардың ішінде саяси ­баспана ешкім сұрамаған. Оның ­алдында ­Марат Қожаев 2022 жылдың 1- тоқсанында елге Ресейден 130 мың адам келіп, 120 мыңы шығып кеткенін хабарлаған болатын.

Дегенмен Ұлттық Қауіпсіздік қызметінің баспасөз қызметінің маманы Майгүл Айнабекованың мәліметінше, 1 қаңтар мен 18 сәуір аралығында 840 478 шетелдік азамат келсе, оның 125 122-і жұмыс күші үшін келгендер. Атап айтқанда, Өзбекстаннан – 300 мыңнан астам, Ресейден – 250 мыңнан астам, Қырғызстаннан – 100 мыңнан астам, Беларуссиядан – 20 мыңнан астам, Түркиядан – 20 мыңнан астам шетелдік азамат келген.

«1 қаңтар мен 18 сәуір аралығында Қазақстанға Ресейден 278 221 азамат ат басын бұрса, оның 13 988-і еңбек қызметін жүзеге асыру үшін келген. Ал Украинадан 5 869 азамат, оның 770-і жұмыс істеу үшін келген. 23 942 азамат Беларуссиядан келсе, оның 235-і жұмыс бабымен қоныс аударған.

Сондай-ақ 24 ақпан мен 18 сәуір аралығында Қазақстан Республикасының территориясына Ресейден 166 670 азамат, оның 7 673-і жұмысқа келгендер. Украинадан 2 896 азамат, оның 253-і жұмысқа келгендер, ал Беларуссиядан  14 982 адам келсе, оның 235-і жұмыс күші үшін келгендер», – дейді Ұлттық Қауіпсіздік қызметінің баспасөз қызметінің маманы Майгүл Айнабекова.

Біз осы орайда Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметінің маманы Анар Бижановаға хабарласып, елімізге келіп жатқан ресейлік, украиналық азаматтардың жұмысқа орналасу тәртібі туралы сұрадық.

«Біздің министрлік ішкі еңбек нарығын қорғау үшін жыл сайын республикаға шетелдік мамандарды тартуға квота бөледі. Ірі отандық бизнес өкілдерімен кездесу қорытындысы бойынша осы жылдың шетелдік жұмыс күшін тартуға квотаны бұрын жоспарланған 28 352 бірліктен 23 560 бірлікке – 4 792 бірлікке (16%) қысқартты. Алайда, соңғы уақытта ықтиярхатпен келіп жатқан шетелдіктердің жұмысқа орналасуы министрліктің жауапкершілігіне жатпайды», – деп қысқа қайырды Анар Бижанова.

Осы орайда қазақстандықтар арасында «ресейліктердің Қазақстанға жаппай көшуі елдегі жұмыссыздықты күшейтеді» деген пікір кең таралған. Бұған байланысты әлеуметтанушы Нұрболат Айекешов қазіргі уақытта жаһандану мәселесінде кері процесс болып жатқанын айтады.

«Қазіргі уақытта жаһандануға байланысты осы уақытқа дейін елдердің шекарасы, саясаттары ашық болды. Қазіргі уақытта бір кері процесс болып жатқан сияқты. Пандемияның кесірінен де, ұлтшыл саясат бар т.б. Міне, біздің ел де жаһандануды қолдайды, былайша айтқанда технологиялық жаһандану, сауда-саттық жаһандану болып жатқанда, сауда арқылы тауарлар, инновация­лар келе берсін. Бірақ біздің еліміз басқа халықтың жөн-жосықсыз, заңсыз келуіне қарсылық білдіреді. Елімізде бұрыннан орналасқан орыс, украин, неміс сияқты өзге ұлттары жетерлік.  Дегенмен біз енді мәдени миграциялық жаһандануға қарсымыз.

Жұмыс жағынан, әрине, біздің өзіміздің жерімізде, өз тұрғындарымыз қарсы. Өйткені жұмыс орнынан айырылып қаламыз дейді. Өздеріңіз білесіздер, қазір Ресейден, Украинадан көп адам көшіп келіп жатыр. Менің ойымша, бұл уақытша құбылыс сияқты. Бірақ олар да осында нан тауып жеу үшін жұмыс істейді, еңбек нарығына кіріп жатыр. Қазір нақты көрінбейді, бірақ ертең байқалатын сияқты. Бір жағынан, жақсы мамандар келіп жатса, тәжірибемен алмасу деген сияқты жақсы жағы да бар. Бірақ қазіргі келіп жатқандардың бәрі – уақытша келгендер. Жұмыссыздар өз арамызда да көбейеді. Аудандар, ауылдарда жұмыс көп. Бірақ қалада, әсіресе Алматыда жұмысқа орналасу қиын.  Бәсекелестікте біздің жергілікті мамандарымыз жеңіліп қалуы да мүмкін. Ал шетелдіктер ауыл-аудандарымызға бармайды ғой», – дейді әлеуметтанушы Нұрболат Айекешов.

Ал шетелдік жұмыс күші елі­міздің экономикасына оң ықпалын тигізе ала ма? Әлеуметтік тұрғыдан жұмыссыздықты арттырса, экономикаға қалай әсер етпек? Бұл туралы экономист Оразалы Сәбден өз ойымен бөлісті. Оның айтуынша, талаптарды күшейтіп, білікті мамандарды қабылдауымыз керек.

«Қазіргі шетелден келіп жатқан адамдар қандай жағдаймен келіп жатыр, біріншіден, соны білу керек. Олардың түп тамыры қалай, қандай еңбекпен келуде деген мәселені зерттеу керек. Шетелдік мигранттарды қабылдау әлемдік тәжірибеде бар. Бізге де қабылдау қажет, бірақ талапты күшейту керек. Бірінші жоғарыдағы жағдай. Екінші мәселе – қазақ тілінде. Қазақ тілін бір жылда біліп шығатындай талап қою керек. Қазақ тілін жетік білмесе де, негізгі базаны білуді міндеттеген жөн. Сондай талап қойса, осы саясат арқылы өзіміздің қазақтарды да, еліміздегі өзге халықтарды да үйретуге болады. Осы күнге дейін біз бос сөз айтып, немқұрайлы қарап келдік. Шетелден келген жұмыс күші түгілі, депутат, министрлердің өзі қазақша сөйлей алмайды.

Келесі мәселе, теріс саясат, басқа пиғылдар, әсіресе, діни ағымдар жағынан сақ болуымыз керек. Келушілерді көбінесе өндіріске, ауыл шаруашылығына жіберген жөн. Алматы, Елордада істейтін не бар? Дұрысы, халқы аздау, өндіріске қажет адамдарды жіберу керек.  Әйтпесе, төрімізге отырып, білгенін істейді. Міне, осындай саясат, «тілді игерсеңіз, мына жерге барсаңыз, өндіріске келіссеңіз, сізге рұқсат» деген дұрыс. Парламенттегі депутаттар осыған регламент жасап, заң шығарып, осындай мәселелерді көтеру керек.

Елімізге шетелден келушілер арқылы инвестициялар келіп жатса, оған әрине, дұрыс қараған жөн. Бізге инженерлік мамандар керек, жаңа технология, ІТ технология жағынан біз өте нашармыз. Егер сол жағынан мамандар болып жатса, бірінші кезекте соларды қабылдау керек. Былайша айтқанда, шетелден келетін азаматты қабылдаудың регламентін жасаған тиімді. Заңын жасау ­керек. Шектеулерді қою керек. Бізге кадр қажет. Өз адамдарымыздан да ­маман дайындаған дұрыс. Солардың арасында жақсы технолог, жақсы инженер болса, біздің азаматтарды жанына қойып, «мынаны үйретпесең болмайды» деген талапты қойған жөн. Бірақ біздің қазіргі жүйе оны істей алмайды. Әлі күнге дейін біздің мамандарымыз жоғары деңгейде емес. Сол себептен жүйені өзгертіп, жүйелі жұмыс істеу керек», – дейді  экономист Оразалы Сәбден.

Осы орайда айта кеткен жөн, қазіргі таңда еліміз шетелдіктерді көптеп қабылдап жатқандықтан, Қазақстанда  уақытша болатын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға  ЖСН рәсімдеу ережелері де біршама өзгерді. Егер келуші корпорация арқылы жүгінсе, жеке басты куәландыратын құжат, онда кириллицада немесе латиницада анықтамалық деректердің (ТАӘ, туған жері) жазылуы болмаса, құжат аудармасының тиісті көшірмесін қоса беру қажет. Шетелдіктің өкілі жүгінген жағдайда нотариалды куәландырылған сенімхат тапсырады. Ал портал арқылы өтініш беретін болса, өтініш беруші өкілінің ЭЦҚ-мен куәландырылған электрондық сұрау салу арқылы шетелдіктің жеке басын куәландыратын құжаттың электрондық көшірмесі, онда ­кириллицада немесе латиницада анықтамалық деректердің (ТАӘ, туған жері) жазылуы болмаса, құжат аудармасының тиісті көшірмесін қоса беру қажет, шетелдіктің өкілі жүгінген жағдайда нотариалды куәландырылған сенімхат тапсырылады. Құжатты осындай оңай әрі жылдам алу мүмкіндігі осы жылдың 11 ақпаннан бастап қолданысқа енгізілген.

«Осындай жеңіл әрі тез құжат­тарын рәсімдеген шетелдіктер жұмысқа орналасарда жергілікті мамандармен арада бәсекелестік туындамай ма?» деген сұрақ пайда болады. Осы орайда қазақстандық орта және шағын бизнес қызметкерлерінің «YNTYMAQ» салалық кәсіпода­ғының төрағасы Қайрақбай ­Жанабековке бірнеше сауал қойдық. Оның айтуынша, шетелдіктердің келуі еңбек нарығындағы таңдауды кеңейтеді және мемлекеттің дұрыс көзқарасымен түзетілетін ішкі олқылықтарды анықтауға көмектесуі мүмкін.

«Менің ойымша, сауатты көз­қараспен еліміз көші-қоннан көп пайда көре алады, біз бұл артық­шылықтарды пайдалануымыз ­керек. Ресей Федерациясы мен Беларусь Республикасының азаматтарын Қазақстанда жұмысқа қабылдау тәртібі Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) туралы шарттың ережелерімен реттеледі. ЕАЭО-ға мүше елдер басқа мүше мемлекеттің аумағында жұмысқа орналасқан кезде жұмысқа рұқсат пен виза алу қажеттілігінен ­босатылады. Қазақстандағы жұмыс орны ­бойынша көші-қон қызметіне уақытша тұруға рұқсат (тіркеу) беру жеткілікті болады. Мұндай рұқсат елге келгеннен кейін 90 күн ішінде жұмыс берушімен жасалған еңбек шарты немесе азаматтық-құқықтық шарт негізінде беріледі.

Үкімет отырысында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкенов Ресейден мамандар ағылған жағдайда қазақстандықтарға жұмыссыздық қауіп төндірмейтінін айтты. Оның айтуынша, министрлік еңбек нарығын бақылайды, бірақ Ресей азаматтарының жаппай ағыны әлі байқалмаған. Ресейліктердің келуі жергілікті кадрлар арасындағы жұмыссыздықтың өсуіне және жұмыс берушілер тарапынан талаптардың артуына әсер етуі мүмкін. Екінші жағынан, бұл еңбек нарығындағы таңдауды кеңейтеді және мемлекеттің дұрыс көзқарасымен түзетілетін ішкі олқылықтарды анықтауға көмектесуі мүмкін. Теріс факторларды алдын алу үшін ел немесе сала бойынша квоталар немесе шектеулер орнату қажет ­болуы мүмкін. Шетелдік жұмыс құрамы басым компанияларда жергілікті кадрлар үшін жұмыс орындарын құруды қосымша міндеттеу шарасын қолану мүмкін. Біздің еңбек нарығы тұтастай алғанда жұмыс күшінің, одан да көп кәсіби мамандардың тапшылығын ­бастан кешіруде. Екінші жағынан, ресейліктер осы уақыт ішінде біздің жалақымыздың олардан төмен екеніне көз жеткізе алды. Бірақ олардың нарық бағасы негізінен жоғарырақ. Яғни Ресейде көп ақша табуға болады, шығыны жоғары. Осыдан шығатыны,  сырттан келгендер не біздің жалақымызбен келіседі, не жұмыс берушілер жалақыны көтеруге мәжбүр болады. Қазіргі жағдайда дәл осындай жағдай орын алуы мүмкін, содан кейін қазақстандық компаниялар жұмыскерді бір бірінен тартудан қорқатын болса, өз қызметкерлерін ұстау үшін жалақыны көтеруге мәжбүр болады. Сонымен қатар, білікті жұмыс күшінің ағыны біздің бизнесті арттырады. Кәсіпкерлер мен компаниялар өздерінің құзыреттерінің арқасында көбірек табыс таба алады, сәйкесінше бюджетке көбірек салық төлейді, сауда-саттық ұлғаяды. Теріс әсері мұндай ағын отандық кадрлар үшін жергілікті еңбек нарығында шиеленіс тудыруы мүмкін, өйткені бәсекелестік күшейеді. Көптеген жергілікті жұмыс іздеушілер ескірген білімі мен дағдыларына байланысты еңбек нарығынан тыс қалып қоюы мүмкін. Ал енді мұндай жағдайда қазақстандықтардың жұмыс табуы қиындай түседі», – дейді Қайрақбай Жанабеков.

Оның айтуынша, Қазақстанда шетелдік мамандар жұмыс істейтін 200-ден астам кәсіпорын бар және олардағы қазақстандық жұмысшылардың үлесі 90 пайыздан астам екен. Қазақстандық орта және шағын бизнес қызметкерлерінің «YNTYMAQ» салалық кәсіпода­ғының негізгі көзқарасы – жалақы мәселесінде жергілікті және шетел мамандары арасында дискриминация болмауы керек.

«Кезінде Қазақстан Респуб­ликасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандық және шетелдік жұмысшылар арасындағы жалақы теңсіздігі мәселесін көтерген. «Менде сұрақ бар: шетелдіктер мен қазақстандықтардың жалақысы қалай жүріп жатыр. Біз жалақы деңгейіндегі теңсіздікке жол бермеуіміз керек. Қандай жұмыстар атқарылуда және оның нәтижесі қандай?» деп сұрады Мемлекет басшысы. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, ҚР Бас прокуратурасы және әкімдіктер шетелдік жұмыс күшін тартатын 96 кәсіпорында тексеру жүргізді. Нәтижесінде заң бұзушылықтар анықталып, 500-ден астам шетелдік азамат елден шығарылды. Өткен жылмен салыстырғанда квоталар саны 40 пайызға қысқарып, 29 мың адамға жетті. Нормативтік-құқықтық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу бойынша құжаттарды дайындалып, Мәжіліске түзетулер жобасы енгізілді. Қазір шетелдік жұмыс күшін тартатын кәсіпорындармен жұмыс істеу нәтежесінде  олардың алдына қойған шарттардың бірі – қазақстандық азаматтарды оқыту», – дейді Қайрақбай Жанабеков.

Отандық жұмыс берушілер ­ше­телдік персоналдың жоғары жала­қысынан бөлек, мобилиза­циялық шығындарымен қатар, оларды ел ішінде орналастырып, уақытша болса да баспанамен, медициналық сақтандырумен, әлеуметтік пакетпен қамтамасыз ету деген сияқты біраз жағдай жасайтыны жасырын емес. Қазақстандық орта және шағын бизнес қызметкерлерінің «YNTYMAQ» салалық кәсіподағының төрағасының айтуынша, бұл мәселеде біз мынаны ескеруіміз қажет, ол маманның біліктілігіне байланысты туындайтын жағдайлар, тура осындай әлеуметтік шарттарды біліктілігі жоғары жергілікті маманға да жасалынуы мүмкін және бұл аксиома. Біздің мамандардың еңбек нарығындағы шетел маманымен салыстырғанда оның бәсекелестігін көтеруіміз қажет.

5527 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы