• Руханият
  • 12 Мамыр, 2022

АДАМНАН АУЫЛ КӨШПЕЙДІ

Өз елің, өскен жерің – ­Мысыр шаһар, Бекер деп айта алмайды ешкім мұны, – деп ақын  атамыз Төлеу Көбдіков жырлағандай, біздің туған жеріміз Шұбартау ауданы Алғабас елді мекенінде мақтанышпен айтатын ну орман да, көздің ­жауын алатындай жауқазын гүлдер де, балығы  тайдай тулаған көлдері де, аспанмен тілдескен құз шыңдары да жоқ. Алайда алақандай ғана ауылым малға жайлы шұрайлылығымен, тірлігі жарасқан береке бірлігімен, сыңси ағатын шағын өзендерімен, ит тұмсығы батпайтын қалың қарағаны, тобылғысымен маған қашанда ыстық. «Туып өскен, түлеген жерге оралсам, Еркелетер таба алмай екі адамды» деп ақындар жырлағанымен, мендегі сағыныш басылмайды.

Өйткені ауылымда сирек болса да әкем мен анамның көзіндей ақ жаулықты аналар (суретте: ата-анамның көзі де сөзі де Зұлқия апа мен Советбекпен бірге жұмыс істеген Рыскен жеңгеміз) мен көнекөз қариялар бар. Олардың сені көргенде қалбалақтап, сүріне-қабына: «Құлыным, аман-есен жүрсің бе?» деген бір ауыз сөзін есту қандай ғанибет!

Қайда барам, кімді іздеймін деп көңілің алабұртып келгенде, осы бір ауыз сөзде қаншама мейірім, жүрек жылуы, сағыныш жатқанын қалай сезінбейсің! Сезінесің де жүрегің елжіреп, өзіңді баладай сезініп, ел-жұртыңа риза боласың, өлеңде айтылғандай: ауылдан адам көшкенмен, адамнан ауыл көшпейтінін түсінесің.

Біз бес ағайынды едік. Әкеміз қойшы болса да сері, ақынжанды, шешеміз он сауағынан өнер тамған тігінші, әнші, емші болатын. Жаз жайлаудағы қараша үйіміз, қыс қыстаудағы екі бөлмелі қоржын тамымыздың іші ән мен күйге, бала-шағаның риясыз күлкісіне бөленіп жатушы еді. Әкеміздің сыйлыққа алған сары сандығы (радио) алыс-жақын аймақтың хабарын жеткізіп, ән мен жырға құлағымыздың құрышын қандыратын. Алайда бақытты шағымыз өзен суындай тез суалды, ата-анамыздан айырылып, біздер суға кеткен тал қармайдының күйін кешіп қала бердік. «Жалаң аяқ қар кешіп, қызыл аяқ қыр кешіп (М.Мақатаев)» жүріп есейдік, білім алдық, өмірден өз орнымызды таптық. Қатарластарымызға келіп жататын құрт пен майға толы ала дорба мен сарышұнақ сом бізге қашан келер екен деп артымызға бұрылып қарамадық, тек алға жылжи бердік, жақсы білім алуға тырыстық. «Өлмеген құлға өлі балық жолығады» дегендей, Советбек екеуіміз қойшылардың балаларына, жетім балаларға арналған Семей қаласындағы №1 мектеп-интернатта білім, тәлім-тәрбие алдық. Осы білім ордасында алған біліміміз біздің өмірімізге азық болғаны аян. Біздің саналы өміріміздің өзегі болғаны да осы оқу орны, сол кезеңнің дара педагог-феномені Төкен Жұманұлының «Жетім көрсең, жебей жүр» деген қағидасы мен «әр қазақ менің жалғызым» (С.Адай) деген ұстанымы да себеп болғаны даусыз. Жыласақ жебеген, құласақ демеген интернаттағы оқуымызды Советбек 1959-60-оқу жылында, мен 1963-64 -оқу жылында бітірдік. Ағам Семейдегі медицина институтына оқуға түсті, бар өмірін адам жанының арашасы болуға арнады.

Үлкен ағам Санақбек Талғар қаласындағы ауылшаруашылық техникумын қызыл дипломға бітіріп, Мәскеудегі Тимирязев академиясына жолдама алып тұрып, бізге қарайлап бара алмады. Өзінің келелі келешегін жетімдердің бақытына құрбан етті. Ауылда талай басшылық қызметтерді атқарды. Ағам әнші, домбырашы, сөзге шешен, мейірімді, адал, ақжарқын, ортасына қадірлі азамат еді. Амал қанша, кісілік пен кішіліктің асқақ үлгісіне айналған асыл ағам 56 жасында зілзаланың құрбаны болып дүниеден өтті. Советбек (құжаты бойынша Маратбек) екеуіміз тете өскендіктен бе, оған үнемі тиіскім келіп тұратын. Қойшының үйінде былғары аяқ киім деген болмайтын, бар-жоғы шоңқайған бір пима болушы еді. Ол пима екеуімізге ортақ болатын. Оны ызаландыру үшін пиманы үйде киіп алып, шешпей қоятын едім, ал оның далаға шыққысы келетін еді. Сонда мен оған неше түрлі талап қойып (шашымды өру, менімен қуыршақ ойнау, мені далаға шығару т.б.), соны орындауға мәжбүр ететін едім. Саған талай қысастық жасадым, бірақ сен маған ешқашан қатты сөз айтқан емессің, асыл ағам. Қазір көзден кетіп, көңілден елеске айналған кезіңде сенің қадіріңе жетіп, қасиетіңді бағалай алмадым-ау деген запыран ой жанымды жегідей жейді. Тау алыстаған сайын биіктей түседі демекші, уақыт өткен сайын сенің маған деген қамқорлығыңды, өміріме, ісіме деген ризашылық сезіміңді, дәриядай кең біліміңді, айтқанынан қайтпайтын ұстанымыңды түсіне бастағандаймын, түсінген сайын саған деген құрметім, сағынышым арта түседі. Амал қанша, өткен өмір қайтып келмейді. «Тақыр жерге шөп өспейді» деген мәтел қандай орынды айтылған. Ағаларым мен бауырларымның бойында ақындық та, әншілік те, қолөнерге деген қабілеттері де болды. Анамыз қол өнеріне өте жетік болатын. Ою ою, бас киім, шапан, былғарыдан аяқ киім тігу, ши тоқу т.б. ол кісіге қиындық тудырмайтын. Әкеміздің қанынан, шешеміздің ақ сүтінен нәр алған Советбек ағамның әншілігі де, ақындығы да, емшілігі де, тылсым қаламға жан бітіретін сурет салу өнері де бір-бірімен қабысып, өзіне шабыт беріп тұратындай көрінетін. Мектепті бітіретін жылы Семей қаласында жас суретшілердің Бүкілодақтық конкурсы ұйымдастырылып, Советбек жеңімпаз атанады. Жас суретшінің талабына тәнті болған комиссия мүшелері Мәскеу қаласындағы көркем-сурет академиясына арнайы жолдама береді. Алайда жоқшылық жомарттың қолын да, аяғын да байлады, артындағы жетімдерден қол үзгісі келмей, бармай қалады. Әрине, Алланың берген қабілетін дамыта алмағанына кейде өкінгенімен, өнерін бауыры Қоңыртайдың жалғастырып жатқанына қуанатын, шүкіршілік ететін еді. Қоңыртай Мұхамедиев бауырымыздың өнері елімізге, бүкіл Түркі жұртына аян. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, мүсінші, Тұран Халықаралық сыйлығының иегері, қылқалам шебері. Советбекке емшілік қасиет анамыздан берілген. Анамыз кешке қарай тотиайынды отқа салып жіберіп, соның жалынымен іші ауырған, көз тиген балаларды емдеп жататыны әлі күнге дейін көз алдымда. Ағам әнді де нақышына келтіріп, үлкен тебіреніспен орындайтын. Әсіресе, «Көкшетау» әнін айтқанда Көкшенің 80 көлінде, Сырымбеттің асқар шыңдарында тұрғандай толқушы еді. Бітімі бөлек, парасат-пайымы кең, білім-білігі мол, өресі биік азамат еді. «Бір сөзін бір сөзіне қиыстырар, Әрбірі келгенінше өз шамасы» (Абай) дегендей, жасынан қазақтың қара сөзіне үлкен мән беріп, ойын мақалдап, мәтелдеп, өлең ретінде құрастырып айтуға тырысатын. Көңілінің хошын өлең жолдарына сыйғызып жүретін әдеті де бар болатын. Көзінің тірісінде өлеңдерін жариялап, ақын деген атақ алмаса да, оның өлеңдерінде өзіндік үн, өзіндік сезім, өзіндік талғам, өмірге деген өзіндік көзқарасы бар еді. Өлеңдерін ақындық талаппен емес, азаматтық, адамгершілік, өмірге деген сүйіспеншілік көзқараспен қарап, өмір өткелдерін түсіне, бағалай білуге тырысатын. Өлеңдерінен ой мен сана-сезімнің толғанысы, жан дүниесінің тебіренісі байқалады. Жан жүрегінен шыққан сезімге толы өлеңдерін «Көңіл иірімдері» деген атпен кітапша етіп шығардым. Бұл менің сенің қиналған, қуанған сәттегі жүрек лүпіліңнен шыққан әр сөзің жерде қалмасын деген туыстық парызым, ағажан. Екі бауырым да өнерден құралақан емес, Алтынбек жоғары білімді әнші, Тиыштыбек суретті жақсы салатын, гитара, домбырамен ән айтатын, кілемге дейін тоқитын. «Ағын судай мен өзім тасып жүрмін, ақ тұлпармен (онысы К-700 трактор) асудан асып жүрмін. Анау-мынау көзге ілмей пенделікті, дүниені қонышынан басып жүрмін» деп әндетіп жүріп, өмірден өтті. Өте ақкөңіл, жақсылық көрсе балаша қуанатын, жоқшылыққа мойымайтын, барын базарлай білетін сүйікті бауырым еді. Ойлап отырсам, бесеуімізге да Алла өнер, ой, талап берген екен. Егер ата-анамыз тірі болып, бізге қолдау көрсетіп отырғанда,бұдан да жақсы жетістіктерге жетер ме едік. Шерхан ағамыздың «бір кем дүние» дегені осындайдан айтылған екен ғой.

– Советбек бар өмірін адам жанына араша болуға арнағаны белгілі. Алғабас ауылындағы ауруханаға басшылық жасай жүріп, тұрғындардың денсаулығын түзеуге бар ынта-ықыласымен кіріскен еді, бірақ қанымызда бар аяқтан шалу, етектен тарту, көре алмаудың салдарынан Қарағанды облысына қарасты Саяқ кентіне барып, аурухананы басқарды, әмбебап дәрігер атанды, елдің ризашылығына бөленді.

«Өзіне сенген құстай ұшады, өзгеге сенген мұрттай ұшады» демекші, ағамыз ісін жетік білгендіктен, тек өзінің білімі мен біліктілігіне сенді. Төбеге шықса танауын шүйірмеді, етекке түссе тізе бүгіп иілмеді. Ішіне қулық сақтап ақиқаттан танбаған, ешкімге ор қазбаған, қызуқанды, от жүректі, айбарлы азамат еді. ­Жастайынан өмірдің тауқыметін көріп, өсіп-жетіліп, өздігінен үнемі ізденісте болып, жігерлік-қайсарлықпен қиындықтарды жеңіп, ешкімге намысын таптатпай адал еңбек етті. Оны мына өлең жолдарынан байқауға болады:

Зәру болып көрмедім болмайтынға,

Табылмайтын іс бар ма ойлайтынға.

Парқым жеткен жерді алдым

асып кетпей,

Тасып кетпей, жармаспай

жазбайтынға.

Ұшқыр ойы, тұжырымды пікірлері, қиял-мақсаттары оны өзгелерден дараландырып тұратын. Өткен өміріне көз жүгіртіп, ой елегінен өткізе келе, көңіліне түйген тұжырымды ойлары да көп болатын. ­Мысалы: «өмірде көңілің алаң, сезімің жалаң, ертеңің шолақ болмасын; алған бағытың дұрыс болса, кейін бұрылып жол іздеме, адасуың оңай; білімсіз менмен, көпірме көсем келеді; өзіңді-өзің алдама, панасыз қаласың; ойың он саққа кетсе, санаң дал болар, шындығың дау болар, достарың жау болар; сайқал күлкі бет перде, ар жағында арамдық шымшылап тұрады; ақылы кеммен де дұрыс сәлемдес, қол қусырып амандас. Ол өзінің адам екендігін сезінсін» т.б. Әр айтылымында терең философия жатпағанымен, қарапайым адамның ой-өрісі мен танымының әлдеқайда жоғары екендігін байқауға болады. «Іші алтын, сырты күміс сөз жақсысын»(Абай) тере алмаса да, (оны өзі де мойындайды) шынайы сезім, ақ жүрегінен шыққан көңілінің иірімдері де аз емес.

...Алғабас ауруханасында сенің қоластыңда жұмыс істеген медқыз­мет­керлеріңнің естеліктерін сөйлете кетсем артық болмас.

Мәкен Оразханқызының естелігінен: 1970 жылы майда Ақбастау кентіндегі аурухана жабылып, Советбек Алғабасқа бас дәрігер болып келді. Ауылда үлкен 35 орынды аурухана болатын, сол ­аурухананы Шұбартау ауданындағы ең талапқа сай барлық қажеттіліктерімен қамтамасыз етілген ауруханаға айналдырды. «Жігітке жеті өнер де аз» дегендей, Советбек терапевт, хирург, стоматолог, педиатор, гинекологтың да жұмысын бірдей, біліктілікпен атқаратын еді. Бүкіл Шұбартау ауданының ауырған адамдары Советбекті іздеп келіп, ем алып, жазылып, риза болып кететін. Ауылға Солтанбек деген ақсақал көшіп келген еді. Ол кісінің ауруды шөппен емдейтін қасиеті болатын. Советбек сол ақсақалмен ақылдаса отырып, емдік шөп жинап, ауруларға шипа іздей бастайтын. Өте ізденгіш еді. Қисайған мойынды сипалап отырып, әп сәтте орнына келтіретін. Сынықшылық та икемділігі бар болатын. Өйткені ауыл үлкен, аурудың түрлері де көп. Олардың барлығы алыс жерлерге бара бермейді, ал Советбек сол аурулардың бәріне шипа табатын еді.

Өмірғали (санфельдшер) ­Нұр­төлеу­ұлының естелігінен: ­Советбек ­Бейсен­байұлы өте қатал болатын. Таңертеңгі жиналысынан кейін, барлық палаталарды аралап, аурулармен сөйлесіп, қажет ем-домын беріп жататын. Қолынан ақ мақта түспейтін, онымен тазалықты үнемі қадағалап, тексеріп отыратын. Аурухананың сыртына да қатты көңіл бөлетін, көгалдандырып, аурулардың отырып демалуына жағдай жасайтын. Өте білікті, білімді, елгезек, адамға араша түсуге дайын тұратын азамат еді.

Атақты жазушы Ә.Кекілбаев: «Уақыт­тың жалғыз өлшемі бар: адам ғұмыры. Адам ғұмырының жалғыз өлшемі бар: арттағы ұрпақтың қамы үшін бітірген ісі» деген екен. Ғұмыр – Алланың берген үлкен сыйы. Оны үш нәрсе жетелейтіні белгілі: байлық, яғни қажетті дүние-мүлік, отбасы және атқарған ісің. Осылардың қайсысы мәңгілік дегенге келсек, дүние-мүлкің кеудеңнен жан шыққанда сен үшін өмір сүруін тоқтатады; отбасың саған тиісті шараларын өткізген соң, біртіндеп өз тіршілігін жалғастыра береді; тек қана атқарған ісің, адал қарым-қатынасың, яғни адами болмысың тірілермен бірге жасайды, өлмейді, өшпейді, сені ұмыттырмайды.Өзің үшін еңбек қылсаң, өзі үшін оттаған хайуанның бірі боласың, адамшылықтың қарызы үшін еңбек қылсаң, Алланың сүйген құлының бірі боласың» деп ұлы Абай айтқандай, елің үшін аянбай еңбек еттің. Шұбартаудың көз көргендерімен кездесе қалсаң: «Қайран Советбек, қолы алтын еді ғой, иманды болсын» деп еске алып жатады. Адамға бұдан артық қандай сый, қандай құрмет, қандай баға керек.

1990–2007 жылдар аралығында, яғни соңғы демі таусылғанша Алматы қаласында қызмет етті. Есіктен келіп, төр менікі, Ылдыйдан келіп, өр менікі деген жоқ. Қаншама тәжірибелі дәрігер болса да, емханаларда жұмыс жасады.

Сенің ізіңді жалғастырар ұрпағың, туған-туыс, бауырларың бар. Олар сені ешқашан ұмытпайды. Ал менің сағынышым ерекше. Сендер барда асқар тауым әкемнің, шалқар көлім анамның жоқтығын да сезбедім. Санақбек екеуің біз жетім қалғанда жел жағымызға да, ық жағымызға да пана болдыңдар. Менің білім алып, күрмеуі көп өміріме жол сілтеп, өмірден өз орнымды табуыма жәрдем еттіңдер. «Бақытты болар жігітке маңдайына жазған бағынан береді, адал жарынан береді» деген мәтел бар. Отыңды өшірмей, құранын бағыштап отырған адал жарың бар. Жер шалғай болса да, сенің: туған жердің топырағының иісін, суының сылдырын, желінің сыбдырын естіп жатайын деген соңғы аманатыңа қиянат жасамай, ата-анаң мен ағаңның қасына мәңгі мекеніңе жатқызды. Аруағыңа басын иіп, құранын бағыштап, еліңе де барып тұрады. Оған Алла да, сенің аруағың да, елің де риза деп ойлаймын.

Көзді ашып жұмғанша, аққан селдей, соққан желдей талай жыл өте шығыпты. Бүгінде бір түйір нанды бөліп жеп, тай құлындай тебісіп бірге өскен досың, туысың, қарымды қаламгер Төлеуғали Есімжанұлының, сенің 80 жастарыңды еске алып, құран бағыштап жатырмыз. «Жылқыда да жылқы бар, қазанаты бір бөлек, жігітте де жігіт бар азаматы бір бөлек» демекші, сендер Алғабастың, бүкіл Семей облысының ерекше құрмет тұтатын азаматтарысыңдар десем, артық айтқандық емес. Оған сендердің өмір жолдарың, еткен еңбектерің куә. Абай атамыз: «Арттағыға сөзің мен ісің қалса, Өлсең де, өлмегенмен боласың тең» деген екен. Сенің ісің де, сөзің де, ұрпағың да бар. Рухың бізбен бірге жасай береді, асыл аға. Бетіме жел болып тимеген қайран аға, топырағың торқа болсын! Айтсам сөзім өтпейтін, созсам қолым жетпейтін жердесіңдер, аяулы ағаларым. Сендерді сыйлайтын, іздейтін, жақсы көретін елің, туған-туыс бауырларыңа амандық тілеймін. Имандарың жолдас болсын, асыл ағаларым!

Зәмзәмия Бейсенбайқызы,

педагогика ғылымының

докторы, профессор

435 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *

ANA TILI №10

10 Наурыз, 2022

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Қали Сәрсенбай

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы