• Әдебиет
  • 12 Мамыр, 2022

АРУАҚ ІЗДЕГЕН ҰЛ

(«Семсер жүзіндегі серт» роман  трилогиясынан үзінді)

Әділбек ЫБЫРАЙЫМҰЛЫ

 

Күтпеген шаруаның ұштығы шыққанға қырғыз билеушілері қатты әбiржiп, абдырай сасқалақтады. «Орта Азияға мәлім жиһангердің хан әкесінің ескi кегiн қуып, онсыз да жаугершiлiктен әбден титықтаған елдiң төбесіне қиқу ойната ма?» деп қорықты. Көксауыр манаптар дүрлiгіп, шұғыл түрде игі жақсыларын жиып, кеңес құрды. Елдің ықпалдылары «мәміле іздеп, ұйлығып отырғанда қапы қалмайық» деп, алыстан із кесетін, көзі қырағы, құлағы сақ шолғыншыларды қойды. Оларға «қанша қолмен, қай тараптан келе жатқаны жөнінде» дереу хабар беру тапсырылды. Ел ішіне де жаушы аттандырып, «қамсыз болмайық» деп аламанның басын құрап, іштей сапырылыс басталып, жанталаса әзiрлендi. Халықтың арасынан Сыздық ханзаданы жақсы білетін Рүстембек қолбасыны, саяқтың манабы Осмонды, оның ұлы Мамырқанды және өзге де атқамінерлерді жинады.

Сөйтсе, Сыздық сұлтан қасына Сарыбай бидi, Жамбыл ақынды ертiп, өзiнiң атқосшылары қос сарбазымен күнгей асып, Шу өрлеп, жәй жүргінші ретінде келе жатыр екен. Мұны ести салысымен әлгі топтанған игі жақсылар аттарына міне сап, меймандарын қарсы алуға желе-шоқырта жөнелді. Төрт-бес шатқалдан өткенде қозықұйрық жотаны қапталдаған жүргіншілерге ұшырасты. Шадман ортадағы торы қасқа аттың үстіндегі сыралғы досы Сарыбай биді әудем жерден таныды. Оң қапталындағы ер үстінде тіп-тік отырған жігіт назарына оқшаулау ілікті.

– Сыздық сұлтан мына қамшылар жақтағы ма? – деп сұрады Рүстембек қолбасыдан.

– Дәл соның өзі.

– Ойпырым-ай, ол турасында ел тітіренте айтқанына қарағанда «тізесі атының құлағын басқан алып тұлғалы ма?» деп едім...

– Қаршығадай болғанмен кәпірлер Сыздық сұлтанның атын естігенде бұттарына жіберіп қояды. Біз бәріміз мыңғырып Ұзынағаштың төңірегінде жүргенде, аз қолмен барып Алматыны тізе бүктірмеді ме?! Жиырма шақты тұтқын, екі атанға артып кәпірлердің басын әкелді. – Рүстембек жау түсіргендей лепіре сөйледі.

– Кенесарының киесі көтерген болар... Тектіден текті туар деген – осы...

– Жөлектің іргесінде Сыр шебінің қолбасы генерал-лейтенант Дебуді итше қыңсылатып атып тастауы – нағыз жүрек жұтқандық.

– Алла, неткен дәт пен сес?!.

Әп дегенше араларында желібаудай ғана жер қалды. Шадман манап астындағы қарақызылдың тізгінін тартып, ерден түсті. Қарсы жақ та аттарын тежеп, аяқтарын үзеңгіден шығарды.

– Ассалаумағалейкүм, Сарыбай аға! Күйлі-қуаттысыз ба?! – деп, басына бөрік, үстіне шапан киген мұртты қара сықси көздерін сығырайта құшағын айқара ашып, күле адымдады.

– Уағалейкүм-массалам! Ел-жұрттарың аман ба?

Екеуі құшақтаса төс түйістірді.

Кеудесі тіп-тік, сұңғақ бойлы Рүстем­бек алшаңдай басып кеп, кешегі қоқанның әмірлашкері, бүгінгі сахара сардары Сыздыққа:

– Хош келдің, сұлтан! – деп, оң қолын ұсынып, бауырына тарта берді.

Даладағы жүздесіп, амандасу бірқы­дыруға созылып, бәрі қайта атқа қонды.

Сарыбай бидің хабаршысынан жеткен сәлемдемеден қолбасшының ниетін білсе де, қырғыз жұрты төренің арнайы ат басын өздеріне бұруынан әуелгіде «әлде қалай болады?» деп, тайына берген. Айыр қалпақты ағайынның қуыстанған кейпін аңдаған аңғарлы Сыздық сұлтан да олардың қаупі мен күмәнін сейілтіп:

– Мен сіздермен шабысқалы келгем жоқ, табысқалы келдiм. Қырғыз жұрты, сен де туысқанымсың. «Жан ашуы үстiнде әкемдi өлтiрдiңіздер» деп, кiнә қояр жайым жоқ! Құн сұрағалы да келген жоқпын. Әкемнің өлімінен кейін қазақпен араларың қатты суып кетті. Реті келсе дулат жұрты күнде төбелеріңе қылыш ойнатады, сіздер оларды барымталап, қан қақсатасыздар. Шырықтарыңыз қашты, ынтымақ ыдырады. Мен екі елді татуластырып, араларыңызда ауызбірішілік орнатуға келдім. Өткеннің бәріне салауат айтамын, сіздер де салауат айтыңыздар.

 – Ой, бәркелді! Тектінің – сөзі! – Шадман манаптың даусы жарқын шықты. Отырғандар қозғалақтап кетті. – Күпті көңілдің түйінін ыдыратып, аталы бәтуаны айттың, алдыңнан жарылқасын, Сыздық әмір! Еске алудың өзі ауыр ол жайт – қазақ-қырғыздың арасындағы тірлік емес – арандатушылар мен елдіктен айыруды көздеген жат пиғылдылардың ісі. Аңқау жұрт соған ілесіп – арандады. Аңғырттығынан от басқанын кеш біліп, артынан санын соғып қалды. Әйтпесе, хан Кене өлімге қиятын жан ба? Әрі-беріден кейін ол қырғызды шабуға келіп пе еді?

– Сол кезде орыстың желеуіне айналып жініккендер, енді қазақты қойып, қара қырғызбен қаны қас. – Саяқтың манабы Осмон Тайлақұлы алдыға сәл ұмсынып, сол жақ қасын кере көзін ежірейте қарады. – Кенесарыға қиянат жасаған Жантай манап елден жүзін теріс бұрып, бет-аузы құж-құж орыспен ауызжаласып кеткен. Оның ұлы Шабдан одан өтіп, Пішпекте кәпірлермен бірге. Түндік қырғызды тұтас орысқа отар етіп берді. – Иығын қомдап, сол қолының алақанын қара санына тіреді.

Соңын жаймалап, тігісін жатқыза сөйлеген манап, халықта айып жоқ екенін аңдатты. Айып – ат төбеліндей ғана билеушілерде. Ықпалдылардың ығына жығылған олар дәулеті мен қара басының қамы үшін бәрін тәрк етуге бар. Сахара сардары оны қапысыз біліп отыр.

Демін алып, аяқ суытқан соң сұлтан әкесі Кенесары мен ағалары Наурызбай, Әбілғазы, Ержандардың сүйегi жатқан Кекiлiк сайына бет алды. Әлгі маң шым-шытырық шатқал-шатқал салаға тарамданған он бiр жыра екен. Сол жерге барып, жетектеп келген ақ боз биенi құбылаға қаратып жығып, Құран оқыды. Аллаға мінәжат етіп, құрмалдығын шалды. Соңынан қаптай ерген айыр қалпақты ағайын түгел тiк тұрып, аруақтарға бағышталған шараға ыммен ғана қызмет көрсетiп, бәйек қақты. Төрт-бес ақ орда демде әлгі тұсқа керегесін керіп, шаңырақ көтерді. Тоқмақтың маңындағы жұрт бәрі ошарыла осында келген.

Төре манаптарға бастатып, «қазақ сарбаздарының сүйегі жатыр-ау» деген Беріктас жотасынан құлаған Кекілік-Сеңгірдің сай-саласын шолып, Қарасай иініндегі Алмалыға дейін барды. ­Орманбет, Жантайлар соншама адамды қырып салғанда соңында бір түйір белгі қалдырмай, жым-жылас жасапты. «Хан тұқымының қорымы бөлек, басына оқшау бір айырма қойылған шығар» деп, Сыздық сұлтан әр қарайғанға үмітпен қарады. Жоқ. Ханнан да, қарадан да із жоқ. Тау көлеңкесі қоюланғанға дейін шатқал-шатқалдарда жүрді. Ақыры алагеуімде азаттық жолында құрбан болған сарбаздар мен әкесінің, ағаларының рух-шәріпіне бағыштап, сала-сала он бір жылғаның арасында құран оқыды. Ымырт үйіріле құрбандық шалынған жотаға қайтып оралды.

Сарыбай биді алға оздырып, өздеріне арнап тігілген ақ ордаға беттеді. Үйге текемет төсетіп, іргені айналдыра төркөрпелер салдырып, әр-әр жерден құс жастықтар тастапты.

– Аяқтарыңызды көсіп, дененің құрыс-тырысын жазып демалыңыздар, – деді Рүстембек батыр меймандарын төрге жайғастырып. Бұлардың жамбастары жерге тиісімен күтуші жігіттер ілесе еніп, дастарқан төсеп, бауырсақ, өрік-мейіз, науаттарын шашып, әп-сәтте жайнатып жіберді. Сөйткенінше Шадман, Осмон манаптардың да төбесі көрінді. Екеуі табалдырықтан аттады да, есіктің көзінде бөгелді.

– Аруақтарға арналып, құрбандыққа мал шалынғаннан кейін «дұғаның ішінде бірге болайық» деп, адамдар келіп жатыр. – Сарыбағыштың манабы оң қолымен төңірегін қамти сөйледі. – Солармен қатар мына ақсақалдар да арнайы осында атбасын тіреп, өздеріңізге сәлем бермекші. Бұл кісілердің бәрі оқиғаның ішінде болған көнекөздер.

– Келсін, келсін! Жөн, жөн! – Сарыбай бидің дауысы сарнай шықты. Сол-ақ екен босағаны бітеген қос манап сәл ығысқанда ар жағынан адамдардың қаралдысы байқалды.

– Ассалаумағалейкүм!

– Уағаликүммассалам!

– Ардақты, қазақ бауырлар, қош келдіңіздер! – Бастапқы қария сәлемдесе еніп, ықылас танытып жатыр. Одан кейінгілері де жапа-тармағай амандасуда.

– Алла разы болсын, бар болыңыздар!

Тізіліп кеп, қол беріп амандасты. Олар Сарыбай бидің сол жамбасын баса, жөн-жобаларымен жайғасты.

– Би-аға, – деді Шадман, – мына, сіздің қасыңызда отырған Түнқат деген қария. Одан кейін Сырғақ ақсақалымыз, келесі ­Жаныбек, Құрман, Сейітбек ақсақалдар. Жаңа өздеріңізге айтқанымдай, бұл кісілердің бәрі Кекілік-Сеңгір, Майтөбедегі қырғынға қатысқан, одан кейінгі оқиғаларды көрген адамдар. Көкірегі – сарай, көңілі – шежіре қарияларымызды өз қалаулары бойынша сіздермен жолықтырғанды жөн санадық. Бұл кісілер манап та емес, шора да емес, халықтың адамдары.

– Ой, бәрекелді! Алла разы болсын! Бұл үлкен қазына болды.

Қымыз әкелінді. Бұдан кейінгі әңгі­ме­нің тізгінін маңдайы қыртыс, тісі орсақ, са­қалы селеудей бозарған тірі куәлар қолға алды.

– Қарағым, төре балам, – деді Түнқат қария бидің сол жамбасынан басын еңкейте ханның ұлына қарап, – «Мен сіздермен шабысқалы келгем жоқ, табысқалы келдiм» деген бір-ақ ауыз сөзіңмен қара қырғызды өзіңе қараттың. Атағың жер жарған батыр дегенге, арқалы аттың белі қайысар алып па десем, тіпті алмас қылыштай ғана екенсің. Оның үстіне, әлі отызға да толмаған өндірдейсің. Соған қарамай күллі қоқанның әмірлашкері болыпсың, Алматыдағы кәпірлерге тізе бүктіріп, Ташкентті қорғапсың. Ерлік пен қайсарлық қайдан шығып жатыр сонда?

Тағы да сөзін іркіп, сұлтаннан ­жауап дәметкендей болар-болмас бөгелді. Әйткенмен, сахара сардары тіс жара қоймады. Қария қайта ойын сабақтай жөнелді.

– Әкеңнің кегін қусаң құзіретің жететіндей-ақ, бірақ жан ашуы үстінде қиылған ханның құнын сұрамай, ешкімге кінә тақпай, туысқандық іздеп келген мына сапарың ет пен жүректен жаралған қырғызды елжіретті. Сені де біз «ұлымыз» десек ағаттығы жоқ. – Нұры тайған, еті өскен жанарын Ташкент қорғаушысына аударды. – Әкең – Кенесары ханды көрдім.

Осы кезде Сыздық басын оқыс көтеріп, Түнқат қарияға қарады. Шырадай жанған сұлтанның қос жанары нәлсіз көздердің айбарын алып, абдыратып жіберді.

– Әкең Кенесары ханды өлетін күні көрдім. Жарықтық ажалдан қорыққан жоқ. Өмірінің қиылатынына емес, халқының, қазағының ертеңіне алаңдады. Қыран қабақты, құс тұмсықты, ат жақты, қанын ішіне тартқан өңі тым ызғарлы. Бір көзі жасыл, бір көзі қып-қызыл екен. Жанарым шалғанда жүрегім зу етіп, төбе құйқам шымырлады. Сұсынан кісі шошиды. Ол – адам емес еді. – Отырғандардың бәрі сәл-пәл мүдірген Түнқат ақсақалға үдере қарады. – Дәп сол мен көрген адам Кенесары болса, ол адам емес еді. Ол – жанған алауға айналған рух болатын. «Мені жаудың алдына жыққан сол жауыздар жұртты қоса жыққанын ұға ма екен? Ойлар ма екен?» деді. Қылша мойнына Жантай мен Қалығұл семсерді тақап тұрса да «мыналар» деп манаптарды жазғырған жоқ. Кәпірлер жағына шығып кеткен Абылай ханның кіндігінен өрген өз бауырларын-төрелерді «сол жауыздар» деп, кінәлап жатыр. «Алатаудың бауырында қазақтың соңғы ханы Кенесары қара жүректілердің жолында құрбандыққа шалынса, қазақ хандығы күйреп, сыналатын өткелде қазақ елі бірге жығылатынын тым құрмаса біреуі екшеді ме екен? Қазақтың келешегін жүнді білек кәпірлердің қолына ұстатып беріп, бейкүнә қалпында лақша бауыздатқандарын түсінер ме? Атасы немересінің тілін ұқпай, шөбересі туа кәпір болатынына көздері жетпейді-ау бәтірлердің, жетсе өкінер ме? Менің басымның кесілгені арман емес. Арман – бұдан әрі қарай қазақ елі болар ма екен? Азаматтарды қанаттандырып, асқақтамаған арман – менің қайғым. Жалғыз-ақ көкейімді кернейтіні, «жүре бара түзеле ме?» деген елімнің көші қайда қалмақ? Жетелемесе жүрмейтін апыл-тапыл басқан баладай қайда қалдың, қайран елім?! Өмірде тәттінің дәмін татпай, ащысын ғана көріп кеп, ақырында не боп қалдың? Жау тайынып, дос сүйінер қаншама қаһармандығың бар?.. Басыңа үйірілген қара бұлт пен болат бұғаудың қайғысы – жеңгізбейтін дерт болды. Соны еңсере алмағаныма армандамын, соған әлім жетпегендігіне бармағым шайналады. Енді мен сүйінер өмір, мен жұбанар үміт жасуы қалған жоқ. Бұдан арғы азаптау мен қорлауды көргенше, Алланың ақ бұйрықты ажалы келсін. Содан басқа тілегім жоқ» деді.

– Түй-ии, жарықтық-ай, әбден қыстық­қан екен-ау... – Сарыбай би орнында ­байызсыздана теңселді. Әрі, қазақтың басы сусыған құмша құралмайтынына өзегі өртенді.

Осы кезде астау-астау ет көтерген жігіттер үйген енді.

– Ал, қадірменді қонақтар, Сыздық төренің әкесінің, ағаларының және өзге де батырлардың рух-шәріпіне бағыштап шалған құрбандығының еті, міне, алдымызға келді, – деді Шадыман манап. – Дұға-тілегімізді Алла Тағала қабыл етсін! Асқа батаны Сары-аға өзіңізден сұраймыз. Би іркілместен «Иә, біссіміллә рахмони-рахим» деп, алақанын жая берді. Бәрі бата соңынан жарыса «әумин!» десіп, бет сипасты. Жігіттер жанындағы қындарынан кездіктерін шығарып, ет турауға кірісті.

– Мен, Наурызбай батырды көрдім. – Етке қарай ойысқан жұрт қайта назарларын тіктеп, үн шыққан тұсқа қарады. Дауысына сәл қырыл араласа ендігі сөзді жалғастырған Сырғақ ақсақал екен. – Батыр бұғатта отырған боз үйдің есігін күзеттім. Көзден бір сәт қия етпейміз әрі былайғы ешкімді жолатпаймыз. Келетіндер көбіне манаптар. Жантай уәзірдің тапсырмасымен бе, бәрінен Тілеуғабыл мен Бәйтік жиі қатынады. Әр келген сайын қара Бәйтік шегірткенің айғырындай шүйліксе, Тілеуғабыл мейірмандық байқатты. Ол көп қырғыздың ортасынан оқшау шығып, өлген Жанғабыл інісінің бодауы үшін ­Наурызбайды өзіне меншіктеп алғысы келді.

– Жанғабыл осы Наурызбайдың найзасынан шейіт болмады ма? – деді Рүстембек қолбасы.

– Иә, соған қарамай Тілеуғабыл ­Наурызбайды аман сақтауға тырысты.

– Шіркін-ай, ә-ә, не деген пейіл?..

– Батыр Науан шайқастарда оң қолын иығынан жалаңаштап, шидемінің жеңін кісесіне іліп алады екен. Тоғыз сақиналы көк сүңгіні өмірі қос қолымен ұстағанын жан боласы көрмепті. Алдына тап келіп қалған адам тірі құтылмаған. Қара қырғыз оның ерлігіне сүйінгеннен ырына да қосқан.

Сырғақ ақсақал әуендете жөнелді:

– «Норузбай минген Кертайлак,

Кекеликтен-Сеңирден,

Чыга келди кол жайнап.

Коркконунан көп кыргыз,

Ойбайлаган «кудайлап».

Өтүп чыккан өтүнүп,

Орто жол менен төтөлөп,

Өң жүйрүгүн жетелеп...»

Қария ырын үзді де сақалын селтите Сыздыққа қарады.

– Міне, осындай қаһарман еді.

– Пай, пай, пай! Есіл ерлер-ай!.. – Дауысы күйінішті шыққан Осмон басын шайқады.

– Бәйтік, Төрегелді тәрізді манаптарға Тілеуғабыл «Інімді өлтіргені үшін ­Наурыз­байды маған беріңдер, бірақ ықтияр өзімде болсын. Мұны өлтірсем «неге өлтірдің?» демеңдер. Өлтірмесем, «неге өлтірмей тірі қойдың?» дегенді және айт­паңдар» деп, келісті. Бәрі осыған тоқтады.

Ертеңінде Наурызбай отырған боз үйге Тілеуғабыл келді. Ол ішке еніп кетті, мен сырттамын. Екеуінің тілдескен сөзін естіп тұрмын. Ара-арасында Науанның қол-аяғындағы шынжыр шылдыр-шылдыр етеді.

– Төре, өлер інім – өлді. Сені өлтіргенмен, ол – тірілмейді. Енді сен оның орнына маған іні бол. Сені үйге әкетейін. Ешкімді де саған тигізбеймін. Уақыт өте келе еліңе аттанасың. Мына жерден сені тапа-тал түсте жөнелтсем, тамам қырғыз соңыма түсіп, өзімді бұл Алатауда тірі қоймайды. Ал үйге барсаң, оңай – менің атымды мін, киімімді ки, сөйт те, түнде қаш. Сені ешкім қуып жетіп, түсіріп ала алмайды. Мен риза, құдай риза, маған сенің өлмегенің керек, – деді.

– Ой, азамат екен Тілеуғабыл! – Тайлақтың ұлы Осмон манап күркірей тіл қатты.

– «Кенесары-Наурызбай қолға түсіпті де, Кенесары өліп, Наурызбай қашып келіпті» деген сөз – маған өлімнен жаман атақ. Тірі қалып, ондай абыроймен үйге барғаннан да – өлгенім артық. Жиырма беске жеткенім жоқ, жүз жасаған кісінің сүретұғын дәуренін сүрдім, тіршілік пен бұ жалғанға менің арманым жоқ! – деді.

– «Жамандықты – амандық жеңеді» деген, Наурызбай. Басың аман болса, әуелгіде ұшқары айтылған сөздің бәрін ақтарсың. Әрі-беріден соң, сен жер басып тірі жүргенде – Кенесары ханды ешкім өлтірмейді.

– Жоқ, нанбаймын.

– Қап, әттеген-ай, ә-ә, Наурызбай! Сендерді өлімге қимаймын. Ойлан, тығырықтан шығар саңылау бар.

– Жоқ!..

Боз үйдің сықырлауығы ашылып, Тілеуғабыл сыртқа шықты. Міне, содан кейін көп ұзамай екі-үш күнде қаралы оқиға орын алды.

Сырғақ әңгімесін аяқтады. Үй ішіндегі жылқының шыртылдағымен тұтанған майшамдар күңгірт тартып кеткендей көрінді, отырғандар бір уақ еңселерін жаза алмай үн-түнсіз қалды. Әлдекім терең күрсінді.

– Өкінішті.

– Сол күні Жантай мен Қалығұл манаптар елді ұйыстырып, бәріне пәрмен беріп, тым айқұлақтанып алды, – деп төменіректе отырған сүйекті біткен Сейітбек көнекөз әңгімені одан әрмен іліп әкетті. – Өйтетін де жөні бар, Орманбет хан болса, Жантай – бас уәзір, Қалығұл – уәзір еді. Бірақ дәл осы қандықол оқиғаға Орманбет қатыспады, әдейі сырттан құзырын жүргізіп, жұрт көзінен тасада қалса керек.

– Солай ғой, солай...

– Жантай көпшіліктің арасында тұрды да, Қалығұл көзі ежірейіп, ары-бері шапқылаумен жүрді. Көбіне Тайсарыны айналдырды. Ол – оның алдындағы жылы Кенесарының қолынан өлген Орманбекұлы Сұбанбектің інісі еді. Соны оңашалап, әлдене деп тепсіне сөйледі. Шамасы «ағаңды өлтірді, қанша боздақтардың жанын алды, соның кегін қайтарып, қазір ханның басын сен шабасың» дейтіндей. Ол басын изеді. Иесі айтақтаса дүмді құйрығын қайқайтар төбеттей, иығын қомдап, «Тастанбектің болатымен бе?» деді. «Иә. Қаны судай шашылған Тастанбектің өзі болмаса да алмасы айызын қандырсын, аруағы ырза болсын!»

Осымен сөз бітіп, әлгілер қалыңға сіңіп кетті. Хан халықтың алдында намазын оқып болғанда, бас шабатын дөңбектің қасындағы үймелеген топтың ортасынан екеуін де байқадым.

Бас шабылып, дүбінген жұрт Кененің қанын ұрттап, қызыл тұмсық болып ыдырай бастады. Бәрінің құшыры қанған, кеуделерін жеңістің насаты керней алшаңдайды... Осы бір абыр-дұбыр саябырсығанда ат артына тіркелген қос арыстан жасалған сүйретпеге бассыз денені салып, бір шоғыр ойпатқа қарай кетіп бара жатты. Алдында мойыны құрықтай қара атқа мінген – Қалығұл. Сүйектің тұсында қоңыр тұғырға аяқ артқан ақ киімді біреу ілескен, ол – Кенекеңнің күтушісі болған Мәуен еді. Бет алыстары – Қызылсу мен Самсының ортасындағы Борды саласы.

– Мәйіттің қайда жерленгенін нақты білетін Қалығұл болды ғой, содан сұрау керек! – Рүстембек батыр өжелене айқайлады.

– Қолыңа түссе сұрап қал, екеуі де тірі. Бірақ олар орыстың ардақтысы мен қимасына айналғалы қашан, қарыс сүйем жерге оқшау шығармас. Өздері де шыға қоймас. – Осмон манап оқшырая қарады.

– Қалығұл манаптың Кенесары-­Наурызбайды сенімді адамдарымен ғана барып жерлеп жүруінің бір құпиясы бар. – Тосын жайт бәрін елең еткізді. Бұл – тізіле жайғасқан көнекөздердің бірі Құрман ақсақал еді. – Қазақтың қайсар ұлдарынан ұрпақ аламыз деп, тыраштанғанымен ештеме өнбеді. Сондықтан олардың сүйегін сырт көзден жасырып жерлеп, «тым құрмаса, қайсар рухтың киесі қырғыз елінде болсын» деген іштей құпия байламдары бар еді. Сондықтан олар мүрденің қайда жатқанын біле тұра, ол жөнінде жұмған ауыздарын ашпайды.

– Ой, астапыралла-ай, ә-ә... Не деген дәті берік безбүйректер еді.

– Ормонбет манап арнайы хат жазып, мөрін қойып, хан Кененің басын Қалығұл арқылы Қопалыға апартқызып, Батыс Сібір генерал-губернаторы Көршақопқа тарту етті. – Сейітбек қария қайта сөзге араласты. – Сөйтіп ол, қара қырғыздардың орысия империясына деген адалдығын көрсетті.

– Ой, найсап!..

– Кейбіреулер Кенесарының хандығынан гөрі, «қанқұмарлығын» көбірек тілге тиек етіп, қатыгездігін баса айтады. – Ойлы пішінде Шадман пікірін ортаға салды. – Ол – орыстан ғана қысым көрмей, өздерінің туыстары – төрелерден теперіш тартып, сатқындықтың салдарынан жаурынына қанжар қадалған жаралы жолбарыс еді ғой. Сондықтан кей тұстарда қаһарына ілігіп қалатындар ұшырасты. Бірақ онысы жеке басының қызығы үшін істелген қатыгездік емес еді, халқының болашағына алаңдаудан туған қаталдық болатын. Ал біздің көсемдер – өздерінің рақаты үшін елді отаршылыққа қойдай иіріп әкелді.

– Ел бастаған басшы өресіне қарай өз елін жақсылыққа да апаруы мүмкін, жамандыққа да ұрындыруы мүмкін. ­Былайша айтқанда, халық біртұтас дене болса, хан дегеніміз – бас. Ханның басы шабылуы – дененің басынан ­айрылуы. ­Орыстар айтақпен, арандатумен ­Кенесарыны ғана өлтіріп қойған жоқ, түздің тағысына айналған қазақтың басын алды. Көсемі жоқ ел тәуелсіздігінен біржола қол үзді. Озбыр да отаршыл орыстар келді... Енді, қырғыз-қазақ қанжығадан табысармыз.

Мына сөздің салмағы бәрінің еңсесін езіп, әркім әрқилы ойдың уысына шырмалды.

Ас қайырылып, Құран оқылып, жұрттың бәрі тысқа беттеді. Өзге де боз үйдегі құрмалдыққа келген кісілер дұға жасап, сыртқа шыққан екен. Жұлдыздар самсаған түнде түзге қарай жылыстаған қараң-құраң адамдар легі қалың. Бәрі мамыражай тірліктің аясында дабырласа сөйлеседі. Бірқатары аулақта матаса байланған аттарын жайғауға бара жатқанға ұқсайды.

Сұлтан жаңағы дастарқан басында айтылған әңгіменің желісі көкейінен кетпей бұйығы жатқан қырғыз Алатауының Беріктас жотасынан құлдилаған Кекілік-Сеңгір саласына, ондағы он бір жылғаға тебірене қарады. Айы жоқ жұлдызды түн тым қара-қошқыл. Әкесі мен бауырларының қабірі таяу жерде жатқанын іші сезеді, бірақ басына бара алмай, аруағына тәу ете алмай сенделіспен тұрғанына өзегі сазыды. «Жандарың жәннатта болсын, боздақтарым!» деді күбірлеп. Сосын өздеріне тігілген ордаға бұрылды.

Үйге кіргендерінде дастарқан жиылып, төрге төсек салынған екен. Іргеге қарай Сарыбай би жайғасыпты.

– Кел, Сыздық сұлтан, таудың ауасы желпіген ордада аяқты көсіп тастап демалайық. Ылғи ат жалында, жорық жолында жүресің, тынығып ал.

– Ә-ә, рақмет Сары-аға, демалайық. – Орданың қақ ортасына салынған төсегінің шетіне келіп тізе бүкті де, сақтиян етігін шешті.

Жайлы орынға жайғасқаннан кейін бірден көзі іліге қоймады, не қилы ой жетелеп, бір сілемнен бір сілемге тартып әкете берді. Әкесінің мейірлі жүзі, бірде қаһарлы кескіні көз алдына келді. Науан көкесінің күліп жүретін кескіні, өзін еркелете басынан асыра көтеретіні елестеді. Ақыры уызды шақтан шұбырған қалың қолдың майдан салған ызы-қию шайқасы көрініс берді. Кісінеген ат, ақырған үн, атылған зеңбіректің гүмпілі құлағына ап-анық естіліп жатты. Өзі де солармен бірге шайқаста жүргендей.

Қиялы мен ойынан арыла алмай оң жамбасына жатты. Сарыбай ағасы біраздан кейін қалыпты ауамен тыныстап, ұйқыға кетті. Сыздық болса әлде әке аруағы, әлде батырлардың рухы қысып, ұйықтатпады ма – кірпігі айқасар емес. Шалқасынан жатып көрді – бәрі-бір. Кешеден бергі сабылыс, күні бойғы ат үстіндегі жүріс еш қажытпаған. Сықырлауықтың керегеге байланар тұсындағы кішкентай бозарған тесіктен таң білініп қалғанын аңдады. «Иә, аруақтар, мен өздеріңе тәу етуге келдім. Кеудемде шыбын жаным барында, текке қиылған есіл өмірлеріңнің есесін отаршыл жаудан қайтарсам деймін. Әке, өзің жетелеп әкеп, сын сағатта уысыңнан шығарған қазақ көшін қайта дербес керуен етсем деймін. Жоғалтқан тәуелсіздікті, аңсаған азаттықты қайта елімнің қолына ұстатқым келеді. Әке, назаңды сыртқа салмай, Алла нәсіп еткен құтты мекеніңде жаның жай тапса екен. Алла-тағала өзіңе бейіштің төрінен орын сайлап, жаныңды жәннетте ете көрсін. Сен менің бақидағы аруағым болсаң, мен сенің пәнидегі рухыңмын. Өлмейтін рухыңмын! Мен ғана емес күллі қазақ өзіңнің киеңнен күш алып, рухтана атқа қонатын күн алыс емес. Пендешілікпен сырт айналған, екі сөйлеген, сатқындыққа барған ағайын-туысты кешіре гөр. Өзіңе салауат айтамын, салауат айтамын...»

Осылай ойша аруақтармен сөйлесіп жатқан сұлтанның көзі бір мезеттерде ілініп кетті. Әлгіндегі елес түсіне айналып, қою қара бұлттың ар жағынан сәскеде көтерілген күннің нұры өзі жатқан үйге сансыз шуақ боп төгіліп тұр. Байқаса,Кекілік-Сеңгірдің сан тарау саласы он бір жылғада көк мойнақ аттың үстінде, кеудесінде ақ шағырмақ әкесі хан Кене келеді. «Көкем ғой мынау, өзіңді қалай сағындым, көке!» деп, жүрегі атқалақтай жөнелді. Көкесінің қолында Абылай атасының ақ туы! «Әп, бәрекелді, басыңа қайта аруақ қонған екен-ау» деп, Майтөбе жаққа қарап еді, жыбыр-жыбыр еткен қара тышқандар терістікке қарай жыпырлай қашып барады. ­Сонадайдан әкесінің «Жер, су – елдікі, атамекен жерден айырылу – елдіктен айырылу. Елді – ер қорғайды!» деген үні құлағына ап-анық жетті. Белдеудегі арғымақ тағы да оқыранды...

Көзін ашып алды. Босағадағы саңылаулардан аппақ сәуле шаншылған жебедей болып төгіліп тұр екен. Ішінен «Біссіміллә, біссіміллә! Түсімді өңіме айналдыра гөр!» деді. Сол жағына қарап еді, Сарыбай бидің орыны бос қалыпты...

1818 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы