• Тіл
  • 05 Мамыр, 2022

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ҒЫЛЫМ ТІЛІНЕ АЙНАЛДЫРУ ҚАЖЕТ

Ұлттық академиялық кітапханада Білім және ғылым министрі ­Асхат Аймағамбетовтің қатысуымен «Мемлекеттік тілді ғылым тіліне айналдыру мәселелері» атты дөңгелек үстел өтті. Жиында мемлекеттік тілді одан әрі дамыту мәселелері талқыланды.

 

«Мемлекеттік тілді ғылым тіліне айналдыру мәселелері маңызды. Тіл дамыту мәселесі Білім және ғылым министрлігіне көшірілгелі бір жылдай уақыт болды. Осы уақыт ішінде қандай ауқымды проблемалар барына көзіміз жетті. Сондай-ақ үлкен жұмыс жүріп жатқанын да көріп отырмыз. Бірақ біреуі «бәрі ақ, таза» десе, кейбіреулері «бәрі жаман» деген пікірде. Шын мәнінде, проблемалар бар. Алайда істеліп жатқан жұмыс та аз емес», – деді министр Асхат Аймағамбетов.

БҒМ басшысы мемлекеттік тілді насихаттау, дамыту, оны ғылым тіліне айналдыру мектептерден, ғылыми ұйымдардан, ЖОО-дан басталатынын айтты. Бұл бағытта жұмыстар атқарылып жатқанын алға тартты.

Аймағамбетов қазақ тілінде білім беретін мекемелердің желісін және білім алушылардың үлесін арттыру мә­селесіне тоқталды.

«Бұл жұмыс қарқынды жүргізіліп жатыр. Десек те, соңғы 30 жылда білім мекемелерінің де, білім алушыларының да саны екі есе артты. Соның ішінде балабақшада 76 пайыз болса, мектептерде 67 пайызға жетіп қалды, ал университеттерде – 66 пайыз. Колледж­дерде, әсіресе университеттерде қазақ тілінде білім алуға ынта танытушылар көбейіп келеді», – деп толықтырды министр.

Асхат Аймағамбетов 1-сыныпқа қабылдау кезінде ата-аналардың ­ба­ласын қазақ сыныбына беруі үшін мәж­бүрлеуге болмайтынын айтты.

«Соңғы жылдары мектепте қазақ сыныбында оқитын оқушылардың саны аса өсіп жатқан жоқ. Сондықтан осы бағыттағы жұмысқа назар салған жөн. Біз балаларды мемлекеттік тілдегі білім ұясына ынталандыру, насихаттау арқылы тартуымыз керек. Мәжбүрлеуге болмайды. Яғни қазақ тілінде оқудың қаншалықты пайдалы екеніне, оның нәтижесіне көз жеткізу арқылы дәріп­теуіміз керек»,  – дейді ол.

Министр қазақ тіліндегі оқулықтарға мән беру керек екенін ескертті.

«Көп мәселе қазақ тіліндегі контентке, әсіресе қазақ тіліндегі оқу­лықтарға байланысты. ЖОО мен кол­ледждерде жеткілікті деңгейде әдебиеттер жоқ», – дейді еліміздің бас ұстазы.Жиында қазақ тілінің жанашыры Назгүл Қожабек қазір қол­даныста жүрген кейбір сөздердің кезінде қате аударылғанына тоқталды. Оның ­айтуынша, елімізде екі ми­нистр­ліктің атауы қате аударылған.

«Ақпарат және қоғамдық даму мен Индустрия және инфрақұрылымдық даму деп аталатын министрліктердің атауында қате бар. Дұрысы «қоғамдық даму» емес, «қоғамды дамыту» болады. Сондай-ақ инфрақұрылымдық даму емес, инфрақұрылымды дамыту деген дұрыс», – деді тіл жанашыры.

Ал тіл маманы Владислав Теннің айтуынша, қазір қазақ тілін үйренгісі келетіндер көп. 

«Қазақ тілін дамытуға өз үлесімді қосып жүрмін. Тіл орталығымызда бірнеше тіл үйретеміз. Оның ішінде қазақ тілі де бар. Қазақ тіліне сұраныс өте жоғары. Сол себепті дәл қазір қазақ тілін оқытумен айналысып жүрміз», – деді тіл маманы.

Шарада мемлекеттік тілді дамытуға елеулі үлес қосып жүрген белгілі лингвист ғалымдар, тіл үйрету жобаларының авторлары мен әдіскерлері «Ана тілін дамытуға қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен марапатталды.

Майя МҰРАТБЕК

Фото: Артём Чурсинов

2123 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы