• Қоғам
  • 12 Мамыр, 2022

САПАЛЫ ТАМАҚТАНУ МӘСЕЛЕСІ – БАСТЫ НАЗАРДА

Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстанда азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету керек екені туралы алға қойған міндеттерін жүзеге асыру мақсатында ауыл шаруашылығы мен сүт өңдеу кәсіпорындарының қажеттіліктерін ескере отырып, Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті Тілектес Есполовтың бастауымен 2019 жылы Франция ауыл шаруашылығы халықаралық даму ғылыми-зерттеу орталығының (CIRAD) жетекші сарапшыларымен бірлесе отырып, сүт және сүт өнімдерінің референттік зерттеу орталығы ашылған болатын.

Осы орталықты құру кезінде жетекші елдердің референттік зертханалары қызметінің әлемдік тәжірибесі зерделеніп, референттік зертханаларды дамыту бойынша ең үлкен тәжірибе Еуропа елдерінде жинақталғанын атап өткен жөн. Қазіргі таңда университет Еуропалық Одақ елдерінің референттік әдістерін, материалдарын, зертхана персоналының біліктілігін тексеру және оқыту схемаларын қамтамасыз ету арқылы жоғары сапалы нәтижелерге қол жеткізу арқылы ұлттық референттік зертханалар желісін үйлестірді.

Зертхананың қызметі, ұлттық және халықаралық заңнама талаптарына сай бақылаудың заманауи дәлдігі жоғары әдістерін әзірлеуге және енгізуге; өнім параметрлерін бағалаудағы келіспеушіліктер кезінде оған төрелік бақылау жүргізуге; отандық өнім өндірушілердің ішкі және шетелдік нарықтардағы ұстанымдарын нығайтуға; Қазақстан Республикасының кеден кеңістігін, әлемдік экономикаға интеграциялануына қолдау көрсетуге бағытталған.

Референттік зертхананың алдына сүт сапасының күмәнді нәтижелері кезінде туындайтын даулы мәселелерді шешу, сондай-ақ тәуелсіз төрелік бағалауды қамтамасыз ету және қолданыстағы нормативтер шеңберінде өндірушілер мен қайта өңдеушілер арасында оңтайлы өзара іс-әрекет жасау міндеті қойылған.

Осындай зертхананың құрылуы ел экономи­касының аграрлық секторы үшін кадрлар даярлауда пәнаралық тәсілді қамтамасыз ете отырып сүт өнімдері өндірісінің сыни нүктелерінің сапасын бақылау жүйесіне ие жоғары білікті сарапшы-мамандарды ­даярлауды жүргізуге мүмкіндік береді.

Қазіргі таңда Референттік зерттеу зертханасында «Азық-түлік өнімдерінің технологиясы», «Қайта өңдеу өндірістерінің технологиясы», «Технологиялық машиналар мен жабдықтар», «Тамақ қауіпсіздігі», «Биотехнология», «Стандарттау және сертификаттау», «Ветеринариялық санитария» және т.б. білім беру бағдарламалары бойынша бакалавр студенттері, магистранттар мен докторанттар білім алып, ғылыми практикалық тәжірибелерін жүргізуде.

Білім алушылар сүт және сүт өнімдерінің сапасы мен қауіпсіздігін анықтау әдістерін, сүт өнімдерін әртүрлі компоненттер бойынша сәйкестендіруді, өнімдердің бұрмалануын анықтау тәсілдерін зерделейді. Сонымен қатар білім алушылар сүт және сүт өнімдерінің физикалық-химиялық көрсеткіштерін анықтау, сүттің бұрмалануын анықтау, сүттің тазалығын анықтау және оның биологиялық қауіпсіздігін белгілеу; сүт өнімдерінің ұлттық және халықаралық нормативтік құжаттар мен техникалық регламент талаптарына сәйкестігі дағдыларын меңгереді. Бұл еліміздің ­сапалы және қауіпсіз тамақ өнімдерін тұтынуға және мамандандырылған сапалы зерттеу орталықтары мен зертханалардың жұмыс істеуіне өз үлесін тигізбек.

Тоғжан БОРАНБАЕВА,

ҚазҰАЗУ

Сүт өнімдерінің референттік

зертханасының меңгерушісі

1121 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы