• Әдебиет
  • 12 Мамыр, 2022

ЗАМАНАУИ ТАҚЫРЫПТЫ ТАҢДАЙ БІЛГЕН

Әдемі, әдеби тілді туған топырағынан сіңірген қаламгер екенін  бірден байқайсың. Журналистің бәрі бірдей көркемсөздің, көркем прозаның хас шебері десек, қатты қателесеміз. Көркем әдебиет деген, әшейін дүние емес. Оны да оң жамбасына оңтайлы келетіндер игереді. Кітаптың атауы «Ғаламтордағы махаббат» екен. Бел ортасынан ойып тұрып, дәл осы әңгімені оқудан бастадым. 
Қателеспеппін, замана зардабынан сыр тартатын заманауи тақырып. Соның өзін оқырманға қалай жеткізу керек? Сәкен жеткізіпті.
Санаттың сандалбай өміріне кім кінәлі? Анасы Айғаным ба, әлде «ғажайып»   ғаламтор ма?
Бұл бір –  ғасырлық алапат-апат, зілзала шығар? Анасының омырауынан ауызы босаған бөбек бас салып айфон-сайфон, планшет, компьютерге жармасады. Рас па? Рас! 

Бұл тұста әңгіме ауаны өзге дүниеге өзгер­мейді. Сөз төркіні – қарыштап бара жатқан ға­рыш заманының жетістіктерін жоққа шығаруға емес, өскелең ұрпақпен аралас-құралас, жаныңа жақын тартып, тәлім-тәрбие беруге келіп тіреліп тұр.

«Өзіне-өзі жыны келген  бозбала жалма-жан телефонын ақтарып, қыз жауабын тауып ашты: «Мен де жалғызбын. Маған да сырлас дос керек. Аузын буған өгіз емес...».

Көрдіңіз бе? Компьютер пернелерін термелеуден  қолы босамайтын пақырың ауызша екі ауыз сөздің басын құрастырып, ойына келгенін ойып тұрып айту қабілетінен де мақұрым болады екен-ау, иә?!

Сөйтпегенде қайтсін? Бала кезінен дала көрмей, құшақ-құшақ қалың дискінің бірінен соң бірін көріп отырып-ақ кеш батып, түн ауғанын аңғармай қалатын жеткіншектің есіл-дерті «Наруто», «Ниндзя-тасбақалар», «Трассформерлер», «Бұзақы Анжело», «Кунг-фу Панда» дейсің бе, таусылмайтын ойындардың қалың торына шырмалып қалған. Өсе келе сол қалың тор ғаламторға жалғасып, шынайы өмірде не болып, не қойып жатқанын адами сезінуден жұрдай болып, сол тордың арасында жүрген шыны бар, өтірігі бар әлем-тапырық ақпараттарды айналдыра береді, айналдыра береді. Енді аузын буған өгіздер солар болмағанда, кім болмақ?

Кітаптың алғашқы бетін «әп» деп ашқандағы әңгіме «Мұңлық» деп аталады. Шығарма тақы­рыбына көзің түскен бетте бір сұмдықты аңғар­ғандай тұла бойың шым етіп, шымырқана қалады.

Шындығында, бастапқыда алыстағы ауылға келген екі жігіттің мамыражай тірліктеріне қарап аса қауіпті болар ештеңеден сезіктене қоймайсың.

«Міне, енді масахананың ішінде жатырмыз. Жазғы жылы керімсал тербеген іргедегі жүзім жапырақтарының сыбдыры естілер-естілмес қана. Оның өзін ызғыған масаның ызыңы кейде басып кетеді. Қалың арасынан әредік шекшек шырылдайды. Алысырақтағы арық жақта бақалар тойының қызып жатқаны байқалады. Көрші үйдің қорасы маңынан бір есек ақырып  бастап еді, оны ауылдың ана шетіндегі екіншісі қостай жөнелді. Ол басыла бергенде, тағы бірі күні бойғы шеккен азабын айтып, мұңын  шаққысы келгендей ішін  тарта ақырып, айқай-ұйқайды үдетіп жібергені».

Осылайша ауыл суреті әлдебір тәтті сезімдерге бөлеп, сағыныш толқынын шайқай бастағанда, табиғат тынысын аңсағандардың мұндай үнсіз қалыптарынан жалыққан Жәнібектің «Бағанағы қызды танымадың, иә, сен?» деген бүйірден қойған сұрағы ескілеу бір сұмдық оқиғаны еске түсіреді.

Иә, бұл әңгімеде де кейінгі кездері ара-тұра болса да қоғам тіршілігінде белең ала бастаған тағы да бір келеңсіз құбылыстың бетпердесі ашылады.

Жастығын қопсытып-қопсытып алып қолтығына атып ұрған жігіт әңгіме тыңдауға әзірленіп, жамбастап жата кетеді.

«Кенет жаңағы дыбыс дәл жанынан шық­қандай анық естіледі. О, тоба! Мысық та, күшік те емес, қинала жылаған баланың дауысы екеніне акушерлік қабілеті жоқ мұның да көзі жетті. Бірақ қайда? Жан-жағына қараған ол сым шарбақтың ар жағындағы көрші үйдің әжетқанасын көрді. Дереу жетіп барып, қоршаудан өрмелей асып, арғы бетке түсті. Сояудай сымның қолы мен тізесін жырып, қанатқанына қараған жоқ. Әжетқананың есігін ашты. Еденнің дөңгелене ойылған тесігіне үңілді. О, жасаған!».

Әңгіме ауанын аңғарған да боларсыз?

Мұңлы болса да, «Мұңлық» әңгімесін бастан аяқ оқып шықсаңыз, мәселенің мән-жайына егжей-тегжейлі қанығасыз.

Сәкеннің бұл кітабында осылардан өзге тағы да оннан астам әңгімелері мен екі хикаяты топтастырылған. Әр шығарманың тақырып аясы әралуан.

Сәкеннің кейіпкер портретін көрсету тәсілі де әдеттегіден өзгешелеу келеді.

«...жұртта қалғандай жұпыны күн кешкен бастырманың көлеңкесінде үш кісі отыр.

...«Жақып ата» ауылының күнделікті жаңалық айтысып, күбір-күбір қаусет бөлісер Күлтөбесі еді бұл. Күндізгі аптаптың аздап беті қайтқанымен, жантайған күннің өзі тандыр аузындай жалын бүркіп, шекеден тер шүмектетеді.

...Бұл – дәйім асығыс айтып, соң ұғып, сонысымен-ақ әжуаға қалып жүретін, жасы қырықтың ішін қыдырып кеткен қылшық мұрт, қылыш қара Мақаш. Күн жаумай-ақ үсті су болар болбыр момынның нақ өзі.

...балпиған қарнын құшақтап отырған бұжыр бет шой қара әлдебір замандарда аппақ болған, қазіргі түсін жан айыра алмас жаялықтай шаршымен шықшыт-шүйдесінің терін түгел сүртіп шығады. Боз қылшығы аралас қалың қасы жиі ысылғаннан жиди бастаған тіс шөткесінше түймеленіп кетіпті. Біреу арқасына бір шелек су шашып жібергендей әбден дымданған көйлегі денесіне жабысып қалған. Бұл – Мақаштың қоралас қоңсысы, одан он шақты  жас үлкен Құлжабай деген кісі.

...Көкесінің сөзін түзетіп, көп білетінін көрсетіп отырған үшінші адам  – қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Әріпбек. Ішіндегі ең жасы да осы. Талтүсте топырағына кәртөшке көмсең пісіп қалатын оңтүстіктің қайнаған ыстығына да қарамай жүрген  қайран азамат. Қауындай басынан қазандай қалпағын еш ­тастамаса, қылқиған мойнын жібек бөкебаймен қылғындыра орап алса, қара жұмыстан қашқақтап, мектеп  пен үй арасын ғана жол қылса, мұны қайдан күн қапсын». («Дискриминация» әңгімесінен).

Қарамайсыз ба, осы үшеуін саусақпен түртіп, алақанмен сипамай-ақ жазбай тануға болады емес пе?

Қаламгер шығармаларында әдеттегі тұрақты сөз тіркестері де өзгеше бір бояумен ерекше қол­данылады екен. Өзіңіз назар аударып, бай­қаңызшы?.. «Үкілі қамыстың  от тиген үлпегіндей лап етіп», «жүре оттаған түйедей әр істің басын бір шалып, орта жолдан тастап кете беретін берекесіз», «қарын майдың қадіріне нұқсан  келтірер  бір құмалақ», «жеңінен жұлқып, етегінен тартып, екпінін басты», «шекесі тағы шибарқыттанды», «өгіздің де өлмегені жақсы, арбаның да аман қалғаны ­керек» т.с.с.

Әдемі емес пе?!

Кей-кейде ойлап қаласың. Осы әжеге деген махаббат сезімі тек қазаққа ғана тән сияқты болып көрінеді. Олай дейтінің, тоқсанның төртеуіне келген кәрі кейуананы баласынан туған немересі де, немересінің ұрпағы шөбересі де өздерін дүниеге әкелген әкелері мен шешелерінен артық көріп, өбектеп тұрғандары ғой, шіркін.

Мына бір әңгімеге «Сен қандай тәтті едің, өмір!» деп  айдар тағылыпты. Мұнда да басты кейіпкерді көренеу көрсету үшін жай ғана ­деталь, жарасты юмор өз орнымен пайдаланылған.

«Қайбір жылы, тура тоқсанға толарда, арғы-бергі ағайын-туғанның бәрін жинап, дүрілдетіп той жасамақ едік, ойламаған жерден өзі қарсы шықты. «Немене, алжыған кемпірді ортаға алып, шыр айналып шырша қылайын деп пе едіңдер? Қалталарыңа сыймай бара жатқан ақшаларың болса, бала-шағаларыңның қызығына бұйырсын. Тілімді ғана безеп, әйтеуір тірі отырғаным болмаса, мен енді бұ дүниенің адамы емеспін. Той-пойларың өздеріңе!» деп шат-шәлекейі шыққан. «Әжелерің тойда өзімен шүйіркелесіп отыратын кіләстастары қалмаған соң, кергиді де...» деп кеңк-кеңк күлген көрші Сейітжаппар шалды да жетістірген жоқ». Жүзге қараған мен түгілі, сексенге келгенше селкілдеп матасекілден түспейтін сен сорлының да қажасатын қатары қалмады! Неменеңе жітісіп күлесің?» деп, бәріміздің ішек-сілемізді қатырған».

Күлесің бе, жылайсың ба?

Күліп отырып, «қандай тәтті едің, өмір» деп өз өмірлеріңе көз жүгіртіп, қызығы да, шыжығы да кездескен сәттеріңді електен өткізіп, еске аласың.

«Үміт үйі», «Бақытты адам», «Сенім», «Бесінші палата», «Өмір өтіп барады», «Мәдениетті кісі», «Керемет күн», «Ақырзаман» – осының бәрі Сәкен Сыбанбай кітабына енген әңгімелердің тақырыптары. Қай-қайсының да тереңнен қозғаған әлеуметтік, тұрмыстық, ­саяси, әдеби-мәдени мәселелері, адамға ой салар қомақты ой-пікірлері бар.

Ал енді, жазушы «Ұры» деген әңгімесінде бір мекеменің қатардағы қызметкерінің жұмыс орнынан компьютердің тышқан-мышка-тінтуірін ұрлағанын тілге тиек ете отырып, «айран ішкен құтылар, шелек жалаған тұтылардың» керін орақ тіл, ащы мысқылмен ойсырата суреттейді.

Кітап соңындағы екі хикаят та өзекті тақырыптарға өз деңгейінде ден қояды.

«Рамазан мен Жұлдызай» хикаяты шымыр­лаған шындықтың бетпердесін бетің бар, жүзің  бар демей жұлып алған шындықты шырылдата айтқан драмалық шиеленістерге толы махаббаттың замануи дастаны десе де болады.

Ал енді, «Бір шәугім шай»-ға келсек, бұл дегеніңіз, тұнып тұрған «сурет».

«Шамды жағып қалғанда барып байқадым – шешем қамзолын жамылып, пеш түбінде ұйықтап жатыр екен.

– Келдің бе?

Жоқ, ұйықтамапты.

– Жұрттың бәрі қайда кеткен?

– Қоқимаң қотырына құрыды. Шошақайың «теске дайындаламыз» дей ме, Күлсімнің үйіне кетті. Жертістерің мектептен келе сап, қайта шыққан, сол күйі жоқ. Әлгінде Қойшы мырзаға  келген еді, Еркетайды соған ілестіріп жібердім, қылқылдап қоймағасын.

Шешемнің не айтқанын түсіндіре кетпесем болмас.  «Қоқимасы» – келіні, яғни менің әйелім. Жұмысына барарда қолаң шашын төбесіне дөңкитіп түйіп алатын әдеті. Үстінен бастыра орамал тартқан соң шөмеледей боп қоқимағанда қайтсін.

«Қотыр» дегені – тері-венерологиялық ауруханасы. Әйелім – қотырда ... кешіріңіз, тері-венерологиялық аурулар ауруханасында дәрігер.

«Шошақай» деп отырғаны – қызым. Биыл сегізіншіні бітірмек. Қолды-аяққа тұрмайтын ылдым-жылдым пысықтың нағыз өзі. «Жертесері» – жетіншіде оқитын ұлым. Ол да екі иығын жұлып жеп, жыбырлап қалған пәле. Құйттай құйрық басып отыра алмайды. Ал «Еркетай» деп елжірейтіні – кіші балам. Әлі мектепке барған жоқ».

«...Бұл кезде ескі қара шәугім ән салып, үш кемпір  ысылдатып шәй ішуге кіріскен. Көп жыл көріспегендей әңгімені төкпелей де, шерте де есілтіп, бір-біріне әрең кезек берісіп отыр ...»

«...– Сушы мырзағаның, – дейді шешем сөзге араласып. – Немере келін түсіріп, құдаларын шақырған жоқ па қайбір күні ...

– Е, содан?

– Қолындағы шарабын шайқап, шалқып отырған құдашалардың бірі:  «Үйбай-ау, тек өзіміз ала береміз бе? Сіз жақтың әйелдері ішпей ме, немене? Тым болмаса, келіп, бізбен стакан соғыстырып, алдырып қоймай ма екен?» – деп наз айтып еді, біздің даңғырлақтардың бірі: «Құдаша дұрыс айтады, қане, барып соғыстырыңдар, алдырыңдар!» деп гүж етсін, қатындарға қарап. Соны күтіп тұрғандай  жаңағы Есіркептің ессіз қатыны алдындағы арақ құйылған стақанды ала салып, қаздаңдап кетіп барады. Үндемесем, сол күйі төрден бір-ақ шығатын түрі бар.

– Қап, мына қағынғырды-ай, ә!

«– Қарап тұра алмадым, «Әй, келін, қайт!» дедім. Даусым оқыс шықса керек, қалт тоқтады. «Бері кел» дедім сосын сұқ саусағыммен ымдап. Құдалардың көзінше қайтіп ұрсайын. Былай шығарып алдым да, сазайын бердім бәлемнің. Ит терісін басына қаптадым тура. «Өзің келін боп түскен шаңырақ емес пе бұл, сорлы қар-ау? Қайқаңдап қайда барасың? Сен түгіл, сенің енең шығып көрмеген ол төрге! Шошаңдамай былай жүр! О, несі-ей» десем, «Ене-ау, қайдан білейін, құдаша шақырған соң құлдыраңдап шауып кете беріппін ғой» деп ақталған болып жатыр албасты.

– Бәленің бәрін білгенде, соны нағып білмей қапты?

– Соны айтам-ау. Кеше түскен олар түгілі, кемпір болған біздің өзіміз өйтіп тайраңда­маймыз.  Әлдеқашан сүйегі қурап қалған ата-енеміз шыққан үйдің босағасынан әрі ұзауға ұяламыз ғой әлі», – деп жазады автор.

Былай қарасаң, қаймана қазақтың қарабайыр тіршілігінің бір пұшпағы  сияқты болғанымен, қадалып, қағаздан оқысаң қай-қайдағыны есіңе түсіреді.

Ұзын сөздің қысқасы, Сәкен Сыбанбайдың «Ғаламтордағы махаббат» деген кітабын қолға алып, бастан-аяқ, тиянақты оқыған көзі қарақты оқырманда еш өкініш болмайтыны ақиқат.

Қанат ҚАЙЫМ,

Қазақстан Жазушылар

одағының мүшесі

2035 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы